Еліміз үшін ең қастерлі мереке ол Тәуелсіздік күні. Бұл күні Алланың разылығы үшін, шүкір ретінде бір күн ораза ұстаса да артықтығы болмас. Осы мерек қарсаңында Қостанай облысындағы «Марал ишан» мешітінің бастамасымен қайрымдылық шаралары ұйымдастырылды.
Атап айтар болсақ, ҚМДБ Қостанай облысындағы филиалдарының мешіт қызметкерлері және облыс көлеміндегі дін жанашырлары 57 мұсылман донор болып қан тапсырды.
Сонымен бірге Қостанай облыстық психо-неврологиялық интернатында бас имам Бахытбек Тәжімбет, «Зекет» қорының өңірдегі өкілі Жақсылық қажы Ғайсин Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтап, ноутбук пен кілем тапсырды. Жасы ғасырға толған ардақты ана Күлімжан апай барша тәрбиеленушілер мен интернат қызметкерлеріне ең ізгі тілегін білдіріп, ақ батасын берді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің
баспасөз қызметі
Бүгін Қостанай қалалық орталық мешітінде діни білімді дамыту мақсатында «Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының 2020 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы» екі айлық сауат ашу курсы салтанатты ашылды.
Жиында өкіл имам Бахытбек Тәжімбет тұжырымдаманың басты мақсаттары туралы баяндай келіп, Құран Кәрімнің алғашқы аяты да: «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы!..» («Алақ» сүресі) деп басталады және Ислам дінінде білім алу парыз. Білім алу тек ақыреттік іліммен ғана шектелу, бұл дұрыс емес. Біз ілім іздегенде екі дүниелік білімді қатар алуға ұмтылуымыз керек. Екі ілімді қатар алғанда ғана адамзаттың сауаты артатын болады. Сондықтан осы жерде біздің білікті ұстаздарымыздан алған ілімді ел игілігі үшін пайдалы болуды Алла Тағала нәсіп етсін»- деп білім алушыларға сәт сапар тіледі.
Спорт
Жаңабай АХМЕТОВ
Жақында Қарасу аудандық мешітінің 20 жылдық мерейтойына орай Железнодорожный және Қарасу ауылының командалары арасында шағын футболдан жолдастық кездесу өтті.
Ойын жолдастық кездесу болса да, команда ойыншылары намысты қолдан бермеуді мақсат етті. Нәтижесінде, 6:9 есебімен Железнодорожный ауылының командасы жеңіске жетті.
Кездесу соңында екі команданың барлық ойыншылары Қарасу аудандық мешітінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Айта кетейік, бұл жолдастық кездесу аудандық мешіттің бас имамы Халық қажы Қабиұлының мұрындық болуымен өткізілді. Негізгі мақсат – салауатты өмір салтын насихаттау, әдетке айналдыру.
Спорт
Жаңабай АХМЕТОВ
Таяуда Қарасу мемлекеттік тілде оқытатын негізгі мектебінде тоғызқұмалақтан Қарасу аудандық мешітінің 20 жылдығына арналған турнир болып өтті.
Жарыстың мақсаты – тоғызқұмалақты жастар арасында кеңінен насихаттау, шеберліктерін шыңдау.
Турнирдің барысында аудандық мешіттің бас имамы Халық қажы Қабиұлы құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай 3 топқа бөлініп сайысқа түсті. Жарыс қорытындысына келер болсақ, жасөспірім ұлдар арасында А.Бабенко жеңімпаз атанса, екінші орынға А.Ибраев қол жеткізді. Жасөспірім қыздардан А.Усупова бірінші орынды иеленсе, екінші орынды А.Жартуева, үшінші орынды Д.Кунакова еншіледі. Екінші топтағы қыздар арасында Е.Егорова жеңіске жетсе, А.Серікбаева мен И.Бейсенова екінші-үшінші орынды иеленді. Ал ересектер арасында Е.Молдаштың мерейі үстем болып, бірінші орынға ие болды. Екінші орын А.Қуанышбаеваға бұйырса, үшінші орынға А.Унайбеков тұрақтады.
Турнирге Қарасу аудандық мешіті демеушілік жасап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге грамоталар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Мерейтой
Жаңабай АХМЕТОВ
Аудан орталығындағы Қарасу аудандық мешіті 1995 жылы мұсылман үмметіне есігін алғаш айқара ашқан болатын. Міне, содан бері 20 жылдай уақыт өте шығыпты. Өткен аптада осы айтулы күнді қарасулықтар салтанатты жағдайда атап өтті. Оған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы бойынша өкіл имамы Бахытбек Тәжімбет және т.б. алыс-жақыннан келген қонақтар мен ауыл тұрғындары қатысты.
Салтанатты шараның ашылуы қасиетті Құран оқумен басталды. Оны Октябрь ауылынан келген мектеп оқушысы Әли Қыпшақбай оқыды. Кейін мерекелік шараға арнайы келген Бахытбек Тәжімбет жиналғандарды имандылық үйінің меркесімен құттықтап, Ислам дінінің адам өміріндегі орны мен имандылық туралы уағыз-насихат айтты. Сондай-ақ асыл дініміздің дамуына еңбек сіңіріп жүрген ауыл азаматтарына өз алғысын білдіріп, ақ батасын берді. Мұнан кейін аудандық мешіттің бас имамы Халық қажы Қабиұлы жергілікті жұртшылықты, келген қонақтарды мерекемен құттықтады. Сонау 95-ші жылы осы ауданда мешіттің салынуына өз үлестерін қосқан азаматтардың атын атап, бұл жұмыстың оңайға соқпағанын да тілге тиек етті. Сол кезде көмек қолын созғандарға алғысын айтып, олардың біршамасын алғыс хаттармен марапаттап, құрмет көрсетті.
Мерекелік шара барысында асыл дініміз жайлы өлеңдерге де кезек беріліп отырды. Қарасу мемлекеттік тілде оқытатын негізгі мектебінің оқушылары асыл дінімізді жырға қосып, күмбірлеген күй төгіліп, жиналған қауым бір серігіп қалды. Мерейтоймен бір-бірін құттықтап, жылы лебіздерін тарту етіп жатқандар да көп болды. Солардың бірі – қарасулық Күләйма Абикенова:
- Бүгінгі өтіп жатқан мерекелік шара асқан ұйымшылдықпен өтіп жатыр. Мешітке келушілер қатары да көп. Баршаңызды аудан мешітінің 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Отбастарыңызға қуаныш, құт-береке, мол табыс тілеймін! Алла тағала барша ниеттеріміз бен тілектерімізді қабыл етсін!, - дейді.
Шараның екінші бөлімі мерекелік дастархан басында жалғасын тапты. Онда мерекелік құттықтаулар айтылып, Құран оқылып, бата қайырылды. Бұқара халық игі шараны ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, аман-саулықта көрісуді тілеп тарқасты.
Қостанай облыстық Марал ишан мешітінің ұжымы қайырымдылық мақсатында талай игілікті істерді атқарып келеді. Соның жарқын айғағы ретінде еліміздегі «Ризашылық күніне» орай шаһардағы тастанды балалар тәрбиеленіп жатқан мекемеде болды. Онда қамқорлыққа алынған 27 балаға тәттілерден базарлық тарту етілді.
Мұндай шара Қостанай қаласындағы балалар психо-неврологиялық үйінде жалғасын тапты. Осынау шараға өкіл имам Бахытбек Тәжімбет пен өңірдегі «Зекет» қорының өкілі Жақсылық Ғайсин және Қостанай облысының қажылар қауымдастығының оншақты қажылары қатысып, балар үйіне музыкалық орталық, кілем және баларға тәттілерді силап, мейірімге мұқтаж балалардың маңдайынан сипады.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің
баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек Нұрғабылұлы Тәжімбет өңірдегі аудандардағы мешіттердің жұмысымен танысу жөніндегі сапарын одан әрі жалғастырды.
Бұл жолы онымен бірге Қостанай қалалық мешітінің бас имамы Шоқан қажы Әмірханов және облыстағы жастар өкілі Ғұмар Жұмағұлов болды.
Олар алдымен ат басын Қарасу ауданына бұрды. Мұнда аудандық мешіттің 20 жылдық салтанатына қатысты. Жастар арасында өткізілген Құран жарысы да жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Облыстың бас имамы жиналған жастарды білім мен ілімге шақырды. Бахытбек Нұрғабылұлының ой-толғаныстарын жергілікті азаматтар ұйып тыңдады.
Содан кейін олар Қарасумен көршілес жатқан Сарыкөл ауданында болды. Мұнда облыс орталығынан келген дін қайраткерлері, аудан әкімі, бас имам, намазхандармен кездесті. Алдағы уақытта ислам дінін өркендетуге байланысты тың пікірлерін ортаға салды.
Сондай-ақ Ұзынкөл ауданындағы басқосу да есте қаларлықтай өтті. Аудан басшысы және «Балықты» мешітінің бас имамы Есенгелді қажы Әжімахантегі құрметті қонақтарды жылы жүзбен қарсы алды.
Мұндағы жиында облыстың бас имамы өскелең жастарды жат ағымдардан сақтандыру және оларды дәстүрлі ислам дініне тәрбиелеу жөнінде әңгіме қозғады.
Жалпы, жоғарыда аталған аудандардағы кездесулер қатысушыларға үлкен ой салды. Жергілікті азаматтар облыстан келген қонақтарға өздерінің шынайы алғыстарын білдірді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек Тәжімбет өңірдегі танысу сапарын одан әрі жалғастырды. Бұл жолы ол Таран, Қарабалық, Федоров аудандары мен Тобыл және Качар кенттерінде болды.
Аталған жерлерде ол мешіттердің жай-жапсарын білді. Жергілікті мұсылман бауырларымызбен кездесіп уағыз-насихат айтты. Сондай-ақ олардың қойған сауалдарына нақты жауап берді.
Өкіл имам Қарабалық және Таран аудандарына ат басын бұрған кезде осындағы қазақ мектептерінің ұстаздары және оқушыларымен жүздесті. Кездесу өте әсерлі өтті. Өйткені мұнда қазіргі жастарды толғандыратын өзекті мәселелер әңгіме арқауына айналды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің
баспасөз қызметі
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кезекті «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» деп аталатын Қазақстан халқына Жолдауы Қостанайдағы дін қайраткерлері тарапынан да үлкен қолдау тапты.
Осынау маңызды құжат теледидарларда жарияланған күннің ертесіне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек Тәжімбеттің төрағалық етуімен облыстық Марал ишан мешітінде өңірдегі барлық аудандар мен қалалардың бас имамдардың қатысуымен жиын болып өтті.
Онда аталған Жолдаудың еліміз үшін аса маңыздылығы жан-жақты айтылды. Имамдар оның өзіндік ерекшелігіне тоқталды.
Осындай кездесулер өңіріміздің Торғай өңірі бойынша имамдары және дін қызметкерлерінің қатысумен Арқалық қаласындағы «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінде және де Қамысты, Денисов аудан имамдарының қатысуымен Жітіқара қаласында ұйымдастырылды.
Қостанай облыстық
«Марал ишан» мешітінің
баспасөз қызметі
Рудный қаласы әкімдігінің «Железорудная станциясының №20 негізгі мектебі» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің қабырғасында «Діни экстремизм және терроризмге қарсы күрес» атты тақырыбында ата-аналармен кездесу болып өтті. Кездесуде Рудный қалалық «Нұр» мешітінің Бас имамы Сейіт Темірбекұлы жат ағымдардың белгілері мен көздеген мақсатын түсіндіріп, олармен күресу жолдарын түсіндірді. Таза ислам дініне кір келтіріп жатқан бұл ағымдармен күресудің бірден-бір жолы діни дұрыс сауаттылық екенін Бас имам Сейіт Темірбекұлы тілге тиек етті. Сөз соңында ата-аналар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Кездесуге Рудный қалалық ішкі саясат өкілі мен Рудный индустриялдық институты діни философия пәнінің мұғалімі қатысты.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің
баспасөз қызметі