Періштелерге сену – иман шарттарының басты қағидаларының бірі. Себебі, періштеге иман келтіру, алдымен уахиге, пайғамбардың хақ екендігіне, пайғамбардың әкелген кітабына, оның жеткізген діни үкімі мен тыйымдарына сену деген сөз. Ал, періштеге сенбеу – осы айтылғандардың бәрін қабыл етпеумен тең. Бүкіл діни үкімдер періште арқылы пайғамбарларға жеткізілетіндіктен, періштелерге иман – Алла Тағалаға иманнан кейінгі кезекте өте маңызды рөлге ие. Құран періштелерге иман етудің парыз екендігін білдіреді және періштелердің бар екендігі мен олардың нендей жаратылыс екендігін де айтып өтеді. Періштелерге иман етудің парыздығы мына аяттарда білдірілген: «Пайғамбар өзіне Раббы тарапынан түсірілгенге иман келтірді. Мүміндер де барлығы Аллаға, періштелерге, кітаптарға және пайғамбарларға иман келтірді» [1].
«Кім Аллаға, ақырет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе... міне, солар – шыншылдар әрі солар тақуалар» [2].
Періштелерге иман келтіру Алла Тағала мен Оның елшісінің әмірі болғандықтан қандай да бір періштені қабыл етпеу не қарсы шығу шариғат үкімі бойынша күпірлік болып саналады. Құран Кәрімде бұл мәселеде айқын белгілер бар: «Кім Аллаға, періштелеріне, елшілеріне, сондай-ақ, Жәбірейл, Микайлге дұшпан болса, әлбетте Алла кәпірлерге дұшпан» [3].
Негізінде, біз періштелерді сезім мүшелерімізбен ажырата алмаймыз. Себебі, олар – көзге көрінбейтін нұрдан жаратылған рухани жан иелері. Періштелер жайындағы мәліметтердің қайнар көзі де Құран аяттары мен пайғамбар хадистері ғана.Асылында, періштелердің көрінбеуі – оларды көруге біздің қабілетіміздің жетпейтіндігін білдіреді. Сондықтан да мұсылманның міндеті періштеге, оның бар екендігіне (аят пен хадисте айтылған ерекшеліктеріне) сенумен шектеліп, олардың қандай екендігі, заты, болмысы аса қызықтырмағаны абзал.
Құранның баяндауына қарағанда періштелер адамнан бұрын жаратылған. Себебі, қасиетті кітабымызда Алла Тағала періштелерге Адам атаны жарататындығын және оны жер бетінде халифа етіп дүниеге әкелетінін айтады. Бұл адамзат жаратылмастан бұрын періштелердің бар екендігін білдіреді. Аятта бұл мәселе жайында былай дейді: «Сол уақытта Раббың періштелерге: «Әрине, мен жерде бір орынбасар жаратамын!» – деген еді. Періштелер: «Онда бұзақылық істеп, қан төгетін біреу жаратасың ба? Негізінен біз Сені дәріптеп, мақтау мен пәктеудеміз», – деді. Алла: «Мен сендердің білмегендеріңді жақсы білемін», – деді» [4].
Періштелердің неден жаратылғандығы жайында Құран Кәрімде ешқандай мәлімет келтірілмейді. Айша анамыздан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) періштелердің нұрдан жаратылғандығын жеткізеді: «Періштелер нұрдан, жындар жалындаған оттан, Адам болса топырақтан жаратылған [5]».
[1] «Бақара» сүресі, 285-аят
[2] «Бақара» сүресі,177-аят
[3] «Бақара» сүресі, 98-аят
[4] «Бақара» сүресі, 30-аят
[5] Муслим, Зухд – 10; Ахмед Ханбал, Муснад VI, 168)
Жітіқара ауданында күллі түркі әлеміне әйгілі наурыз мейрамы тойланды. Аудан орталығында қазақи салт дәстүріміздің нышаны, көшпелі мәдениетінің сынығы – киіз үйлер тігіліп, алты бақан қойылып халық көтерінкі көңіл күйде қарсы алды. Биылғы жылы наурыз мейрамы жылдағыдан ерекшелігі ауданымызға, оның ішінде аудандық «Ержан Тәтішев» мешітіне Ресей федерациясының Орынбор ауданының шығыс жағының ахун-имамы, Орынбор облыстық мұсылмандары діни басқармасының наиб имамы Нуртышев Аязбек Мырзабекұлы қонаққа келді.
Наурыз құрметіне тігілген киіз үйлерді ауданымыздын христиан провослав шіркеуінің басшысы игумен Максимде Бойков қатысып ресейлік қонағымызбен танысып мерекелік лебізін білдірді.
Аязбек қажы Мырзабекұлы намазға келетін намазхан жамағатымен түскі бесін намазында кездесіп танысты. Арнайы қонақтарға жайылған мешіт дастарханынан дәм татып, мешіт қызметкерлерінің дайындаған ұлттық тағамымыз науырыз көжеден ауыз тиді.
Дастархан басында Ресей федерациясынын Кваркин ауданының әкімінің орынбасары Курманбаев Хамза Байтақұлы және ауданымыздын тілдер дамыту орталығының директоры, ақын айтыскер Тоба Өтеппаевпен «Жітіқара ауданы әкімдігінің Тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ басшысы Хакимов Асылхан Болатұлы бірге болды.
Жітіқара мешіті
Дін басымыздың өз жолдауында дін мен дәстүр жылы деп жарялауына байланысты әр мешітте іс-шаралар ұйымдастырылады.
Соған орай Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бастамасымен, Наурыз мейрамының құрметіне мешіттің тұрақты жамағаты арасында ұлттық ойындардан сайыстар өткізілді. Оның ішінде Қол күрес, гір көтеру, арқан тартыс ойындары бойынша бақсынасты. Осы сайыста жас болса да көзге көрініп, ағаларымен гірді теңде көтерген мешіт шәкірті 16 жастағы Қуандықов Сабырхан 16 кг. сексен рет көтеріп бірінші орынға ие болды.
Қол күрес сайысынан бірінші орынға ие болған спортқа жақын шәкіртіміз Өмірзақов Жандос барлығын женіп асқан ерлік көрсетті. Жарыс соңында Рудный қалалық «Нұр» мешітінің Бас имамы Сейіт Темірбекұлы мен Найб имам Бейсекеев Абзал жеңімпаздарға грамота және Құран кәрім, Хадис жинағы, Тәпсір кітаптары мен басқа да сыйлықтар таратылды. Жапыс соңында мешітке келушілерге дастархан жайылып, қазақтың ұлттық тағамы наурыз көже берілді.
Үстіміздегі жылғы Наурыз мерекесінде ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкіл имамы Асылхан қажы Түсіпбектің тікелей бастамасымен, Қазақстан қажылар қауымдастығы Қостанай облысы бойынша филиалының төрағасы, облыстық «Зекет» қорының өкілі Жақсылық қажы Гайсинның ат салысуымен облыс орталығындағы №2 балар үйінде Ұлыстың ұлы күні аталып өтілді.
Онда тәрбие орнының оқушылары сыныптар бойынша топтарға бөлініп, халықтар достығы жайлы көріністі ұсынды. Әрбір топ Наурыз тойын тойлау рәсімін барынша ашып, өздерінің бұл жөнінде түсініктерінің мол екендігін дәлелдеді.
Сондай-ақ әрбір ұлттың өздеріне тән өлең-жырларын, салт-дәстүрлерін паш ететін шағын қойылымдар қойды, оның соңы үлкен концертке ұласты.
Осынау басқосуда облыстық «Марал ишан» мешітінің бас имамы Асылхан қажы Түсіпбек сөз сөйлеп, уағыз айтты. Балалар үйіне Әл-Фараби атамыздың суреті салынған кілемді сыйға тартты.
Мерекелік шара барысында дастархан жайылып, балалар үйінің тәрбиеленушелеріне, ұстаздарға бата беру рәсімі де көрсетілді. Онда ұжым атынан аталған жиынды ұйымдастырушыларға, яғни дін қызметкерлеріне игі тілектер айтылды. Алғыс хатпен марапатталды.
ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Облыстық «Марал ишан» мешітінде Ұлыстың ұлы күні ойдағыдай тойланды.
Жасыратын ештеңесі жоқ, елімізде тәуелсіздік алғанға дейін дінге көзқарас мүлдем басқа болатын. Ал егемендіктен кейін бұл түсінік түбірімен өзгерді.
Асылхан Мұханбетжанұлы Түсіпбек ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкіл имамы болып тағайындалғалы бері әрбір шараның адамның жан-дүниесіне әсер етіп, оның танымдық-тағылымды жағына ерекше назар аударып келеді.
Баршаға мәлім, ұзақ жылдар бойы Наурыз мерекесі аталмай келді. 1988 жылы ғана көрнекті мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтың тікелей қолдауымен аталмыш мейрам қазақ елінде қолға алынып, барынша жандана түсті.
Биылғы Ұлыстың ұлы күні облыстық «Марал ишан» мешітінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қалыптасқан дәстүр бойынша облыстың бас имамы аталмыш киелі орынның алаңына жиналған қауымды мейраммен құттықтап, жерлестерімізге мықты денсаулық, шаңырақтарына ізгілік пен молшылық тіледі.
Шапағаты мол мереке құрметіне басқосқан жұртшылық бір-біріне шын жүректен «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!», «Ақ мол болсын», «Қой жылы тек ырыс-береке мен молшылық алып келсін» десіп ізгі тілектерін білдірісті.
Әрине, бұл жиында Наурыз мейрамында жүрегі мейірімге толы мұсылмандар, жетім мен жесірлерге қайырымдылық жасалды, жастар жағына ата-әжелерімізден ақ бата алу керектігі де айтылды. Бұрын белгілі себептермен ренжіскен кісілер кешірім жасау қажеттігі де еске салынды.
Бас имамның ғибратқа толы тілегінен кейін діни тақырыпта жұмбақтар шешу жарысы өткізілді. Мұнда топ жарып тапқырлықтарымен көзге түскен жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Қазақстан көп ұлтты мемлекет. Халықтар бірлігі - біздің басты байлығымыз. Қостанай қаласында ғұмыр кешіп жатқан ардақты апамыз Гүлсира қажы ынтымағы жарасқан күллі бауырлас халықтарға баянды бақыт, шаңырақтарына шаттық тіледі.
Сондай-ақ мешіт жанашырларының бірі Хамит қажы Хасенов мейрамға байланысты өзінің көкейінде жүрген көрікті ойларымен бөлісті. Жұртшылыққа аса сыйлы Қанағат қажы Ақшалованың жүрегін жарып шыққан жыр жолдары мен шынайы лебіздері де көпшіліктің көңілінен шықты.
Наурыз мерекесіне арналған осынау салтанатты абыз ақсақал, Қостанай облысы қажылар қауымдастығы филиалының төрағасы, облыстық «Зекет» қорының өкілі Жақсылық қажы Гайсин өзіне тән шеберлік әрі шешендікпен жүргізді.
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, белгілі ақын Жолбарыс қажы Баязид Наурыз мейрамына арналған өлеңдерін оқыды және көпшілікке ақ батасын берді.
Осы күні мейрамның құрметіне облыстың барлық деңгейдегі мешіттерінде іс-шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар спорт сайыстары - гір көтеру, және арқан тартудан да жарыс өтті. Ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр бойынша алтыбақан құрылып, әуелете ән шырқалды.
Жиынды қорытындылай келіп, облыстық мешіттің бас имамы Асылхан қажы Түсіпбек жарыста көзге түскендерге лайықты құрмет көрсетті. Күн көрісі төмен отбасыларына қайырымдылық көрсетіп, сый-сияпат жасады.
ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Ержан қажы Малғажыұлы
بِسْمِ اللهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيم
الْحَمْدُ لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ وَالصَّلاةُ وَالسَّلامُ عَلَي أَشْرَفِ الْمُرْسَلِين وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ أَجْمَعِين
Жаһандану заманындағы толассыз ақпараттар ағынын адам баласының ой-санасы түгел қамтуы мүмкін емес. Сырттан келген кірме ойлар мен пікірлер, идеялық басқыншылық, жоғары технологияның күн санап қарыштап дамуы адам баласын діні мен ділінің темірқазығынан алыстатып, әу бастағы қалыпты пенделік бағытынан, табиғатынан ауытқытып бара жатқандай.
Расында, адам баласы бүкіл ақпаратты талғамсыз қабылдай беретін компьютер не робот емес, ет пен сүйектен тұратын жаратылыс, Жаратушының ең көркем туындысы.
قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿لَقَدْ خَلَقْنَا الإنْسَانَ فِي أَحْسَنِ تَقْوِيمٍ﴾
Алла Тағала: «Шын мәнінде, Біз адамды ең көркем бейнеде жараттық [1] », –дейді.
Ендеше, осындай ақпараттар аласапыраны заманында әрбір адам үшін қандай жағдай болса да, шеңберінен шықпайтын тұрақты таным тұғыры, адамгершілік қағидаттар жүйесі болуы тиіс. Олай болмаған жағдайда, жат ағымның, идеологиялық басқыншылықтың құрбанына айналуы ықтимал. «Ат айналып қазығын табады» дегендей, идеялық басқыншылыққа қарсы тұрарлық иммунитетті қалыптастыратын рухани құндылықтарының қазығы болуы қажет. Ол қазық – адамның өскен ортасынан алған жақсы тәрбиесі, рухани құндылықтары, ұлттық салт-санасы, имандылығы. Ұлттық ділі мен діні толыққанды болған жан сырттан төнген рухани басқыншылыққа төтеп бере алады.
Қазақ ежелден мұсылман халық. Ислам дінімен қауышқанына он екі ғасырдан асты. Сол замандардан бастап ұлттық сана-сезімі, салт-дәстүрі, мәдениеті мен әдебиеті асыл дініміздің құндылықтарымен бірге дамыды. Бір-бірімен астасып, ажырамас құндылыққа айналды. Ислам діні қазақ хандарының идеологиялық бағыты болды, мемлекеттік дініне айналды.
Біз салт-дәстүр дегенде тек қана мәдени әдет-ғұрыптарымызды ғана емес сонымен бірге ұлттық мінез-құлық қағидаларын, әдептілік ұстындарын, адамгершілік қағидаттарына айналған моральдік принциптерін, тағылымды тәрбие ұстындарын, даналықты, ізгілікті насихаттайтын сан ғасырлық мұраларымызды айтамыз. Осы мұраларымызды көздің қарашығындай қорғап, кәдеге асырған жағдайда ғана ұлттық болмысымызды сақтап қаларымыз анық.
Қоғамдағы ізгі рухани құндылықтарды сақтап қалу бүкіл әлеуметтің ортақ міндеті. Қоғамда шығып жатқан талай келеңсіз жайттар ең алдымен ата-дәстүрімізден жалғасып келе жатқан ибалық, имандылық, ұяттылық, қарапайымдылық, кішіпейілділік, қанағатшылдық сияқты асыл қасиеттерден, дегдарлық дәстүрімізден айрылып бара жатқандығымызды білдіреді. Біз имандылыққа шақыру дегенде тек құлшылыққа, ғибадатқа шақыруды ғана айтпаймыз, ең алдымен халқымызда бар әдептілікке, жақсы мінез-құлыққа, адамдар арасындағы жақсы қарым-қатынасқа, мейірімділікке, иманды тәрбиеге шақыруды айтамыз. Пайғамбар (с.ғ.с.) да өзінің адамзатқа елші етіп жіберілуінің ең басты мақсаттарының бірі көркем мінез-құлықты толықтыру екендігін баса айтқан.
قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «بُعِثْتُ لِأُتَمِّمَ مَكَارِمَ الْأَخْلاَقِ». رَوَاهُ الْحَاكِمُ.
«Мен көркем мінезді толықтыру үшін жіберілдім [2] ».
Ендеше, халқымыздың асыл қазынасы болып саналатын игі дәстүрлеріміз орнықты болса, имандылығымыз да, дініміз де баянды болмақ. Өйткені қазақ халқындағы дін мен дәстүрді бір-бірінен айырып қарауға келмейді. Мысалы, қанға сіңген қасиетіміз қанағатшылдықтың асылы дінімізде, әйелдеріміздің ибалылығының негізі де, үлкенге құрмет, кішіге ізет, әдептілік те, обал-сауапты білу, аманатқа қиянат жасамау, ешкімге жәбір көрсетпеуге тырысу, жапа шеккен жанның наласынан, жетім-жесірдің ақысын жеуден қорқу сезімі, Құдай Тағаланың қаһарынан қорқу, ағайынгершілік, адал мен арам ұғымы – барлығының негізі дінде жатыр. Сол сияқты туған елге, жерге қатысты отаншылдық, сүйіспеншілік сезімдері де имани сезімдермен астасып жатқан дүние.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанған бағыты да ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан діни дәстүрлерімізді жаңғырту, елдің рухани құндылықтарының қайта түлеуіне мұрындық болу болып табылады. Қазақ халқы замана көшінен қалып қойған жұрт емес. Өзіндік мәдениеті, тілі, ділі, салт-дәстүрі, бабалар салып кеткен діни бағыты бар. Ол бағыт Құран Кәрім аяттары мен Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетіне негізделген сара жол. Оның ішінде шариғаттағы іс-амал бойынша Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы, ал діни танымдық мектебі Имам әл-Матуриди қалыптастырған тура жол. Осы бағыт діни бірлестіктер туралы заңда да айқын көрсетілді.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы алдыңғы Жолдауында былай деген болатын: «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – Ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал. Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол – біздің дәстүріміз. Бірақ бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері де бар екенін, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек. Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек».
Шариғатта «Фиқһул-әуләуиат» деген ұғым бар. Оның мағынасы қазіргі кезде ең өзекті болып тұрған мәселелерге басымдық беру, солардың шешімін көрсетіп беру дегенді білдіреді. Мысалы, қазіргі қазақ қоғамында көкейтесті мәселелердің қатарында қоғамда белең алып бара жатқан індеттер, келеңсіз жайттарға қарсы күресу, жастарды имандылық жолына тарту, қазақтың ізгілік дәстүрлерін қайта жаңғырту, діни сауатсыздықты жою сияқты мәселелер тұр. Ал әлдебір екі оқыған діндардың арасындағы дүрдараздық, пікір қайшылығы ең басты мәселе емес. Осы бір аса маңызды нәрсе көп адамдардың назарынан тыс қалуда.
Дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның. Салт-дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне ерекше мән берген елдің іргесі берік, келешегі кемел. Өзге елге барғанда өз еліңнен айырмашылығын бірден байқайсың. Өз жұртыңның артықшылығын, кемшілігін бағалай аласың. Мұның өзі Жаратушының әрбір халықтағы иләһи белгілері, хикметі.
Ақиқатында, адамзаттың әр ұлтқа бөлініп, түрлері мен түстерінің, нәсілі мен тегінің һәм тілі мен диалектісінің әркелкі болуы Алла Тағаланың айнымас аяттары. Оларды мойындамау, белден басу, теріске шығару Жаратушының хикметпен жарату заңына қарсы шыққанмен тең.
قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿وَمِنْ آيَاتِهِ خَلْقُ السَّمَاوَاتِ وَالأرْضِ وَاخْتِلافُ أَلْسِنَتِكُمْ وَأَلْوَانِكُمْ إِنَّ فِي ذَلِكَ لآيَاتٍ لِلْعَالِمِينَ﴾
Алла Тағала былай дейді: «Көктер мен жердің жаратылысы және тілдерің мен түстеріңнің әр алуандығы Оның (Алланың) белгілерінен. Шындығында, осында білушілер үшін, сөзсіз, белгілер бар[3]».
الْعُرْفُ اصْطِلاَحًا: مَا اسْتَقَرَّتِ النُّفُوسُ عَلَيْهِ بِشَهَادَةِ الْعُقُولِ، وَتَلَقَّتْهُ الطَّبَائِعُ بِالْقُبُولِ
«Әл-урф» сөзінің шариғаттағы терминдік анықтамасы мынадай: «Ол ақыл-ойдың, логиканың құптауымен көңілдерге орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер [4] ».
Әдет-ғұрып мұсылман заңнамасында кейбір мәселелерді шешуде айғақ ретінде қолданылады әрі шариғат ғалымдары арасында мақұлданған. Ханафи мәзһабының кейбір өкілдері шариғат ережесіне сай келген ғұрып нақтылы шариғи дәлел ретінде қарастырылатындығын айтқан. Бұл тұрғыда фиқһ негіздерін зерттеуші ғұламалар мына аятты алға тартқан.
قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿خُذِ الْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ﴾
Алла Тағала: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал [5] », – деп бұйырған.
Сондай-ақ, Абдулла ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен мына риуаятты дәлелге келтіреді.
مَا رَآهُ الْمُسْلِمُونَ حَسَنًا فَهُوَ عِنْدَ اللَّهِ حَسَنٌ وَمَا رَآهُ الْمُسْلِمُونَ سَيِّئًا فَهُوَ عِنْدَ اللهِ سَيِّءٌ
«Мұсылмандар жақсы деп есептеген нәрсе Алланың алдында жақсы, мұсылмандар жаман деп көрген нәрсе Алланың алдында жаман».
Мұсылман тіршілігіне қатысты сан алуан салалардағы іс-әрекеттердің заңдылық сипатын анықтайтын фиқһ ілімінің негіздерінде العادة محَكَّمة «әл-ъаада мухаккама» деген заңнамалық қағида бар. Мағынасы «әдет-ғұрып – төреші», яғни нақтылы дәлелдер келмеген кейбір мәселелерде адамдар арасында қалыптасқан әдет-ғұрыпқа жүгініп, солардың негізінде үкім шығарылады дегенді білдіреді. Демек, кейбір кезде салт-дәстүр, ғұрыптар заңды дәлел ретінде қарастырылады. Бұл ереже фиқһ ілімі ғұламалары түзген, мақұлдаған аса маңызды қағидалардың бірі болып саналады.
Әдет-ғұрып заман ауысқан сайын өзгеріске ұшырап, дамып отыратын құбылыс. Сондықтан да фиқһ ғұламалары әр заманға және қалыптасқан әдет-ғұрыпқа сай кейбір тармақты үкімдердің өзгеріп отыратындығын айтқан. Осы себепке байланысты түрлі мәселелерге пәтуә беретін шариғат ғалымынан өзі отырған аймақтың әдет-ғұрпы мен мәдениетінен толыққанды хабардар болуы талап етіледі.
Жаратқан Иеміз еліміздің тәуелсіздігін, тыныштығын баянды етсін. Жан-жақты дамыған, имандылық салтанат құрған іргелі елге айналдырсын!
[1] «Тин» сүресі, 4-6-аяттар
[2] Әл-Хаким
[3] «Рум» сүресі, 22-аят
[4] Әл-Маусуа әл-фиқһия әл-куәйтия, 30-том, 53-бет; Әл-Журжанидің әт-Тағрифат кітабы
[5] «Ағраф» сүресі, 199-аят
Бүкіл әлемдердің Жаратушысы, барлық нәрсені жоқтан бар еткен, барлық нәрсені жаратуға құдіреті жететін бір Аллаға сену – балиғатқа жеткен әрбір ақыл есі дұрыс пендеге парыз. Ғалымдарымыздың пікірі бойынша, пайғамбар келмесе де адамдар Алланың бар және бір екендігін ақылдарымен табуы – уәжіп. Себебі, адамның қабілеті мен ақылы бұған жететіндей деңгейде жаратылған.
Бізді қоршаған әлем, аспан мен жердегі қаншама теңдесі жоқ жаратылыстың баршасы Ұлы Жаратушымыз Алланың бар екендігіне толықтай айғақ бола алады. Бұл жөнінде Қасиетті Құран Кәрімде: «Жер мен көктің жаратылуында және күн мен түннің алма-кезек өзара алмасуында ақыл иелері үшін (Алланың бірлігін, барлығын білдіретін) айқын дәлелдер бар»[1],– деп нақты баян етілген. Және бір аятта Алла Тағала: «Жер мен көктің жаратушысы Алланың бар екендігіне күмәнданасыңдар ма?»[2] – деп бұлтартпас айғақпен ұғындырады.
Алайда, бір айта кетер жайт, аспан мен жердің арасындағы тіршілікті жоқтан бар еткен, бүкіл әлемдердің жаратушысы Алла Тағаланы толық мәнмағынасында қамтып түсінуге адамның ақылсанасы жетпейді. Себебі, адамның болмысы шектеулі.
Олай болса, шектеулі тіршілік иесі адамның шексіз құдірет Иесі Алла Тағаланы толық көріп, біліп тани алмайтыны анық. Алла Тағаланың өзін толық танып, білу былай тұрсын, Алланың жаратқан тіршіліктегі заттар мен құбылыстардың да қырсырына үңілуде ақыл шарасыздық танытып жатады. Бізге Алланы толық білуді емес, Оның барлығы мен құдіретіне сеніп, құлшылық ету бұйырылған. Әрине, мәселенің бұлай болуы да бекерден-бекер емес. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадис шәрифте: «Сендер Алланың нығметтерін (жаратқандарын, құдіретін, ұлылығын) ойлаңыздар. Бірақ, Алланың заты жайында ойланбаңыздар»,[3]– дейді.
Сонымен қатар, Пайғамбарымыз шайтан адамға ананы кім жаратты, мынаны кім жаратты деген сұрақты сұрататындығын айта келіп, мұндай жағдайға түскен кісіге сол сәтте «Кәлимә-и шахадатты» айтуы керек екенін ескерткен.
Олай болса, Ұлы Жаратушыға сенім мәселесінде ешқандай күмән мен жаңсақ пікірге бой алдырмай, Алла Тағаланы жалғыз әрі жаратылғандарға мүлдем ұқсамайтын нұқсан сипаттардан пәк деген нақты пайымды ұстанғанымыз жөн.
Алла Тағаланың бар және бір екендігінің ең басты дәлелі қасиетті Құран Кәрім болып саналады. Құранда Алланың жалғыз екендігі, Өзінен басқа тәңірі жоқ екендігі мен құлшылық иесі екендігі, әуелі мен ақыры жоқ екендігі және бар болу үшін еш нәрсеге мұқтаж емес екендігі көптеген аяттарда кездеседі. Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала өзінің шынайы тәңірі екендігін былай деп келтіреді: «Рас мен Алламын, Менен басқа тәңірі жоқ. Сондықтан маған құлшылық қыл. Сондай-ақ, Мені еске алу үшін намазды толық орында»[4].
«Ол сондай Алла көктерді тірексіз көтерді, көріп тұрсыңдар. Содан соң ғаршыны меңгеріп күн мен айды іске қосты. Олардың әрқайсысы белгілі бір мерзім үшін жүреді. Бүкіл істерді Өзі жолға қойып, аяттарды ашық баян етеді. Әрине, Раббыларыңа кездесетіндеріңе нанарсыңдар»[5].
«Көктер мен жердің жаратылуы және ондағы жәндіктердің таралуы Оның белгілерінен. Ол оларды қашан қаласа да жинауға күші толық жетеді»[6].
Міне, Құранда осыған ұқсас аяттар жеткілікті. Мұның бәрі Алла Тағаланың бар екендігіне айқын дәлел болып табылады. Дегенмен, кейбір адамдар Алланың жалғыз екендігіне күмәнданып, санасында бірнеше құдайға деген сенім қалыптастырады. Бірақ, сенімнің бұл түрі күпірлік болып саналады. Құранда Алланың серігі жоқ жалғыз екендігі «Ықылас» сүресінде анық баяндалады:«(Мұхаммед (с.ғ.с.) Оларға айт: Ол Алла біреу-ақ. Алла ешнәрсеге мұқтаж емес. Ол тумады және туылмады. Әрі оған ешкім тең емес».
[1] «Әли Имран» сүресі, 190-аят
[2] «Ибраһим» сүресі, 10-аят
[3] Китабул әрбайн, 1-том, 90-бет
[4] «Таһа» сүресі, 14-аят
[5] «Рағыд» сүресі, 2-аят
[6] «Шура» сүресі, 29-аят