Біз, ІІ республикалық имамдар форумына қатысушылар «Ханафи мәзһабы мен Матуриди сенім мектебі – Қазақстандағы Исламның дәстүрлі жолы» Ұстанымын және «ХХІ ғасырдың үздік зияткер имамы» тұжырымдамасын мақұлдай отырып,
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтқан салмақты пікірлері мен ұсыныстарын қабылдай отырып,
Қазақстан халқына келесі Үндеуімізді жолдаймыз.
ХХІ ғасыр имамдарын заман талабына сай жан-жақты білімді, білікті, зайырлылық қағидаттарды ұстану жағынан басқа жамағатқа үлгі ету, Қазақстан мұсылмандарын бірлікке, татулыққа, әдет-ғұрыптарды сыйлауға, зайырлылық қағидаттар мен рухани құндылықтарды құрметтеуге шақырамыз.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жаңғыртылуы (модернизациялануы) қазіргі заман сұранысына сәйкес идеологиялық, ұйымдастырушылық, ақпараттық және технологиялық жаңаруды талап етеді.
Елбасы Жолдауындағы діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, радикалды көзқарасқа «мүлдем төзбеу», бас бостандығынан айырылған азаматтардың теологиялық тұрғыдан сауатын ашу, өскелең ұрпақты адамгершілік, ұлтжандылық рухында тәрбиелеу жұмыстарында имамдар корпусын алғашқы қатарда болуға шақырамыз.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы ұсыныстарын жүзеге асыру мақсатында мешіт имамдарының бәсекелестікке қабілетті болуына, ұлтымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрін қастерлей отырып, әлемдегі озық технологияларды және үздік тәжірибелер мен жетістіктерді игеретін дүниетанымы ашық болуына сенім білдіреміз.
Имамдардың мемлекет мүддесін қорғай алуын, «Мәдени және конфессияаралық келісімді» жаңғыртуын, сондай-ақ ұлттық сана-сезімінің жоғары болуын негізге аламыз.
Біз, ІІ республикалық имамдар форумына қатысушылар Исламның бірлік пен татулықтың, бейбітшіліктің, ғылым мен өркениеттің діні екенін тағы да атап өтеміз.
Форумға Қазақстанның, Ресей мен Орталық Азия елдерінің Бас мүфтилері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, теолог-ғалымдар және Діни басқарманың 500 имамы қатысты.
Астана қаласы, 19 сәуір 2017 жыл
Ел ішінде діни құндылықтар дұрыс дәріптелуі керек. Ол үшін имамдар мен ұстаздардың сауатын арттыруға басымдық берілуі тиіс. Бүгін Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы өкілдерін қабылдауы кезінде Елбасы осылай деді. Нұрсұлтан Назарбаев саладағы жұмыстар Рухани жаңғыру идеясымен қабысуы керектігіне жеке тоқталды.
Ақордадағы бұл рухани кездесудің мәні бөлек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Қазақстан мұсылмандар Діни басқармасының өкілдерімен кездесіп, өткір де өзекті мәселелерді талқылады. Мемлекет басшысы дін мәселесі біздің рухани байлағымыздың бір бөлшегі екенін жеткізді. Бұл ретте дәстүрлі рухани тамырымызды нығайта отырып, санамызды жаңарту шарт деп атап өтті Президент.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өздеріңіз білесіздер дін мәселесі деген біздің рухани байлағымыздың бір тармағы болып саналады. Мемлекет бұған үлкен көңіл болып отыр. Әдейлеген мінекей министрлік құрылды. Көмектесу үшін, қарау үшін, ретке келтіру үшін. Мемлекет болғаннан кейін мемлекеттің ішіндегі жасалып жатқан жұмыстың әр тармағы тәртіпті болуы керек. Ол болмаса мемлекет те болмайды. Сол себепті сіздерге артылатын жауапкершілік үлкен болады. Біз өзіміздің дәстүрлі рухани тамырымызды нығайта отырып, санамызды жаңарту керек деген мен статья жаздым. Біздің патриоттығымыз, отан сүйгіштігіміз елдің ішіндегі, сыртындағы тыныштық болашағымыз болып саналады. Сол болашаққа бәріміз бірігіп жұмыс істеу керек. Әрине біздің тәуелсіздік жағдайында ұлан ғайыр жеріміз бар. Ол жердің ұлан ғайыр үлкен байлығы бар, ішіміздегі тыныштық бар. Оған ала көзбен қарайтындар аз емес. Жалпы қазақты ешкім жеңбеген. Ішінен ірітіп, жүз жүзге бөліп, жаулап алған. Тарих солай.
Асыл дініміздің атын жамылып, исламға еш қатысы жоқ біреулердің қоғамға іріткі салуы бәрімізді ойлантатыны анық. Саяси астар ұстанған әлгілердің әрекетінен зардап шеккендер аз ба. Елбасы осы орайда сыртқы күштердің ықпалында кетуден сақ болуды тапсырды. Сапсыйтып сақал қойып, бетті тұмашалау қазақтың салтында болмаған деп кесіп айтты Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сондықтан біз ойлануымыз керек. Сырттан ықпал етудің бір тәсілі ол жат діни ілімдерді бізге тарту. Кейінгі кезде осындай ахуал бар. Қазіргі заманға сай болып жатқан тартыс сөз салыстыру, ара жігін білетін сауатты имамдар ғана елдің бетін бері қаратады. Зайырлы білімді білу керек. Сонда салыстыра келе біздің адамдарға түсіндіретін болады. Ендігі бір айтатын мәселе соңғы кезде өрімдей жас жігіттер сақалын сапсыйтып қойып, балақтарын шорт кесіп келеді. Бетін тұмшалап, бүркеп қап-қара көйлек киіп жүрген қыздардың қатары көбейді. Бұл біздің ұлтымызға да, сана сенімімізге де келмейді. Қазақта қара кию кісі өлгенде киеді. Үйдің иесі өлгенде қара жамылып отыр екен деп, не бала-шағасы қырылды екен деп. Әрине әркім не кием десе өз бостандығы бар. Бірақ ол басқа нәрсе. Мынау әдейлеп тұрып бізге қарсы шығатын, қазақты бөлетін құдай деген адамның жүрегінде болуы керек. Бетті тұмшалау шариғатта да жоқ. Біз дінімізбен бірге ұлттық дәстүрімізді мықты ұстауымыз керек. Біздің қыздарымыз атам заманнан бөрік киген, келіндері орамал салған, аналарымыз кимешек киген. Тағы да қайталап айтайын, қазақта шымқай қара киіну жаман ырым. Кісісі өліп, қара жамылды дегенді білдіреді. Сонда біздің жастарымыз осындай ата-бабамыздан қалмаған өсиетке қарай жүретін болса, еліміздің болашағы не болады. Біз оған жол бермейміз. Мына тәуелсіз елде оларды тайтаңдатып қояйық деп отырған жоқпыз. Бізге Қазақстанның бірлігі, болашағы кере көсіп өркендеуі керек. Жазықсыз жандардың қанын төгу, өмірін қию қай дін ақтай алады. Қазіргі болып жатқан сол.
Мемлекет басшысы мына жаһандану заманында жастарды барынша білімге тарту керектігін тілге тиек етті. Сәйкесінше жамағатқа сөзі өтетін имамдардың беделін көтеру маңызды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жамағатқа сөзін өткізу үшін имамдардың беделін көтеру керек. Өздері инабаттылық пен тазалықтың үлгісін көтеру керек. Шетелге діни білім алуға кеткен кейбір жастардың жат ағымға түсіп, теріс идеяларды әкелу қауіпі бар. Енді алдап-сулап дүниеде әр нәрсеге қолы жете алмай қалған жұмыссыз жастарға біраз ақша беріп, алып кетіп соғысқа салып, қырылып жатыр онда. Егер де жаман жолға түсіп, экстремизімге түсетін болса, Қазақстанға қайтіп келмейді. Ата-аналары білуі керек. Барғаннан кейін өкініп, бармағын тістеп жатқаныдары да бар мен білемін оны.
Бүгінде Қазақстан мұсылмандары Діни қауымдастығында 3800 имам қызмет етеді. Ендігі меже имамдар тек діни іліммен ғана емес, зайырлы ілімді де жетік меңгеруі қажет. Керек десеңіз халықпен байланыс орнататын үлкен тұлғаға айналуы шарт.
Ержан Маямеров, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти:
- Жалпы имам деген қандай болуы керек. Бүгінгі таңда жамағатымыз сауатты болып кетті. Солардың сұрақтарына, ұсынысына сай болуы үшін бүгінгі таңда имамға тек қана діни іліммен шектеліп қалу өте қиын. Солармен қоса, зайырлы ілімді меңгерген имам болуы керек. Жалпы болашақта XXI ғасырдың имамы осы дегендей болуы керек. Ол тек жаңағы діни саланы білу ғана емес, сыртқы, ішкі саясатты білетін халықпен етене байланысып кететін үлкен тұлғаға айналуы керек. Осы мақсатта біз осы құжатты қабылдап отырмыз. Бұл расында бүгінгі таңда имамдарымыз үшін маңызды деп айта аламын. Екінші құжат, сіз айтып кеттіңіз, Әбуханифа исламы. Дәстүрлі ислам. Қазақстандағы ата-бабамыз ұстанып келе жатқан мәзхаб. Біз оны өз деңгейінде жеткізу үшін келесі ұрпаққа келесі құжатты қабылдау керек.
Жиынға жиналған өкіл имамдарда Елбасы сөзін бір ауыздан құптап, бүгінді өңірлерде тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.
Ахметжан Керімбек, ҚМДБ, ОҚО бойынша өкіл имамы:
- Жаңа өзіңіз де сөзіңізде айтып өттіңіз, біздің өзіміздің ұлттық санамыз бар. Өзіміздің менталитетіміз бар. Дербес салт-санамыз бар. Муфти Хазіретіміз де айтып өтті, яғни бізде қазір «Дін мен дәстүр» атты еңбек жарық көруде және біз осы 2014 жыл мен 2018 жыл аралығында діни қызметкерлер мен мешіт қызметкерлерінің ортасында осы «Дін мен дәстүр жылы» деп жарияланған болатын. Яғни бұның жақсы жемісі болатынын мен аңғардым. Өзіңіз айтқандай Оңтүстік Қазақстан облысында жалпы өзінің салт санасы, өзінің дәстүрі, менталитеті ұйысқан, қалыптасқан орта болып саналады.
Кенжетай Дүйсенбай, ҚМДБ СҚО бойынша өкіл имамы:
- Қазіргі таңда мына оқу-бағдарламаңызға байланысты, Үндеуге байланысты, мынау «Серпін» бағдарламасымен көптеген балалар Солтүстік Қазақстанға шоғырланып жатыр университетімізге. Қозыбаев атындағы университетке өте көп келіп жатыр. Міне қазіргі біздің сол уақыттағы хазіреттің де тапсырмасы бізге сол болып тұр. Сол балалардың жат ағамның біріншіден жетегіне кетпес бұрын және ол балалар Қызылорда, Шымкенттен келгендер өте қазақи, тәрбиелі. Ата-анасының алдынан инабатты, тәрбиелі келген. Сондықтан да осы біздің облыс әкімшілігі болсын, өзіміз болсын сол жерлерге балаларымызды қайтадан осы оқу білімін алмай сол жерге шамамыз келгенше уағыз насихат қылып, қалыңыздар деген игі тілек айтып жатырмыз.
Мемлекет басшысы Қазақстан 1,5 млрд мұсылмандардың бір бөлшегі екен жеткізіп, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тарқатты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жиналған имамдарға салем айта барыңдар. Барша мұсылманға сәлемімді жеткізіңдер. Біз дүниежүзілік 1,5 млрд мұсылмандардың бір бөлшегі болып табыламыз. Құдайға тәубә тәуелсіздік алғаннан бері етек қолымызды өзіміз жинап, қазақтың өз болмысы ділі-тілі өзі бірге келеді. Барлығы түгел болмаса, ұлттың болмысы белгісіз. Тәуелсіздік алғаннан кейін бізді мұсылмандар қолдады. Әлі күнге дейін қолдап жатыр инвестиция тартып. Бүкіл мұсылман қауымының алдында біздің де міндетіміз бар. Көмектеріне ризашылықтарын білдіреміз. Рухани жаңғыруға байланыста комиссия жұмыс істейтін болады. Көптеген хат алып жатырмын. Өзіміздің ұлттық мәселеге қараймыз деп. Латын қаріпіне қатысты. Ғылымға бәсекеге қабілетті болуы. Барлығы елдің қамы. Біздің ішіміз тыныш. Барлығымен түсіністікпен келе жатырмыз. Ішкі тыныштықты сақтауымыз керек. Мен Қазақстанның елдігін қорғап отырған адаммын.
Қазақ халқының қасиетті ата-салты, әдет-ғұрпы ежелден Ислам шариғатымен ұштаса қалыптасқан. Жуырда Қостанай қалалық мешітінде «Ата салтым – асыл қазынам» атты рухани кеш болып өтті.
Бұл басқосуды аталмыш мешіт пен Ы.Алтынсарин атындағы мемориалдық мұражайының ұжымы бірлесе өткізілді.
Жиынға елімізге белгілі ақындар әрі ғалымдар Ақылбек Шаяхмет пен Нағашыбай Мұқатов қатысты.
Рухани кештің мән-маңызын бас имам Шоқан Ғазизұлы түсіндірді. Содан кейін қаламы қарымды қаламгер Ақылбек Шаяхмет Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен тағылымды ғұмыры жайлы әңгімеледі.
Онда кейінгі жастарға тағылым ретінде «Неке қию» рәсімінен көрініс қойылды. Сондай-ақ тұсау кесер рәсімі де көздегендей өткізілді. Оны өңірімізге аса танымал ақын Нағашыбай Мұқатов өткізіп, нәрестеге ақ батасын берді.
Қос қаламгерге де қазақтың салты бойынша құрмет көрсетіліп, иықтарына шапан жабылып құрметтелді.
Ал облыстық Ыбырай Алтынсарин мұражайының қызметкерлері салт-дәстүрге қатысты слайдтар көрсетті.
Кеш соңында қалалық мешіттің бас имамы Шоқан қажы Әмірханов келген қонақтар мен жиналған студенттерге шынайы алғысын білдірді. Келген қонақтар жайылған дастарханнан дәм татты.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Жуырда Қостанай облысы әкімінің бұйрығы негізінде Дін істер басқармасы басшысы болып Үмбетов Жанболат Жұмабайұлы тағайындалған болатын.
Осыған дейін Жанболат Жұмабайұлы облыстағы тілдерді дамыту басқармасы басшысы лауазымында бірнеше жыл қызмет атқарған.
Ол облыстық дін қызметкерлерімен танысу мақсатында мешітімізде арнайы келді. Танысу барысында Қостанай облысы бойынша өкіл имам Бахытбек Нұрғабылұлы атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып өтті. Сонымен қатар алдағы жоспарлар мен келе жатқан қасиетті Рамазан айына дайындық туралы сөз қозғады.
Сонымен бірге өткен жұмада Торғай аймағы бойынша жауапты имам Бектұрсын Торғайбайұлы жұртшылық алдында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы Бас мүфтидің бұйрығына негізінде «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің түлегі – Әмірхан Рүстем Исламұлын «Оспанқожа әулие» мешітіне бас имам болып тағайындалғандығын жеткізді.
Жамағатқа жаңа имамды таныстырып, оған асыл дінімізді өркендетуде қызметінде табыс тіледі. Осыған дейін бас имам қызметін атқарған Аян Сәбитбекұлының жұмысына шынайы алғысын білдіріп, иығына шапан жапты. Сондай-ақ Рүстем Исламұлы Аян мешіт жамағаты атынан кәсіпкер Аманкелді Бегалыұлының берген автокөлігін сыйға тартты.
Жұма намазынан кейін ауданға қарасты ауыл молдаларымен де мәжіліс өткізілді. Жүздесуде ауыл намазханаларының іші-сыртын тазалау және алдағы Рамазан айына әзірлік жұмыстарын жан-жақты жүргізу тапсырылды.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Осы мейірім туралы сөз қозғамас бұрын, барлығына да ортақ үш жақсыдан бастауды жөн көрдім. Олардың біріншісі: күн жақсы, екінші: ай жақсы, ал, үшінші: мейірімді де жаны жайсан көркем мінезді ақылды да, білімді дана адам жақсы. Енді, осының бәрін жақын талдап көрер болсақ, күн айналасына (ғаламға, табиғатқа, адам баласына, жалпы тіршілік атаулыға) нұр шуағын сыйлайды. Ай болса, қараңғы түнде тіршілік атаулыға жарық-сәулесін шашады. Ал жақсы адам қашанда адамзат пен табиғатқа мейірімін төгіп, білімі мен ақыл-даналығының арқасында адамдарға тура жолды көрсетеді. Осы үшеудің соңғысы, адамзаттың төресі, екі дүние сұлтаны болған пайғамбарымыз Мұхаммад Мұстафа (ﷺ) жайлы сөз қозғамау еш мүмкін емес.
Пайғамбарымыздың (ﷺ) Құран Кәрімде баяндалған өнегелі қасиеттерінің бірі – мейірімділігі, рақымдылығы және көркем мінезділігі. Осы ретте Алла Тағаланың мына аяттарына зер салсақ:
لَقَدْ جَاءَكُمْ رَسُولٌ مِّنْ أَنفُسِكُمْ عَزِيزٌ عَلَيْهِ مَا عَنِتُّمْ حَرِيصٌ عَلَيْكُم بِالْمُؤْمِنِينَ رَءُوفٌ رَّحِيمٌ
«Сендерге өз араларыңнан бір пайғамбар келді. Сендер бір қиындыққа ұшырасаңдар оған ауыр тиеді. Сендерді өте жақсы көреді. Мұсылмандардың бәріне тегіс мейірімді әрі рақымды» («Тәубе» сүресі,128-аят).
فَبِمَا رَحْمَةٍ مِّنَ اللَّهِ لِنتَ لَهُمْ ۖ وَلَوْ كُنتَ فَظًّا غَلِيظَ الْقَلْبِ لَانفَضُّوا مِنْ حَوْلِكَ
«(Ей, Мұхаммад!) Өзіңе Алла берген мейірімге орай сен де адамдарға сыпайы, жұмсақ қарым-қатынас көрсеттің. Егер сен дөрекі, жүрегін қатыгез болғанда, олар сенің маңыңнан безіп кеткен болар еді» («Әл-Имран сүресі,159-аят»).
وَمَا أَرْسَلْنَاكَ إِلَّا رَحْمَةً لِّلْعَالَمِينَ
«Біз сені ғаламға тек қана рақым етіп жібердік» («Әмбия» сүресі, 107-аят).
وَاخْفِضْ جَنَاحَكَ لِمَنِ اتَّبَعَكَ مِنَ الْمُؤْمِنِينَ
«Өзіңе ерген мұсылмандарға мейірім құшағынды аш» («Шуъара» сүресі, 215- аят).
Пайғамбарымыз (ﷺ) Алла Тағаланың мейірімі мен рақымдылығының жер бетіндегі дара өкілі ретінде осы екі қасиетті шебер қолданып, барлық жерлерге жол тапқан. Өйткені, мейірімділік, жұмсақтық және кеңпейілділік пен ықылас сияқты қасиеттер жұртшылыққа тікелей әсер етеді де көңілдеріне иман нұрын ұялатып, ақиқатты мойындатып, қабылдаттырады. Алла Елшісінің (ﷺ) мейірімі мен рақымдылығы тек арабтармен немесе мұсылмандармен ғана шектелмейтін, сенімі бөлек, ұлты мен тегі өзге кісілерге де, тіпті Алла Тағаланың жаратқан барлық жаратылыстарына да арналған еді. Ешкімді бөліп-жармай, бәріне мейірім шуағын төгетін. Тіпті, өзіне қастандық жасап, өлтірмек болғандар үшін де: «Аллаһым бұларды кешір, себебі олар мені әлі толық білмейді»,-деп рақымдылығымен Алла Тағалаға жалбарынып дұға еткен.
Кәпірлерге қарғыс айтуын сұрағандарға берген жауабы да адам баласын терең ойға жетелейді.
إِنِّي لَمْ أُبْعَثْ لَعَّانًا، وَإِنَّمَا بُعِثْتُ رَحْمَةً
«Мен азап үшін емес, рақым үшін жіберілдім,»-деген (Муслим, Бирр 24).
Атап айтқанда осындай, мейірімділік пен көркем мінезділік сияқты адамның жақсы қасиеттері жөнінде Алла Елшісінің (ﷺ) мүбәрәк хадис шәрифтерінде өте көп зікір етілген. Мәселен, осынау көркем мінезділікке қатысты Джарир ибн Абдулла (р.а.) Алла Елшісінің (ﷺ) былай деп айтқанын жеткізеді:
عَنْ جَرِيرِ بْنِ عَبْدِ اللَّهِ رضي الله عنه قَالَ:قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صلى الله عليه وسلم :((لَا يَرْحَمُ اللَّهُ مَنْ لَا يَرْحَمُ النَّاسَ)) (أخرجه البخاري).
«Адамдарға мейірімді бола білмеген кісіге, Алла Тағала да мейірімділік танытпайды» (Имам Бухари риуаят еткен).
Ал Абу Һурайра (р.а.) мұсылман баласының басқа бір мұсылман кісіге қатысты қандай қарым-қатынаста болуы керектігі жөнінде, Пайғамбарымыздың (ﷺ) былай дегенін риуаят етеді:
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ":الْمُسْلِمُ أَخُو الْمُسْلِمِ لَا يَظْلِمُهُ وَلَا يَخْذُلُهُ وَلَا يَحْقِرُهُ التَّقْوَى هَاهُنَا" وَيُشِيرُ إِلَى صَدْرِهِ ثَلَاثَ مَرَّاتٍ، "بِحَسْبِ امْرِئٍ مِن الشَّرِّ أَنْ يَحْقِرَ أَخَاهُ الْمُسْلِمَ كُلُّ الْمُسْلِمِ عَلَى الْمُسْلِمِ حَرَامٌ دَمُهُ وَمَالُهُ وَعِرْضُهُ ."أخرجه مسلم (4/1986 ، رقم 2564).
«Мұсұлман мұсұлманның бауыры. Сондықтан оған қатысты зұлымдық жасамайды, көмектесуден бас тарпайды және оны өзінен төмен санап қорламайды. Тақуалық мына жерде деп, кеудесіндегі жүрегінің орналасқан жеріне үш мәрте меңзеді. Адам баласы мұсылман бауырын қорлайтын болса, Алла Тағаланың алдында үлкен күнә жасаған болып табылады. Кез-келген мұсылманға, басқа бір мұсылманның жанына, мал-мүлкіне және ар-намысына зиян тигізуге болмайды (харам)».
Сонымен қатар, қоғамдағы үлкен мен кішіге қатысты міндеттердің қандай болатындығы жөнінде Пайғамбарымыз (ﷺ) былай деген:
النَّبِيِّ صلى الله عليه وسلم قَالَ: (لَيْسَ مِنَّا مَنْ لَمْ يَرْحَمْ صَغِيرَنَا وَيَعْرِفْ شَرفَ كَبِيرِنَا) رواه الترمذي، وقال: حديث حسن صحيح.
«Кішілерге ізет және үлкендерге құрмет көрсете алмаған адам бізден емес» (Имам Термези риуаят етіп, хадистің дарежесін хасан сахих деп бағалаған).
Жалпы Алла Тағаланың пенделеріне берген ең ұлы нығмет, сыйы жөнінде Пайғамбарымыз (ﷺ) былай деп, баян етеді:
قال النبي صلى الله عليه وسلم: )إِنَّ اللَّهَ قَسَمَ بَيْنَكُمْ أَخْلاقَكُمْ كَمَا قَسَمَ بَيْنَكُمْ أَرْزَاقَكُمْ وَإِنَّ اللَّهَ عَزَّ وَجَلَّ يُعْطِي الدُّنْيَا مَنْ يُحِبُّ وَمَنْ لا يُحِبُّ وَلا يُعْطِي الدِّينَ إِلا لِمَنْ أَحَبَّ فَمَنْ أَعْطَاهُ اللَّهُ الدِّينَ فَقَدْ أَحَبَّهُ ... ) رواه أحمد (3490 (
«Расында, Алла Тағала сендердің өз араларыңдағы ризық-несібені қалай бөлген болса, мінез-құлықтарыңды да сендерге дәл солай бөліп берген болатын. Шынында, Құдретті де Ұлы Алла дүниедегі байлық-несібені сүйетін құлына да және сүймейтін пендесіне де береді. Алайда дінін тек, жақсы көретін құлына ғана береді. Ал кімге, Алла Тағала дінін берген болса, демек оны жақсы көргендігі» (Имам Ахмад риуаят етті).
Дінімізде қайырымдылық пен мейірімділік сияқты көркем мінезге толы, иман жүзді, тақуа да ізгі салих құлдарға әжір уа сауаптың берілетіндігі және олардың екі дүниеде де Алла Тағаланың нығметтеріне бөленетіндігі айтылған.
Құрметті де қадірлі мұсылман бауырлар, әрқайсымыз бір-бірімізге қайырымды әрі мейірімді бола білген жағдайда ғана жақсылықта өмір сүреріміз анық. Тіршілікте адамдардың бір-біріне деген қамқорлығына, мейіріміне және сыйластық пен ынтымақ-бірлігіне жетер еш нәрсе жоқ!
Сөз соңында айтарым, баршамамыз жоғарыда айтылған Құран аяттары мен сүйікті Пайғамбарымыздың (ﷺ) сөздеріне құлақ асып, соны өмір сүріп жүрген қоғамымызда шынайы сеніммен амалға асырар болсақ, Алла Тағаланың уәде еткен сауаптарына кенеліп, Жаратушы Иеміздің разылығына қол жеткізіп, Алла Елшісінің (ﷺ) мақтаулы үмметі боларымыз хақ!
Науырзым аудандық «Түркебай» мешітінің
алқа мүшесі Исмаилов Жаңабай
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы бойынша өкілдігі қан тапсырып донор болу күнін өткізді. Бұл шара облыстық «Қан орталығы» мекемесі тарапынан қолдау тауып сауапты амалды бірігіп атқарды.
Аталмыш шара Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнайы тапсырмасы аясында быйыл да өткізіліп отыр. Оған облыстық мешіт жамағаты қалалар мен аудандардың имамдары, ерікті намазхан азаматтар тарапынан қолдау тауып донор болды.
Әрине донор болуға әр адам ниетті болғанымен оған арнайы дайындық арқылы болғандықтан алдын-ала хабарландыру айтылып, дайындық арқылы жүзеге асты.
Осылайша 46 адамның әр қайсысы 450 грамнан қан тапсырды.
Өз кезегінде облыстық «Қан орталығы» ұжымы мұсылмандар тарапынан жасалған ұсыныстың әрдайым қолдау табылатынына ризашылығын білдірді.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі