Қасиетті Рамазан айында Жітіқара ауданы «Ержан Тәтішев» мешітінің бас имамы М.Бердіғожин бастаған мешіт ұжымы «Мүгедектерге арналған Жітіқара өңірлік оңалту орталығында» болды. Оларды аталған орталықтың әлеуметтік жұмыс бойынша маманы Жанна Мырзабекова қарсы алды.
Алғашқы сөз кезегін бас имам Мейіржан Қапарұлы алып, жиналған қауымға Қасиетті Рамазан айы жөнінде өзінің пікірін білдірді. Сондай-ақ, осы мешіттің наиб имамы Нұрлыбек Хужасбайұлы уағыз айтты.
Сонымен қатар мешіттің азаншысы Марат Бисимбаев көпшілік қауымға уағызды орыс тілінде жеткізді.
Кездесудің соңында Қасиетті Рамазан айының құрметіне емделушілер мен қызметкерлерге сыйлықтар таратылды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі
Біздің қазақ „Бала – бауыр етің„ деп болса айтпайды. Өйткені, олар өміріміздің жалғасы, еліміздің жарқын келешегі.
Сондықтан да болар, жуырда Рудный қалалық «Нұр» мешіті және әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен «Балаларға – базарлық» шарасы болып өтті.
Осынау игі шара барысында аталған мешіт қызметкерлері мен шәкірттері қаладағы балалар үйіне барып, ондағы тәрбиеленіп жатқан балдырғандармен тағылымдық жағы мол ойындар ұйымдастырды әрі оларға сыйлықтар таратты. Қасиетті Рамазан айындағы бұл кездесу бүлдіршіндерге ерекше қуаныш сыйлады.
Жалпы, жетімдердің басын сипау, оларға қамқорлық жасау адамгершіліктің жарқын көрінісі болып табылады. Мешіт қызметкерлері алдағы уақытта да осындай жүздесулерді ұйымдастырады.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Міне үстіміздегі жылдың да Рамазан айы тамамдалып қалды. Қостанай облысы бойынша және облыс орталығындағы мешіттерде жоғары деңгейде өтуде. Мешіттерде жомарт демеушілердің қолдауымен күнделікті ауызашар өткізілуде. Осы түнде мешітке келген 6 мыңнан астам адамға ауызашар мен сәресі дастарханы жайылды.
Мысалы облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешіті ауласында күніне 640 адамға ауызашар дастарханы жайылып, халықтың ықыласына бөленуде. Сонымен бірге жылдағы үрдіс бойынша тек Рамазан айында оқылатын «Тарауих» намазында қасиетті Құран толық оқылып, «Қадыр түнінде» хатымы жасалды.
Мінекей маусым айының 11 нен 12-сіне қараған түні облыстық мешітке жиналған халықта есеп болмады. Бұл түні облыс әкімі Архимед Бегежанұлы арнайы қатысып, мұсылман бауырларымызға өзінің шын жүректен шыққан шынайы лебізін білдірді. Қадыр түні жерлестеріміз тек ғана қуаныш пен молшылыққа кенелсін деген ең ізгі тілегін жеткізді.
Осы басқосуда елімізге белгілі ақын Жолбарыс қажы барша мұсылман қауымның атынан облыс басшысына ақ батасын беріп, шапан жапты.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі
Таяуда Таран ауданыңда қасиетті Рамазан айының құрметіне орай үлкен қайырымдылық шаралар ұйымдастырылды.
Осында стол теннисінен, тир, дойбыдан спорттық ойындар өткізілді. Оған өңірден бірқатар азаматтар қатысып, өздерінің бақтарын сынады.
Аталмыш шараға ауданның әкімі Қуандық Хайдарұлы және Лисаков қаласының бас имамы Сабыржан Зейнелғабидинұлы қатысып, барша жұртшылыққа жарыста сәттілік тіледі.
Сөздің реті келгенде осы спорт түрлерінен мүмкіндігі шектеулі жандар арасында да жарыстар ұйымдастырылды.
Сонымен шара өз деңгейінде өткендіктен барлық қатысушылар өздеріне қолдау көрсеткен кісілерге шын жүректен шыққан шынайы лебіздерін білдірді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі
Адамзатқа нұрың төгіп жетеледің жарыққа,
Қараңғы, қапас, түнектегі жарығың түсті халыққа,
Адамшылық, жақсы ойлар қасиетті құран кәрім сөзінен,
Өнер-білім, мәдениет басталады өзіңнен.
Жүрегіміз қасиетті сөздеріңмен нұрланды,
Қиялымыз дүние шарлап, аралайды қырларды,
Әр сөзіңнің киесі бар, жылы тиер жүрекке,
Әр пендеге нұр құйылып, ашты тылсым сырларды.
Адамзатты үгіттейді, үйретеді татулыққа бірлікке,
Сабырлылық, төзімділік баршамызды жақсылыққа тірлікке,
Кешірімшіл бол дейді ол ағайынға, басқаға
Досың түгіл дұшпаныңды жамандыққа тастама.
Қасиетті әрбір сөзің жүректерде жатталған,
Еліміздің тиыштығы, амандығы біздер үшін басты арман,
Әрқашанда дос-дұшпаннан биік болсын мәртебең,
Тәуелсіздік мәңгі болсын деп тілеймін о Ұлы Отан.
Мұсылманға келіп қалды қасиетті ораза
Қуанышпен аман-есен қарсы алайық жамағат
Шын жүректен мінажат қыл жаратушы Аллаға
Шүкір етіп азға көпке, барға-жоққа қанағат.
Алла өзіңді бар ынтамен сүйеміз,
Айтқаныңды орындаймыз хадисіңмен жүреміз,
Бар әлемнің қожасы өзің екеніңді білеміз,
Құдіретіңе сәжде жасап басымызды иеміз.
Оразамыз қабыл болсын барлығыңа тілегім
Мұсылманмын, содан болар жұмсақ менің жүрегім,
Аброймен атқарайық оразаны бәріміз,
Шын ниетпен орындайық бес парыздың біреуін.
Ораза ұстау міндеттіміз, мұсылманбыз бәріміз,
Балиғатқа толғаннан соң үлкен-кіші кәріңіз,
Алла үшін орындайық, сауап үшін ағайын,
Үміт етіп жаратқаннан келгенінше әліміз.
Рамазан қасиетті бұл бір ай,
Сауабын бер мұсылманға, құлшылықтың я Құдай,
Кір-қоқыстан тазарт біздің жүректі,
Құран сөзін орындайық барлығымыз бұлжытпай.
Ораза ұстау, намаз оқу мұсылманның парызы,
О дүниеге қалмау керек ешкімнің де қарызы,
Тілің тиіп, қолың тисе кешірім ал олардан,
Алла алдында ешкімнің де болмау керек арызы.
Оразамен құттықтаймын барлығыңды жамағат,
Дендеріңе саулық берсін болыңыздар сәламат,
О жаратқан қиындықтан аман-есен алып өт,
Аброймен оразаны орындауды баршамызға нәсіп ет.
Науырзым ауданы Қарамеңді ауылының
«Түркебай» мешітінің алқа мүшесі
Ж. Халықов
Қасиетті Рамазан айында Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінің бас имамы М. Бердіғожин осы ауданға қарасты Тохтарово және Приречное елді-мекендерінде болды.
Онда жергілікті халықпен жүздесіп, «Ел бірлігі мен дін ынтымағы» тақырыбы бойынша әңгіме өрбітті. Асыл дінімізде ел үшін ынтымақтық пен бірліктің, бейбітшілік пен келісімнің әрқашанда маңызды орын алатындығы жан-жақты айтылды.
Кездесу барысында кейбір теріс ағымдар жайлы да сөз қозғалды. Онда жастарды жат әдеттерден барынша аулақ ұстау жайы баяндалды. Осындай келеңсіздікке жол бермеу үшін діни сауаттың аса қажеттігі де айтылды.
Жалпы, жоғарыда аталған екі ауылдағы жүздесу тиісті деңгейде өтті. Жиналған қауым бас имамға өздерінің көкейде жүрген сауалдарын қойып, оған нақты жауап алды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Қасиетті Рамазан айында Рудный қаласының №15 орта мектебінің оқушылары қалалық «Рудный қаласының Нұр» мешітіне келіп, мешіттің көркі мен сәулетіне тәнті болды. Сонымен қатар оларға Бас имам Азамат Серікбайұлы уағыз-насихат айтып, Ислам діні туралы және Алланың үйі болып табылатын мешіттің сәулеті жайында баяндап берді.
Сондай-ақ Рудный балалар көркемөнер мектебінің де шәкірттері мешітке жиналып, ішін аралап, арнайы қойылған жердігерлермен танысып, оның келбетін тамашалап кескіндеді.
Мешіт ұжымы осы жиналған балалардың арасында «Ең адемі салынған мешіт» атты сайыс ұйымдастырып, жас суретшілердің ішінде мешіттің суретін түрлі бояулармен әсемдеп салғандарына арнайы сый-сияпат жасады. Осылайша жас буын мешіттің қандай жер екенін біліп, дініміздің адамды тек жақсылыққа ғана үндейтінін түсініп, жүректерінде мешітке деген жылу ұялады.
Пайғамбарымыз с.а.с «Балаға мейір танытпаған, Алланың мейірінен құр қалады» деп балаларды сүйюге, оларға әрдайым мейірім көрсетуге үндеген. Әрине бұл сөзден де үлкен тәлім алуға болады.
«Баланың өскен бесігі — кең дүниенің есігі» деп қазақ халқы бекер айтпағаны белгілі. Елімізде жас ұрпақтың бойында имандылық пен тәлімді тәрбие қалыптастыру мақсатында мешіттерде көптеген өнегелі шаралар жүзеге асырылуда.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Оразада ниетіміз қабыл болғай,
Сақтасын қасіреттен Алла құдай.
Есімізге өлім сәтті жиі алайық,
Бұл фәни, тәтті болмас күнде бұлай.
Рамазан мол сауаптар жинайтын ай,
Оңай сауап күтпегің, нәпсі тимай.
Жүрек дүрсіл соққанда жинап қалғың,
Ертең соңғы күн болмасын тұрма қимай.
Жаратқаннан сұрайық біз кешірім,
Таңдамайық әр істің бар кесірін.
Біліп тұрып істемеу, үлкен күнә,
Иман болсын жолдасың жігіттерім.
Алланың өзі де рас сөзі де рас,
Исламмен достасқан жан, еш кем қалмас.
Өмірдің ұзақ жолын жаяу кешсең,
Шөлін қанбай қалмайды, аяқ талмас.
Иманды жан көбейсін жерімізде,
Иман ғой байлығымыз, кеніміз де.
Алланың хақ жолымен жүрген жандар,
Алла алдында өседі шеніңіз де.
Жақсылықтан аспайды бұл тура жол,
Барлық қазақ ұрпақтары иманды бол.
Ешкім күліп жүрмес еді сыртымыздан,
Тура жолдан көрсе олар, арманым сол!
Қостанай облысы Наурызым ауданы «Түркебай» мешіті жамағаты
Қойбағаров Болатбек Бөлтірікұлы
Серікбай қажы ОРАЗ, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти
ҚАДІР ТҮНІ – ТАҒДЫР ТҮНІ
Бисмилляхир-Рахманир-Рахим!
Әр жылдағы ауыз бекітудің өз ауыртпашылығы мен жеңілдігі бар екені белгілі. Биылғы жылы мұсылман үмбеті мамыражай мамырдың бел ортасынан саратанның сартап ыстығына дейін отыз күн ораза тұтуға ниет етті. Қыстан жүдеп шыққан төрт түлік малдың аузы көкке ілініп, диқаншы қауым қара жерге тұқым сеуіп, шаруаны ыңғайлаған сәтте – қасиетті Рамазан айы кіріп келді. Мінекей, Рамазан айы туғаннан бері мұқым мұсылман баласы күндіз ауыз бекітіп, кеш-құрым жапа-тармағай мешітке ағылып, тарауих оқып, қаздай шулап Хақ-Тағаланы ұлықтап, құлшылық етуде. Әлбетте, парқына жете білгенге уақыт деген ағыстың ішіне бүккен өз сыр-хикметі бар екені хақ. Десе де, қасиетті айдағы теңдессіз илаһи тағдыршешті сәт – ол Қадір түні екені әмбеге аян. Сонымен, мұсылман үмбеті үшін Қадір түні несімен қастерлі? Не себепті қадірлі?
«Қадір» сөзінің анықтамасы
Қасиетті кештің (ليلةُ القدر – ләйләтул-қадір) ерекшелігін жан-жақты таратып айтатын Құран Кәрімде Қадір сүресі бар. Қадір сүресі бес аяттан тұратын қысқа ғана зәм сүресі саналғанымен, оның рухани салмағы аса зор. Мәшһүр муфассир-ғалым Ибн Кәсир өз еңбегінде «Қадір» сөзіне төмендегідей анықтамалар берген:
Біріншіден, «Қадір» сөзі «үкім кесілетін түн» мағынасын береді. Бұл хақында Құран Кәрімде:
فِيهَا يُفْرَقُ كُلُّ أَمْرٍ حَكِيمٍ
«Ол кеште барлық хикметті істер айырылады», (Дұхан, 4) – деп бұйырылады. Осыған орай, Қадір түнінде Алланың тағдырды үкім ететін мезгілі, яғни әуелгі тағдырдың (ләухул-махфуз) паш етілуі меңзелген.
Екіншіден, «Қадір» сөзі «абырой, ұлылық, орасан зор» мағынасын береді. Себебі, Қадір түні – ұлық және аса қасиетті кеш болып саналады. Бұл түннің салмағы мың айдан да қайырлы. Құран Кәрімде бұл турасында:
لَيْلَةُ الْقَدْرِ خَيْرٌ مِّنْ أَلْفِ شَهْرٍ
«Қадір түні мың айдан да қайырлы», (Қадір, 2) – деп баяндалады.
Үшіншіден, «Қадір» сөзі «сығылысу, нығыздалу» мағынасын береді. Өйткені, бұл түні бүкіл періштелер жер бетіне түскенде жер жүзі тарлық етіп, олар сыймағандықтан бір-біріне сығылысады. Бұл жайлы Құранда:
تَنَزَّلُ الْمَلَائِكَةُ وَالرُّوحُ فِيهَا بِإِذْنِ رَبِّهِم مِّن كُلِّ أَمْرٍ
«Періштелер және Жәбірәйіл (ғ.с.) осы түні Раббыларыңның рұқсатымен барлық іс үшін түседі», (Қадір, 3) – деп баяндалады.
Мың айдан да қайырлы түн
Ибн Әбу Хатм жеткізген риуаятта: «Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына Исрайл ұрпақтарының ішінде Аюб, Зікірия, Хазикал, Нұн атты төрт адамның Хақ жолында сексен жыл қызмет еткенін, басқа риуаятта мың ай мүлтіксіз құлшылық жасағанын баян етеді. Алла Елшісінің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) үзеңгілестері сексен жыл Алла жолында күрескенін немесе құлшылық еткен Исрайл ұрпақтарының жансебіл әрекетін естіп, оған таңдай қағады. Осы сәтте, Жебірейіл періште Хақ Елшісіне (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын):
لَيْلَةُ الْقَدْرِ خَيْرٌ مِّنْ أَلْفِ شَهْر
«Қадыр түні мың айдан да қайырлы» (Қадыр, 2-3) – деген аятты нәзіл етіп, мұсылман үмбетін теңдессіз қуанышпен сүйіншілейді.
Әлбетте, сүйіншіленген бұл илаһи қуаныш Алла Тағаланың мұсылман үмбетіне деген шексіз қамқорлығы мен рақымдылығын әйгілейді. Себебі, мың айды жылдарға шағатын болсақ, сексен үш жылдан астам мезгілді қамтиды. Бұл дегеніміз бір адамның өміріне татитын уақыт мөлшері. Яғни, Қадыр түнінде Хақ Тағалаға ынты-шынтымен құлшылық қылған пенде ғұмыр бойы құлшылық еткен болып саналады. Ал, әрбір жыл сайынғы Қадір түнін қаперге алсақ, онда мұсылман баласының қамшының сабындай қысқа ғұмырда жинаған сауабынан биік тау тұрғызатынын көзге елестетуге болады.
Жер беті сәлеметке тұнады
Ибн Аббас жеткізген риуаятта: «Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): Қадір түні Сидратул-Мунтаһадан барлық періштелер, оның ішінде Жебірейіл (ғ.с) де бар, жер бетіне түседі. Олар өздерімен бірге бірнеше ту ұстап түседі. Тудың біреуін менің қабірімнің үстіне, біреуін Байт-ул-Мақдистің үстіне, бірін Масжид-Харамның үстіне, біреуін Туру Синаның үстіне тігіп, желбіретеді. Олар сәлем бермеген жер бетінде мүмін еркек пен мүмін әйел адам қалмайды. Ішімдік ішкен, доңыз етін жегендерден тыс» деп хабарлайды. Бұл туралы Алла Тағала Құран-Кәрімде:
تَنَزَّلُ الْمَلَائِكَةُ وَالرُّوحُ فِيهَا بِإِذْنِ رَبِّهِم مِّن كُلِّ أَمْرٍ
«Періштелер және Жебрейіл (Ғ.С.) ол кеште Раббыларының рұқсаты бойынша барлық іс үшін түседі» (Қадір, 4) – деп бұйырылады.
Иә, Қадір түнінің құт-берекесі шексіз. Себебі, жер бетіне сан мыңдаған періштелер түседі. Періштелер тіпті жер бетіне сыймай, бір-біріне сығылысады. Алла Елшісінің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) келесі бір хадис-шарифінде: «Ол түні жер бетіне түскен періштелердің саны ұсақ тастардың санынан да көп» (Ахмад, 10316) деп хабарлайды.
Періштелер мүміндерді айнала қоршай Алла Тағаланың оларға деген кешірімі мен мейірімін айтып сүйіншілейді. Бұл турасында Алла Тағала Құран Кәрімде:
سَلَامٌ هِيَ حَتَّى مَطْلَعِ الْفَجْرِ
«Ол бейбітшілік кеші, таң рауандағанға дейін жалғасады (Қадір, 5) – деп баяндайды.
Қасиетті түнді құлшылықпен өткізген мұсылманға періштелер салауат айтып, оған бейбіт өмір тілейді. Таң ағарып атқанға дейін періштелер сәлеметі жер бетіне себезгілеп, мұсылман үмбетінің жүрегіне тыныштық пен жан рахат орнайды. Сайд ибн Мансур келтірген риуаятта: «Бұл түн – бейбітшілік түні. Қадір түнінде шайтанның адамдарға жамандық жасауға қауқары жетпейді. Бұл түні барлық істер белгіленіп (тағдыр жазылады), рызықтар айырылады» деп хабарланған.
Қадір түні. Ол қай түн?
Хақ Елшісінің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) Қадір түні туралы мәшһүр хадис шарифтердің бірі Әбу Сайд ал-Худридің риуаяты еді. Бұл риуаятта Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) Рамазанның алғашқы он күнінде иғтикаф жасады. Ортаңғы он күнде жабағы жүннен жасалған Түрік шатырында иғтикаф жасады. Шатырының есігінде саздан жасалған перде болатын. Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) пердені шатырдың бір бұрышына ысырып қойды. Сосын терезеден басын шығарды. Дүйім жұрт оған жақын келді. Ол (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деді: «Мен Қадір түнін іздеп Рамазанның алғашқы он күнде иғтикаф жасадым. Содан кейін ортадағы он күннен іздеп, тағы да иғтикаф жасадым. Кейін маған періште келіп: «Қадір түні соңғы он күнде» деді. Және: Менімен бірге иғтикаф жасағандар қаласа соңғы он күнде де иғтикаф жасасын» деді. Естіген адамдар Пайғамбарымызбен (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бірге иғтикаф жасады. Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) оларға: «Маған Қадір түні тақ түні көрінді» деді.
Қадір түні туралы Убай ибн Кағб жеткізген риуаятта: «Аллаға серт! Ибн Масғуд (р.а.) оның Рамазанның жиырма жетінші түнінде екенін білді. Бірақ босап кетулеріңнен қорқып, оны сендерге білдіруді жек көрген болатын» (Бұхари, Қадір: 1) дейді.
Осы соңғы риуаятты негізге алған ислам ғұламалары мұсылман үмбетін жыл сайын Қадір түнін Рамазан айының жиырма жетісі түні қарсы алуға үндейді. Әлбетте, Рамазан айының соңғы он күні, оның ішінде тақ күндері Қадір түні болуы әбден ықтимал.
Қасиетті кеште атқаратын амалдар
Ислам ғұламалары қасиетті Қадыр түнін төмендегіше атқаруды үндейді:
Қадір түнінде Алла ризашылығы үшін ғибадат жасап, намаз оқып, құлдық сезімдерімізді арттыруымыз керек.
Құран Кәрім оқып, тыңдап, түсінуге ынта қойып, оған деген сүйіспеншілік байланыс орнатуға тиістіміз.
Алла Елшісіне (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтып, шапағатынан үміттеніп, оның үмбетінен болғанымызға шүкіршілік жасап, оның жолын берік ұстануымыз шарт.
Мешітке барып уағыз-насихат тыңдап, жүректі кір-қоқыстан шайып, көңіл айдынын илаһи нұрға толтыруымыз керек.
Қадір түніне қатысты жеткілікті мағлұмат беретін дін мамандарымен сұхбат құрып, мұсылман үмбетінің бірлігі мен ынтымағын арттыруға мән беруге тиістіміз.
Жаббар Хаққа тәубе мен истиғфар жасап, нәпсімізді есептен өткізіп, қателік жасаудан сақсынып, қайырлы істерді жасауға құмбыл болуымыз шарт.
Алла Тағаланы зікір етіп, тафаккур жасап, Ұлы Жаратушының құдіретімен жоқтан бар болған жаратылыстың сырларын ұғынуға ұмтылып, иман һәм иһсан байлығын күшейтуіміз қажет.
Дәйім дұға жасауымыз керек. Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) үмбетін бұл түні: «Уа Аллам! Сен кешірімдісің, кешіруді сүйесің, мені кешіре гөр» деп дұға жасауға шақырған.
Қадір түнінің күндізін де бейне кеш секілді өткізу ләзім. Осылай болса, мүбәрак түннің рухымызға төккен шұғыласы сіңімді болып, жүректен орын алады.
Қадір түні Раббымыздан бүкіл исі бүтін мұсылман үшін дұға-тілек жасауымыз керек. Қала берді, бейбіт ғұмыр сұрап: «Күллі адамзатты апаттардан сақта» деп тілеуіміз шарт.
Түйін
Хақ-Тағаланың бір түндік ғибадатты мың айдан да қайырлы етуі, сөз жоқ, Жаббар-Хақтың мұсылман үмбетіне деген ерекше мейірімі мен рахымдылығы еді. Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кімде-кім Қадір түнінің артықшылығына нанып, Алладан сауабын күтіп, құлшылық қылса, жасаған күнәлары ғафу етіледі» (Бұхари, Қадір, 1) дейді. Иә, мұндай мүмкіндік һәм мұндай мың айдан да қайырлы мезет мұсылман үмбетінің пешенесіне ғана жазылған илаһи тарту. Олай болса, қадірменді ағайын Қадыр түнінің мүмкіндігінен мақұрым қалмай, таң рауандаған шаққа дейін жансебіл рухта Хаққа құлшылық қылып, жан-жүрегімізбен Алаштың қамы үшін дұға-тілек жасайық. Алла-Тағала Рамазаннан Рамазанға аман-есен жетіп, дәйім қасиетті Қадір түнін қарсы ала беруді жазсын! Әумин!