Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Бахрейн Корольдігінің Ислам істері жөніндегі Жоғары кеңестің төрағасы Абдурахман бен Мұхаммад бен Рашид Әл-Халифа мен Ислам істері жөніндегі Жоғары кеңес Төрағасы кеңсесінің директоры Саид Мұхаммад Жалал Абдулла Абдурахим мырзаларды қабылдады.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Бахрейн арасындағы діни-рухани байланыстарды дамыту, ислам құндылықтарын насихаттау және өзара тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.
Мәртебелі меймандар Қазақстанда дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің өтуін әлемдік деңгейдегі маңызды бастама екенін атап өтті.
Басқосу соңында Бас мүфти Рашид Әл-Халифаға ілтипат көрсетіп, сый-сияпат тарту етті.








Дереккөз: ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ БАХРЕЙН КОРОЛЬДІГІНІҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫН ҚАБЫЛДАДЫ , Muftyat.kz
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Мәскеу және Бүкіл Русь Патриархы Кириллмен кездесті.
Кездесуде дінаралық татулықты нығайту және қоғамда рухани құндылықтарды дәріптеу мәселелері сөз болды.
Кездесу соңында тараптар Съездің қазіргі замандағы диалог пен бейбітшілікке қосып отырған үлесінің маңыздылығын атап өтті.








Дереккөз: БАС МҮФТИ МӘСКЕУ ЖӘНЕ БҮКІЛ РУСЬ ПАТРИАРХЫ КИРИЛЛМЕН КЕЗДЕСТІ , Muftyat.kz
Бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі өз жұмысын бастады.
Биылғы форумның тақырыбы – «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия». Съезге әлемнің 60-тан астам елінен 100-ден аса делегация, оның ішінде түрлі діндер мен халықаралық ұйымдардың беделді өкілдері қатысуда.
«Қазір жер жүзінде сын-қатерлер көбейіп, халықаралық ахуал ушығып тұр. Соның салдарынан түрлі қақтығыстар көбеюде. Алмағайып кезең ешкімге оңай болып жатқан жоқ. Өкінішке қарай, соғыстың сипаты мен болмысы белең алуда. Дегенмен біз өткен заманнан дұрыс сабақ алып, сындарлы әрі ашық келіссөздерге ұмтылуымыз керек. Мәмілеге балама жоқ. Бұл тұрғыдан алғанда, бүгінгі Съездің мән-маңызы айрықша. Дін басшыларын гуманистік көзқарастарды ту еткен Бейбітшілік елшілері деп айтуға болады. Сіздер ортақ мүдде үшін бірігіп, әлем жұртшылығын игі мақсат жолында жұмылдыруға ниет білдіріп отырсыздар. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде.
Съезд жұмысына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы да қатысуда.
Айта кетейік, VIII съезд екі күнге жалғасып, пленарлық және секциялық отырыстар форматында өтеді.













Дереккөз: АСТАНАДА ӘЛЕМДІК ЖӘНЕ ДӘСТҮРЛІ ДІНДЕР КӨШБАСШЫЛАРЫНЫҢ VIII СЪЕЗІ БАСТАЛДЫ , Muftyat.kz
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі – қазіргі әлемдегі дінаралық татулықты нығайтып қана қоймай, бүкіл адамзатқа ортақ құндылықтарды қорғауға, жастардың бойына ізгілік пен парасаттылықты сіңіруге зор мүмкіндік береді.
Қазақстанның бастамасымен дәстүрге айналған бұл халықаралық форум – еліміздің бейбітшілік пен келісім жолындағы игі үлесінің айқын көрінісі.








Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Біріккен Араб Әмірліктерінің Ислам істері және уақыптар жөніндегі Бас басқармасының төрағасы Омар Хабтур Әл-Дарий мырзамен ресми кездесу өткізді.
Мәртебелі мейман Қазақстанда дәстүрге айналған халықаралық форумның бейбітшілік пен өзара түсіністікті нығайтудағы рөліне жоғары баға беріп: «Қазақстан – дінаралық татулықтың, толеранттылық пен бейбітшіліктің жарқын үлгісі. Осындай ұстаным діни бірлік пен өзара құрметті дәріптеумен ерекшеленеді. Съездің тұрақты өткізілуі – соның айғағы», – деп атап өтті.
Кездесуде тараптар өзара ынтымақтастықты арттыру мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, діни пәтуа беру, жасанды интеллектті қолдану, діни білім беру және тәжірибе алмасу бағыттары бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру жайы қарастырылды.









Дереккөз: VIII СЪЕЗ АЯСЫНДА ҚМДБ МЕН БАӘ ӨКІЛДЕРІ АРАСЫНДА РЕСМИ КЕЗДЕСУ ӨТТІ , Muftyat.kz
Бүгін Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Дүниежүзілік Ислам лигасының Бас хатшысы Мұхаммед ибн Абдулкарим әл-Исамен кездесті.
Мәртебелі мейман алдымен Республикалық Бас мешітті аралап, оның сәулеттік ерекшеліктерімен және діни-ағарту бағытындағы қызметімен танысты.
Кездесу барысында тараптар ислам құндылықтарын насихаттау, бейбітшілік пен келісім мәдениетін ілгерілету, өркениеттер арасындағы өзара түсіністік пен диалогты дамыту мәселелерін талқылады. Осы мақсатта ҚМДБ мен Дүниежүзілік Ислам лигасы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат өзара теңдік, құрмет, ашықтық және ортақ мақсаттарға адалдық қағидаттарына негізделген.
Кездесу соңында тараптар игі бастамаларды бірлесе жүзеге асыруға уағдаласты.


















Дереккөз: ҚМДБ МЕН ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ИСЛАМ ЛИГАСЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ , Muftyat.kz
Жақында Бейімбет Майлин ауданындағы Мәдениет үйінде Мәуліт мерекесі аталып өтті. Онда Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев жиналған қауымды мейраммен шын жүректен құттықтап, ырыс-береке тіледі. Сондай-ақ аудан әкімінің атынан Сүндетбай Сапабеков, ауыл ақсақалдарынан Кенжебек Есжанов сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.
Көпшілік алдында дін қайраткерлері Әлішер Балахмет, Дархан Сыздықов және Әкімбек Асановтар салауат оқыды.
Мерекенің құрметіне арнайы жылқы сойылып, халыққа ас берілді. Оған есімі елге танымал азамат Бақберген Өтеулин демеушілік етті.









Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық "Аймағанбет қажы Спанұлы" мешітінде "Сахабалар өмірі- мұсылманның шамшырағы" атты сабақ басталды. Оны ұстаз Саидаббас жүргізді. Онда Анас ибн Малик аль-Ансаридің өмірі қамтылды.
Енді алдағы уақытта әрбір жексенбі, сәрсенбі сайын сахабалардың өнегелі ғұмыры жайлы дәріс жалғасын табады. Тыңдаушыларға есігіміз әрдайым ашық.



Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Бұл күндері өңірдегі аудандық және қалалық мешіттерде Мұхаммед Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) туған күніне арналған Мәуліт шарифтер оқылып, жамағат одан қаншама тағылым алуда.
Мәселен, жуырда Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінде жұма намазынан соң оқылған Мәуліт шариф көпшіліктің көңілінен шығып, ұйымдастырушылар халықтың ризашылығына бөленді.
Осы Мәуліт мерекесіне арналған жиыннан соң көпшілік қауымға арнайы дастархан жайылды.
Сондай-ақ дәл осындай тәлімі мол басқосу Жангелдин аудандық «Оспанқожа» мешітінде де өткізілді. Онда Ризабек Батталұлы ұстаздың насихат-уағызы тыңдалып, жамағат жоғары көңіл-күймен тарқасты.





Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде «Қажылық пен Ұмра – рухани күш-қуаттың кілті» тақырыбында жамағатпен кездесу болып өтті.
Жиынды қажылық бөліміне жауапты ұстаз Саидаббас Мираманов жүргізіп, Қажылық пен Ұмраның мұсылман өміріндегі алатын орны мен маңызы,олардың абзал амалдары жөнінде насихат айтты.
Сондай-ақ ол қатысушыларға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанында бірнеше жылдан бері халықпен тығыз байланыста қызмет атқарып келе жатқан Tawaf Travel қажылық компаниясының жұмысымен жан-жақты таныстырды.
Алдағы уақытта да қасиетті Қажылық пен Ұмра сапарларын осы компания арқылы ұйымдастыру ұсынылды.


Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі.