Жуырда облыстық «Qostanai» телеарнасының ғимаратында алдағы Құрбан айтқа байланысты брифинг болып өтті. Оған Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек Тәжімбет және Тобыл қалалық «Маңдай батыр» мешітінің найб имамы Азамат Мурзақанов қатысты.
Бұл басқосу екі тілде жүргізілді. Онда биылғы еліміздегі карантинге орай Құрбан айт мейрамында құрбан шалу рәсіміндегі өзгерістер жайлы жан-жақты айтылды.
Үстіміздегі жылы мешіттерде бұрынғыдай Құрбан айт намазы оқылмайды. Құрбандық шалу рәсімі онлайн (қашықтықтан) орындалады. Онда негізінен түйе, сиыр, ешкі, қой сойылады.
Бір тоқтала кетер жай, жағдайы келген отбасылар қой сойса, жеті адам қосылып, ірі қара малды шалуға болады.
Ағайындарға айтарымыз, Құрбан еті шариғат бойынша үшке бөлінеді. Оның бір бөлігі өз отбасына қалдырылады, бір бөлігі туған-туыстары мен көршілеріне беріледі. Қалған бір бөлігі жоқ-жітік пен көмекке мұқтаж жандарға таратылады. Жылдағы қалыптасқан үрдіс бойынша мешіт ұжымы көп балалы отбасыларды назардан тыс қалдырмайды. Сондықтан жүрегі жомарт азаматтар шын ниетпен Құрбандыққа шалған малдарының етін мешітке әкеліп тапсырса да болады. Қайырымдылық көмектің сауабы қашан да мол.
Биыл Құрбан айт 31-шілде мен 1-2 тамыз күндері аталып өтпек. Жоғарыда Құрбандық шалу рәсімі онлайн түрінде жүзеге асырылатындығына тоқталдық. Құрбандық шалу уақыты күн шыққаннан бір сағаттан кейін атқарылатындығын ұмытпаған жөн.
Мұсылман бауырларымыз бұл мәселе бойынша Қостанайдағы «Амиго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қасапханасымен байланыс жасағандары абзал. Құрбандық шалуға ықылас танытқан ағайындар Qurban2020.kz сайтына кіріп, онлайн тапсырыс бере алады.
Құрметті жерлестер! Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы баршаңызды алдағы келе жатқан Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтайды. Әрбір отбасына ырыс-береке, молшылық, зор денсаулық тілейді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Бүгін ҚР Президент жанындағы Орталық Коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңына шыққан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қазақ елін қасиетті зұлхижжа айының келуімен құттықтады.
Бас мүфти елдегі барша мұсылманды осынау қасиетті айда барынша дұғада болуды насихаттады. Наурызбай қажы Тағанұлы осы күндері көпке көмектесіп, сауапты амалдарға септігін тигізуге шақырды.
«Бүгін, күндердің сұлтаны – қасиетті жұмада, айлардың ұлығы – зұлхижжа айында халқымыздың амандығы мен еліміздің игілігі үшін жасап жатқан дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағаланың құзырында осы он күнде жасалған ізгі амалдан абзал әрі сүйкімді игі іс жоқ. Ендеше сол кезде тасбихты (субханалла), тахмидты (әлхамду лиллә), тахлилді (лә иләһа илләлла), тәкбірді (Аллаху акбар) көбейтіңдер» деген. Осы күндерде ораза ұстап, садақа беріп, науқастарға дәрі жеткізіп, қараусыз қалған қарттар мен жетімдерге, көпбалалы отбасыларға көмектесудің сауабы мол. Шалған құрбандық, берген садақа, жасаған әрбір игі амалдың сауабы еселеніп жазылғай» деді Діни басқарма төрағасы.
–Расында, қасиетті күндер мен айларда адам баласының риясыз жасаған құлшылығы мен дұғасы қабыл болады. Алланың «Әс-Сәләм», яғни амандық пен «Әш-Шафи» шипа беруші көркем есімдерін ұлықтай отырып, дертке шалдыққандардың дертіне шипа сұраймыз. Қайтыс болғандар үшін Алладан – рақым, Пайғамбарымыздың шапағатын тілейміз, – деп түйіндеді сөзін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрбан айт мерекесіне орай Qurban2020.kz сайтын іске қосты.
Бұған дейін еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты құрбан шалуға онлайн түрде тапсырыс беретін сайттың ашылатыны туралы хабарлаған едік.
Қазақ және орыс тілдерінде қызмет көрсететін жаңа сайттың көмегімен ел тұрғындары онлайн түрде құрбандық малын таңдап, төлем жасап, кейін қаласа фото және бейне есебін сұрата алады.
Сондай-ақ сайтта құрбан шалуға қатысты Шариғат және пәтуа бөлімі мамандары дайындаған сұрақ-жауап та бар.
Сайт функцияларымен төмендегі нұсқаулық арқылы таныса аласыз.
Қостанай облысында «Өмірге үміт сыйла!» қайырымдылық акциясы жалғасын табуда. Оның аясында жерлестеріміздің денсаулығын нығайтуға арналған 21 тыныс алдыру аппараттары көршілес Ресейдің Екатеринбург қаласынан сатып алынды.
Өңірімізде осы күнге дейін 20 млн-ға жуық қаражат жиналды. Осы қаражатқа алынған 34 аппараттың игілігін халық көріп жатыр. Ал алдағы уақытта осындай құрылғының 10 данасы жеткізілетін болады.
Акцияға белсене қатысып, мұрындық болған азаматтарға, имамдарға «Олжа Агро» және «Best Kostanay» секілді мекеме басшыларына айтар алғысымыз шексіз.
Халықтың денсаулықтары мықты болса, еліміздің де экономикасы өркендей түсетіндігі белгілі. Ендеше жүректері мейірімге толы іскер жандардың ниеттері қабыл болып, жерлестеріміздің отбасы тек қуанышқа кенеле берсін.
Бауырларымыз «Кең болсаң, кем болмайсың» деген қағиданы берік ұстана береді деген нық сенімдеміз.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Баршамызға белгілі, әлемді жайлаған дертке байланысты елімізде карантин жарияланды. Соған байланысты дін қызметкерлері де өз жұмыстарын уақыт талабына сай ұйымдастыруда.
Бұл орайда халықты имандылыққа, сабырлыққа шақыру мақсатында үстіміздегі жылдың наурыз айынан бері Қостанай облысына қарасты барлық мешіттерде онлайн уағыздар жүргізілуде.
Мәселен, әр аптаның алты күнінде есімдері қалың жұртшылыққа жақсы таныс облыстың бас имамы Бахытбек Тәжімбет, наиб имам Дархан Сыздықов, білікті мамандар Мейрамбек Жетесов, Тұрым Мұқанбетжановтар облыс тұрғындарымен көкейдегі жүрген көрікті ойлармен бөліседі. Онда өзекті тақырыптарды қамтиды.
Сонымен қатар Ислам ғибадаты, ислам әдебі, құран тәпсірі, ахлақ (мінез құлық) пәндері бойынша апта сайын Қостанай облыстық мешітінің инстаграм, фейсбуг, ютуб желілерінде уағыз-насихат айтылып тұрады.
Мұндай игі мақсаттағы танымдық-тағылымдық жағы мол уағыз-насихаттар алдағы уақытта да жалғаса бермек. Ең бастысы, еліміздің халқы аман-есен болсын.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Зекет» қайырымдылық қоры еліміз бойынша «Өмірге үміт сыйла!» атты қайырымдылық шарасын бастағаны бәрімізге мәлім. Соған орай Қостанай облысының өкілдігі де қайырымдылық жобасын қолға алды.
Осынау игі шараға жалпы халық белсенділікпен қатысып, өздерінің көмектерін көрсетуде. Мәселен, бұл қайырымдылық жобасының бірінші кезеңінде 5 200 000 теңге қаражат жиналды. Оған Ресейдің Екатеринбург қаласынан 12 дана демалуға тікелей ықпалын тигізетін құрылғыларды қысқа мерзімде сатып алды.
Қостанай облысының бас имамы Бахытбек Тәжімбет пен өңірдегі «Зекет» қорының жетекшісі Мейрам Жүсіпбеков Қостанай қалалық емханасына 12 оттегі концентратор аппараттарын табыс етті. Аса қажетті аппараттарды жеткізуге мұрындық болған «BEST KOSTANAY» және «ОЛЖА АГРО» мекемелерінің басшыларына айтар алғысымыз шексіз. Оларға Алланың нұры жауа берсін.
«Өмірге үміт сыйла!» қайырымдылық акциясының екінші кезеңі де өзінің жалғасын тапты. Бауырлас Түркия мемлекетіне 2 325 000 теңгені құрайтын 10 демалу аппаратына тапсырыс берілді.
Ал, шараның 3-ші кезеңінде облыстың бас имамы 30 оттегі концентратор құрылғысын алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, 4-ші кезеңінде қазіргі таңда тапшы болып отырған дәрі-дәрмектерді алып беру қарастырылуда.
«Құрметті жамағат, ардақты ағайын! Баршаңызды осы қайырымды да сауабы мол жобада ұйымшылдық танытуға шақырамыз! Атамыз қазақ «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп босқа айтпайды. Әрбір отандасымыздың өмірі бізге бәрінен де қымбат» дейді Б.Нұрғабылұлы.
Баршаға мәлім, қазіргі таңда әлемді жайлаған пандемияға байланысты халықтың денсаулығын нығайтуға орай қаншама игі істер атқарылып жатыр. Алайда шешімін күтіп тұрған мәселелер де жоқ емес.
Атамыз қазақ «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп босқа айтпайды. Мысалы, бұл күндері өкпені жасанды желдету (ИВЛ) аппараты емханаларда жетіспейді. Міне, осы аса маңызды мәселені қозғаған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Зекет» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен әлгіндей аппаратты сатып алу мақсатында «Өмірге үміт сыйла» қайырымдылық акциясы жарияланған болатын.
«Көп түкірсе көл болар» демекші, діни басқарманың осынау бастамасын Қостанай облыстық мешітінің қызметкерлері де қолдады. Осы игілікті іс үшін өңірімізде акция басталды.
Еліміздің басты байлығы – халықтың денсаулығы. Сондықтан мүмкіндігі бар барша ағайындар оған өздерінің үлестерін қосады деген үлкен үмітіміз бар. Ондай кісілер Қостанай облыстық мешіті мен «Зекет» қорымен хабарласқандары абзал.
Сіздердің қолдауларыңызбен сатып алынған өкпені жасанды желдету (ИВЛ) аппараты қаншама бауырларымыздың өмірін сақтауына септігін тигізетіндігін естеріңізге салғымыз келеді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасына орай, өңіріміздегі Қарабалық ауданындағы «Ғашура ана» мешітінің ұйымдастыруымен тағылымды шара өткізілді.
Онда құрбандыққа бір ірі қара мал шалынды. Сөйтіп, әлемді жайлаған бұл індеттен тез құтылып, сырқаттанғандар қатарға қосылсын деген ниетпен дұға жасалды.
Сойылған малдың еттері аудандағы көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларға таратылып берілді.
Қашан да ауызбірлік пен ынтымақ халқымызды жақындастыра түседі. Осындай қиын кезде ағайындар бірін-бірі қолдап, қиналғанда жандарынан табылғанға не жетсін. Қарабалықтықтардың бұл өнегесі басқа бауырларымызға үлгі болғай.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Тасаттық – көпшілік жиылып атқаратын діни рәсім. Бұл шара кезінде көпшілік қауым болып жиналып, құрбандық шалып, Алла тағаладан жаңбыр жаууын тілеп, ниет қылады.
Жуырда Наурызым ауданындағы «Түркебай» мешітінің бас имамы Есет Ғабдімәліковтің бастамасымен ауыл ақсақалдары бірігіп, тасаттық намазын оқыды.
Ауыл іргесінде құрбандық шалынып, ақсақалдар Алладан елдің амандығын, жұрттың тыныштығын сұрап, биыл астығымыз бітік шығып, халқымыздың риздығы көп болғай деп тіледі.
Тасаттықта шалынған құрбандық малының еті жағдайлары төмен, көп балалы отбасыларға қайырымдылық көмек ретінде таратылды. Міне осы рәсімдеоден соң, игі істері Алла тағала тарапына қабыл болып, жаңбыр жауды.
Әрбір істе хайыр жақсылығын тілеп Алла сұрасақ сонда елімізде де жерімізде де берекет болады ин ша Алла!
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі