Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти
Қоғамда бала тәрбиесі мен оның құқығына қатысты мәселе талқыланып, белгілі азаматтар мен белсенді тұлғалар отбасы құндылығын сақтап қалу жайлы пікірін білдіруде. Ұл мен қыз өсіріп, оның тәрбиесі мен болашағы үшін жауапты әке ретінде бұл мәселеге үн қосып отырмын.
Біздің дініміз бен дәстүрімізде, күнделікті өмір сүру дағдымыз бен ұлттық болмысымызда ата-ананың ұрпақ алдындағы аманаты, баланың перзенттік парызы, олардың бір-біріне қатысты тәрбие үлгілері бағзы заманнан қалыптасқан. Осынау құндылықтар ғасырдан ғасырға жалғасып келеді.
«Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт. Бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса. Он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас». Бұл – халқымыздың бала тәрбиесіне қатысты ұстанған қағидасы. Ұрпақ тәрбиесіндегі осы тәсіл өзінің өміршеңдігін дәлелдеумен келеді. Біз ешқашан өзгенің таным-түсінігімен өмір сүре алмаймыз. Ұстанатын дініміз бен арқа сүйер салтымыз бар. Күнделікті өмірде дағдымызға айналған ғұрпымыз бар.
Әрине, біз отбасындағы зорлық-зомбылыққа түбегейлі қарсымыз. Өз ұрпағына, аманат етіп алған жарына қол көтеріп, зиян шектіргендер қылмыстық әрекеті үшін заң алдында жауапқа тартылуы тиіс. Алайда бала құқығын алға тартып, оның әдепсіз әрекет жасауына жол беру дұрыс емес. Бұл – бала болашағына балта шабатын қадам.
Осындайда «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген нақыл сөз еске түседі. Баладан ұят кетсе, иман кетеді. Біз жас буынды «ұят болады, обал болады, сауап болады» деген тәрбиелік мағынасы терең түсініктермен жөнге салған халықпыз. Осы үш ұғымды өмір сүру дағдысына айналдырған бозбала мен бойжеткен ата-анасын, одан қалса елі мен жерін ұятқа қалдырмайды.
Расында, ата-ана өз ұрпағына тәрбиеден артық нығмет, тәрбиеден артық жақсылық қалдырған емес. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір өсиетінде: «Балаға әкенің берер ең жақсы сыйы – тәрбие» деген. Тағы бір хадисте айтылғандай, ата-ана өз ұрпағына тәрбиеден артық мирас, құндылық қалдырып кете алмайды. Алла елшісі балаға бір рет көңіл бөліп, тәрбие беру бір сағ (2120 граммға тең) көлемінде садақа бергеннен де артық екенін айтқан.
Әр адам өз отбасына жауапты. Осы жауапкершілікті саналы түрде сезінген ата-ана бала тәрбиесіне тиянақты түрде мән береді. Ол үшін ең әуелі өзінің әдебі мен мәдениетіне мән беруі қажет. Ғұламалардың: «Бала тәрбиелеуден бұрын өзіңді тәрбиеле» деген сөзінде үлкен мән жатыр. Баламызды бес жасқа дейін патшадай күтіп, мәпелеп өсірсек, он бес жасқа дейін өмір тіршілігіне икемдеп, еңбекке баулып, үлкенге қызмет етіп, батасын алуға тәрбиелесек, он бес жастан кейін онымен жеке тұлға, өзіндік ойы бар азамат ретінде пікірлесіп, ақылдасып, жиі сырласып-сұхбаттассақ, үміт еткен ұрпағымыздың жақсылығын көретініміз анық.
Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен риуаятта Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Бір (қайтыс болған) пенденің дәрежесі көтеріледі. Сонда ол: «Уа, Раббым! Бұл маған қайдан келді?» дейді. Сонда (Раббысы): «Бұл сенің артыңдағы балаңның саған истиғфар (кешірім) тілеуінен» дейді».
Алла Тағала баршамызға салиқалы ұрпақ нәсіп етіп, ғибратты ғұмыр кешуді нәсіп еткей. Әмин!
Бүгін республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұжымы тағы бір білікті маманмен толықты. ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен Балахмет Мұртаза Ертайұлы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы қызметіне тағйындалды.
Нұр-Сұлтан қаласының және «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов бесін намазына жиылған жамағатқа жаңа қызметкерді таныстырып, Бас мүфти бұйрығын оқып берді. Бірнеше халықаралық Құран жарыстарына қатысып, еліміздің абыройын асқақтатқан қари Мұртаза Ертайұлына ізгі ниетін білдіріп, жұмысына сәттілік тіледі.
Балахмет Мұртаза Ертайұлы 2017 жылдары «Қауам ад-дин әл-Итқани әл-Фараби ат-Түркістани» республикалық қарилар дайындау орталығында» қасиетті Құран Кәрімді толық жаттап шыққан.
2012-2017 жылдары Көкшетау қаласы «Ж.Мусин» атындағы педагогикалық колледжінде оқыған.
2016 жылы Малазияда мемлекетінде өткен Халықаралық Құран жарысқа қатысқан.
2017 жылы Индонезия елінде Халықаралық Құран жарысқа қатысқан.
2017 жылы Рессей еліндегі Халықаралық Құран жарысқа қатысқан.
2019-2021 жылдары Т8ркия мемлекеті, Стамбул қаласы «Әд Дияр Әш-Шами» медресесінде «Асым» қырағаты, «Шұғба» және «Хафс» риуаяты бойынша ижаза алған.
2017 жылы Нұр-Сұлтан қаласында «Нұр-Астана» мешітінде, 2018-2019 жылдары «Әзірет Сұлтан» мешіттерінде тарауих намаздарында Құран хатым еткен Мұртаза Ертайұлы елорда жамағатына кеңінен танымал.
Бүгін елордада ҚМДБ «Зекет» қорының ұйымдастыруымен «Қайырымдылық жаршысы» атты республикалық онлайн марафоны өтті.
Онлайн марафонға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, наиб мүфти Ершат Оңғаров, «Зекет» корпоративтік қорының директоры Талғат Сейіткәрімұлы және ҚМДБ қызметкерлері қатысты. Ал облыс бас имамдары онлайн режимде қатысып, Бас мүфти бастамасымен қолға алынған қайырымдылық акциясына қатысты дайындық жұмысы жайлы баяндады.
«Мен жуырда елордада өткен кеңейтілген Төралқа мәжілісінде барша дін қызметкеріне арналған бағдарламалық баяндамамда 2021 жылы атқарылатын жұмыстар бойынша басты 7 бағытқа басымдық берілетінін мәлімдедім. 7 бағыт бойынша жүзеге асатын жобаларымыз – ақпарат және қоғаммен байланыс, уағыз-насихат, қайырымдылық, оқу-ағарту және кадрлық әлеует, рухани тәрбие Ихсан ілімі, дін мен дәстүр, жат діни ағымдармен жұмыс. Жаңа 2021 жылды республикалық деңгейдегі игі істен бастап, халықтың алғысына бөленсек деген ниетіміз болды. Міне, бүгін елордадан бастау алған қайырымдылық марафоны барлық өңірде бір мезетте жүзеге асты. Осы іс-шараға атсалысқан барша дін қызметкері мен жомарт жандарға айрықша алғысымды жеткіземін. Алла разы болсын!» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Айта кетсек, бүгін «Қайырымдылық жаршысы» атты республикалық онлайн марафон аясында бір мезетте еліміз бойынша 9 мыңға жуық отбасыға азық-түлік себеті жеткізілді. Ал Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 500 отбасыға аталған көмек көрсетілді. Имамдар мен ерікті жандар санитарлық талаптарды сақтай отырып, азық-түлік себетін көмекке мұқтаж жанның үйіне жеткізіп берді.
Қостанай өңірінде іскер азаматтар қашанда қайырмдылық көмек көрсетуде белсенділік танытып келеді. Мысалы осы жуырда ғана Қостанай облыстық әкімдіктің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ұжымы қолдауға мұқтаж отбасыларға қол ұшын берді. Аталмыш ұжымға есімі облысқа танымал жаны жомарт азамат Олжас Жомартұлы Нұрғалиев жетекшілік етеді.
Атап айтатын болсақ олар шаһардағы 10 көпбалалы отбасына азық-түлік және күнделікті тіршілікте тұтынуға аса қажетті заттар мен тауарларды табыс етті.
Осы арада бір тоқтала кетер жай, жоғарда аталған мейірімділік және қайырымдылық мақсатында жасалып жатқан игі шаралар Бахытбек қажы Нұрғабылұлы Тәжімбет басқаратын облыстық мешіт қызметкерлерінің тікелей атсалысуымен жүзеге асып жатыр.
Міне, мұңдай жәрдемге мұқтаж жандарға игі істер жаңадан басталған Сиыр жылында жалғасын таба бермек.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық мешітінде әрдайым қайрымдылық шаралары ұйымдастырылып тұратыны көпшілік біледі.
Бұл жолы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Қостанай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті қызметкерлері игі іске қолғабыс етті.
Олар Қостанай облыстық мешіті арқылы 30 отбасына қайырымдылық шарасын ұйымдастырды.
Сонымен қатар «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Қостанай облысы бойынша филиалының басшылары мен қызметкерлері және «Астықжан» супермаркеті басшылығы барлығы 45 отбасына азық-түлік қоржынын тапсыруға ұйытқы болды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Қостанай облысына қарасты Тобыл қаласындағы «Маңдай батыр» мешітінде қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Мұндай игі шара өңірімізде дәстүрге айналды.
Осынау шара «Кең болсаң, кем болмайсың» деген тақырыппен өтті. Түсінген адамға бұл мағыналы сөздің астарында үлкен мән жатыр. Шынында да жаны жомарт адамның мейірімді қасиеті мен тигізген шапағатын көрген кісілер ешқашан да ұмытпайды.
Жоғарыда әңгімеге арқау болған акцияға жаны жақсылыққа құштар Каир Богданович Тимаев демеушілік көрсетіп, жұртшылықтың шынайы алғысына ие болды.
Оның тікелей қолдауымен 500 келі картоп көмекке мұқтаж көп балалы отбасылары мен мүгедек жандарға жеткізілді. Сөйтіп, мешіт қызметкерлері үлкен сауапты істі жүзеге асырды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Күллі мұсылман бауырларымыз білетіндей, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қазіргі жағдайға байланысты елімізде қайырымдылық акциясын ұйымдастыруға ұйытқы болған еді.
Осы игі бастама Қостанай облысында да өзінің жалғасын табуда. Бұл сөзіміздің нақты дәлеліндей жақында Әулиекөл аудандық «Әмит ишан» мешітінің Бас имамы Нұрлан қажы Сейілханұлы және найбы Әл-Фараби Кенжеғараның тікелей қолдауымен кейінгі жастарға үлгі боларлық қайырымдылық шарасы өткізілді.
Аталмыш тағылымы мол акцияға аудандық ішкі саясат бөлімі мен жас еріктілерде ат салысты. Олар қыстың суық күні көшені тазалап жүрген биржа жұмысшыларына қолдан келген көмектерін аямады.
Қақаған желтоқсан айының аязына қарамастан тазалық сақтауда ұйымшылдық танытып жатқан кісілерге ыстық тамақ пен шай жеткізіп, адамгершілік секілді сауапты істі жүзеге асырды. Қолдарына күрек ұстаған ер азаматтармен бірге жүрегі нәзік әйелдер де болды. Олар уақытпен санаспады.
Қыстың көзі қырауда тазалық жасаушылар аудандық мешіттің имамдарына мейірімділік және жомарттық қасиеттері үшін шынайы алғыстарын білдіріп, оларға жауапты жұмыстарында биік абыройға бөлене берулеріне тілектес екендіктерін жеткізді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Еліміздегі қалыптасқан жағдайға байланысты өңірдегі барлық мешіттерде тәртіп күшейіп, тиісті талаптар қатаң сақталып келеді. Бетперде тағып жүру мен тазалыққа ерекше назар аударылды.
Жақында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов басқаратын арнайы штаб өз қаулысымен бірқатар жеңілдіктер жасады. Енді міне облысымыздың Бас санитарлық дәрігердің 24.12.2020 жылғы № 63 қаулысына сәйкес 25 желтоқсаннан бастап аймақтағы барлы мешіттердің есігі қалың жұртшылыққа айқара ашылды.
Қалалар мен аудандар, кенттердегі имандылық ордаларында мұсылман бауырлар Құран оқытып, садақаларын беріп, көкейдегі сұрақтарын діни мамандармен кеңесе де алады. Алайда, әлі де болса бетперде тағуды ұмытпай, әлеуметтік қашықтықты сақтаған жөн.
Бұл қиын күндер де артта қалар. Өзімізді, айналамыздағы кісілерді қауіпті дерттен аман алып қалу үшін қолдан келген көмегімізді аямайық. Мешіт имамдары сіздерге қызмет көрсетуге әрқашан да дайын.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Үстіміздегі жылдың желтоқсан айында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Жастар ісі секторы» тапсырмасымен «Қолыңнан келсе қолғабыс бол» деп аталатын акция басталды.
Аталған шараның басты мақсаты – ауа-райының қыс айларындағы қолайсыздығына қарамастан далада тазалық сақтау мақсатында уақытпен санаспай жұмыс істеп жүрген азаматтарға мейлінше көмек көрсету.
Мысалы, осы таяуда ғана Қостанай облысына қарасты Арқалық қаласы, Рудный қаласы, Тобыл қаласы мен Ұзынкөл ауданында жоғарыда аталған акциясы жүзеге асырылды. Онда желдің өтінде, аязды күндері дамыл таппай ел игілігіне қызмет атқарып жатқан кісілерге ыстық шәй мен құнарлы тамақ берілді.
Жиналған еріктілер де өздерінің лайықты үлесін қосты. Олар да қолдан келген көмегін аяған жоқ!
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда өңіріміздегі Амангелді ауданы «Сатыбалды ишан» мешітінің жанынан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдығына орай яғни қазақ халқы үшін баға жетпес құнды мерекеміз тәуелсіздік күнінің қарсаңында жоғарыда аталған мешіт асханасының ашылу салтанаты болып өтті.
Рәсімге пандемия талаптарын сақтай отырып, аудан әкімі Әмірхан Біркенұлы, Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет және елге сыйлы қонақтар қатысты.
Жиында ауданның басшысы Әмірхан Біркенұлы осы асханаға атсалысқан барша жерлестеріне, мекеме, ұйым жетекшілеріне шын жүректен шыққан шынайы алғысын жеткізді.
Сондай - ақ айтулы рәсімге арнайы келген Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбеттің сөзі Амангелділік бауырларымыз бен сыйлы қонақтарға үлкен әсер етті. Ол аудан халқын тәуелсіздік күнімен және асхананың ашылуымен құттықтап, олардың отбасына бақыт, зор денсаулық тіледі.
Салтанат барысында аудандағы ардақты ақсақалдардың бірі - Балға Нұрғожин барлық қолдау көрсеткен азаматтарға алғысын жаудырып, жерлестеріне ең ізгі тілегін білдірді.
Бұл басқосуда мешіт асханасының салтанатты ашылу лентасын Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет пен Сатыбалды ишанның ұрпағы Әскербек Мурзин қиды.
Ал асхана құрылысына көмегін тигізген аудан әкіміне, ұжымдар мен азаматтарға облыс және ауданның бас имамының атынан алғыс хат тапсырылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі