Түркияның дін істері жөніндегі министрлігі Ыстамбұлда халықаралық ислам университетін ашуды жоспарлап отырғандарын жария етті.
Аталмыш ведомствоның басшысы Мехмет Гермездің айтуынша, бұл жоғары оқу орны Мысырдағы, Малайзиядағы, Пәкістандағы және Сауд Арабиясындағы әлемге әйгілі оқу ордаларымен бәсекелес білім мекемесіне айналуы тиіс. Аталған елдердегі ислами жоғары оқу орындарында жүргізілетін дәрістерден ең басты айырмашылығы, классикалық ислам ілімін осы заманғы білімнің жетістіктерімен ұштастырады.
islam.kz
Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2014 жылда атқарған іс-шараларын қорытындылау жиыны жалғасуда. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының төрағалығымен өтіп жатқан Төралқа мәжілісінде уағыз-насихат жұмыстарының есебі тыңдалды.
ҚМДБ төрағасының бастамасымен құрылған Ақпараттық насихат тобы (АНТ) республика бойынша 1 339 мекемеде кездесулер өткізіп, 305 230 адамға дұрыс діни ақпарат жеткізілді.
ҚМДБ-ның өңірлердегі қызметкерлердің қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдарына 2204 сұхбат беріліп, 2035 мақала басылым беттеріне жарияланды. ҚМДБ-ның Онлайн дәрісі Республика бойынша 199 нүктеде жүргізілді. Оған 99 747 тыңдаушы қатысты.
ҚМДБ-ның ресми www.muftyat.kz және өңірлердегі мешіт сайттарында әртүрлі тақырыпта 10 699 жаңалық жарияланды. www.muftyat.kz сайтының мультимедиялық бөліміне 13 фоторепортаж, 121 аудио және 580 бейнематериалдар орналастырылды. Сайтқа келіп түскен 3163 сауалға жауап берілді.
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы облыстың бас имамдарына жамағат арасынан жылына 300-400-ге дейін шәкірт тәрбиелеуді тапсырды.
ҚМДБ Баспасөз қызметі
Облыстық Марал ишан мешітіндегі сайыстан
Жалпы қауым үстіміздегі жылды ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялағаны белгілі. Оның осындай атпен кітабы да жарық көрді.
Қостанайлық дін қайраткерлері де аталмыш еңбекті жоғары бағалады. Жуырда облыстық Марал ишан мешітінде «Дін және дәстүр» тақырыбы аясында Құранның аяттары мен Пайғамбарымыздың Хадистерінен туындайтын «Атадан жеткен асыл сөздер» деп аталатын сайыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Оған өңіріміздегі қажылар мен дін жолында жүрген бауырларымыз қатысуға тілек білдірді.
Енді соған ретімен тоқталалық. Мәселен, Ғабдрахман қажы Бекмағамбет, Роза қажы Ескенова, Жұмағаным қажы Толыбаева «Туған жер-киелі мекен», «Ата-ананы құрметтеу», «Келіндер туралы» кеңінен ой толғады. Өздерінің қозғаған тақырыптарын жан-жақты аша білді.
Сонымен қатар Сайлаубай қажы Молдаш, Ғабит қажы Исмаилов, Сапар қажы Өтетілеуов, Мұстафа қажы Құрбановтардың тебірене толғаған «Ораза ғажабы», « Садақа-берекені арттырады», «Батаның берекесі бар», «Имандылық-тәуелсіздігіміздің қорғаны» секілді жүрек жарды әңгімелер өзінің айтарлықтай мазмұнымен есте қалды.
Осы аталғандармен қатар Әулиекөлдік Серікбай қажы Есполовтың, Қостанай ауданының өкілдері Сұлтанбек Байдрахманов, Аттар қажы Ибраевтың «Салт-дәстүр туралы шешендік сөздер», «Атадан жеткен шешендік сөздер», «Ескісіз-жаңалық болмайды» сияқты кез келген кесіні тапқырлыққа, шешендікке жетелейтін ғибратқа толы толғаныстары да өте әсерлі шықты.
Ал дін жолындағы бауырларымыз Арқалықтық Қуанышбай Қазымбеков, Жангелділік Байбатыр Ахметбеков, Науырзымдық Хасенғали Камалов, Әулиекөлдік Тұрғын Досмағамбетовтер ата-бабаларымыздан мұра болып қалған шешендік әрі асыл сөздерді, оның дінмен байланыстылығын келістіре айтты.
Осы сайысқа Қостанай, Жітіқара, Таран аудандарының өкілдері Балтабай Қиса, Сералы Мырзабаев, Нұрғали Әлішевтер, Лисаков, Рудный шаһарынан келген Қадырхан Сарғалдақ, Нағашыбай Серікбайлар да үлкен дайындық жасағандықтарын көрсетті.
Олар бүгінгі таңдағы өзекті мәселелер «Ата-ананың қадірі», «Отанды қорғау» және басқа да жайларды тыңдармандардың жүректеріне жеткізе білді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкіл имамы Асылхан қажы Түсіпбек бастаған әділқазылар алқасы сайысқа қатысушылардың ізденісі мен талпыныстарын лайықты бағалады.
«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» демекші, «Атадан жеткен асыл сөз» сайысында қажылар арасында алғашқы жүлделі бірінші, екінші және үшінші орындарға Сұлтанбек Байдрахманов, Жұмағаным Толыбаева, Роза Ескеновалар ие болды.
Дін жолындағылар арасындағы сайыста Тұрғын Досамағамбетов, Байбатыр Ахметбеков, Қуанышбай Қазымбековтер бірінші, екінші, үшінші орындарды бөлісті.
Барлық жүлдегерлерге сый-сияпаттар тапсырылды. Сайыс өзінің тағылымдық жағы ерекше екендігін танытты.
ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Облыстық «Марал ишан » мешітінің қызметкерлері біздің келешегіміз болып табылатын жас ұрпақ арасында имандылыққа баулитын түрлі тақырыптарда әңгімелер өткізуді дәстүрге айналдырғаны белгілі.
Осы арада бос сөзге салынбас үшін нақты деректер мен дәйектерге сүйенгеніміз де абзал. Мәселен жуырда облыстық «Марал ишан» мешітінің найб имамы Асқар Қуатбеков пен Затобол кентіндегі «Маңдай батыр» мешітінің бас имамы Азамат Мырзақанов осы кенттегі Нұржан Наушабаев атындағы мектеп интернатында болды.
Осындағы білім алып жатқан шәкірттерге тәрбиелік маңызы зор тақырыптарда әңгіме өткізді. Сондағы күн көрісі төмен отбасындағы балаларға сый-сияпат жасады.
ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Тәрбиешілерге құрмет көрсетті.
Тәуелсіздік қазақ халқы үшін айтулы мереке. Мұны барша қауым жақсы біледі, әрі ерекше бағалайды. Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінің ұжымы да аталмыш мейрамды есте қаларлықтай етіп өткізуге айрықша көңіл бөлді.
Әсіресе ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған мейрамды кейінгі жас ұрпақтың білгені абзал емес пе. Сондықтан жоғарғы аталған мешіттің бас имамы Асылхан қажы Түсіпбек Тәуелсіздік күнін ерекше есте қалдыру мақсатында мейрам қарсаңында облыстық балалар үйінде болды.
Мұндағы ұмытылмастай тағылымды кешті облыстық «Марал ишан» және Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешіттері ұйымдастырды. Олар басқосудың ғибраттық жағына ерекше назар аударды.
Балалар үйіндегі оларға күнделікті тәрбие беріп жатқан қызметкерлердің еңбектері қандай құрметке де әбден лайықты, соны ескерген облыстың бас имамы Асылхан қажы Мұханбетжанұлы көпшіліктің алдында осындағы барлық тәрбиешілерді тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтай келіп, оларға алғыс хат табыс етті.
Сондай-ақ осы жердегі концерт те баршаны бір серпілтіп, оларға жоғары көңіл-күй сыйлады.
Келесі күні әңгіме арқауына арналған балалар үйінде спорттық ойындар өткізілді. Ол ойынға бас имамның өзі де қатысып, балалармен бірге көңіл көтерді. Сондай ақ бас имам Асылхан қажы балаларға исламдағы жат қылықтардан, күналардан аулақ болу жайында уағыз айтты. Оның да мұндағы тәрбиеленіп жатқан ұл мен қыздарға берері мол болды.
ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
немесе Тәуелсіздік күніне арналған тағылымдық кештің ғибраты
Тәуелсіздік мерекесі қазақ үшін ерекше. Өйткені, ғасырлар бойы ата-бабаларымыз армандаған бақытты күндерге қол жеткіздік. Егеменді ел атанған соң барлық алпауыт мемлекеттердің өзі бізді мойындады. Тіпті, бізден үлгі-өнеге алатын дәрежеге жеттік.
Міне, осындай халқымыздың өмірінде айрықша орын алатын мерекенің қарсаңында Қостанай облыстық Марал ишан мешітінің бастамасымен облыстық қажылар қауымдастығының, «Зекет» қоры өкілдігінің және Міржақып Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің қолдауымен үлкен кеш болып өтті.
Алдымен осы шараны ұйымдастыруға мұрындық болған КМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілі және облыстық Марал ишан мешітінің Бас имамы Асылхан қажы Мұханбетжанұлы барша жиналған қауымды осынау айтулы мерекемен шын жүректен құттықтады.
Сондай-ақ жастарға дін мен дәстүр және дін және имандылық деген тақырыптарда өзіне тән шеберлікпен уағыз-насихат айтты. Оны осында бас қосқан зиялы қауым мен студент жастар зейін қоя тыңдады.
Осы мейрамға арналған бейнематериалды КМДБ-ның жанындағы «Зекет» қоырының Қостанай облысындағы өкілі Жақсылық қажы Ғайсин жан-жақты таныстырып, тәуелсіздіктің біз үшін маңыздылығы мен мәніне тоқталды.
Қостанай жұртшылығына аса танымал қаламгер, талай республикалық жыр мүшәйралардың жеңімпазы, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры Ақылбек Шаяхметтің тебірене сөйлеген сөздері де жүректерді қозғады.
Қостанай инжинерлік экономикалық университетінің жастар арасындағы жұмыс бөлімінің бастығы Пермяков Анатолий Константинович тәуелсіздік күніне байланысты жұртшылыққа шынайы лебізін білдірді. Жастарға еліміздің тірегі де өздері екендігін жеткізді.
Көптеген айтыс ақындарын дайындап, өзі де айтыс өнерінде ерекше қолтаңбасын қалдырған Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Әлфия Орманшинаның сөзі мен тәуелсіздік күніне арналған жыр толғауы да жиналғандардың есінде қалды.
Денсаулық саласының білікті маманы, облыс орталығындағы неврологиялық интернатының директоры Назима Асанова да өзінің іскерлігімен көзге түскен бауырларымыздың бірі. Оның тебіреніске толы пікірлері де қатысушыларға ой салды.
Мереке тарту-таралғысыз болмайды. Талай қайырымдылық жасап, өзінің биік азаматтығын көрсеткен облыстық мешіттің бас имамы Асылхан қажы Түсіпбектің қолдауымен 19 балаға ақшалай көмек берілді. Сондай-ақ тәрбие мекемесіне 2 кілем тапсырылды. Осы тағылымдық кешті өткізуге демеушілік жасаған университет ректоры Сәбит Есмұратов мырзамен университет ұжымына алғысымызды білдіреміз.
Осынау игі әрі ғибраты мол шараның соңында абыз ақсақалымыз Сайлаубай қажы Молдаш жиналған қауымға ақ батасын берді. Басқосу мемлекеттік Әнұранымызбен аяқталды.
ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Жуырда Қостанай облыстық әкімдігінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент күніне орай жиын болып өтті.
Онда облыс әкімі Нұралы Садуақасов жиналғандарды айтулы күнімен шын жүректен құттықтап, мықты денсаулық, еңбекте табыс тіледі.
Осы салтанатты басқасуға облыстың бас имамы Асылхан қажы Түсіпбек қатысты.
ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі