Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкілдігінің ұйымдастыруымен биыл да өңірде «Мектепке жол» акциясы жалғасын табуда.
Жуырда облыстық мешітте аталмыш қайырымдылық акциясы болып өтті. Онда Бас имам Бахытбек қажы Тәжімбет жиналған қауымның алдында сөз сөйлеп, қамқорлыққа алынған отбасылардың балаларына жаңа оқу жылында табыс тіледі.
Осы басқосуда әлеуметтік жағынан аз қамтылған шаңырақтарда тәрбиеленіп жатқан 260 ұл мен қызға мектепке қажетті сөмкелер табыс етілді.
-Менің Бахытбек Нұрғабылұы жетекшілік ететін облыстық мешіт қызметкерлеріне деген алғысым шексіз. Бүгін де қолдауға мұқтаж жанұялардың мектепке баратын перзенттеріне көмек берілді, - дейді көп балалы ана Эльвира Айдарқызы.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
05.08.2022
Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет Денисов ауданына арнайы сапары кезінде бірқатар ұжымдар мен мекемелерде болып, қазіргі таңдағы халықты толғандыратын аса маңызды тақырыптар бойынша кездесулер өткізді.
Соның бірі – жергілікті аудандық емханадағы жүздесу. Онда әңгімеге Исламдағы жауапкершілік міндеті, тазалық және ақ халатты абзал жандардың еліміз үшін тындырып жатқан елеулі еңбегі өзек болды.
Басқосу өте тартымды да әсерлі өтті. Бас имамға медицина саласының қызметкерлері сауалдарын қойып, оған жан-жақты жауап алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Өзіміз азаматы болып табылатын тәуелсіз мемлекетіміздің іргесі берік, елі мен халқының аман-саулығынан артық бақыт жоқ. Соны қашан да ғұмырының басты мәні санайтын Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет өңіріміздегі Денисов ауданына сапарында жергілікті қорғаныс саласының жауапты қызметкерлерімен кездесті.
Онда Бахытбек Нұрғабылұлы Бас мүфтидің бастамасымен қолға алынған «Ислам – ынтымақ және бірлік діні» деген аса маңызды тақырыпты әңгімеге арқау етті. Оның өміріміздегі алатын орнына ерекше тоқталды.
Жүздесу барысында қазіргі таңда өскелең ұрпақтың бойына патриоттық сезімді молынан сіңіру, оларды отансүйгіштік, елжандылық және туған жерге деген құрмет, ата-бабамыздың өшпес ерлік рухында батылдық пен қайсарлыққа тәрбиелеу қажеттігі сөз болды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбеттің Сарыкөл ауданына сапары жергілікті халық үшін өте әсерлі де есте қаларлықтай өтті десек орынды болар.
Ол мұнда жергілікті имандылық ордаларына арнайы ат басын бұрып, тыныс тіршіліктерімен жете танысты. Асылхан қажы Түсіпбек басқаратын «Аққозы қажы» мешітінде жамағатпен кездесіп, маңызды тақырыптар бойынша уағыз айтты.
Сонымен қатар осыдан біраз жыл бұрын аудан орталығында пайдалануға берілген «Қабдеш ата» намазханасында болып, халыққа қызмет көрсетіп жатқан 150 орындық асхананың жай-жапсарын көзбен көріп, тындырылып жатқан жұмыстарға байланысты өзінің ізгі лебізін білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Елімізге танымал дін қайраткері, Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет облысымыздың Сарыкөл ауданында арнайы іссапармен болғаны көпшілікке аян.
Өйткені, ол осы сапар кезінде бірқатар мекемелерде болып, тағылымы мол жүздесулер өткізді. Ондағы жиналған қауым алдағы ғұмырларына бағыт-бағдар ретінде ұстанар мазмұнды әңгімелер тыңдап, үлкен әсерге бөленді.
Осындай кездесулердің бірі – жергілікті ауыл шаруашылығы колледжінде ұйымдастырылды. Бас имам студенттерге қазіргі таңдағы өзекті әрі мәні зор «Имандылық», «Ұят - иманнан» тақырыптарында уағыз айтты.
Сонымен қатар, Бахытбек Нұрғабылұлы бұл күндері елімізде дінге деген жалпы жұртшылықтың ықыласы ерекше екендігін баяндады. Әсіресе, жастардың оған ден қойып отырғандығы қуантатындығын тілге тиек етті.
Жүздесуде студенттер білікті әрі көпке танымал маманға өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, тиянақты жауап алды. Соның жарқын айғағы ретінде ұйымдастырушылар өздерінің шын жүректен шыққан шынайы алғыстарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақ халқының ұлы перзенті, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иген адам құл болмайды» деген ұлағатты сөзінің маңызы қашанда ерекше.
Бұл мәселе Қостанай облысының Бас имамы Бақытбек қажы Тәжімбет Сарыкөл аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлерімен кездесу барысында жан-жақты айтылды.
Сондай-ақ осы басқосуда «Үлкенге құрмет» деп аталатын маңызды тақырып та қозғалып, ата-бабамыздан келе жатқан бұл салт-дәстүрімізді жаңғырту әрі күнделікті өмірімізде ұстану қажеттігі сөз болды.
Жалпы, тәртіп сақшыларымен болған бұл жүздесуде басқа да көкейтесті жайлар арқау болып, Бас имам еліміздің алдында тұрған келелі міндеттер жөнінде өзінің түйінді ойларымен бөлісті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы Сарыкөл ауданына сапары барысында аудандық орталық кітапханада болып, жұртшылықпен кездесті.
Онда дін қайраткері ынтымақ пен бірлік жайлы кеңінен әңгіме қозғады. Еліміз мықты болу үшін халықтар арасындағы сыйластық пен түсіністіктің ерекше орын алатындығына тоқталды.
-Кітап қашанда рухани байлықтың қайнар көзі болған. Сондықтан адамның жан дүниесінің сұлулығы, өмірді жете тануы соған тікелей байланысты,- деді Бас имам.
Бұл жүздесуде жиынға қатысушылар оған көкейде жүрген нақты сұрақтарын қойып, тиянақты жауап алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет Сарыкөл ауданына арнайы іссапармен барды. Ол алдымен аудан әкімі Амантай Балғариннің қабылдауында болды.
Осы кездесу кезінде аймақтағы қалыптасқан діни ахуал, жергілікті мешіттің тыныс-тіршілігі жайлы айтылды. Сондай-ақ, алдағы уақытта осы бағыттағы жүзеге асырылатын басты міндеттер жайлы сөз болды.
Сарыкөл - облыстағы жылдан-жылға өсіп-өркендеп келе жатқан өңір. Ондағы мұсылман бауырларымыздың да Ислам дініне деген құрметтері ерекше. Аудандық мешіттің бас имамы Асылхан қажы Түсіпбек жұртшылықпен тығыз байланыста жұмыс істеп, қайырымдылық мақсатында қыруар тағылымды да игілікті істер атқара беретіндігі де тілге тиек етілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет өңіріміздегі тарихы тереңде жатқан әрі ұлттық қазынасы мен құндылығы берік сақталған Жангелдин ауданының орталығы киелі Торғайға арнайы іссапармен келді.
Белгілі дін қайраткері осы аудандық Ішкі саясат, Мәдениет, тілдерді дамыту және спорт, Әлеуметтік бағдарламалары бөлімдерінің қызметкерлерімен кездесті. Онда бүгінгі таңдағы өзекті мәселелер мен маңызды тақырыптар арқау болған тағылымды әңгімелер өрбітті.
Жүздесу барысында кезінде туған жерінің тағдыры мен болашағы үшін бастарын бәйгеге тіккен қайсар да батыр бабаларымыз, халықтың есінде мәңгілік қалған қайталанбас дана да ғұлама ғалымдар, аузы дуалы, сөзі уәлі көрнекті би-шешендердің өнегелі ғұмырлары жөнінде жан-жақты айтылды.
Жаңа Қазақстанның келешегі қазіргі жастардың қолында. Сондықтан өскелең ұрпақ ата-бабаларының салып кеткен өшпес сара жолдарымен жүріп, уақыт талабына сай білімді де білікті, иманды, отансүйгіш әрі елжанды азаматтар болып қалыптасса екен деген Бас имамның ұлағатты сөздері жиналғандардың жадында ұзақ сақталары хақ.
Торғайлық үлкенді-кішілі қауыммен өткен басқосулар өте әсерлі өтті. Бахытбек қажы Нұрғабылұлының сапары одан әрі Арқалық шаһарында жалғасады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет Торғай өңіріндегі Жангелдин және Амангелді аудандарындағы сапарынан кейін ат басын Арқалық шаһарына бұрды.
Ол мұнда жергілікті Мухтасиб Әлмұхамет» мешітінің тыныс-тіршілігімен жан-жақты танысты. Биыл құрылысы басталған асхананың жайын көзбен көріп, өз ойын ортаға салды.
Сондай-ақ, аталмыш мешіттегі жұма намазына қатысып, «Ашура» күнінің маңыздылығы хақында уағыз айтты. Оның ұлағатты сөздері мен пікірлерін жиналған жамағат ұйып тыңдады.
Содан кейін Бас имам жергілікті телеарна журналисіне маңызды тақырыпқа байланысты сұхбат берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
05.08.2022