Елбасы «Мейірімділік» ерікті қоғамы» қорының директоры Аружан Саин мен Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеевті қабылдады.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы әлеуметтік бастамаларға жан-жақты қолдау көрсетудің маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан Президенті қорлардың әрқайсысына 300 мың доллардан берілетінін, бұл оның Қытайға сапары кезінде алған «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығының қаражаты екенін айтты.
– Бұл қаражат, әрине, барлық түйткілді шешпейді. Бірақ оның берілуі біздің қоғамды қайырымдылыққа көбірек көңіл бөлуге үндейтін белгі болып саналады. Біз наурыз мейрамы қарсаңында кездесіп отырмыз. Бұл мерекенің мәні – бір-бірімізге, әсіресе балаларға көмектесу, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев «Мейірімділік» ерікті қоғамы» қорының ауыр науқасқа ұшыраған балаларға көмек көрсету тәрізді маңызды әлеуметтік бағыттағы жұмыспен айналысатынын, бұл істе оған бүкіл қоғамның қолдауы қажет екенін айтты.
– Сіздердің бұл істі қолға алуларыңыз мейірім үлгісін көрсетеді, балаларды құтқаруға қаражатын бөле алатын азаматтарымыздың назарын аударады. Бұған қоса біз аурулардың пайда болу себептерін іздеумен де айналысып, олардың алдын алуымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ мемлекеттік тілді дамыту ел болашағы үшін маңызды мәнге ие екенін атап өтті.
– Бұл мәселе тез шешіле қоюы мүмкін емес, ұзақ уақыт жұмыс жүргізген жөн. Мұны өскелең ұрпақтан бастау қажет. Тілдің дамуына жан-жақты көмек көрсету керек. Зиялы қауымды тартып, өзекті шығармаларды талқылау, тілді үйренудің жаңа әдістерін ілгерілету маңызды, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы қоғамдық бірлестіктер жұмысының әлеуметтік тұрақтылық үшін айрықша маңызы бар екенін, ол мемлекеттің басымдығы бар бағыттарына сай келетінін атап өтті.
– Қоғамның әл-ауқаты неғұрлым жоғары болған сайын, ол мұқтаждарға, соның ішінде науқас балаларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, зейнеткерлерге соғұрлым көбірек көмектесетін болады. Қазақстанның балалары ата-анасы бола тұрып, балалар үйінде тәрбиеленбейтіндей, ал балалары бар ата-аналар қарттар үйіне түспейтіндей жағдай жасау маңызды. Осының барлығы үшін қоғам мен мемлекет бірлесіп жұмыс істеуі керек. Сіздер сияқты энтузиаст жандар елдің табысты дамуы мен оның болашағы үшін өте қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы А.Саин мен А.Шәуеевке атқарып отырған қызметтері үшін алғыс білдіріп, оларға табыс тіледі.
А.Саин мемлекеттің қайырымдылықпен айналысатын ұйымдарын қаржыландыру арқылы халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына көмек көрсетіп отырғаны үшін Елбасына алғыс айтты.
– Сіздің өз сыйақыңызды қайырымдылыққа және қазақ тілін дамытуға жұмсауды ұйғаруыңыз біз үшін күтпеген әрі зор маңызы бар шешім болды. Бүгін Сіздің көрсеткен өнегеңізді азаматтар мен ұйымдар жалғастырады деп үміттенемін. Бұл осы күнге дейін жеке тұлға тарапынан жасалған ең ірі қайырымдылық шара екені даусыз, – деп атап өтті «Мейірімділік» ерікті қоғамы» қорының директоры.
А.Саин балаларда кездесетін туабітті жүрек аурулары жөнінде бұрындары қорға жиі өтініш жасалғанын айтты.
– Қазақстанда ол кездері жаңа туған нәрестелерге ота жасайтын клиникалар болған жоқ. Сіздің бес жыл бұрын берген тапсырмаңыздың нәтижесінде еліміздің түрлі өңірлерінде бүгінде бірнеше клиника осындай ота жасайды. Нәтижесінде, біздің қорға мұндай диагнозбен қазір ешкім келмейді, бұл мәселе ел ішінде жүйелі шешімін тапты. Сондай-ақ бес жыл бұрын Қазақстанда балалар мекемесінде 16 мыңға жуық бала тәрбиеленетін. Бүгінде олардың саны 9,8 мыңға дейін азайды. Бұл – Сіздің заңнамаға өзгерістер енгізу және басқа да шаралар қабылдау жөніндегі бастамаңыздың нәтижесі, – деді «Мейірімділік» ерікті қоғамы» қорының директоры.
Мемлекет басшысына А. Шәуеев өз басқаратын қордың қызметі туралы баяндай отырып, қазақ тілін дамытудағы мемлекеттік қолдаудың айрықша мәнін атап өтті. Ол Қазақстан Президентінің көреген саясатының арқасында елімізде мемлекеттік тілді қолдану мен нығайту үшін барлық жағдай жасалғанын айтты.
– Біздің қор қазіргі заманғы мүмкіндіктерді, соның ішінде Интернетті пайдалана отырып, халыққа мемлекеттік тілді тегін үйретумен айналысады. Бұл ел азаматтарына ғана емес, шетелде тұратын отандастарымызға да қатысты. Біздің www.soyle.kz порталымызды бір жылда шамамен 300 мың адам пайдаланды. Осы ресурс арқылы күн сайын тіл үйренушілердің саны 20 мыңнан асады. Балаларға арналған жеке веб-ресурс жасалды. Оны жұмыс істей бастаған үш ай ішінде күн сайын 5-6 мың өскелең ұрпақ өкілі кіріп көреді. Біз күн сайын балабақша және балалар үйлерімен, мектептермен, жоғары оқу орындарымен тікелей жұмыс істейміз, – деді Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры.
А.Шәуеев бөлінген қаражат өскелең ұрпақтың мемлекеттік тілді үйренуін қолдауға бағытталған жобаларды жүзеге асыруға арналатынын атап өтті.
***
«Мейірімділік» ерікті қоғамы» қоғамдық қоры – Қазақстанда емделмейтін, ауыр науқас балаларға көмек көрсетуге бағытталған «Балаларға өмір сыйла», «Жетімдерсіз Қазақстан» және «Аутизмді жеңеміз!» қайырымдылық шараларының бастамашысы және ұйымдастырушысы.
Мемлекеттік тілді дамыту қоры Елбасының бастамасымен 2008 жылдың қыркүйегінде құрылған. Қазақ тілін республика аумағында және одан тысқары жерлерде ілгерілетуге бағытталған қоғамдық бастамаларды ынталандыру, соның ішінде жобаларға демеушілік жасау арқылы қолдау қордың негізгі міндетіне жатады.
www.akorda.kz
Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының төрағалығымен ҚМДБ Ғұламалар Кеңесінің кезекті VIІ мәжілісі өтуде.
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы бастаған кеңес мүшелері “Сарыағаш” медресесінің тыныс-тіршілігімен танысты. Сондай-ақ, Бас мүфти хазрет медресе шәкірттеріне білім алудың маңыздылығы мен имамдық қызметтік жауапкершілігі туралы уағыз айтты.
Жалпы, ҚМДБ Ғұламалар Кеңесінің VIІ мәжілісі екі күнге жалғасады. Онда бірқатар өзекті діни мәселелер кеңінен талқылану жоспарлануда.
muftyat.kz
Қазақ «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» дейді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Асылхан қажы Түсіпбектің тікелей мұрындық болуымен талай игі шаралар өткізіліп, аудандар мен қалалардағы әріптестеріне өнеге көрсетуде.
Осы сөзіміздің нақты дәлелі ретінде жуырда Қостанай ауданының орталығы Затобол кентіндегі «Астана» спорт сарайында Наурыз мерекесі қарсаңында жастар арасында футболдан жарыс ұйымдастырылды.
Оған облыстық «Марал ишан», Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешіттерінен екіден, Қостанай және Рудный қалалық мешіттерінен бір командадан қатысып, бақтарын сынады.
Жарыс өте әсерлі өтті. Бұл футбол сайысын ұйымдастыруға «Маңдай батыр» мешітінің бас имамы Азамат Серікбайұлы да өзінің лайықты үлесін қосты.
Осынау «Астана» спорт сарайында өткізілген бас қосуда облыстың бас имамы Асылхан қажы Мұханбетжанұлы жиналған жамағатқа тағылымы мол уағыз айтты. Баршаны алдағы келе жатқан Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтап, әрбір шаңыраққа ырыс береке, молшылық тіледі.
Жарыс соңында жеңімпаздарға лайықты құрмет көрсетіліп, оларға сыйлықтар тапсырылды.
ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Әрбір шаңыраққа молшылық әкелсін!
Міне, күллі шығыс халқының асыға күтер мерекесі – Наурыз мейрамы да жақындап қалды. Бұл мейрам ежелден бері аталып келеді. Ол бұл күндері тек мұсылмандардың ғана емес, еліміздегі барша ұлт пен ұлыстардың да ортақ мерекесі.
Наурыз – жыл басы, өйткені барша жұртшылық өздерінің алдағы күндердегі асыл үміттерін, биік армандарын осы Ұлыстың ұлы күнімен тығыз байланыстырады. Сонымен қатар мейірімділік пен қайырымдылық мейрамы болып саналады.
Бұрын бір-біріне белгілі бір себептермен өкпе-реніштері бар ағайындар оны ұмытып, татуласады. Әрбір шаңыраққа тек ізгілік пен қуаныш тілейді. Абыз ақсақалдарымыз бен ақ жаулықты аналарымыздан ақ батасын алады.
Қымбатты мұсылман қауымы және жерлестер! Сіздерді қасиетті әз Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Ұлыстың ұлы күні үйлеріңізге тек қана ырыс-береке әкелсін, қой жылы нағыз молшылық жылы болғай.
Асылхан қажы
Түсіпбек, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы.
Жақында қалыптасқан дәстүр бойынша облыстық Марал ишан мешітінің ұжымының ұйымдастыруымен бірқатар кездесулер болып өтті. Бұлардың әрқайсысының көтерілген тақырыптары ауқымды.
Мәселен, аталмыш мешіттің наиб имамы Асқар Мейрамбекұлы Қостанай шаһарындағы білім орталығында болып, студент жастармен жүздесті. Бұл басқосуда «Қазіргі Қазақстандағы әлемдік діндердің рөлі» деген өзекті тақырып қозғалды.
Кездесу барысында наиб имамға қазақтың жігіттері мен қыздары өздерінің көкейінде жүрген көптеген сауалдарын қойып, оған нақты жауап алды. Мұндай екі жаққа да пайдалы кездесулер алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешітінің ұжымы халықаралық әйелдер мейрамына орай намазхан аналарға дастарқан жайды.
Киелі орында жиналған аналарды Қостанай ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Көпжасаров шын жүректен құттықтады. Оларға мықты денсаулық, отбасында бақыт тіледі.
Сондай-ақ Затобол кентіндегі «Алтын дән» мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, қонақтарға жоғары көңіл-күй сыйлады. Аудандық мешіттің бас имамы Азамат қажы Серікбайұлы мұсылман әйелдердің қадір-қасиеті, үлгілі мінезі мен өнегесі жайлы жан-жақты баяндады.
Арнайы жайылған дастарқаннан дәм татқан ақ жаулықты аналар мешіт ұжымына алғысын жаудырып, асыл дінді насихаттау жолындағы еңбектеріне табыс тіледі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халқымыздың рухани дамуы мен діни сауатын ашу, ұлттар мен ұлыстардың бірлігі мен ынтымағын нығайту бағытында еңбек етіп келеді. Қоғамдағы кейбір өзекті діни мәселелерге де үн қатып, шариғат тұрғысынан және еліміздегі Заңдар мен заңнамалар аясында пәтуа шығару да – Діни басқарманың негізгі жұмыс бағыттарының бірі.
Діни басқармаға діни мазмұнда әр түрлі сауалдар келіп түседі. Оларды еліміздің жекелеген азаматтарынан бастап, түрлі мекеме басшылары, зиялы қауым өкілдері, қоғамда үлкен беделі бар тұлғалар жолдайды. ҚМДБ қызметкерлері халықтың әрбір сауалына назар аударып, толыққанды жан-жақты жауап беріп келеді.
Жуырда ҚМДБ-ға бір топ азаматтардан, ақын-жазушылардан, өзін «Қазақстан мұсылмандар одағының» басшысы ретінде таныстыратынМұрат Телібеков сайлауға қатысу жөнінде өтінішті Одақ ұсынғандығы туралы мәлімдеме жасауына байланысты сауалдар түсті.
Келіп түскен сұрақтардың жалпы мазмұны:
«Мұсылмандар одағының» Діни басқармаға қатысы бар ма?
М.Телібековтың мұсылмандар атынан өзін ұсынатын құқығы бар ма?
Осы сұрақтарға ҚМДБ келесі жауап қайтарады:
Біріншіден, біздің сұрауымыз бойынша Діни басқармаға Әділет министрлігі тарапынан ресми жауап хат келіп түсті.
Осы хатта «Қазақстан мұсылмандар Одағының» ұйым ретінде еш жерде тіркелмегені көрсетілген.
Сондай-ақ, М.Телібеков қандай да бір діни бірлестіктің басшысы не болмаса мүшесі ретінде тіркелмеген.
Осы орайда, ҚМДБ М.Телібековтың өзін «Қазақстан мұсылмандар одағының» басшысы ретінде айтуға және тіркелмеген ұйымның атынан сөйлеуге құқығы жоқ деп санайды.
Сонымен қатар, БАҚ өкілдерінен ендігі жерде М.Телібековтың есімін еліміздің мұсылмандық ұйымдармен байланыстырмауын және барлық ақпаратты толыққанды тексеріп отыруын сұраймыз.
Екіншіден, қоғамдағы діни мәселелер бойынша пәтуа шығаратын ресми мекеме – ҚМДБ Ғұламалар Кеңесі.
Осыған орай, пәтуа беру мәртебесіне ие болмаған және барлық мұсылмандардың атынан сөйлейтін адамның әрекеттерін біз құптамаймыз.
Бұл – мұсылман үмбетінің бірлігіне сызат түсіріп, бөлінуіне ықпал етеді. Мұсылман пенденің адамдар арасында бүлік тудыруы дұрыс емес.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір сөзінде нағыз мұсылманды адамдарға тілімен де, ісімен де зиян тигізбеген пенде деп сипаттаған.
Алла Тағала халқымызды алауыздықтан, жерімізді әртүрлі бүлік әрекеттерден сақтасын. Әмин!
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының кезекті XVI Съезінде елдегі діни конфессиялар қазақстандықтардың бірлігін арттырып, бейбітшілік пен келісімді, мемлекеттің ішкі тұтастығын нығайтуға қызмет етуі керектігін мәлім етті.
«Бүгінде елімізде 17 конфессия өкілдері бейбіт те тату өмір сүруде. Олардың ішінде кең таралғаны ислам діні, православтар мен протестанттар. Қазақ топырағында ғасырлар бойы жасап келе жатқан Ислам дінінің Ханафи мектебі төзімділігімен, ислам құндылықтарын түсіндіруде шебер тәжірибесімен ерекшеленеді. Жалпы барлық діннің ұстанатын қағидасы бір: ешкімді өлтірме, жақыныңа көмектес, кешіре біл, еңбек ет, отбасын құр, ұрпақ өсір. Барлық діннің айтары осы. Жақсылыққа шақыру» деп сөзін түйді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ ұлттар мен этностарды біріктіру ісінде, бейбітшілік пен келісімді нығайтуда, қоғам мен экономиканы көтеруде, мемлекет тұтастығын сақтауда әрбір діннің өз маңыздылығы, құндылықтары бар екендігін де баса айтып өтті.
E-islam.kz
Қазіргі уақытта кейбір жастар ата-анасының қадірін білмей, оларды бойынан қуат, қолынан күш кеткен кезде ар-ұятты бетке түйіп, қарттар үйіне тапсырып жатқандығын көзі ашық, көкірегі ояу жұртшылық жақсы біледі.
Осындай жүздеріне қаяу түскен аға-буын өкілдеріне қамқорлық көрсету мен олардың жүрегіне жылы тиетін сөздерді айтып, жоғары көңіл-күй сыйлауды облыстың бас имамы Асылхан қажы Түсіпбек барша дін қайраткерлерінің басты қасиеттерінің бірі деп есептейді.
Сондықтан да ол 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні қарсаңында Федоров ауданындағы қарттар үйіне аудандық «Жиентай қажы» мешітінің имамы Мейрамхан Егеубаевпен бірге барды. Бұл күндері осы жерде 55 адам ерекше күтімге алынған. Олардың ішінде 30 жүрегі нәзік жандар, яғни әйелдер де бар. Аталған кісілердің 2-уі мұсылман әжелеріміз екен.
Жас та болса өмірді жақсы білетін, қарт кісілердің көңіл-күйлерін жете түсінетін бас имам барша әжелерді мерекелерімен құттықтады. Оларға арнайы дастарқан жайылды. Өздерімен ала барған сыйлықтарын да табыс етті.
Сырқат кісілердің жатқан бөлмелерінде болып, ауруларынан тезірек құлан-таза айығып кетулеріне тілектес екендіктерін білдірді. Облыстың бас имамының уақыт бөліп, өздеріне келуін мұндағы ардақты қарттар үлкен қуанышқа балады.
Асылхан қажы олардың жылы жүздеріне қарап, мұндай үлкен кісілерге алдағы уақытта да ерекше назар аудару қажет екендігін ұқты. Барша имамдарға жасы ұлғайған кісілерге көңіл бөлу олардың басты міндеттері екендігін де бір сәт ұмытуға болмайтындығын түсінді.
ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
8 Наурыз халықаралық әйелдер күніне орай, Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бастамасымен, 7 наурыз күні қаламыздағы №1 Қарттар мен мүгедектер үйінде қайырымдылық іс-шара өтті. Іс-шараға ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкіл имамы, Қостанай қалалық «Марал ишан» мешітінің Бас имамы Асылхан қажы Мұханбетжанұлы және Рудный қалалық «Нұр» мешітінің Бас имамы Сейіт қажы Темірбекұлы қатысты.
Мерекеге арнайы қонақ болған Өкіл имам сөз алып, қарттарға Алланың нығметтеріне шүкірлік ету туралы тағылымды уағыз айтты. Ақ жаулықты аналарды әйелдер күнімен құттықтап, оларға зор денсаулық, ұзақ өмір тіледі. Қарттарымыздың көпшілігі орыс ұлтынан болғандықтан, Сейіт қажы орыс тілінде қысқа сөз сөйлеп, мерекелерімен құттықтады. Жиын соңында сыйлық таратылып, Асылхан қажы аруақтарға Құран бағыштады.