Қостанай облыстық мешітінің атқарар жұмысының бір бағыты күн көрісі төмен жерлестерімізге қайырымдылық жасау екендігі белгілі. Сондықтан киелі орынның жанындағы Зекет және қайырымдылық қорының жұмысы Рамазан айында да барынша жандана түсуде.
Мысалы, қасиетті Рамазан айының оразасы басталғалы бері осы Зекет қорының тікелей атсалысуымен облыс бойынша 1 170 отбасына «Ауызашар қоржыны» деген атаумен азық-түлік таратылды. Ал өздігінен жүріп-тұра алмайтын кісілерге үйлеріне жеткізілді.
Бұл қайырымдылық шараларының дер кезінде орындалуына өңірдегі жанашыр әрі жомарт жандар өздерінің лайықты үлестерін қосуда. Қамқорлықты сезінген бауырларымыз демеушілерге шынайы алғыстарын білдіруде.
Қайырымдылық көмектерін жасауда жоғарыда аталған қордың қызметкерлері яғни наиб имам Бақытжан Икрам мен өз ісінің білікті маманы Мейрам Есламханұлы көп еңбек сіңіруде. Сондай-ақ азық-түлік салынған пакеттерді үйді-үйге жеткізуде «Тұмар» мүгедектер қауымдастығының өкілі Лейла Балғабаева және басқа да азаматтар белсенділік танытуда.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Берекелі Рамазан айы келіп, мұсылман жұртшылығы зор қуанышпен оразасын ұстауда. Ал быйылғы жылы ауызашарлар мешіттерде ұйымдастырылмай өтуде.
Алайда мешіттерде қашан да қайырымдылыққа ерекше мән беретіні көшілкке аян. Оның дәлелі Рудный қалалық «Нұр» мешіті сәуір айының 18 күні Рамазан айының құрметіне орай әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған және көп балалы аналарға көмек қолын созып, «Рамазан шуағы» атты қайырымдылық шарасында 40 отбасына азық-түлік салынған «Ауызашар қоржыны» таратты.
Қайырымдылық шарасының мақсатын мешіт имамы Бектұрсын Уәлиев: «жұқпалы індеттің өршіп кетпеуінің алдын алу мақсатында биыл да ауызашарлар көпшілікті жинамай, тек таратумен атқарылуда. Көмекке мұқтаж жандардың аз да болса көңілін көтеріп, қолтығынан демеу»-деп түсіндірді.
Кейін мешітке жиналған аналарға Рамазан айының ерекшелігі, оразаның пайдасы және сондай-ақ ұстамдылық, сабырлылық жайлы насихат айтып, рамазанмен құттықтады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Мешіт – жергілікті жұртшылықтың намазға жығылып, құлшылық жасайтын орны екені белгілі. Қазіргі Рамазан айы кезінде діни қызметкерлер мұсылман бауырларымызға Оразаның өзіндік ерекшелігін түсіндіруде елеулі жұмыстар атқаруда. Бұдан басқа да балаға азан шақырып ат қою, неке қию секілді діни рәсімдер жүзеге асырылуда.
Мәселен, облыс орталығынан едәуір жерде орналасқан Денисов ауданындағы «Жұма» мешітінде біраз жылдардан бері төбеден су ағып, жұртшылықты әбігерге салған болатын. Бұл көпшілікті толғандырып, жандарына қатты батқан жай да шешімін тапты.
Үстіміздегі жылдың қаңтар айында аудан кәсіпкерлері мешіттің жөндеу жұмыстарына қолдау көрсетті. Мамандар киелі орынның төбесін арнайы материалмен қаптатып, шатырдан су ағатын құбырларды қалыпқа келтірді.
Аталған мешіттің имамы Руслан Маратұлы ортақ іске өздерінің үлестерін қосып, жомарттық танытқан барша азаматтарға шынайы алғысын білдіреді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қасиетті Рамазан айының қарсаңында Бейімбет Майлин ауданында «Қош келдің, Рамазан!» атты рухани кеш ұйымдастырылды. Осынау танымдық-тағылымдық жағы мол басқосуға қонақ ретінде көршілес жатқан Рудный қаласындағы «Нұр» мешітінің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы және Лисаков қаласының «Әбдіхаим Саламатұлы» мешітінің бас имамы Сабыржан Зейнелғабидинұлы, аудан әкімі Қайсар Батырханұлы қатысты.
Бұл кеште аудан жұртшылығына жылда мұсылман қауымы асыға күтетін Рамазан айының ерекше қадір - қасиеті кеңінен түсіндірілді. Халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берілді.
Елімізде орын алған індетке байланысты Ораза кезінде сақтық шараларын барынша сақтау керектігі, Рамазан айындағы ауызашар және қайырымдылық шаралары жөнінде айтылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Лисаков қалалық «Әбдіхаим Саламатұлы» мешіті 2017 жылы ашылып, жамағаттың игілігіне берілген болатын. Сол уақыттан бері жаңа мешіт мұсылман қауымның бас қосатын қасиетті орнына айналып, түрлі қайырымдылық іс шараларына ұйытқы болуда.
Енді міне, бүгін көпке үлгі боларлық игі іс мештке жасалы. Қасиетті Рамазан айының алғашқы күні, қала әкімі Исмагулов Алмат Ерікұлы мешітке арнайы келіп, жиылған жамағатпен жүздесті. Сонымен бірге демеушілердің көмегімен мешітке «Шевроле нексия» көлігін сыйға тартты.
Айта кетейік бұған дейін мешіт иелігінде «Ваз 2106» автокөлігі болған. Алайда ол көліктің тозығы жетіп жөндеуге келмей, мешіт қызметкерлері барлық игі іс шараларда жаяу атқаратын немесе сырттан көлік жалдайтын.
Осындай игі іске атсалысқан азаматтарға Алла Тағала екі дүние бақытын нәсіп еткей!
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Тазалық - әрқашан денсаулық кепілі. Мұны әрбір көзі ашық көкірегі ояу азаматтар жақсы біледі. Жылда қалыптасқан дәстүр бойынша Рамазан айы қарсаңында Қостанай облыстық мешітінің ұйытқы болуымен өңірдегі барлық мешіттердің іші-сырты тазаланды.
Әсересе, жастар жағы белсенділік танытты. Олар уақытпен санаспай жұмыс істеп, өздерінің киелі орындарға деген жанашырлықтары және іскерлік қырларымен көзге түсті.
Қолдарына тырнауыш пен күрек, сыпырғыш ұстап, қоқыстарды жинаған жігіттердің ұйымшылдығы мен табандылықтарын көрген мешіт имамдары, аға буын өкілдері оларға шын көңілден шыққан шынайы алғыстарын білдірді.
Көктемнің шуақты күндерінде атқарылған жұмыстан кейін мешіттердің айналасы тап-таза болып шыға келді. Ата -бабамыз «Жас келсе іске, қарт келсе асқа» деп босқа айтпаған. Жастар жағы соны тазарту барысында айқын дәлелдеді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Білімді де іскер азамат Дархан Қосылбаев Арқалық қаласындағы «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы болып, осы жауапты қызметке тағайындалғалы бері талай жергілікті жұртшылықтың көңілінен шығатын түрлі іс-шаралар, кездесулер мен басқосуларды өткізіп келеді.
Осы жуырда ғана салауатты өмірді насихаттау мақсатында мешіт ұжымы «Елорда» қайырымдылық қорымен бірлесе отырып, футболдан жарыс ұйымдастырды.
Командалар арасындағы ойын өте тартысты өтті. Жергілікті жанкүйерлер олардың шеберлігіне тәнті болды. Жарыс қорытындысында бас имам жеңімпаздарға Алғыс хат пен кубок тапсырып, алдағы уақытта да сәттілік тіледі.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Рудный қаласының «Нұр» мешітінде «Әйел-қыздар секторы» басқаратын Аяулым Смағұлова Рамазан айының құрметіне әйел жамағаты арасында «Зейін» атты интеллектуалдық ойын-сайысы өткізілді. Аталмыш сайысқа Қостанай облысы бойынша «Әйел-қыздар секторының» жетекшісі Жансая Салауатқызы және облыстық мешіттің хатшысы Ботагөз Бейімбетқызы қатысты.
Бұл білім мен парасат деңгейі сарапқа түсетін жарыс сұрақ-жауап, пікірлесу, талдау, әңгімелесу, ынталандыру секілді бағыттарда жүргізілді. Онда 15 адам бағын сынады. Олар жас айырмашылығына қарай үш топқа бөлінді. Ойын барысы 3 кезеңді қамтыды. Соның ішінде мешіт шәкірттері өздерінің терең білімдерін көрсетті.
Сайыс қорытындысында облыстан арнайы шақырылған қонақтар қатысушыларға тәрбиелік-тағылымды уағыз-насихат айтып, жеңімпаздарды марапаттады.
Осынау интеллектуалдық сайысты ұйымдастырған сектор басшысы Аяулым Ермекқызы өз сөзінде мұндай ой-өрісті дамытатын жарыстар қатысушылардың өздеріне деген сенімдерін арттырып, оларды тың ізденістерге, имани тәлім-тәрбиеге талпындыратындығын баяндады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Таяуда Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінде алдағы қасиетті Рамазан айына әзірлікке байланысты жиын өткізілді. Оған шаһар аймағындағы ауыл имамдары, молдалары және мешіт қызметкерлері қатысты.
Бас қосуда аталмыш мешіттің Бас имамы Рамазан айында ұйымшылдық көрсетіп, барлық талаптарды сақтау қажеттігіне жан-жақты тоқталды.
Ораза кезінде жұмысты барынша жандандырып, діни рәсімдерге, дәрістерге, уағыздарға және ауыз ашарларға көңіл бөлу қажеттігі де айтылып, пысықталды.
Мешіттің ішкі-сыртқы тазалығын, халыққа қызмет көрсету сапасын, қазіргі қалыптасқан жағдайға байланысты атқарылар шараларды да басты назарда ұстау керектігі де сөз болды.
Діни қызметкерлер жуырда облыстың Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет өткізген мәжілісте қаралған өзекті мәселелерді күнделікті басшылыққа алып отырады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
«Алла бізге парыз етіп ұсынған, Ораза тұт, нәпсіңді тый, мұсылман.
Оразадан жан-дүниең жаңарып, Тән тазарар тахарат пен ғұсылдан.
Ей, жамағат, жолдас қылсаң сабырды, Көркем мінез қалыптасар тәлімді.
Құранды оқып түйсең ойға игі ілім, Орындасаң талап еткен бұйрығын,
Оразашы үміт етсе сауаптан, Алла өзім берем деген сыйлығын».
Рамазан – сабырлық айы. Мұсылманның иманының тең жартысын құрайтын сабырлық қасиетін осы құтты ай шыңдай түспек. Ал, сабырдың сыйы – жәннат. Алланың ырыс-берекесі мен рахымы жауатын қасиетті Рамазан – биыл сәуір айының 13-нен басталмақ. Мұсылман бұл айды асыға күтіп қарсы алып, Раббысы үшін ораза ұстап, салихалы-ізгі амалдар жасауға тырысып бағады.
Ораза ұғымы өзін-өзі тоқтату, тартыну, тыйылу деген мағыналарды білдіреді. Ислам шариғатында ораза дегеніміз – ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған, ауыз бекітуге қабілетті мұсылманның таң атқаннан күн батқанға дейін дәм-судың барлық түрінен, сондай-ақ құмарлықтан Аллаға деген құлшылық ниетімен тыйылуы.
Ораза – Алла Тағалаға бойсұну. Құранда: «Ей, иман келтіргендер, алдарыңда өткен қауымдарға парыз етілгендей сендерге де ораза парыз етілді. Мүмкін, тақуа боласыңдар», – деген.
Рамазан – Алла Тағала тарапынан бүкіл адамзатқа тура жол ретінде Құран түсірілген ұлы ай. Құран – Алланың пайғамбары Мұхаммед (с.ғ.с) арқылы адамзатқа жолдаған үндеуі. Оның үкімдері – бойсұнуға міндетті заң. Біздің бұл айда ұстайтын оразамыз бен түнде атқаратын намазымыз – Раббымызға деген иманымыздың, бойсұнуымыздың, түсірген Құраны үшін шынайы шүкірлігіміздің белгісі болмақ.
Қудси хадисте Алла Тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін мен үшін доғарды. Ораза - Мені мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік кұлымның аштық пен сусағандықтан шыққан ауыз исі мен үшін миск әтірінен де тамаша», - дейді. Сондықтан шынайы иманмен ораза тұтушының Алла құзырында дәрежесі зор болмақ.
Ораза – мұсылманға өнегелі мінезді үйрететін тәрбие мектебі. Оның көмегімен мұсылман өз бойындағы жағымсыз сипаттардан арылады.
Мұсылманның ерік күші мен шешімділігін күшейтіп, сабырлыққа үйретеді. Зейінін тазартып, жақсы ойларға жетелейді. Бірде Лұқман баласына: «Балақайым, асқазан толы болса ойлау қабілетің ұйқыға шомады, даналық үні өшіп, дене мүшелерің құлшылыққа жарамай қалады», – деген екен.
Ай бойы нәпсісімен күресіп үйренген мұсылман бұл күрестің өмірі мен ақыреті үшін маңыздылығын түсініп, бірте-бірте нәпсісін толық билеуге ұмтылады. Нәтижесінде мұсылманның жамандыққа бұйырушы нәпсісі басылып, тыйылып жуасиды. Демек, адам баласы өз бойындағы жамандықтарынан арылу күшін құлшылық жасап, барша жігерін салып, Раббысынан дұға жасау арқылы иелене алады.
Берекелі Рамазанда Алла Тағаланың құлдарына деген басқа айларда нәсіп болмаған ерекше көріністері мен кеңшіліктері орындалады. Бұл кеңшіліктер құлдың Раббысына деген махаббаты мен қастерлеуін ұлғайтып, күнәлары үшін ұялуына, кешірім сұрап, тәубесін жаңартуына зор септігін тигізеді. Тәубеге келуімен жүрегі нұрға бөленіп, Құран оқуға арналады, намаздарына ұқыпты болып, рухани дүниесі жанданады. Жан-жағына қамқорлық-жанашырлықпен, ерекеше мейіріммен қарай бастайды. Нәтижесінде бұл айдан нәпсісін жеңген, күнәлары кешірілген күйде шығады. Сөйтіп, тозақтан азат етілген құлдардың қатарына түсуі тіленеді. Міне, сондықтан осы мақсаттар бойымызда шынайы түрде орындалған болса рамазан бойына, онда келесі айларда қайтадан босап кетуіміз мүмкін емес. Ал егер де тек қана тағам мен сусыннан тоқтап, құмарлығымызды басып, басқа жаманшылықтарымызбен күреспей, ғайбат-өсегіміз тоқтамаса оразаның мақсатын орындамаған боламыз.
Оразаның мақсаты – мұсылманның жанын да, тәнін де тазартып, тақуалық дәрежесіне жеткізу. Рамазан айында адам дене қалауларын тәрбиелеп, нәпсінің құлы болып кетуден өзін сақтайды. Ауызды астан ғана емес, жаман сөздерден тыйса, көзді харамға қараудан, құлақты харам нәрселерді естуден тыяды. Осылайша нәпсіні құрықтайды.
Ардақты ағайын, қадірлі оқырман! Алла Тағала ұстаған оразамыз бен жасаған құлшылықтарымызды қабыл еткей! Берекелі Рамазандағы ізгі амалдарыңызға Алла сансыз сауаптар жазып, екі дүние бахытына бөлесін. Халқымыздың ынтымақ-бірлігі артып, ырыс-несібесі молынан болғай! Елімізге қауіп төндірген жұқпалы індеттен аман-есен арылып, науқастарымызға Алла шифасын берсін! Қасиетті Рамазан баршамызға хайырлы-құтты, берекелі болғай!
Рудный қалалық «Нұр» мешітінің
бас имамы Бектұрсынқажы Торғайбайұлы