Мешіт жамағаты ұйымшылдық танытты
Қостанай облысына қарайтын Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінде «Тазалық – иманнан» атты көгалдандыру жұмыстары өткізілді.
Баршаға мәлім, бұл шаһар қазіргі таңда тазалығымен, қазақылығымен, ондағы бауырларымыздың тілге, дінге, ділге деген ерекше құрметімен ерекшеленеді.
Осы іспеттес Лисаков қаласы мен Жітіқара аудандарының да мешіттері тазалық шараларын жасап, оған мешіт қызметкерлері, жамағаттар және шәкірттер белсенділік танытты. Олар сол күні мешіттің ауласы мен маңайын тазалап, ағаштардың түбін қопсытты. Сондай-ақ ақтау жұмыстарын да жүргізді. Соның нәтижесінде мешіттердің айналасы жарқырап шыға келді.
Қоршаған ортаның тазалығына мән беріп, көңіл аудару әрбір мұсылман баласының борышы және «Жұмыла көтерген жүк жеңіл»-дегендей мұндай игі мақсаттағы шараларды облыстағы барлық мешіттерде жалғасын табуда.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінде аймақтық құран жарысы болып өтті. Аталмыш сайысқа Амангелді және Жангелдин аудандарынан да талабалар қатысты.
Сайыс 30-шы парадан, сондай-ақ 15 және 25 сүре аралығында болды. Бұл жарыста 9-25 жас аралығындағы 32 талапкер бағын сынады.
Осынау тәрбиелік мәні ерекше іс-шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек Нұрғабылұлы, Қостанай қалалық және Аманкелді аудандық мешіттерінің имамдары Шоқан Ғазизұлы мен Жандарбек Мубаракұлы құрметті қонақ ретінде қатысты.
Сайыс өте тартымды өтті. Жарыстың қорытындысы бойынша бір парадан 9 жасар Көбехан Қалмырзаев, 25 сүреден Амандық Абдраев, 15 сүреден Нариман Нуридинов көзге түсіп, жүлдеге ие болды.
Сондай-ақ мұнда үш орынға ынталандыру марапаты белгіленді. Жалпы, 9 сайыскерге ақшалай және заттай сыйлықтар табыс етілді.
Аталған мешіттегі ұстаз Арлан Бауыржанұлының шәкірттерді Құран жарысына дайындап және оны өткізудегі еңбегін ерекше атап өткен жөн. Бұл күндері осы жердегі сауат ашу курсында 48 адам дәріс алуда.
Сондай-ақ мұндай сайыстар жастарымыздың рухын көтеріп, алға қарай ұмтыла түсуіне тигізетін ықпалы ерекше – дейді, тағылымы мол іс-шараны ұйымдастырушы, іскер азамат, мешіт имамы Бектұрсын Торғайбайұлы.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Игі шара өңірде қолдау тапты
Баршаға мәлім, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан сәуір айында республика бойынша «Бауырыңа өмір сыйла» атты шара қолға алынды.
Бұл игі бастама Шоқан қажы Әмірханов басқаратын Қостанай қалалық мешіті ұжымы тарапынан қолдау тапты. Олар шараның адам өмірі үшін өте маңызды екендігін терең түсінеді.
Осы арада бір тоқтала кетер жай, бұдан бұрын да аталған шара облыстық Марал ишан мешітінде де бірнеше рет ұйымдастырылып, мешіт жамағаты мен жергілікті азаматтар қан тапсырған болатын.
Сөйтіп, олар парасаттылық пен ұйымшылдықтың нағыз жарқын үлгісін көрсетті.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Ауыл тұрғындары қамқорлыққа алынды.
Өткен қыс айларында өңірде қар көздегеннен көп жауды. Сондықтан да болар, қар ерісімен облыс орталығынан 60 шақырымдай жерде жатқан Қостанай ауданы Суриков елді-мекенінде су көбейіп, бірқатар үйлердің тұрғындары қиындықтарға кездесті.
Суда қалған баспаналардың бірқатар тұрғындары жергілікті мектепке орналастырылды. Мұндай тосын жағдайда жүрегінде иман, бойларында адамгершілік секілді асыл қасиеттері мол жандар қарап отырмайтындығы белгілі.
Бұл жерлестеріміздің басына түскен қиындыққа дін қайраткерлері де сергектік танытып, қол ұшын беруде. Өткен аптада Қазақстан қажылар қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы, «Зекет» қорының аймақтағы өкілі Жақсылық Ғайсин, облыстық «Марал ишан» мешітінің наиб имамы Азамат Мурзаканов, Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешітінің бас имамы Асылхан Түсіпбектер осы елді-мекенде болды.
Олар су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арнайы жолығып, азаматтарға облыстық және аудандық мешіт және «Зекет» қорының атынан азық-түлік тапсырып 40 адамға түстік ас ұйымдастырды.
Суриков ауылындағы ағайындар өздеріне қайырымдылық көмек көрсеткен дін қайраткерлеріне өздерінің шын жүректен шыққан шынайы алғыстарын білдірді.
Форум есте қаларлықтай өтті
Онда діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жайы айтылды.
Амангелді аудандық Мәдениет үйінде «Ислам және зайырлы қоғам» атты аудандық форум болып өтті. Оны аудан әкімінің орынбасары С.Хайруллин ашып, жүргізді.
Форумға ауданның мемлекеттік мекеме, кәсіпорын басшылары, ауыл әкімдері мен имамдары, мектеп директорлары, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, «Дінтану» пәнінің мұғалімдері, жоғары сынып оқушылары және мешіт жамағаты қатысты.
Құрметті қонақ ретінде Арқалық қаласы мешітінің имамы Б.Уәлиев те арнайы шақырылып, басқосудың салтанатын барынша арттыра түсті.
Осы жиында Амангелді ауданының әкімі Ж.Таукенов құттықтау сөз сөйлеп, форум жұмысына табыс тіледі.
Аталмыш басқосуда Амангелді ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Н.Тажин «Зайырлы мемлекет және зайырлы қоғам», аудандық «Сатыбалды ишан» мешітінің бас имамы Ж.Әмірхамзин «Ислам дінаралық қарым-қатынас және толеранттылық», Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Б. Уалиев «Ислам және зайырлы қоғам», Амангелді ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы С.Сейдин «Исламның ғылым-білім және тәрбиеге қатысты ұстанымы», зейнеткер, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері Б.Нұрғожин «Исламдағы Зекет парызы», Ы.Алтынсарин орта мектебінің құқық негіздері пәнінің мұғалімі Б. Ақжанов «Ислам және салт-дәстүр» тақырыптары бойынша хабарлама жасады.
Форумға жиналғандар діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысып, дінаралық келісім және зайырлы қоғамдағы Ислам діні, жалпы адамзаттың рухани құндылықтары, дін мен зайырлы қоғамның үйлесімділігін арттыру және басқа да маңызды мәселелер бойынша толық ақпарат алды.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Барлық қатысушыларға үлкен ой салды
Жуырда Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешіті мен қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Ислам және зайырлы қоғам» атты аймақтық форум болып өтті.
Бұл басқосуға қала әкімі Ғ.Бекмұхамедов, қалалық сот төрағасы К.Ақшалов, Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры С.Қуанышбаев, ішкі істер басқармасының бастығы Т.Жанглышев, прокуратура, қауіпсіздік комитеті, әділет басқармасы және Жанкелдин, Амангелді аудандарының имамдары және де басқа саланың өкілдері қатысты.
Форумның жұмысы екі бөлімнен тұрды. Біріншісі – пленарлық отырыс, екіншісі – секциялық жұмыстар және оны қорытындылау.
Маңызды жиынның модераторы, мешіттің бас имамы Бектұрсын Уәлиев барша қатысушыларға жылы лебізін білдіріп форумның жұмысына сәттілік тіледі. Оның тақырыбы «Ислам және зайырлы қоғам» деп аталады.
Аталған форумда көпшілікті қала әкімі Ғазиз Ерболатұлы құттықтады. Содан кейін «Ислам және зайырлы қоғам», «Исламдағы толеранттылық» «Тәрбие негізі – имандылық», «Қазіргі таңдағы жастардың дінге көзқарасы» атты тақырыптарда баяндамалар жасалды.
Жиынның екінші бөлімі секциялық жұмыстарға арналды. Форумға қатысушылар екі топқа бөлінді. 1-ші секция жұмысын «Зайырлы қоғамдағы ислам дінінің ролі» атты тақырыппен модератор Әсет Нұғыманов, 2-ші секция жұмысын «Тәуелсіз елдің тірегі - иманды жастар» деген тақырыппен Дархан Кикимов жүргізді.
Басқосу жоспарланғандай өте әсерлі өтті. Қатысушылар одан көп тағылым алды. Жастар жағы да күн тәртібіндегі мәселелердің өте өзекті екендігіне көздері айқын жетті.
Форум соңында мешіттің Бас имамы Бектұрсын Уәлиев дін насихатына зор үлес қосқан мекеме басшыларына Алғыс хаттарды салтанатты түрде табыс етті.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Бұл күндері республика аймағында және Қостанай облысы көлемінде «Ислам және зайырлы қоғам» тақырыбында шаралар өтуде. Соның бірі облыстық «Марал ишан» және Қостанай қалалық мешіттерінің бастауымен және Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының ат салысуымен аталмыш тақырыпта кездес өткізді.
Бұл танымдық-тағылымдық жағы мол шараның есте қаларлықтай өтуіне аталған жоғары оқу орнының проректоры Тілеген Ахметов және әлеуметтік-тәрбие жұмыстары жөніндегі басқарма қызметкерлері елеулі ықпалдарын тигізді.
Кездесу барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек Тәжімбет, қалалық мешіттің бас имамы Шоқан Әмірханов, облыстық дін істер жөніндегі басқарманың бас маманы Нұрсұлтан Әбішев, институттың аға оқытушылары Айбек Панияз және Айгүл Амантаевалар сөз сөйлеп, күн тәртібіндегі мәселе бойынша өздерінің ойларын ортаға салды.
Осы іспеттес шара Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешіті мен аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі ұйымдастырып «дөңгелек стол» өткізді.
Оған аудандық мешіттің бас имамы Сабыржан Зейнелғабиденұлы, аудандық әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің әдіскері, православ христиан шіркеуінің басшысы Игумен Максим және жоғарғы сынып оқушылары қатысты.
Сонымен қатар, Лисаков қалалық мешітінің ұжымы жергілікті «Қазақтелеком» және «Қазпошта» қызметкерлерімен «Ислам және зайырлы қоғам» тақырыбында кездесу өтті.
Бұл жиынға қалалық әкімдіктің ішкі саясат бөлімі, шаһардағы «Достық» гендерлік даму орталығы мамандары, мешіттің бас имамы және шіркеу әкейі қатысты.
Таран ауданының «Әйет» мешіті де аудандық ішкі саясат бөлімімен Тобыл орта мектебінде және Кәсіптік техникалық колледждерінде Қостанай облысы «Марал ишан» мешітінің найб имамы Мурзаканов Азаматтың және Қостанай облысы әкімдігінің Дін істер жөніндегі істер басқармасының маманы Абишев Нұрсұлтандардың қатысуымен семинарлар өткізді.
Осы басқосуларда барлық қатысушылар өздерін толғандырып жүрген көкейтесті тақырыптарға нақты жауап алды.
Осы шаралардың мақсаты – жастарды патриотизмге тәрбиелеу, дін мен зайырлы қоғамның үйлесімділігін арттыру, діни радикалды идеология және олардан келетін қауіп-қатермен қоғам болып күресудің әдіс-тәсілдерін үйрету, дінаралық татулық пен келісімді нығайту, жалпы адамзаттық рухани құндылықтарды насихаттау.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Жуырда Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінде «Жүректен жүрекке» атты қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Аталмыш шараның өз деңгейінде өтуіне мешіттің сауат ашу курсының әйелдер тобы атсалысты.
Курс шәкірттері ұстаздары Диана Альтанованың басшылығымен қолдан жасалған тағамдарын дайындады. Олардың әзірлеген бауырсақ, ыстық тоқаштар, құрт, жент және басқа да тағамдар жұртшылықтың назарын аударды.
Осы мешіттің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы өз сөзінде мұндай қайырымдылық жәрмеңкесі мешітте алғаш рет ұйымдастырылғандығын айта келіп, оны өткізудегі негізгі мақсатына жан-жақты тоқталды.
Қолдан келсе мүмкіндігі бар адамдар мұқтаж кісілерге қол ұшын беру, оларды қолтығынан демеу дінімізде ерекше сауап болып табылатындығын әңгімеледі.
Сондықтан бас имам мешіттегі қыз балалар тобының ұстазы Диана Қайырбекқызының осындай тың ұсынысын дер кезінде қолдады. Бұл жәрмеңкеден түскен қаражат қаламыздағы әлеуметтік күн-көрісі төмен отбасыларға берілмек.
Осындай бастамалар қай жерде де жалғасын тауып жатса нұр үстіне нұр емес пе?
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі