Бүгін «Қазақстан-Қостанай» телеарнасының баспасөз клубында облыстық «Марал ишан» мешітінің бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет алдағы Рамазан айына байланысты баспасөз мәжілісін өткізді.
Бұл басқосуға Қостанай қалалық мешітінің бас имамы Шоқан қажы Әмірханов облыстық мешіттің наиб имамы Азамат Мурзакановтар қатысты.
Онда жиналған журналистер алдында облыстың Бас имамы Рамазан айының ерекшеліктері, талаптары және жасалатын жеңілдіктері жөнінде жан-жақты тоқталды. Сонымен қатар Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының қасиетті Рамазан айына байланысты халыққа үндеуі жөнінде де жиналғандарды хабардар етті.
Наиб имам Азамат Серікбайұлы орыс тілінде Рамазан айының мән-маңызы жөнінде әңгімеледі.
Осы кездесуде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінің қойған сауалдарына нақты жауап берілді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Лисаков қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастырумен «Псевдорелигиозные течения, сущность и основные характеристики» атты тақырыпта шаһардағы мәдениет сала қызметкерлерімен кездесу болып өтті.
Осынау жүздесуге Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінің найб имамы, облыстық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі Азамат Мурзаканов қатысты.
Басқосуда наиб имам күн тәртібіндегі маңызды мәселе бойынша тағылымды әңгіме өрбітті. Қазіргі таңда қоғамдағы дін мәселелеріне тоқтала келіп, теріс ағымдардың зиянын тілге тиек етті.
Аталған кездесуде шіркеу қызметкері Олег әкей де өзінің ой-пікірлерін ортаға салды. Жүздесудің соңында Азамат Серікбайұлы жергілікті ақпарат құралдарына сұхбат берді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы,
Бас мүфти Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫНЫҢ
қасиетті Рамазан айына байланысты халыққа
ҮНДЕУІ
Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Құрметті отандастар, бауырлар! Баршаңызды күллі мұсылман баласы сағына күткен, берекелі, қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын. Рамазан мүбәрәк болғай!
Рамазан – жалпыға ортақ ізгі амалдар маусымы. Ораза – тәрбие, сабыр, қайырымдылық, ізгілік мектебі.
Рамазан – қайырымды жандар үшін үлкен мүмкіндік. Оразада жасалған Жаратушы Иемізге ұнамды әрбір қайырлы іс – үлкен сауап. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір өсиетінде: «Адамдардың жақсысы – елге пайдасы тигендері», – деген. Адам қалай ниет етсе, сол мақсатына жетеді.
Әр пенде сауапты амалымен, тақуалығымен Алланың алдында дәрежесі артады. Жомарт, жанашыр азаматтарды, кәсіпкерлерді көмекке мұқтаж адамдарға қамқорлық көрсетуге, мәселен, су тасқынынан үйсіз, шарасыз қалған отандастарымызға қайырымдылық жасауға, табиғи апат салдарынан бұзылған үйлерді жөндеуге қол ұшын беруге, жетім мен жесірге мейірімділік танытып, қараусыз қалған қарттарға көңіл бөлуге шақырамын.
Зекет беру – жағдайы келген (шариғат бойынша нисап мөлшеріне жеткен) мұсылманға парыз. Ал зекет берекелі Рамазан айында берілсе, оның да сауабы еселеніп жазылады.
Қасиетті айдың құрметі үшін азық-түлік, көкөніс пен тұрмыстық заттарға жеңілдік жасалып, Құдайы астар мен садақалар ауызашар уақытында ұйымдастырылса, тойлар ішімдіксіз өткізілсе, жамандықтың бастауы болған арақ-шараптың сатылуына барынша жол берілмесе деген тілегімді білдіремін.
Сонымен қатар, көпшілік жұртқа оразаның әр күнінде бір жақсылық жасауды жоспарлап, осынау сауапты амалдарды ықыласпен орындауға, Алланың әрдайым бізге үздіксіз нәсіп ететін нығметтерінен садақа беруге шақырамын. Ізгі амалдар Рамазаннан кейінгі айларда да жалғасын тапса игі.
Рамазан – бірлік айы. Осы айда берілетін ауызашарлар ағайын-жұрттың арасын жақындастырып, игі іс-шаралар мен қайырымдылық акциялар халқымызды сенімі мен нәсіліне қарамай, ортақ мақсатқа үндейді. Бүкіл әлемнің Жаратушысы барша адамға: «Бөлінбеңдер», – деп бауырмал болуға бұйырған. Бірлігі күшті елдің берекесі артады. Бірлігімізге бекем болайық!
Қадірлі жамағат! Сауабы еселеніп жазылатын қасиетті айда жасаған амалдарымыз бен ізгі ниеттерімізді Алла Тағала қабыл еткей! Әумин!
Бүгінгі сәби – егемен еліміздің ертеңгі болашағы. Сондықтан жас өрендеріміз саналы да тәрбиелі болып қалыптасуы керек.
Міне, осы мәселеге айрықша назар аударған халықаралық балаларды қорғау күніне орай Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешіті шаһарадағы «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемекемесімен бірлесе отырып, «Бала өмірдің гүлі» атты қайырымдылық шарасын ұйымдастырды.
Мұнда мүмкіндігі шектеулі сәбилер өз өнерлерін көрсетті. Олар ән айтып, сахналық қойылымдар қойды. Демеушілердің қолдауымен аталған бүлдіршіндерге естелік сыйлықтар және тәттілер табыс етілді.
Сондай-ақ мешіт жанында дәріс алып жатқан 22 шәкірттерге түстік аспен бірге балмұздақтар беріліп, түрлі сыйлықтар таратылды.
-Мұндай шараны өткізудегі мақсат - бүлдіршіндерді мерекесімен құттықтай отырып, оларға шадыман шаттық сыйлау еді. Олардың жүздеріндегі қуанышты көргенде толқымаған кісі жоқ, - дейді қалалық мешіттің бас имамы Бектұрсын Уәлиев.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Шынында да бала бауыр етің емес пе? Мұны әрбір ұл-қыз өсіріп отырған ағайындар жақсы түсінеді.
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай облыстық Марал ишан мешіті мен «Зекет» қорының өкілдігі облыстық көркем-сурет мектебінде жасөспірімдер арасында шахматтан турнир өткізді.
Турнирді Қазақстан қажылар қауымдастығының Қостанай облыстық филиалының төрағасы Жақсылық Ғайсин ашты.
Жарысқа қатысушыларды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек Тәжімбет балаларды шын жүректен құттықтады.
Шара соңында жеңімпаздарға бағалы заттар мен сыйлықтар тапсырылып, дастархан жайылды.
Сонымен қатар Қостанай қалалық мешіті де өз тарапынан облыстық балалар үйінде балаларға дастархан жайып, балаларға сыйлық ұсынды.
Жуырда Қостанай облысы әкімдігінің Дін істер басқармасында тәрбиелік тағылымы ерекше жүздесу болып өтті. Оған Қостанай облысының бас имамы Бахытбек Тәжімбет бастаған қалалар мен аудандардың бас имамдары мен басқарманың мамандары қатысты.
Бұл жиының мақсаты облыстағы ақпараттық түсіндіру тобын құру және алдағы жасалатын жұмыстарды жоспарлау болатын.
Сонымен бірге, теріс ағымдағы көзқарастағы тұлғаларды дәстүрлі ислам дініне бет бұрғызуға бағытталған оңалту жұмыстары туралы жан-жақты айтылды. Алда тұрған нақты міндеттер айқындалды.
Жүздесу барлық қатысушыларға үлкен ой салды. Өңірде дінімізді насихаттау мен басқа да маңызды мәселелер талқыланды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Баршаға мәлім, 31 мамыр — саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Осыған орай жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша Қостанай шаһарындағы «Жеңіс» саябағында орнатылған арнайы ескерткіш алдында митинг болып өтті.
Осы шарада көпшіліктің алдында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов сонау нәубет жылдары жазықсыз жазаланған Алаш ардақтыларының тағдыры жайлы айта келіп, оларға тағзым етіп, есімдерін ардақ тұту жас ұрпақтың парызы екендігіне жан-жақты тоқталды.
Сондай-ақ басқосуда белгілі қоғам қайраткері Михаил Дәуенов, филология ғылымдарының докторы Алмасбек Әбсадық және басқалары сөз сөйледі.
Жиын соңында өкіл имам Бахытбек Нұрғабылұлы қуғын-сүргін құрбандарының аруақтарына бағыштап, құран оқыды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Қостанайдың намысын қорғады
Жақында Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының жүлдесі үшін қазақ күресінен жарыс болып өткені белгілі. Оған біздің облыстың атынан балуан Берік Өмірзақұлы қатысты.
Осы жарыста жерлесіміз өзінің нағыз спорттық бабында екенін дәлеледі. Бас мүфти хазреттің қолынан «Қазақ күресінің әдістерін шеберлікпен жасағаны үшін» марапатын алып, мәртебесі асқақтады.
Оны Алматы-Қостанай пойызынан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек Тәжімбет теміржол вокзалынан қарсы алып, оған деген зор ризашылығын білдірді.
Берік Өмірзақұлы облыстың Алтынсарин аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімінде әдіскер болып қызмет атқарады. Оған алдағы уақытта да үлкен асуларды бағындыра бер деген ең ізгі тілегімізді білдіреміз.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Арқалық қалалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің қызметкерлері шаһардағы балалар және жасөспірімдерге арналған мекемесінде болды.
Онда 4 пен 15 жас аралығындағы ата-ана құқығынан айырылған балалар тәрбиеленіп жатыр.
Мешіттің ұстазы А.Нұғыманов пен найб имам Е.Касенов мешіт шәкірттерінің қатысуымен сәбилерге мерекелік кеш өткізді. Ол өте әсерлі өтті.
Бұлар өздерімен бірге базарлығын да ала барды. Он бес сәбиге ойыншықтар мен тәттілер тапсырылды. Сондай-ақ олардың ұғымына сай келерліктей тәрбие жөнінде насихат айтылды. Қызықты қойылымдар қойылып, әсем әндер шырқалды.
Мешіт шәкірттері өздерінің арнайы дайындаған мерекелік бағдарламасын «Көктемнің шуақты күніндей, жауқазындай жайнап, қызғалдақтай құлпырып жүре беріңдер» - деген ең ізгі тілекпен түйіндеді.
Тіршілікте баланың қуанышына не жетуші еді. Өздеріне деген айрықша ықыластан сәбилердің жүздері шаттықтан бал-бұл жанды,- дейді бас имам Бектұрсын Уәлиев.
Кештен кейін бүлдіршіндерді тәрбиелеп отырған мекеме қызметкерлері Бектұрсын Уәлиев бастаған мешіт ұжымына шын жүректен шыққан шынайы алғыстарын білдірді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі