Қарабалық ауданындағы Бөрлі ауылына мемлекеттік көші-қон бағдарламасымен Маңғыстау облысынан Үсеновтар отбасы тамыз айының аяғында көшіп келді.
Отағасы Әділбек ауылдағы шаруашылықта механизатор болып жұмыс істейді. Ал жары Несіпкүл үй шаруасында. Отбасында үш ұл тәрбиелеп отыр. Осы орайда мешіт қызметкерлері сол отбасына арнайы барып, құтты болсын айтып сәлем берді.
Алайда отағасы Әділбек ағамыз жұмыста екен. Несіпкүл апамыз оларды қуана қарсы алған. Сонымен қатар мешіттен келген өкілдер бұл жанұяға жылы лебіздер білдіріп, сый-сияпаттын жасады. Мешіттің алқа мүшесі Қуандық ақсақал батасын берді. Алдағы уақытта да өңірімізге басқа жақтан осы бағдарлама аясында отбасылар көшіп келді деп күтілуде.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Балахмет Әлішер Ертайұлы 1994 жылы 24- ші қыркүйекте Қостанай облысы, Әулиекөл ауданында дүниеге келді.
2001-2010 жылдары аралығында Қостанай қаласының «Сырбай Мәуленов» атындағы гимназиясында оқыды.
2010-2012 жылдары Қостанай ауданы, Затобол кентінің «Нұржан Наушабай» атындағы орта мектебінде оқып бітірді.
2012-2016 жылдары Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің «исламтану» факультетіне оқуға түсіп, қызыл дипломмен үздікке бітірді.
2013-2016 жылдары «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің «Жастар комитетінің» белсенді мүшесі болды.
2015 жылы құрылған Орта Азиядағы лаңкестікке қарсы құрылған жастар тобының белсенді мүшесі.
2016 жылдың шілде айынан бастап, Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінде наиб имам қызметін атқаруда .
Үйленген.
Сыздыков Дархан Манарбекович 1989 жылы 6-шілдеде Қостанай облысы, Науырзым ауданы, Қарамеңді ауылында дүниеге келген.
1996-1999 жылдары аралығында Науырзым ауданы, Шилі ауылының орта мектебінде оқыған.
1999-2001 жылдары Науырзым ауданы, Шолақсай ауылының орта мектебінде оқыды.
2001-2007 жылдары Қостанай облысы, Қостанай қаласындағы «Сырбай Мәуленов» атындағы №24-ші гимназиясында орта білімді оқып тәмәмдаған.
2007-2011 жылдары Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің «Исламтану» факультетіне оқуға түсіп, қызыл дипломмен үздікке бітірген.
2011 жылдың маусым айынан бастап, Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінде наиб имам қызметін атқаруда.
2014 жылы Алматы қаласындадағы «Имамдардың білімін жетілдіру институтының» екі айлық курсында білімін шыңдаған.
2014 жылы Ресей Федерациясының Мәскеу қаласында екі апталық имамдардың білімін жетілдіру курсына қатысқан.
Үйленген. Екі ұл мен бір қыздың әкесі.
Қостанай облысының Қарабалық ауданындағы «Ғашура ана» мешіті ашылғалы бері халықпен оның ішінде өскелең ұрпақ жастармен түсіндіру насихат жұмыстарын жүргізіп келеді.
Апта сайын өтетін жұма намазында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арнайы бекіткен «жұма уағызы» тапсырмасымен нақты уағыздар жүргізілуде. Әсіресе Ислам дінінде адам баласының ішуіне өте қатаң ескертіліп тыйым салынған «арақ» мәселесі туралы да аз айтылып жүрген жоқ.
Енді міне мешіт қызметкерлері Қарабалық аудандық ішкі істер басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп, ішімдікке салынған азаматтар арасында насихат жұмыстарын жүргізіп бастады.
Осындай ащы суға салынған аудандағы бес отбасының үйлерін аралап, ішімдіктің зияны жөнінде жан-жақты баяндады. Бұл бастама алдағы уақытта өзінің оң нәтижесін береді деген ойдамыз.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Жуырда Арқалық қаласындағы «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің ұжымы «Құрбан айт құтты мереке» атты шара өткізді.
Айт намазынан соң құрбандыққа байланысты уағыз-насихаттар айтылып, мешіт ауласында құрбандық шалу рәсімі өтті. Құрбандық еттері «Балалар үйіне», «Жүйке аурулар диспансеріне», «УК 161/12 мекемесіне», «Ана мен бала орталығына», әлеуметттік аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі және көпбалалы отбасыларына таратылды.
Қала басшылығы да жамағатты айтпен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Сонымен қатар ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәнібек Ғапбасұлы мен мешіт алқасы, дін жанашыры Мираш қажы Тәшмұхамедұлы шынайы ықыластарын білдірді.
Айттап келген жамағатқа арнайы дастарханнан дәм ұсынылды. Айтулы мереке мәдени және спорттық іс-шаралармен жалғасын тапты. Арқан және өгіз тартыс, қол күрес, қой көтеру және волейбол ойындарынан сайыстар өткізіліп, жастар жағы белсенділік танытты. Арасында діни әндер мен ғибратты термелер орындалды.
Қаланың бас имамы Бектұрсын Уәлиев бұл мереке адам баласын қайырымдылық пен мейірімділікке, ынтымақ-бірлікке шақыратын ғибратты ұлық мейрам екенін тоқталды.
Аталмыш шараның жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болған демеушілер мен спорт жеңімпаздарына мешіт атынан алғыс хаттар мен сый-сияпат жасалды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Жақында мұсылмандардың ұлы мейрамы Қасиетті Құрбан айт мейрамы Рудный қаласы Қашар кенті «Кәмшат ана» мешітінде жоғары дәрежеде аталып өтті.
Мешітке жиналған жамағат айт намазы оқылған соң Алла разылығы үшін құрбандық шалды. Осындай мейрам күні барша жамағат көтеріңкі көңіл күйде бір-бірін құттықтап жақсы тілектер білдірісті.
Шалынған құрбан еттері жағдайы төмен отбасыларға таратылды. Сондай-ақ мешіт қызметкерлерінің ұйымдастыруымен мешіт ауласында спорттық ойындар ұйымдастырылып, сыйлықтар табыс етілді. Соңында барша жиналған жамағат мейрам құрметіне жайылған дастарханнан дәм татты.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Облыстық мешітте жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша еліміздегі «Мектепке жол» акциясы аясында «Мектеп сөмкесі» қайрымдылық шарасы болып өтті.
Оны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек қажы Тәжімбет ашты. Ол өз сөзінде биылғы Құрбан айт мейрамының қарсаңында ұйымдастырылып отырған шараның аса маңыздылығына кеңінен тоқталды.
Үстіміздегі жылы жаңа оқу жылы алдында облыс бойынша мешіттерде 400 ден аса оқушыға мектепке қажетті құрал-жабдықтар және киім-кешек берілді.
Биылғы осынау қайырымдылық шарасының ойдағыдай жүзеге асуына елімізге белгілі «Уақып» қоры, облыстық мешіттің демеушілері, кәсіпкерлер өздерінің лайықты үлесін қосты.
Аталмыш жүздесуде бас имам өздерінің демеушілігімен көзге түскен бірқатар азаматтардың аты-жөндерін атап, оларға шынайы лебіздерін білдірді.
Ерекше қуанышқа бөленген ұл балалардың бірі - Нұрасыл Исламбек бізге былай деді:
-Мен биыл Қостанай шаһарындағы №9 орта мектептің 5 сыныбына барамын. Бүгін бізді мешітте жинап, өздерінің қамқорлығы мен шынайы ықыластарын танытқан өкіл имам Бахытбек Нұрғабылұлына және басқа да демеушілерге шексіз ризамыз.
Бір үйде он баламыз. Маған сөмке тапсырылды. Құрбан айт мерекесі қарсаңында өзімізге құрмет көрсеткен барша азаматтарға Алланың нұры жауа берсін.
ҚМДБ-ның Қостанай облысының өкілдігінің баспасөз қызметі
Серікбай қажы ОРАЗ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы,
Бас мүфти
МЕЙІРІМНІҢ МЕРЕКЕСІ – ҚҰРБАН АЙТ ҚҰТТЫ БОЛҒАЙ!
Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Қадірменді қауым!
Баршаңызды исі мұсылман қауымының ұлық мейрамы – құрбан айтпен шын жүректен құттықтаймын. Айт мейрамы құтты-берекелі болғай! Әр отбасына амандық, мықты саулық, мол ырыс пен бақ-береке тілеймін!
Құрбан айт – күллі мұсылман үмбетінің екі ұлық мерекесінің бірі. Біздің халқымыз бұл мейрамды сан ғасырдан бері ерекше қадірлеп, айрықша атап өткен. Айтулы мейрамда ағайын-жұрт бір-біріне «құрбан айт құтты болсын, айт қабыл болсын» айтып, жылы лебіздері мен ізгі тілектерін арнаған.
Көрші мен туысқанға айттап бару, қадірлі қонаққа айттық беріп, үлкеннің алғысы мен батасын алу – сонау заманнан жалғасып келе жатқан мұсылмандық дәстүріміз.
Аллаға шүкір, салтынан жаңылмаған жұртымыз тәуелсіздік жылдарында айтты тойлау дәстүрін қайта жаңғыртып, оны халықтық деңгейде атап өтуге мүмкіндік алды. Елбасының игі бастамасымен елімізде құрбан айттың құрметіне демалыс жарияланып, бұл мейрам барша ұлт пен ұлысты бірлік пен ізгілікке үндейтін халықтық мерекеге айналды.
Әсілінде «Құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымдарды білдіреді. Мұсылман баласы айт күні құрбандық шалу арқылы Аллаға деген ақ ниетін паш етеді. Өйткені, қасиетті Құранда Хақ Тағала: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – деп адал ниеттің маңыздылығын атап өткен.
Жағдайы бар, əрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уəжіп, мұсылмандық міндет. Ал мүмкіндігі жоқ адамға Алла Тағала мұндай міндет жүктемеген. Бұл қасиетті күнде мүмкіндігі жоқ, тұрмысы төмен отбасыларға қол ұшын беріп, оларға қуаныш сыйлау – сауапты іс.
Құрбандыққа түйе, сиыр жəне қой, ешкі шалынады. Бір қошқар немесе қой бір кісі атынан шалынады. Ал қара мал немесе түйені жеті кісі бірігіп, құрбандыққа шалуға болады. Құрбандық малын айт намазынан кейін айттың үшінші күні кеш батқанға дейін шалуға болады. Құрбандық еті ағайын-туысқа, көршіге, тұрмысы төмен отбасыларына таратылады.
Айт күні ерте тұрып, ғұсыл құйынып, айт намазына қатысу – мұсылмандық міндет. Айт намазына әдемі, таза киіммен барған абзал.
Құрметті отандастар!
Құрбан айт – кешірім мен мейірімнің, қанағат пен қайырымдылықтың мерекесі. Айттың құрметіне ізгілік пен кеңшіліктің жолын ұстанып, қараусыз қалған қарттарға қайырымдылық жасап, қамкөңіл жандарға сыйлық берудің сауабы мол. Осы ретте барша отандастарымды ел игілігі үшін жасалатын қайырымдылық акциялары мен сауапты іс-шараларға атсалысуға шақырамын.
Алла Тағала шалған құрбандықтарыңыз бен игі амалдарыңызды қабыл еткей. Қасиетті Мекке қаласында халқымыздың бірлігі мен берекесін сұрап, дұға жасап жатқан отандастарымыздың тілегі мен қажылығы қабыл болғай! Әмин!
Құрбан айт құтты болсын!