Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Қостанай облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы » мешітінде «Muftiyat» баспасынан шыққан кітап жәрмеңкесі өткізілді.
Онда жұма намазына жиналған жамағатқа арнайы сөрелер қойылып, баспа өнімдері көпшілік назарына ұсынылды. Жәрмеңкеде діни-танымдық, рухани-тәрбие, отбасылық құндылықтар және ұлттық дәстүрлер тақырыбындағы түрлі кітаптар мен әдістемелік құралдар қойылды.
Келушілер өздеріне қажетті әдебиеттерді қолжетімді бағамен сатып алды. Сөйтіп «Muftiyat» баспасының жаңа басылымдарымен танысу мүмкіндігіне ие болды.
Мұндай жәрмеңкелерді ұйымдастырудағы негізгі мақсат – Қостанай өңірі тұрғындарының діни сауатын арттыру, имандылыққа баулитын отандық басылымдарды насихаттау және кітап оқу мәдениетін қалыптастыру.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі



Еліміздегі мешіттерде қарапайым болса да адал еңбек етіп жатқан қызметкерлерге құрмет көрсету ҚМДБ-ның Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тұрақты назарында. Міне, осы, үрдісті басшылыққа алған Қостанай өңіріндегі өкілдік те қасиетті Рамазан айында ұзақ жылдар бойы өз саласында аянбай жұмыс істеген кісілерге құрмет көрсетті.
Облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде жұма намазы алдында марапаттау рәсімі өтті. Онда Бас имам Бектұрсын қажы Торғайбайұлы сөз алып, барша жиналған қауымды Рамазан айымен шын жүректен құттықтады. Тіршілікте адамдар арасындағы сыйластықтың шыңы адамгершілік, оның ішінде бір-біріне ізгілік дәнін сеуіп, қуанышқа бөлеу екендігін тебіреніспен айтты. Бұл үлкен сауап болып табылатындығын тілге тиек етті.
«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші, төрт қызметкерге Ұмраға жолдаманы табыс етті. Олардың қатарында Әулиекөл аудандық «Әмит ишан» мешітінің тазалықшы Гүлжаухар Әнесқызы, облыстық мешіттің шаруашылық меңгерушісі Нұрлан Нұртайұлы, күзетші Жеңіс Рамазанұлы, ұстаз Саидаббас Сайдаламұлы секілді мамандар бар.
Олар алдағы уақытта қасиетті орынға діни басқармаға қарасты «Tawaf Travel» қажылық компаниясы арқылы баратын болады.
Жолдамаға өңіріміздегі кәсіпкерлер мен жамағат демеушілік етті. Алла тағала мешіт жанашырларының шаңырақтары мен кәсіптеріне береке берсін.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі






ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша Зекет және қайырымдылық қорының қолдауымен «Ел үлесі – пәтерге» қайырымдылық жобасы аясында Бейімбет Майлин ауданының тұрғынына жаңа баспана кілті табысталды.
Аталған баспана бұрын пәтер жалдап тұрып келген, жағдайы төмен, созылмалы науқасқа шалдыққан, екі баланы жалғыз тәрбиелеп отырған анаға берілді. Бұл игі іс отбасының тұрмыс жағдайын жақсартып, балалардың болашағына үміт сыйлады.
Салтанатты сәтте Қостанай облысы бойынша Зекет және қайырымдылық бағытына жауапты Бақытжан Икрамұлы сөз сөйлеп, жаңа қоныс иелеріне ізгі тілегін білдіріп, батасын берді.
Қасиетті Рамазан айында жасалған мұндай игі бастамалар – қоғамдағы бірлік пен жанашырлықтың айқын көрінісі. Жиналған жұрт жаңа үй иелеріне қуаныш тілеп, ақ баталарын айтты.
Айта кетейік, «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында осы уақытқа дейін еліміз бойынша 891 баспана берілген. Оның 50-і Қостанай облысының тұрғындарына табысталған.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі





Қостанай қалалық “Жайлаубай ата” мешітінің наиб имамы Казбек Кошеров Қостанай инженерлік-экономикалық университетіне қарасты колледжінде студенттермен кездесу өткізді.
Онда ол «Рамазан - қасиетті ай» тақырыбында әңгіме өрбітті. Ислам діні адам баласын имандылыққа, мейірімділікке, қайырымдылыққа, төзімділікке баулитындығын айтты.
Сондай-ақ, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, адамгершілік қасиетті жоғары ұстау әрбір мұсылманның негізгі міндеті екеніндігіне тоқталды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі


Жарапазанның түбіріне келетін болсақ, «Жә-Рамазан», яғни «Рамазан келді» деген ұғымды білдіреді. Бұрын жарапазан жырын бүкіл қазақ ауыл жұрты болып айтатын. Алайда елімізде соңғы жылдары бұл дәстүр қайта жаңғыруда.
Қазіргі таңда жарапазан жыры өңірімізде де орындалып, көпшілік қауымның қызығушылығы арта түсуде. Өлең жолдары Ораза ұстаған жандарды құрметтеп, олардың ниеттерінің қабыл болуын тілеп, қасиетті айдың қадір-қасиетін насихаттайды.
Бүгін Қостанай қаласында осы игі дәстүр кең көлемде аталып өтті. Шараға имамдар қатысып, жамағатқа Рамазан айының маңызы мен жарапазан жырының тәрбиелік мәні туралы насихат айтты.
Ұлттық киімдері өздеріне ерекше жарасқан ақ жаулықты аналар мен өнерпаздар жарапазан жырын нақышына келтіре орындады. Оған куә болған жастар жағы мол тағылым алып, ұлттық дәстүрге деген құрметін арттырды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі





Жоғарыда аталған «Маңдай батыр» мешітінің қызметкерлері өздеріндегі мамандардың кәсіби шеберліктерін шыңдау мен біліктілігін көтеруге әрдайым жеткілікті көңіл бөледі.
Осы сөзіміздің жарқын айғағындай, таяуда ғана Алматыдағы имамдардың білімін жетілдіру курсында аудандық мешітте молдалық қызмет атқаратын Дәулет Сәтбаев тағылым алып, маңызды құжатқа ие болды. Ондағы өз саласының майталмандарынан тиісті дәріс алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі





Аудандық «Маңдай батыр» мешітінде Ораза ұстап жүрген азаматтарға рамазан айының оразасы жайлы жиын өтті. Онда бас имам Дархан қажы Сыздықов қасиетті Рамазан айының оразасын қалай жан жақты тиімді ұстау туралы тілге тиек етті.
Бұл басқосудың тағы бір ерекшелігі – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «MUFTIYAT» баспасынан жарық көрген Ораза жөнінде жан-жақты мәлімет қамтылған «Рамазанға қатысты 200 сұрақ» атты кітап қазақ тілінде және орыс тілінде «150 вопросов о посте» атты кітаптар үлестірілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі





Қмдб-ның, Қостанай облысы бойынша Уақып қорына жауапты Аңсаған Абдрахманның бастамасымен «Iqro» зияткерлер сайысы қолға алынды. Осы жоба аясында қатысушыларға «Ихсан» кітабы таратылды. Жалпы саны 24 қатысушыға бұл кітапты үш ай ішінде оқып шығу тапсырылды.
Үш айлық оқу мерзімі аяқталғаннан кейін, осы кітаптың мазмұны бойынша арнайы білім сайысы ұйымдастырылатын болады.
Сайыс барысында қатысушылар кітапта қамтылған тақырыптар бойынша өз білімдерін көрсетіп, интеллектуалдық бәсекеге түседі.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі




Қасиетті Рамазан айының құрметіне Қостанай облыстық Аймағанбет қажы Спанұлы мешіті Қасиетті жұма күні игі шара ұйымдастырды.
Мешітке келуші халыққа тәттілер, құрма және су таратылды. Бұл шара Рамазан айының берекесін бөлісу, халыққа құрмет көрсету мақсатында өткізілді.
Мешітке келген тұрғындар игі бастамаға ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жеткізді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі





Қостанай облыстық Аймағанбет қажы Спанұлы мешітінде қасиетті Рамазан айының құрметіне қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып, көпбалалы әрі әлеуметтік жағдайы төмен 11 отбасыға азық-түлік пен аяқ-киім үлестірілді.
Игі шара барысында Қостанай облысы бойынша Зекет және қайырымдылық бөліміне жауапты Бақытжан Икрамұлы жиналған жамағатқа Рамазан айының берекесі мен қайырымдылық жасаудың маңызы туралы насихат айтып, көмек пакеттерін мұқтаж отбасыларға табыстады.
Аталған шара қасиетті айда мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп, қоғамда мейірім мен жанашырлықты арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Мешіт ұжымы алдағы уақытта да осындай қайырымдылық шаралары жалғасын табатынын жеткізді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі



