Сабырлық – ол бойында көркем мінез және жүрегінде иманы бар адамның негізгі сипаты. Өмірде түрлі қиыншылықтарға тап болған адамға өз-өзін ұстай білуі әрине оңай іс емес, сондықтан болар сабыр етушіге берілетін сыйы мен оның алатын сауабының мөлшері көрген қиындықтарына сәйкес көбейе түседі екен.
Сабыр етушілер жайында Қасиетті құранда өте жиі айтылады, имам Ахмад (р.а.): «Сабырлықтың құндылығы жайлы Құранда тоқсан мәрте атап өтіледі»,-дейді. Сол аяттардың бірінде Алла Тағала:
﴿إِنَّ اللَّهَ مَعَ الصَّابِرِينَ﴾
«Расында, Алла сабыр етушілермен бірге» (Бақара сүресі, 153-аят).
Өмір – сынақ, жақсылықпен қоса қиындық та қатар жүреді. Сол қиындықтарға мойымай сабырлық таныту – біздің міндетіміз. Кезінде шариғи ілімнен нәр алған бабаларымыз қанша қиыншылық көрсе де, сорақы-зұлматтарға сабыр етіп, сол қиыншылықтан өту жолдарын іздеп, қиындықтың арты жақсылық болатынына үлкен үмітпен Жаратушы Хақ тағалаға сыйынып, бойындағы имандылықтың жемісімен сабырлықтың үлгісін көрсете білген. Жүсіп Баласағұн атамыз: «Сабыр етсең – ісің оңға асады, шүкір қылсаң – жамандық та қашады»,-деген екен.
Қандайда бір қасыретке тап болған адам сабыр етсе, Алла тарапынан ақыретпен қатар осы дүниеде де лайықты бағасын алады екен. Бұл туралы Құранда:
﴿ وَإِن تَصْبِرُواْ وَتَتَّقُواْ لاَ يَضُرُّكُمْ كَيْدُهُمْ شَيْئاً﴾
«Егер сендер сабыр етсеңдер және тақуалықты ұстансаңдар, олардың (мұнафықтардың) қастық істері сендерге ешбір зиян қылмайды» (Әл-Имран сүресі, 120 аят). Бұл сабырлық жайлы Құранда келтірілген аяттар. Енді сабырлықтың құндылықтары жайлы ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистеріне тоқталып көрсек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): (والصبر ضياءً) «Сабырлық – ол нұр»,-деп қысқа да нұсқа айтып, сабырлықтың құндылығын атап өткен болатын (Имам Мүслім, Әбу Мәлік Әл-Әшғариден).
Сондай-ақ, Алланың Елшісі:
) ومن يتصبر يصبره الله ، وما أعطى الله أحداً عطاءً هو خير وأوسع من الصبر (
«Сабырлық таныту – ол Алладан берілген сый және Алланың алдында сабырлықтан артық сый жоқ»,-деді.
Ешбір адам, тіпті ол Пайғамбар, елші болсын Алладан жіберілген қасырет пен сынақтардан өздерін сақтандыра алмайды. Себебі қасырет-сынақты беретін де Алла, одан сақтайтын да бір Алла!
Құранда:
﴿ مَا أَصَابَ مِن مُّصِيبَةٍ إِلَّا بِإِذْنِ اللَّهِ ﴾
«Алладан бұйрықсыз ешбір қайғы-қасірет болмайды» (Тағабун сүресі, 11 аят). Барлық сынақ Алладан деген нық сенімді, қандай да бір қайғы-қасыретке тап болған адам есінен шығармауы тиіс. Сондықтан бір Аллаға ғана жалбарынып, дұға етіп, тәуекелге бел байлауымыз қажет.
Барлық қасыреттің Алланың қалауымен болатынын біле тұра, қалайша біз Аллаға қарсы келеміз?... Алладан жіберілген сынақтың барлығында да адамға пайдасы бар, себебі Алла әділ және Өзінің құлдарына жәбір көрсетпейді. Біле білсек Алла Тағала құлдарын күнәларынан тазартуы үшін сынақ жібереді екен, егер ол құлдарының күнәлары болмаса, онда олардың дәрежелерін көтереді. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
)إن الرجل لتكون له المنزلة عند الله فما يبلغها بعمل ، فما يزال يبتليه بما يكره حتى يبلغه ذلك(
«Расында адамның басына қасырет берілсе және сол қасыретке сабырлық танытса, қанша жақсы амалдарымен де жете алмас деңгейге, дәрежесі көтеріледі»,-деген (Ибн Хиббан, «Сахих» кітабы, № 2896).
Және бір хадисте:
)ما يصيب المؤمن من هم ولا غم ولا نصب ولا وصب ولا حزن ولا أذى حتى الشوكة يشاكها إلا كفر الله بها من خطاياه(
«Иманды жанның басына түсетін уайым-қайғы, тіпті денесіне кірген тікеннің өзін Алла Тағала оның күнәларын кешіру үшін себеп қылып қойған» (Имам Әл-Бұхари). Міне, бұдан түсінетініміз, сынақ пен азғана ауруды Алла Тағала әлсіз бір құлының күнәсін кешірілуі үшін жасайтындығы.
Өз сөзінде Алла елшісі (с.ғ.с.):
)من يرد الله به خيراً يصب منه(
«Алла кімге жақсылық қаласа, оған сынақтар (қиындықтар) жібереді». Сондықтан адам баласы басына қандай да бір ауыртпалық келсе, соңының жақсы болатынына сенім артып, тек Алла разылығы үшін сабырлықта болуы қажет.
Мұсылманның басына қандай да бір қасырет келетін болса, оған ол соншалықты уайымдап, сабырсыздана өмірден түңілуі негізсіз болмақ. Себебі Алла Елшісі (с.ғ.с.):
)ما من عبد تصيبه مصيبة فيقول : إنا لله وإنا إليه راجعون . اللهم أجرني في مصيبتي واخلف لي خيراً منها إلا أجره الله في مصيبته وأخلف له خيراً منها(
«Егер құлдың басына қасырет түсіп және ол өз-өзін сабырлыққа шақырып: «Расында біз Алладанбыз және Оған қайтамыз. Ия, Алла! Осы қасыретте маған нығмет бере гөр»,-деп айтар болса, Алла ол құлын сый-сыяпатына бөлейді»,-деді (Имам Мүслім жеткізді). Яғни, қасыретке тап болғандар жоғарыдағы хадисте келтірілген дұғаны айтатын болса, оның сабыр еткені үшін Алла оған тиісінше нығметке бөлейтін болады. Сондықтан біздер Алланың нығметіне бөленуді қаласақ, мына шарттарды орындауымыз қажет:
- Барлық сынақтың Алладан екеніне және тек Алла ғана қасыреттен құтқаратынына нық сенімді болу.
- Алладан басқа ешкімге шағымданбау.
- Алладан ғана үміт етіп, Алла үшін ғана қайғыға төзімділік таныту.
- Барлық сынақта бір Алланың даналығы бар екендігіне сенім білдіру.
Бұл әрбір мұсылманның орындауы тиіс негізгі шарттары. Егер осы шарттар бұзылса, оның жеңіл жазасы – сауаптан құр қалып, бекерге қайғы-қасыретін көретін болады. Ал, ауыры – егер тағдырға, Алланың шешіміне қарсылық білдіріп, шағымданар болса, үлкен күнәға батуы әбден мүмкін. Сондықтан әрдайым ұстамдылықта болғанымыз дұрыс. Сабырлық қасиеттен ажырап, тағатсыздық танытар болсақ, бұл біздің осалдығымызды білдіртеді. Халқымыз: «Осалдың бәрі ойбайшыл, әлсіздің бәрі айғайшыл келеді»,-дейді. Қандай да бір күйзеліске ұшыраған сәтте, байбалам салмай, керісінше Алла разылығы үшін барынша байыптылық танытса, одан асқан рухани байлық жоқ. Себебі, барлық істің нәтижелі болуы тек қана Ұлы Жаратушының құзырында екендігі анық.
Алла Тағала баршамызға дер кезінде, жауапты сәттерде сабыр етуді, ұстамды болуды нәсіп етсін! Әмин!
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед»
мешітінің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы
Облыстық «Марал ишан», Қостанай қалалық және Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешіттерінің ұйымдастыруымен 700 адамға арналған «Мирас» мәдениет үйінде «Адамзаттың ардақтысы» атты Мәуліт мерекесі өткізіліп, жиналған халықтың көптігінен залда ине шаншар орын болмады.
Кешті «Қауам ад-Дин әл-Итқани әл-Фараби ат-Түркістани» республикалық қарилар дайындау орталығының шәкірті Мұртаза Балахмет Құран оқып ашқан соң, айтыскер ақын Арман Бердалин жүргізді.
ҚМДБ-ның өңірдегі өкіл имамы Бахытбек Тәжімбет жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтап, әрбір отбасына бақыт пен қуаныш тілеп, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың сирасы туралы айтып өтті.
Сондай-ақ Қостанай қаласының әкімі Базыл Жақыпов, Солтүстік Қазақстан облысының өкіл имамы Кенжетай қажы Дүйсенбай сөз сөйлеп, барша қауымға ізгі тілектерін білдірді.
Кеш барысында есімдері елімізге белгілі айтыскер ақындар Айбек Қалиев пен Мұхтар Ниязов «Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) салауат-сәлем айтайық» тақырыбындағы айтысымен елді тәнті етті.
Бас имам Бахытбек Нұрғабылұлы бір топ мешіт жанашырларына Алғыс хатпен марапаттап, шапан жапты.
Содан кейін мерекенің құрметіне шаһардағы «Премиум Палас» мейрамханасында 500 адамға арналған ақ дастархан жайылып, 100 мұқтаж жандарға қайырымдылық көмек көрсетілді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешіті және Ішкі саясат бөлімімен бірлескен үгіт-насихат тобы 2016 жылғы жоспарға сәйкес ұжымдар мен мекемелердегі жұмыстарын бастады.
Алғашқы кездесу қаладағы тарихи өлкетану мұражайының қызметкерлерімен болып, бас имам Б.Уәлиев асыл дініміздің құндылықтары туралы оның ішінде отбасылық тәрбие, көркем мінез, жастар арасындағы достық қарым-қатынас туралы айтып өтті. Сондай-ақ дәстүрлі дінімізге кері әсерін тигізуші жат ағымдар мен секталар турасында да мағұлматтарға тоқталды.
Кездесуде «Жат ағыммен арбалғандар» атты бейне ролик көрсетіліп, сұрақ жауаппен қорытындыланды.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Пайғамбарым Мұхаммед қасиетті
Хадис болып таралған өсиеті,
Өмір салты -өнеге мұсылманға.
Көркем мінез, мубарак пәк ниеті,
Ант ішіп, уәдесінен тайғандарға.
Ел аздырып, бөгде дін жайғандарға,
Жүрсін деп, құлдарым тура жолда,
Дін түсірді Мұхаммед пайғамбарға,
Жер нұрланды, пайғамбарлық жүктелді
Қиын заман, жауыздыққа, тік келді.
Мұхжиза боп, жерге құран түскенде,
Кәпірлердің, күпір сөзі бүктелді.
Алла қолдап, имандылар, құран ашқан,
Тірек болды, сахабалар, мыннан астам.
Жаратқанның тура дінің орнықтырды,
Дүйім елдің, қаһарына қарамастан.
Аманатқа қиянат, жасамаған,
Әл әмин деп аталды ол жасынан.
Хақтын жолы тура деп мойынсымай,
Талай сынақ өткізді өз басынан.
Құртамын деп жаулары жаландады,
Үмбетім деп, пайғамбар аландады.
Алла берген төзімнін төтесінде.
23 жылда құранды тәмәмдады.
Алланың нұры жаусын әрқайсына,
Медет тілеп алақан жайғандарға.
Мын салауат екі дүние, сардарына,
Елші нәби Мұхаммед пайғамбарға.
Түркебай мешітінін шәкірті:Жәукен Боранбай
Арқалық қаласында Мәуліт мерекесіне орай «Мухтасиб Әлмұхаммед»
мешіті мен «Қайрат» спорт мектебінің басшысы Рүстем Асанханұлының ұйымдастыруымен спорттық сайыстар өткізілді.
Мұнда мемлекеттік мекемелері және қалалық мешіттен құралған алты команда арасында шағын футболдан ұйымдастырылып, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандар тарапынан «Рухы биік жандар» атты команда нысанаға тигізу (дартс), шахмат және асық ату ойындары бойынша өздерінің спортқа деген ынтызарлықтарын көрсетті.
Жарыстың ашылу салтанатында қала әкімі Ғазиз Ерболатұлы мерекеге жиналған қауымды құттықтады. Бұл сайысқа дінге деген құрметінің белгісі ретінде өзі де қатысатындығын білдірді.
Мешіттің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы өз сөзінде осынау жарыстың ерекшелігіне тоқталып, Мәуліт мейрамының мән-маңызы жайлы әңгімеледі.
Мәдениет бөлімінің қызметкерлері мен мектеп оқушылары патриоттық әндерді шырқап, жиналғандарға рухани ләззат сыйлады. Ал, қалалық мешіт ұжымы демеуші азаматтардың қолдауымен көмекке мұқтаж он отбасына күнделікті тұтынатын азық-түлікті табыс етті.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Науырзым ауданындағы «Түркебай» атындағы мешітінде адамзаттың ардақтысы болған Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың туылған айына орай Мәуліт рухани кеші болып өтті. Аталмыш кеште облыстың өкіл имамы Б.Тәжімбет аудан басшылары мен ел ақсақалдары қатысты.
Екі дүние сұлтаны Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызға салауаттар айтылып, адамзаттың ұстазы болған ұлы тұлғаның өмірі мен өнегесі жайлы насихаттайтын мәуліт жыры оқылды.
Кеш соңында мұқтаж жандарға қайырымдылық көмек көрсетілді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Жаһлият (қараңғылық) қоршап тұрған ел еді
Нақ хақ діннің керек болды көмегі
Бастан кешіп меңіреулік өмірді
Надандықтың лаулап тұрған кез еді
Ескерілмей адамдардың құқығы
Нұрлы ұғымның сынық еді тұғыры
Құл мен тұтқын аянышты күн кешіп
Қыз баланың қысқа болған ғұмыры
Терең еді текетірес тепкіні
Амылсыздан еске аламын тек мұны
Қыз баланы есептемей адамға
Тірі жатып жер астында өшті үні
Қараңғылық барлық елді жайлады
Көпдінділік бар ғаламды шарлады
Бүкіл әлем күтті асыға келуін
Бір ұлы жан келеді-ау деп сындарлы
Құтқаруға мүшкіл хәлін адамның
Құлдыратпай құндылығын ұлт жанның
Жаббар Ием дүниеге әкелді
Хақ Пайғамбар Мұхаммедтін ғаламның
Ұлы мінез иесі еді Пайғамбар
Шебер көркем басшыда еді ол сардар
Насихатын әсерлі ғып баяндап
Сара жолын даналықпен ол салған
Имандылық Пайғамбардың сүннеті
Құнсыздықтың дендеп тұр еді нақ шегі
Жаббар Хаққа дұға жасап сыйын – деп
«Дін» Ислам» болды оның өлшемі
Исламда асыл міндет адалдық
Дәл бір сол кез рух аз еді адамдық
Құран сөзін құнарлы оймен жеткізіп
Шекарасын жіктеп берді абзалдың
Оңай болмады түсіндіру баршаға
Зор қабілет керек болды – мол шама
Бар ғаламды жаратушы бір Алла
Елшісіне молдап берді ой-сана
Қырғын соғыс бастан кешті Пайғамбар
Құранды оқып, қорған болды Алла жар
Міне, бүгін мұсылманбыз сыйынған
Пайғамбар Хақ, тек бір ғана Алла бар
Мұхаммедтің бар өмірі өнеге
Бар қасиет тек жай саған келеме
Пейіл, мейір нұр ғып шашып әлемге
Құтқарды ол қор болудан келеке
_________________________________________________
Қостанай облысы
Науырзым ауданы
«Түркебай» атындағы мешіттің алқа мүшесі
Тілеуғабылов Жаңбыршы Тұқатұлы
2015 жылдың 25 қарашасында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «2020 жылға дейін діни білім беруді дамыту» тұжырымдамасы қабылданған. Онда діни білім беру жүйесін қалыптастыру мен дамыту мақсаттары мен міндеттерін және стратегиялық бағыттары айқындалған.
Осы Тұжырымдама негізінде Қостанай облыстық орталық мешітінің ұйымдастыруымен қалалар және аудандар имамдарына арналған үш күндік оқу-ағарту семинары өз жұмысын бастады.
Қостанай облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық орталық мешітінде 2015 жылдың қорытындысы бойынша жиын болып өтті. Өкіл имам Б.Тәжімбет облыс көлеміндегі қалалар мен аудандар мешіттерінің бас имамдарын жинап, Астанада өткен төралқа жиынында тапсырылған міндеттер мен жұмыстар жайында айтып өтті.
Дін саласының 4 бағыты: уағыз насихат, қайырымдылық, жат ағыммен күрес, сауат ашу курстарын жандандыруды және имамдар форумында қабылданған 4 құжат бойынша жұмыстарды одан әрі жалғасатыруды имамдарға тапсырды.
Жиын барысында Сарыкөл, Жітіқара аудандары мен Лисаков қаласының имамдары мекемелер мен оқу орындарында 4 бағыттың бірі болып табылатын - уағыз насихат жұмыстарына билік тарапынан тосқауыл қойылып тұрғанын айтып өтті.
Сонымен бірге, 2016 жылы Жастар ісі бойынша жасалатын іс-шаралар туралы жоспар талқыланып, әр қалалар мен аудандарға аталған бағытта жұмыс жасауға тапсырмалар берілді.
Қостанай облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі
Үстіміздегі жылдың 11 желтоқсанынан бастап Хижри жыл санауы бойынша Рабиул әууал айы басталды. Бұл ай ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туылған айы. Сондықтан әлемде және еліміздің жер-жерлерінде мәуліт оқылып құрметтеліп атап өтілуде. Соның бірі Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінде өкіл имам Б. Тәжімбет және наиб имамдар Д.Сыздық пен А.Ермат жамағатқа мәуліт қасидасын оқыды.
Мұндай шара Арқалық қаласының «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінде де болып өтті. Мешіт жанындағы діни сауат ашу курсының шәкірттері мәуліт қасидаларын мәнерлеп оқып, нақышына келтіре орындады. Шәкірттердің айтқан мадақ-салауаттарына жиналған қауым өз ризашылықтарын білдіріп, үлкендер жағы игі тілекпен ақ батасын берді. Бектұрсын Торғайбайұлы екі дүние саруары, Алла елшісінің дүниеге келіп, күллі адамзат баласына жақсы мен жаманды, халал мен харамды ұғындырып, білім сәулесімен адам жанына шұғылалы шуақ шашқан мәуліт жайлы мағұлмат берді.
Осындай тәрбиелік мәнге ие болған игілікті іс-шара Арқалық қаласына қарасты Фурманов және Молодежный ауылдық мешіттерінде де өткізілді.