Құран Кәрімнің кейінгі ғасырларда ғана ашылып жатқан көптеген ғылыми жетістіктерді осыдан он төрт ғасыр бұрын айтып кетуі көптеген батысшығыс ғалымдарын таңғалдырып, Исламға бас идірген. Міне, бұл – Құранның авторы Мұхаммед (с.ғ.с.) емес, Құранның Алла тарапынан жіберілгендігінің дәлелі. Мысал ретінде бірнеше аят:
• Өсімдіктер де аналық-аталыққа бөлінеді
Өсімдіктердегі аналық-аталық ұрықтарының ғылыми тұрғыдан соңғы ғасырларда ғана зерттелгені бәрімізге мәлім. Ал, Құран мұны он төрт ғасыр бұрын былай деп көрсеткен:
«Жерден өсіп-өнетін барлық өсімдіктерді, өздеріңді және сендердің т.б. білмейтін нәрселеріңді жұп-жұп қылып жаратқан Алла қандай пәк» [1].
• Желдің тозаңдау қызметі
«Хижр» сүресінің «Біз желді тозаңдау үшін жібердік, сөйтіп аспаннан жаңбыр жаудырып, сендерді сусындандырдық…» деген аяты жаңбырдың жаууында, желдің тозаңдандыру қызметін атқаратындығын ашық баяндайды. Жел су буларынан пайда болған бұлттарды бір-бірімен қақтығыстырады. Бұл қақтығыс салдарынан найзағай пайда болады. Жел бұлттарды тығыздап сыққан кезде жерге жаңбыр жауады. Желдің бұлттарды айдап, бір-біріне қосу ісі жоғарыдағы аятта «бұлттарды бір-біріне қосады» деп емес, «тозаңдайды» деп берілуі, шынымен де, назар аударарлық. Яғни, аятта айтылған желдің бұлттарды «тозаңдайды» деуінің астарынан бұлттардың да бейне бір аталық-аналық тәрізді позитив-негатив болып бөлінетіндігін аңғаруға болады. Демек, желдің позитив-негатив бұлттарды бір-бірімен қосып, тығыздауы нәтижесінде жаңбыр жауғызуы оның «тозаңдауы» болмақ.
Тоғызыншы ғасырдың аяғында, яғни осыдан он бір ғасыр бұрын өмір сүрген Ибн Жәрир әт-Табарани атты ғалым жоғарыдағы аятты тәпсірлегенде: «Әуелі жел өсімдіктерді тозаңдайды, сосын бұлттарды тозаңдайды» – деп, желдің өсімдіктерді һәм бұлттарды да тозаңдайтынын айтуы таң қаларлық.
Міне, Құран Кәрім он төрт ғасыр бұрын желдің аналық-аталықтан тұратын өсімдіктерді және позитив-негативті бұлттарды тозаңдандыру қызметін атқаратынын ашық айтып кеткен. Ғылыми тұрғыда кешірек дәлелденген аталмыш табиғат заңдарын 1400 жыл бұрын ешбір адамның білуі мүмкін емес еді. Олай болса, Құран – адам емес, осы заңдарды жаратқан Ұлы Құдіреттің сөзі болмақ.
• Аспан әлемі үнемі кеңеюде
Ең жақын бес-алты галактикадан басқа барлық галактикалар бізден өз қашықтықтарына сай жылдамдықпен тоқтамастан ұзақтап жатқанын 1922 жылы астроном Хабл (HubbIe) зерттеп тапқан болатын. Оның айтуына қарағанда, жарық жылдамдығымен есептегенде, бізден миллион жылдай қашықтықта орналасқан бір жұлдыз бізден жылына 168 км жылдамдықпен, екі миллион жыл ұзақтағы жұлдыз екі есе жылдамдықпен, үш миллион жыл ұзақтықтағы үш есе жылдамдықпен тоқтамастан алыстауда.
Иә, 1922 жылы ғана зерттеп білінген «Bigbang» Үлкен жарылыс» заңын Құран осыдан 1400 жыл бұрын, яғни астрономия ғылымының дамымаған, телескоп сияқты құралдардан мақұрым ғасырда «Аспанды құдіретімізбен біз жараттық және оларды үнемі кеңейтудеміз» [2], – деп анық айтып кетуі күмәнсіз толғанған ақыл иесін Құранға бас идірері сөзсіз.
• Жер – домалақ...
Құранның: «Түнді күндіздің үстіне, күндізді түннің үстіне орайды [3]», – деген аяты жердің шар тәріздес екендігін меңзейді. Араб тілінде «такуир» сөзі домалақ нәрсенің сыртына бір нәрсені орау, байлау деген мағынаны білдіреді. Демек, жер шар тәріздес болғандықтан күн мен түн үшін «орайды» сөзі қолданылып отыр. Күн мен түннің тәулік бойы өзара алма-кезек ауысып отыруы – Жер шары домалақ пішінде болған жағдайда ғана жүзеге асады. Міне, Құран осылайша «такуир» сөзі арқылы Жердің шар тәріздес екендігін білдіруде. «Назиғат» сүресінің отызыншы аяты жер пішінінің аздап сопақтау екендігін: «Содан кейін жерді түйе құсының жұмыртқасы пішініне келтірді [4]» , – деп айқын білдіреді.
Батыс әлемі он алтыншы ғасырдың өзінде жердің домалақ екендігін дәлелдемек болған ғалымдарын инквизиция сотында қаралап, отқа жағу жазасымен қорқытқаны тарихтан белгілі. Батыс әлемі жердің домалақтығын әрі өз осьін және күнді айналып тұрғандығын тек он алтыншы ғасырда таласып-тартысып жатқан кезде Ислам әлемі оны ғылыми тұрғыда он бірінші ғасырларда-ақ анық дәлелдеген әрі мұсылмандар бұған кәміл сенген-ді.
• Жердің айналу бағыты
«Тауларды көріп, оларды тапжылмай тұр деп ойлап қаласың. Ал, олар болса, бұлттардың көшкені тәрізді жылжуда» [5]. Алла Тағаланың адамдар ақиқат аясында өмір сүру үшін шырақ қылып түсірген қасиетті Құранның бұл аятында Жердің тек айналуы ғана емес, сонымен қатар оның айналу бағыты да айтылып кеткен. Қазіргі заман ғылымы қол жеткізген жаңалықтардың бірі – 35 004 000 м биіктіктегі негізгі бұлт жиындарының қозғалыс бағыты әрқашан батыстан шығысқа қарай болатыны. Ауа райын болжау үшін көбінесе батыстағы жағдайға назар аударылуының себебі де осыдан.
Ал, бұлт жиындарының батыстан шығысқа қарай қозғалуының негізгі себебі – Жердің айналу бағыты. Өйткені, жер батыстан шығысқа қарай айналатыны белгілі. Кейіннен белгілі болған бұл ғылыми ақиқат бірнеше ғасыр бұрын қасиетті Құранда айтылып қойғаны керемет емей немене?
• Теңіздердің бірбіріне араласпауы
Зерттеушілердің теңіз суының ерекше қасиетіне байланысты соңғы ғасырда ашқан жаңалықтарының бірі Құранның «Рахман» сүресінде былайша баяндалады:
«Алла Тағала екі теңізді ағызды, олар бір-бірімен қабысады, бірақ араларында перде болғандықтан бір-бірімен араласпайды».
Иә, бір-бірімен қабысып жатса да, сулары араласпайтын теңіздердің жоғарғы аятта айтылған ерекшелігі жақында ғана мұхит зерттеушілері тарапынан Жерорта теңізі мен Атлант мұхитының қабысқан жерінен табылды. Ғасырлар бойы бір-бірімен түйісіп тұрған теңіз суларының тығыздықтарының әр түрлі болуы – екі теңіздің суларын бір-біріне араластырмай, ортада көрінбейтін бір қабырға бардай боп тұрады.
Шынымен-ақ, физика ғылымы, су асты зерттеулері, тығыздық өлшемі сияқты нәрселер әлі адамның үш ұйықтаса түсіне кірмеген дәуірде Құранның бұл ғылыми ақиқатты дөп басып баяндауы ойланған адамға көп нәрсенің бетін ашары сөзсіз.
• Адам баласының дүниеге келуі
Құранның көптеген аяттарында адам баласының дүниеге қалай келетіні, Алланың құдіретімен ана құрсағында жатып қандай даму кезеңдерінен өтетіні туралы жиі-жиі сыр шертіледі. Мысалы «Мүминун» сүресінде: «Расында, біз адамды нағыз (сүзілген) балшықтан жараттық. Сосын оны шәуеттің бір тамшысы күйінде мықты жерге (жатырға) орналастырдық. Сосын ол тамшыны алақаға (жабысқақ ұрықтанған клеткаға) сосын, оны мудғаға (бір тістем ет көрінісіндегі жаратылысқа) сосын мудғаны сүйектерге айналдырдық, сосын сүйектерді етпен қаптадық, сосын, оны басқа бір жаратылыс жасадық. Алла ең керемет Жаратушы [6]», – делінеді. Осы сияқты мұғжизаға толы аяттар Құранда көптеп кездеседі. Мұндай аяттарда VII ғасырда адамдардың білуі мүмкін емес болған ғылыми детальдар жатқанын байқау қиынға соқпайды. Мысал бере кетсек:
1. Адам шәует сұйығының түгелінен емес, тек бір кішкене бөлігінен, яғни аталық клеткадан (спермадан) жаратылатыны,
2. Сәбидің жынысын – аталық ұрық айқындайтыны,
3. Эмбрионның ана құрсағына сүліктей боп жабысып тұратыны,
4. Сәби ана құрсағында 3 қараңғы кеңістік ішінде өсетіні, т.б.
Бұл детальдар 20 ғасырда ғылым мен технологияның шарықтау шегінде ғана айқындалғандығы – адамды Құранға және оны түсіруші Аллаға жақындата түспеуі мүмкін емес, сірә. Енді осыларға тереңірек тоқтала кетелік.
• Шәуеттің бір тамшысы
Аталық клеткалар аналық клеткаға жеткенге дейін бірталай сапар шегетіні белгілі. Бұл сапардың соңында 250 миллион аталық клетканың тек мың шамасындайы ғана аналық клеткаға жетіп, оның ішінде тек біреуі ғана тұз ұсағының жартысындай ғана аналық клеткаға кіреді. Яғни, адамның негізі – шәуеттің түгелі емес, оның тек бір кішкентай бөлшегі ғана. Құранда бұл ақиқат былайша баян етіледі: «Адам баласы өзін (еш сұрақ алынбастан) басы бос қоя берілемін деп ойлай ма? Ол (әу баста) тамызылған бір тамшы шәует емес пе еді?»
• Шәуеттегі қоспа сұйықтар
Шәует сұйығы – тек аталық клеткалардан ғана тұрмайтынын ғылым дәлелдеп отыр. Керісінше, ол бір-бірінен бөлек әртүрлі сұйықтардың қоспасынан тұрады. Бұл сұйықтар аталық клетканың қажет ететін энергияны тасу, аналық клетканың кіре берісіндегі түрлі қышқылдарды нейтралдау, аталық клетканың қозғалысына қажет тайғақ ортаны ыңғайлау сияқты қызметтері бар.
Ақиқат айнасы – Құранда шәуетті қоспа сұйық деп бейнелеп, енді-енді ашылып жатқан ғылыми детальдарға ишарат жасап тұрғаны таңдай қақтырады.
«Біз адамды әр түрлі аралас қоспа шәуеттен жараттық...»
• Сәбидің жынысы
Адамдар көпке дейін сәбидің жынысы аналық клеткалар тарапынан айқындалады деп есептеп келген. Алайда, VII ғасырда түскен Құран Кәрімде бұл мәселе туралы басқаша мағлұмат беріліп, сәбидің жынысы құрсаққа құйылған аталық сперматозоидтан жаратылғаны айтылады: «Алла Тағала ұл мен қызды тамызылған бір тамшы ер кісінің шәуетінен жаратты». Құранда баяндалған бұл деректің растығы генетика мен микробиология ғылымдарының дамуы нәтижесінде дәлелденіп отыр. Жыныс еркектен келетін аталық клетка тарапынан айқындалады, ал әйел ағзасы бұл жерде ешқандай рөл ойнамайды.
• Құрсаққа ілініп тұратын ет
Құран дариясына сүңги түссек, ана құрсағындағы сәбидің даму кезеңдері туралы әлі көптеген деректерге қанығамыз. Аталық клетка мен аналық клетканың бірігуі арқылы құралатын зигота атты жалғыз клетка сол арада бөлініп, өсе бастайды да, бір түйір етке ұқсайды. Алайда, зиготаның бұлайша өсуі бос алаңда мүмкін болмағандықтан, ол ана құрсағына жабысып, ілініп тұрады. Осылайша өзінің өсуі үшін қажетті қоректі ана ағзасынан емуіне де мүмкіндік туады. Талайды таңғалдырған бұл ақиқат Құран аятында былайша баяндалады: «Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды жабысқақ нәрседен (жатырға жабысқан клеткадан) жаратты». [7]
• Сүйектердің бұлшық етпен қапталуы
Ана құрсағындағы сәбидің өсіпжетілуін зерттейтін эмбриология ғылымы – көпке дейін сүйектер мен бұлшық еттер бірге құралады деген қате тұжырымда болып келген еді. Тек технологияның дамуы нәтижесінде ақиқат айғақтарына қол жеткізіліп отыр.
14 ғасыр бұрын, яғни ғылымның дамымаған, микроскоп, УЗИ сияқты құралдардың жоқ кезінде құрсақтағы сәбидің өсіп-жетілу, даму кезеңдерін дөп басып, бүге-шігесіне дейін дәлмедәл айтып кеткен Құранның жаңалықтарын соңғы технологиялардың көмегімен енді ғана тапқан қазіргі эмбриология ғылымы Құранға еріксіз таңқалса, ар-ожданы ояу жандар: «Бұл кітап – Алланың шынайы сөзі» деп иман келтіруде.
• Биікке көтерілген сайын кеуденің қысылуы
Адам баласының өмір сүруі үшін оттегінің қаншалықты маңызды екені айтпаса да белгілі. Біздің дем алуымыз – ауадағы оттегінің өкпемізге кіруін қамтамасыз етеді. Ал, биіктеген сайын жер шарының атмосферасы жұқара түсетіндіктен, атмосфераның қысымы мен қан айналымына түсетін оттегінің мөлшері азая береді. Яғни, дем алу қиындай түседі де, өкпе қысылады. Белгілі бір биіктіктен кейін адам баласы дем ала алмайды. Теңіз деңгейінен 50 007 500 метр биіктіктегі адам дем алудың қиындығынан талып та қалады. Жоғарыға көтерілген сайын оттегінің азая түсетінін қазіргі ғылым соңғы ғасырларда тауып отырса, Құран 1400 жыл бұрын былай деп дөп басып айтып кеткен: «Алла кімді тура жолға салғысы келсе, оның көкірегін Исламға ашады. Ал, кімді адастырғысы келсе, оның көкірегін бейне бір көкке көтеріліп бара жатқандай қысады».
• Жаңбырдағы өлшемділік
Құран Кәрімде жаңбырдың белгілі бір мөлшерде жауатыны туралы былай делінген:
«Алла Тағала көктен белгілі бір мөлшермен су жіберуде. Біз онымен өлі бір өлкеге жан беріп, құлпырттық. Міне, сендер де осылай қайта тірілесіңдер [8]».
Жаңбырға байланысты айтылған бұл мөлшер де технология мен ғылымның дамыған біздің заманымызда табылып отыр. Зерттеулердің нәтижесі бойынша, жер бетінен секундына 16 миллион тонна су буланып ауаға көтеріледі. Бұл мөлшер жылына 505 триллионды құрайды. Дәл осы мөлшер – бір жылда жер бетіне жауатын жаңбырдың да мөлшері екендігі таңдандырады. Яғни, су әрдайым белгілі бір тепе-теңдікте айналып тұрады. Егер бұл тепе-теңдікте өзгеріс туа қалса, әлемде үлкен экологиялық ауытқулар белең алып, тіршіліктің тоқтауына әкеліп соғу да бек мүмкін.
Жаңбырдағы мұндай аса бір шебер өлшем тек оның мөлшерінде ғана емес, сонымен қатар жерге түсу жылдамдығында да байқалады. Жаңбыр бұлттары ең аз дегенде 1200 метр биіктікте болады. Егер де үлкендігі мен салмағы жаңбыр тамшысындай бір зат мұндай биіктіктен құласа, жерге 558 км/сағ жылдамдықпен келіп түсер еді. Алайда, жаңбыр тамшыларының ерекше формасы бұған мұрсат бермейді. Жаңбыр бұлттары – қандай биіктікте болса да, тамшылардың жер бетіне түсетін жылдамдығы орташа алғанда 810 км/сағдан аспайды.
• Атақты батыс-шығыс ғалымдарының Құранға таңғалып, оның Иләһи кітап екендігін мойындап, растауы – ойланғанға ғибрат. Мысалға, C.Харт Құранның Алла тарапынан Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) уахи арқылы жіберілгендігін, Жан Поуль Роул Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ең үлкен мұғжизасының періште арқылы жіберілген Құран Кәрім екендігін, Виктор Имбердес Құранның бүтін заң негіздеріне қайнар көзі бола алатындай бай кітап екендігін, Доктор М. Букайле Құранның көптеген ғылыми жетістіктердің негізін қамтығандығын толық зерттеп және ондағы басқа да ақиқаттарға тәнті болып, мұсылман болғандығын, Родвел Құранды оқыған сайын таңғалатындығын айтса, Гете Бұл кітап (Құран) мәңгілік қуаткүштің қайнар көзі болып қала бермек, Капитан Кусто «Қазіргі ғылымды он төрт ғасыр артқа тастаған Құранға ант етейін, ол – Алланың хақ сөзі» деген. Абай атамыз: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас», – деп Құранның хақ екендігін білдірген.
[1] «Ясин» сүресі, 36-аят
[2] «Зарият» сүресі, 47-аят
[3] «Зүмәр» сүресі, 5-аят
[4] Бұл аяттағы «دَحَاهَا», «дахаһа» сөзінің: төседі, жайды деген мағыналары да бар.
[5] «Нәміл» сүресі, 88-аят
[6] «Муминин» сүресі,12-14- аяттар
[7] «Әлақ» сөзі араб тілінде – ұйыған қан және бір жерге жабысып, ілініп тұрған нәрсе деген мағынаны білдіреді
[8] «Зұхруф» сүресі, 43-аят
Алла Тағаланың шексіз рақымдылығының асыл айғағындай болған, Жаратқанның ең соңғы қасиетті кітабы – Құран Кәрім. Бүкіл мұсылман жұртының жансарайының шуағы мен тіршіліктегі темірқазығына айналған Қасиетті Құран Кәрім 610-жылы Жәбірейіл періште арқылы бүкіл адамзатқа жіберілген соңғы пайғамбар Хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) түсіріле бастады. Құранның алғашқы аяттары Хазіреті Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) 610-жылы Рамазан айында Хира үңгірінде түскені баршамызға белгілі. Алғашқы түскен аят – «Алақ» сүресінің бастапқы 5 аяты еді. Содан бастап 23 жыл ішінде Құранның барлық аяттары рет-ретімен түсіп отырды.
Құран аяттарының түсуінің өзіндік ерекшеліктері бар. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) кейбір аяттар бірде ұзақ болып түссе, бірде қысқа, кейде сүрелер толығымен түсетін. Құран Кәрімге «Құран» деп Алланың өзі атау берген: «Шын мәнінде, ол – ардақты Құран [1]».
«Құран» атауымен қатар, Китаб, Фурқан, Кәләмуллаһ, Хақ секілді атаулар да қолданыста кездеседі. Бұл атаулардың өзін және Құранға қатысты өзге де атауларды Құранның ішінде көптеп кездестіруге болады.
Құран Кәрім – соңғы иләһи кітап әрі алдыңғы иләһи кітаптардың барлығының бір Жаратушы тарапынан түсірілгендігін растайды: «Алладан басқа ешбір Тәңір жоқ. Ол тірі, толық меңгеруші (Мұхаммед (с.ғ.с.) Алладан саған алдындағыны растаушы Құранды шындық бойынша түсірді. Бұның алдында Таурат пен Інжілді түсірді [2]».
Құран аяттары негізінен белгілі бір оқиғаға, яки сұралған сұрақ пен тілек-дұғаларға немесе шешімі қиын кезеңдерде тура жол нұсқап, мәселенің ақиқатын білдіру мақсатында Алла Тағала тарапынан уахи арқылы түсірілген. Сондықтан аяттарға түсініктеме берген кезде міндетті түрде оның түсу себебін (сәбәбу нузул) негізге алып, сол аят тұрғысында жан-жақты терең мағлұматқа ие болу шарт. Онсыз аяттағы айтылған үкім мен мақсат түсініксіз болып, басқа ұғымға қолданылып кетуі әдбен мүмкін. Ал, оның нәтижесі күрделі пікір қайшылықтарының тууына алып келеді.
Ислам тарихын парақтасақ, Алла Тағаланың пайғамбарларды үнемі елдің азғындаған, күпірлік етек алған тұста жібергендігін байқаймыз. Ал, пайғамбарлар болса, ел арасында жайлаған жаңсақ пікірлерді, таралған түрлі қисынсыз әдеттер мен әдепсіздіктерді реттеуде соларға қарсы мұғжизалар көрсетіп, Алланың шексіз құдірет иесі әрі өзінің шынайы пайғамбар екендігін дәлелдеген. Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Әрбір пайғамбарға өз заманындағы адамдарды сендіру үшін бір мұғжиза берілген. Маған мұғжиза ретінде берілген нәрсе, тек Алланың маған уахи еткені ғана [3]», –дейді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Құран аяттарын алғаш үйреткенде жерлестері Құранды келеке етті. Қала берді, Құран аяттарын Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өзі ойдан құрастырып айтады және ондайды біздің ақындарымыз да шығара алады деген сандырақтарға жол берді. Құранға жасалған мұндай әдепсіздікке қарсы Алла Тағала былай деп аят түсірді:
«(Мұхаммед) «Егер адамдар мен жындар осы Құранның ұқсасын келтіруге жиналса, тіпті олар бір-біріне көмекші болса да келтіре алмайды, – деп айт» [4].
«Я болмаса олар: Құранды өзі жасап алды дей ме? Жоқ, олар иман келтірмейді. Ендеше, егер шыншыл болса (сөздерінде тұрса) Құран сияқты бір сөз келтірсін» [5].
Әрине, Алланың айтқан бұл сөзіне арабтар түгіл, күллі әлем жұмылса да Құран аяттарына тең келер ешбір туынды жасай алмасы айдан анық еді. Арабтар бұл мәселеде шарасыздық танытқан соң, Алла Тағала оларға ең болмаса Құранға ұқсас 10 сүре, оған күштері жетпесе, тіпті болмағанда 1 сүре құрастырыңдар, құдіреттеріңді көрейін деп талап қояды:
«Немесе олар: Құранды өзі жасады дей ме? (Мұхаммед (с.ғ.с.) оларға: Егер айтқандарың шын болса, Алладан өзге көмекке шақыра алатындарыңды шақырыңдар да, ол сияқты жасама он сүре келтіріңдер деп айт [6]» .
«Егер құлымызға түсіргенімізден күдіктенсеңдер, онда сендер де соған ұқсас бір сүре келтіріңдер, Алладан өзге көмекшілеріңді де шақырыңдар, егер сөздерің рас болса. Егер оны істемесеңдер, (әзір келтірмесеңдер, келешекте) сірә, істей алмайсыңдар. Ендеше, отыны адамдар, тастардан болып кәпірлер үшін әзірленген оттан қорқыңдар!» [7] .
Құран – адамзат тарихында өзінің мұғжизалығымен тыңдаушыны баурап алатын бірден-бір баға жетпес кітап. Сөзі мен мағынасының байлығы оның тек қана Жаратушыдан екендігін толықтай айғақтайды. Мысалы, Мекке мүшріктері Хазіреті Мұхаммедті (с.ғ.с.) өлтірмек болып шешім қабылдағанда Омар (р.а.): «Мұхаммедті (с.ғ.с.) мен-ақ өлтіремін. Елдің бірлігі үшін ешқандай ақы да алмаймын», – дейді. Бірақ, жаны жайсаң Омар «Таһа» сүресін оқығанда, оның адам сөзі болуы мүмкін емес екендігін еріксіз мойындап, бірден иман келтіреді.
Жоғарыда Құран 23 жыл ішінде түрлі оқиғалар, сұрақтар мен қажеттіліктерге сәйкес түсіп отырды дедік. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүниеден қайтқанға дейін Құран аяттары түсіп отырғандықтан оның бір кітап болып жинақталу мүмкіндігі болмады. Себебі, сүренің аяқталғанын немесе аяқталмағандығын Пайғамбарымыздың өзі де білмеді. Ол (с.ғ.с.) Алла Тағаладан келген уахиді өзінің уахи жазушыларына айтып, бірден қаламға алдыратын. Түскен аяттардың қай сүреге тиесілі екендігін де айтып беретін. Дегенмен, Құранның Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кезінде кітапқа жинақталмауының өзіндік себебі бар. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) уахи хатшыларының қатарынан Хазіреті Зәйд ибн Сабит, Муаз ибн Жәбәл, Убей ибн Қағб, Әбу Зәйд, Әду Дарда, Абдуллаһ ибн Мәсғуд, Али ибн Әбу Тәліб және Хазіреті Осман секілді сахабаларды ерекше атап өтуге болады.
Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) әр жылы рамазан айында Жәбірейіл келіп, сол уақытқа дейін Құраннан түсіргендерін бастан-аяқ қайталап хатым еттіретін. Ал, сахабалар болса, жаңа түскен аяттарды яки толықтай сүрелерді тез жазып әрі ізін суытпай жаттап алатын.
Пайғамбар (с.ғ.с.) дүниеден өткен соң кейбір сахабалар Құранды кітап ретінде топтастыру қажеттігін сезініп, өз беттерінше аяттарды жинақтауға көшеді. Мысалы, бұл тұрғыда Хазіреті Абдуллаһ ибн Мәсғуд, Убей ибн Қағб, Хазіреті Әлидің жинақтаған нұсқаларын айтуға болады. Алайда, бұл нұсқалар қазіргі Құран тәртібінің реттілігімен құрылмаған болатын.
Хазіреті Әбу Бәкір (р.а.) 632 жылы халифа болған кезінде кейбір араб тайпалары халифаға бағынбау әрекеттеріне көшеді. Мұнымен қоса, дәл сол кезде төрт бірдей жалған пайғамбарлар шығып, олармен кішігірім соғыстар жүрді. Осы соғыстардың ішіндегі ең ауыр шайқас жалған пайғамбар Мусәйлиматул Каззабпен болған Ямама шайқасы еді. Міне, осы шайқаста 70 қари шаһид болғандықтан, шайқастан кейін Омарды (р.а.) Құран мәселесі қатты мазалайды. Осылайша, ол ойын Әбу Бәкірге (р.а.) жеткізеді. Бірақ, Әбу Бәкір (р.а.) Пайғамбардың (с.ғ.с.) өзінің мұндай іске бармағандығын айтып, Құранды жинақтау ісіне бірден келісе қоймайды. Омар (р.а.)бұл істің жақсылықтан басқа әкелер пайдасының болмайтындығына ант ішіп, түсіндіреді де, Әбу Бәкірді (р.а.) бұл іске көндіреді. Осыдан соң Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) уахи хатшысы, алғыр қари Зәйд ибн Сабитке (р.а.) Құранды жинақтау жұмысы тапсырылады. Зәйд ибн Сабит (р.а.) бастаған алқа мүшелері Құранды жинақтауға көшеді. Сол кезде Құран аяттары негізінен құрма жапырақтарына, тастарға, маталарға, сүйектерге жазылған еді.
Зәйд ибн Сабит (р.а.) Құран аяттарын жинақтауда сахабаларға мынадай шарт қойды: 1.Құран аяттары тек жаттап алған, яғни ауызша үлгіде ғана емес, сонымен бірге жазбаша парақшаларын да қоса алып келу және салыстыру; 2. Парақшаларды Пайғамбардың (с.ғ.с.) құзырында жазып алғанын көрген екі куәгер болуы тиіс. Басқалай жағдайда аяттардың ол түрлері қабылданбайды. Осындай қатаң талаптармен жиналған Құран аяттары бір кітап күйіне келтіріліп, халифа Әбу Бәкірдің (р.а.) өзіне тапсырылады. Бұл жинақтау жұмысы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүниеден озғаннан кейін, араға алты ай салып барып іске асқан болатын.
[1] «Уақиға» сүресі, 77-аят
[2] «Әли Имран» сүресі, 2-3-аяттар
[3] Бухари, Иғтисам -1
[4] «Исра» сүресі, 88-аят
[5] «Тур» сүресі, 33-34 аяттар
[6] «Һуд» сүресі, 13-аят
[7] «Бақара» сүресі, 23-24 аяттар
Жалпы жаратылыс, мына болмыс әлемі адам баласына Ұлы Жаратушыны танытар алып кітап ретінде жаратылса, пайғамбарларға уахи арқылы жеткен барлық парақтар мен кітаптар да Ұлы Құдіретті қатесіз тануымыз үшін жіберілген. Сондай-ақ, адамзатқа мына дүниедегі негізгі міндетін түсіндіріп, ақ-қараның ара-жігін айқындап, екі дүниенің бақытын сыйлау үшін түсірілген. Міне, Алла Тағала тарапынан келген барлық осы кітаптарға сену – Ислам дінінде иманның негіздерінен саналады. Құранда: «Кімде-кім Аллаға және Оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына және ақырет күніне иман келтірмесе, қатты адасады... [1]», – делінген.
Ұлы Жаратушымыз әртүрлі мекендер мен уақыттарда түрлі-түрлі қауымдарға өзінің бұйрықтары мен тыйымдарын қамтыған және сол қоғамның сана деңгейіне сай керекті мәліметтерді жеткізетін, жеке тұлғалық, қоғамдық проблемаларының шешімдерін баяндап, өз араларында әділдікті орнататын парақтар мен кітаптар жіберген. Парақтардың нақты саны бізге беймәлім. Ал, Құран Кәрімде білдірілген жалпы кітаптың саны төртеу: Зәбур, Тәурат, Інжіл, Құран. Біз, мұсылмандар, бұл төрт кітаптың барлығының Алла тарапынан адам баласына тура жолды көрсету үшін жіберілгендігіне кәміл сенеміз. Алайда, соңғы кітап Құранның алдындағы үш кітап заман өте келе адамдар тарапынан әртүрлі әдейі өзгертулер мен бұрмалауға ұшырағандықтан, оларды негізге алып амал етпейміз. Құран түскеннен кейін өзге кітаптар негізге алынбайды.
1. Зәбур. Бұл кітапты Алла Тағала Дәуітке (ғ.с.) түсірген. Зәбур арапша «кітап» деген мағынаны білдіреді. Құран Кәрімде: «Біз Дәуітке Зәбурді бердік [2]», – делінген. Құранда Зәбур жайлы Тәурат және Інжілге қарағанда өте аз мағлұмат білдірілген. Еврейлердің Дәуіттің (ғ.с.) пайғамбарлық қасиетіне көлеңке түсіріп, ар-намысын кірлететін әйелдерге байланысты айтылған әртүрлі әңгімелері дұрыс емес. Себебі, барлық пайғамбарлар күнәнің кішісінен де, үлкенінен де Ұлы Жаратушы тарапынан қорғалған. Яһудилер, көбінесе, Дәуітке (ғ.с.) патша ретінде қарайды. Ал, мұсылмандар патша әрі пайғамбар ретінде біледі.
2. Тәурат. Мұса пайғамбарға түскен кітап. Тәурат иврит тілінде «заң, ережеқағида, шариғат» деген мағыналарды білдіреді. Құранда: «Ішінде адамдарға тура жол және нұрды қамтыған Тәуратты біз жібердік [3]», – делінген. Тәураттың қазіргі таңда танымал үш түрлі нұсқасы бар. Бұл үш нұсқада айтылған көптеген ереже-қағида, хабарлардың бір-бірімен сәйкес келмеуі – Тәураттың адамдар тарапынан қатты өзгертілгендігінің айғағы.
3. Інжіл. Исаға (ғ.с.) түскен кітап. Інжіл «сүйінші, тағылым» деген мағыналарды білдіреді. Құранда: «Біз пайғамбарлардың артынан Мәриям ұлы Исаны өзінен бұрын түскен Тәуратты растаушы етіп жібердік. Оған (Исаға): Өзінен бұрын Түскен Тәуратты растаушы ретінде әрі тақуаларға тура жол мен насихат болсын деп ішінде тура жол және нұрды қамтыған Інжілді бердік [4]», – делінеді.
Қазіргі таңда Інжілдің Алла Тағала тарапынан түскен түпнұсқасы жоқ. Христиандардың қолында «Жаңа хабар» атты кейіннен адамдар тарапынан құрастырылып жазылған әр түрлі кітаптар бар. Бұлардың төртеуі де «Інжіл» делінеді. Бұл Інжілдер Иса (ғ.с.) дүниеге келген соң 325 жылдан кейін халық арасында кеңінен тараған, бір-біріне қарама-қайшы пікірлерге толы Інжілдің көптеген нұсқасынан таңдалып, құрастырылған. «Матта», «Маркос», «Лука», «Югонна» делінген адамдардың атымен аталатын бұл төрт Інжілдің ішіндегі баяндалатын оқиғалар, көбінесе, бірбірімен сәйкес келе бермейді. Бірінде харам делінген нәрсе екінші бірінде адал болып жатады. Бұған қоса Інжілдің бізге дейін келіп жету жолдарының дұрыстығы мен сенімділігі тұрғысынан да қасиетті Құранмен, тіпті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерімен салыстыруға тұрмайды.
4. Құран. Құран араб тілінде «көп оқылатын кітап» деген мағынаны білдіреді. Құран – Ұлы Жаратушының ақыретке дейін келіп-кетер барша адамзатқа тура жолды көрсету үшін соңғы пайғамбар Мұхаммедке (с.ғ.с.) уахи арқылы түсірілген, оқылуының өзі ғибадат саналатын мәңгілік иләһи кітап. Құран – өзіне дейінгі түскен барлық парақтар мен кітаптардың мазмұнын қамтыған. Құран – санасы қанша жетілсе де ақыретке дейінгі келетін күллі адамзаттың барлық рухани әрі заттық сұраныстарына жауап беретін, жеке тұлғалық, қоғамдық әрі әлемдік барлық проблемаларына қатесіз толық шешім беретін, адамның санасы жете бермейтін көмескі әлемді суреттеп, беймәлім сырларды ашатын, екі дүниенің бақытын көрсетіп, ақ пен қараның ара-жігін ажыратып, өзіне сеніп, шырақ тұтқан жандарды рухани кемелдікке тәрбиелейтін Ұлы Жаратушы тарапынан жіберілген қасиетті соңғы кітап.
[1] «Ниса» сүресі, 136-аят
[2] «Исра» сүресі, 55-аят
[3] «Мәида» сүресі, 44-аят
[4] «Мәида» сүресі, 46-аят
Әрине, періште мәселесі айтылған жерде еріксіз «Періштелердің саны бар ма екен?» деген сауалдың туындайтыны белгілі. Асылында, періштелердің саны жайлы аят пен хадисте ешқандай мәлімет жоқ. Бірақ, олардың саны өте көп екендігі басы ашық мәселе. Ғалымдарымыздың айтуы бойынша, періштелердің көптігі соншалық, әрбір жер бетіне түскен жаңбыр мен қар түйіршіктерінің жеке-жеке өз періштелері болады. Енді осыдан-ақ олардың сансыз көптігі тұрғысында қорытынды шығаруға әбден болар. Асылында, біз үшін періштенің санынан гөрі, олардың барлығына деген сенімнің мол болғаны абзал.
Алла Тағала періштелерді жаратқаннан соң оларға түрлі қызметтер жүктеген. Ол қызметтерді жердегі, көктегі және арштағы деп үш топқа бөліп қарастыруға болады. Осы жіктемеге сай періштелердің өзін де төмендегідей реттілікпен сипаттап шығамыз:
1. Жәбірейіл періште. Пайғамбарларға уахи мен қасиетті кітаптарды әкелуші ең үлкен періштелердің бірі. Жәбірейіл сөзінің мағынасы негізінен «Алланың құлы, Алланың күші» деген ұғымға саяды. Олай болса, Жәбірейілді ең ұлы мақамның төріндегі періште ретінде танимыз. Келтірілген аят та осыны растайды: «Негізінен Құран әрине, бір ардақты Елшінің сөзі. Ол күшті Елші, ғаршының иесінің қасында беделді [1]». Құран Кәрімде Жәбірейіл періште бірнеше атымен аталады. Мысалы: «Рухул қудс [2]», «Рух [3]», «Расули Карим [4]», «Жибрил [5]» және «Рухул Әмин [6]». Жәбірейіл (ғ.с.) періштелердің ең ұлығы, ең үлкені және Алла Тағалаға ең жақыны болғандықтан, ол «Сәйидул-Мәләикә» (періштелердің құрметтісі) деген абыройлы есіммен аталады.
Микайл періште. Төрт үлкен періштенің бірі Микайлдың (ғ.с.) қызметі жер бетіндегі мақлұқаттар мен тіршілік атаулының ырыс-несібесі мен ауру, шипа, рахмет, берекет секілді жайттарды адамдарға жеткізу.
Исрафил періште. Исрафилдың (ғ.с.) қызметі – сүрді (сырнай) үрлеу. Ақырзаман болғанда Исрафил сүрді бірінші үрлегенде, аспан мен жердегі бүкіл тіршілік атаулы қиямет қайымның басталуымен тіршілігін тоқтатады, яғни өледі. Ал, екінші рет үрлегенде, қайта тіріліп, қабірлерінен шығады да махшар алаңына жиналады.
Әзірейіл періште. Үлкен періштелердің төртіншісі Әзірейілдің қызметі – тіршілік атаулының жанын алу. Сондықтан оны «Мәләкулмәут – өлім періштесі» деп атайды.
Кирамән катибин. Әрбір адамның бұл дүниеде істеген ісін айна-қатесіз жазып отыратын екі періштеге берілген есім. Бірі – пенденің (оң жағында) жақсылығын жазса, екіншісі (сол жағындағысы) жамандығын жазады. Адамның жасаған титтей жақсылығы мен жамандықтары түгелімен осы екі ардақты періште арқылы жазылып, ақыретте әрбір жанның амал дәптерінде сол қалпында алдынан шықпақ: «Оның оңынан да, солынан да екі байқаушы отырады. Аузынан бір сөз шықса болды, алдында аңдушы дайын [7]».
Мункәр мен Нәкир періштелері. Бұл екі періште дүниеде дәм-тұзы бітіп, қабірге барған адамнан сұрақ алу қызметін атқарады. Өлген адам қабірге қойылған соң, оған жан беріліп, қайта тірілген соң осы екі періште оған сұрақтар қояды. Сұралатын сауалдар негізінен: Раббың кім? Пайғамбарың кім? Дінің не? және т.б. осы тақырыптың төңірегінде болып келеді. Дұрыс жауап бергенге қабір сыйы, бұрыс жауап бергенге қабір азабы беріледі. Мүнкәр-Нәкир «бейтаныс, бөтен» деген мағыналарды білдіреді. Қабірдегі адамға бұрын-соңды көрмеген кейіпте, бейтаныс көрінетіндіктен осы атпен аталған.
Хәмәләй арш – Алланың жаратқан нәрселерінің ең үлкені Аршты тасушы 8 періштеге берілген есім. Бұлар жайында аятта былай дейді: «Періште көктің айналасында болады. Сондай-ақ, Раббыңның аршысын сегіз періште үстеріне көтереді [8]». Бұл сегіз періштеден басқа көптеген періштелер арштың айналасында болатындығы мына аятта айтылған: «Сондай ғаршыны көтерген және оның маңындағы періштелер, Раббыларын мақтаумен дәріптейді. Оған сенеді [9]». Арштың айналасындағы періштелердің нақты санын Алла ғана біледі.
8. Хафаза періштелері. Әрбір адамның қорғаушы періштелері болады. Міне, сол періштелерді хафаза (қорғаушы) періштелері деп атайды. Аятта: «Әркімнің алдынан, артынан Алланың әмірі бойынша, өкшелеп, қорғаушы (періштелер) бар [10]», – дейді. Кейбір деректер бойынша, әрбір адамды бақылап жүретін 384 [11] немесе 360 періште болады. Бұның мәнісі адам баласының бүкіл жаратылыс ішіндегі ең кәміл, әрі тамаша етіп жаратылған тіршілік иесі екендігімен байланысты [12].
Хадистерде айтылғандай, 360 періште әрбір мүмінді, әсіресеі қарттар мен сәбилерді қорғап жүреді. Әлбетте, осы айтылған 360 періштенің әрбірінің өзіндік міндеттері бар [13]. Адамға тура жолды нұсқап, мүмін пенде үшін дұға әрі истиғфар ететін, кәпірлердің жүрегіне үрей салатын, ғибадат, зікір және ілім мәжілістеріне қатысатын, таң және екінті намаздарында жамағатпен бірге сап құратын, Құран аяттары мен жұма күндері айтылған салауаттарды тыңдайтын, намаз оқитын, әттахиятта шахадат сөзін бірге ілесіп оқитын, мұсылмандармен сәлемдесетін т.б. түрлі қызметтерді атқаратын періштелер бар.
9. Жәннәт пен жәһәннамды бақылаушы періштелер. Жәннәт пен жәһәннамда арнайы бақылаушы періштелер болады. Жәннәт періштелерінің саны да өте көп. Олар жәннәтқа кірген мүміндерге қызмет етеді және олармен бірге болады. «Зумәр» сүресінде: «Оларға оның сақшылары: «Сендерге сәлем, қош келдіңдер, жәннәтқа мәңгі қалатын түрде кіріңдер», – дейді», – деген айқын мағлұматтар бар. Жәннәттағы періштелердің басшысын «Ридуан» деп атайды.
Ал, жәһәннамдағы зәбани періштелер кәпірлерді азаптау қызметімен айналысады. Олардың арасындағы басшыларын «Малик» деп атайды. Құранда жәһәннам періштелерінің қызметтері жайлы аяттар да жеткілікті: «Әй, мүміндер! Өздеріңді әрі үй-іштеріңді отыны адамдар мен тастардан болған оттан қорғаңдар. Оның басындағы періштелер ірі денелі, қатал. Олар Алланың өздеріне берген әмірлеріне қарсы келмейді. Не бұйырса, соны орындайды [14]»; «Ол тозақтың не екенін сен білесің бе? Кейін қалдырмайды да шала тастамайды. Ол адам терісін өртеп кетеді. Оған он тоғыз (періште) қарайды. Тозақтың күзетшілерін періштелерден ғана тағайындадық. Кәпірлерді сынау мақсатымен олардың санын дәл белгіледік [15]».
Жәһәннам періштелері тозаққа кірген кәпірді сұрақтың астына алатыны Құран Кәрімде былайша баян етіледі: «Қарсы келгендер топ-топ тозаққа айдалады.Сондай-ақ, оған барғандарында, оның есіктері ашылады. Оларға оның күзетшілері: «Сендерге іштеріңнен өздеріңе Раббыларыңның аяттарын оқитын және бұл күнге жолығатындарыңды ескертетін елшілер келмеді ме?» – дейді. Олар: «Әрине, келді. Бірақ азап үкімі қарсы болушыларға шындыққа айналды», – дейді [16]».
Муқаррабун – Алла Тағалаға ең жақын әрі ең ұлық періштелердің есімі. Олар жайында аятта былай дейді: «Иса да, Аллаға жақын періштелер де Аллаға құл болудан әсте арланбайды [17]».
Адамның жүрегіне ақиқат пен шындықты толтырып, кейін өзіне аян беретін періштелердің бар екендігін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде айтып өтеді: «Адам баласына әрі шайтанның азғыруы, әрі періштенің аяны бар. Шайтанның азғыруы –жамандықпен қорқытып, шындықты өтірік ету. Періштенің аяны – жақсылықты өсиет ету мен шындықты растау. Ішкі дүниесінде осындай бір нәрсе сезген кісі, оның Алладан екендігін білсін. Егер керісінше болса, шайтаннан сақтану үшін Аллаға сиынсын» [18].
Муминдер үшін дұға ететін періштелер бар. Аятта: «Сондай-ақ, иман келтіргендер үшін (періштелер): «Раббымыз! Мәрхаметің, білімің әр нәрсені сыйдырып, ішіне алған. Сондықтан тәубе етіп жолыңа түскендерді жарылқа! Әрі оларды тозақтан сақтай көр!», – деп тілейді [19]».
Намаз оқыған кезде «Фатиха» сүресін тәмәмдаған соң «әмин» деп айтатын арнайы періштелер бар. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Имам әмин деген кезде, сіз де әмин деңіз. Өйткені, кімнің әмин деуі періштелердің әмин деуіне сәйкес келетін болса, оның өткен күнәлары кешіріледі [20]», – дегені де бұған бірденбір дәлел бола алады.
[1] «Тәкуир» сүресі, 19-аят
[2] «Бақара» сүресі, 87-аят; «Нахыл» сүресі, 102-аят
[3] «Мариям» сүресі, 17-аят; «Қадір» сүресі, 4-аят
[4] «Тәкуир» сүресі, 19-аят
[5] «Бақара» сүресі, 97-аят; «Тахрим» сүресі, 4-аят
[6] «Шуғара» сүресі, 193-аят
[7] «Қаф» сүресі, 17-18-аяттар
[8] «Хаққа» сүресі, 17-аят
[9] «Ғафыр» сүресі, 7-аят
[10] «Рағыд» сүресі, 11-аят
[11] Мухтасар илмихал, Истанбул, Фазилет баспасы, 9-бет.
[12] М. Абдулфеттах Шахин, Инанжын гөлгесинде, Измир, 1992, 1-том, 124,141-бет.
[13] М. Абдулфеттах Шахин, ж.к.е., 1-том, 141-бет
[14] «Тахрим» сүресі, 6-аят
[15] «Муддәсир» сүресі, 27-31-аяттар
[16] «Зүмәр» сүресі, 71-аят
[17] «Ниса» сүресі, 172-аят
[18] Тирмизи, Тәфсир – 3, 2988 х
[19] «Ғафыр» сүресі, 7-аят
[20] Бухари, Азан 111; Муслим, Салат72; Тирмизи, Салат 71
Періштелер нұрдан жаратылғандықтан, сол жаратылысына тән өзіндік ерекшеліктерге ие. Олардың бұл ерекшеліктерін төмендегідей реттілікпен жүйелеп көрсетуге болады:
1. Періштелер – нұрдан жаратылған көзге көрінбейтін тіршілік иесі. Олар ішу, жеу, жынысқа бөліну, үйлену, ұйықтау, шаршау, жалығу, жас, кәрі болып бөліну секілді адамзатқа тән сипаттан ада. Олар Аллаға құлшылық ету ісінде ешқандай шаршау дегенді білмейді, толассыз құлшылық ете береді. Құранда бұл жайында: «Көктер мен жердегілер Алланікі.Оныңқасындағылар Оған құлшылық қылудан дандайсымайды да шаршамайды. Олар күндіз-түні Алланы дәріптеуден (тасбих айтудан) жалықпайды» [1], –дейді.
2. Періштелер Аллаға ешқашан қарсы келмейді. Тек Алланың әмірлерін бұлжытпай орындайды да, қандай мақсат үшін жаратылған болса, соны ғана істейді. Үнемі Алланы дәріптеумен, мадақтаумен, тасбих айтумен болады. Періштелердің бұл кейпін Құран аяттары анық түрде біздерге білдіреді. Аяттарда былай дейді: «Өздерінен үстем болған Раббыларынан қорқады. Әрі берілген бұйрықтарды орындайды» [2].
«Періштелер Алланың өздеріне берген әмірлеріне қарсы келмейді. Не бұйырылса, соны орындайды» [3]
3. Періштелер қанатты болғандықтан өте жылдам әрекет етеді. Күш-қуаттарының молдығы сондай, олардың күші жетпейтін нәрсе жоқ. Жылдамдықтары біздің қиялымызға келмейтіндей дәрежеде өте жылдам, аспан мен жерді бір сәт ішінде аралап шығатындай қабілетке ие. Бірақ, олардың аталмыш ерекшеліктері әркез Алла Тағаланың рұқсатымен ғана жүзеге асады. Осы айтылған ерекшеліктер төмендегі аяттан да белгілі болып отыр: «Көктерді және жасаған сондай-ақ, екі-үш және төрт қанатты періштелер ді елші қылған Аллаға барлық мақтау лайық. Ол жаратуда қалағанын арттырады. Күдіксіз Алланың әр нәрсеге толық күші жетуші» [4].
Аятта періштелердің қанаты болатындығы айтылады. Сондықтан да мұсылман кісі үшін періштелердің қанаты болатындығына сенуі парыз. Ал, періштелердің қанатының қандай екендігін оларды жаратқан Алла Тағала мен періштені өз бейнесінде көрген пайғамбарлар ғана біледі. Періштелердің қанаттарының әртүрлі болуы олардың Алланың әмірлерін орындау барысындағы жылдамдығы мен Алла құзырындағы дәрежелеріне байланысты [5].
«Көкті төңіректеп періштелер ұшып жүреді. Раббының аршысын сегіз періште (төбелеріне) көтеріп тұрады» [6]. Алланың жаратқандарының ішіндегі ең үлкені – Арш. Міне, осыншама үлкен нәрсені қияметке дейін 8 періште көтеріп жүретін болса, олардың қаншалықты алып екенін және де орасан зор күшке ие екенін көзге елестету де, ойлау да мүмкін емес.
Періштелер әп-сәтте өте ұзақ қашықтықтағы бір мекенге барып-келу қабілетіне ие. Шамамен айтсақ, періштелердің жылдамдығын жарық сәулесіне теңеуге болады. Мәселен, жарық сәулесінің жылдамдығы 1 секундта 300 000 шақырым делік. Сол секілді періштелер де 1 секундта 300 000 шақырым, бәлкім одан да жылдам қозғалар. Ал, жер шарының диаметрі 40 000 шақырым екенін ескерсек, періште көзді ашып-жұмғанша жер шарын 7 рет айналып шығу қабілетіне ие болып шығады. Дегенмен, періштенің көкке шығуы, түсуі адамдардың әрекетіне ұқсамайды. Олар осыншама жылдам бола тұрып, кейбір мекенге жету үшін бір күндік уақыт жұмсайды: «Ол жоғары орынға періштелер және Жәбірейіл бір күнде шығады. Оның қашықтығы (жер өлшемімен) 50 000 жылдық [7]».
4. Періштелер Алланың әмірі мен рұқсаты бойынша түрлі бейнеге өте алады. Мәселен, Жәбірейл Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) уахи әкелгенде кейде Дихя есіміндегі сахабаның бейнесінде келген. Сонымен қоса, ешкім танымайтын өзге де кейіпте келетін кездері де болған. Құранның мазмұндық желісіне сүйенсек, періштелер Алланың әмірі бойынша адам бейнесінде Хазіреті Мариям анаға, Ибраһим (ғ.с.) және Лұтқа (ғ.с.) келген.
Мариям анаға Алла Иса пайғамбарды әкесіз туылатындығын білдіру үшін Жәбірейілді адам бейнесінде жібереді: «(Мұхаммед(с.а.у.) Құрандағы Мариямды айтып бер. Сол уақытта ол тұрған үйінің шығыс жағындағы бір орынға некеленіп барды. Сонда олардың бер жағынан шымылдық ұстап қойған еді. Сондай-ақ,оған рухымызды (Жәбірейлді) жібердік те, ол оған толық адам бейнесінде көрінді. (Мариям): «Егер сен тақуа болсаң да, сенен Аллаға сиынамын», – деді. (Рух): «Мен сағанбір таза бала беруге жіберілген Раббыңның елшісімін», – деді» [8].
Ал, Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарға келген періште оған ұлды болатындығын білдіріп сүйіншілейді. Хазіреті Ибрахим пайғамбар (ғ.с.) әдепкіде оларды құдайы қонаққа балап, ас дайындайды. Аятта бұл мәселе былайша баян етіледі: «Расында, елшілеріміз (періштелер) Ибраһимге хош хабар мен сәлем берді. Ибраһим олардың сәлемін алып, сонда дереу пісірілген бұзауәкелді. Ибраһим олардың қолдарын тигізбегенін көріп, оларды жатырқады да олардың бұл әрекетін жақтырмады. Олар: «Қорықпа! Расында, біз Лұт қауымына жіберілдік», – деді» [9].
Періштелердің ең басты ерекшелігі – олардың көзге көрінбейтіндігі. Періштелердің көзге көрінбеуі олардың нұрдан жаратылу ерекшелігі мен біздің оларды көруге қабілетіміздің жетпейтіндігін білдіреді. Егер Алла бізге толықтай кәміл көру қабілетін беретін болса, онда біз періштені де, қала берді шайтанды да көрер едік. Бірақ, бұл Алланың заңдылығынаүйлеспейді. Асылында, періштелерді тек пайғамбарлар ғана өз бейнесінде көре алады.
Періштелер ғайыпты, яғни келешекті білмейді. Себебі, ғайып тек Алла Тағалаға ғана аян. Ал, періштелердің тек Алланың үйреткен нәрселерін ғана біле алатындығы аятта анық айтылған: «Алла Адамға (ғ.с.) атауларды тегіс үйретті де сонан соң оларды періштелерге көрсетіп: «Айтқандарың рас болса, Маған осы нәрселердің аттарын айтып беріңдер», – деді. Періштелер: «Сен пәксің! Біз Сенің үйреткеніңнен басқа білеріміз жоқ. Әрине, Сен толық білуші, өте данасың», – деді» [10].
Ал, мына аят ғайыпты, яғни келешекті Алладан басқа ешкімнің білмейтіндігін паш етеді: «Ғайыптың кілттері Оның жанында. Оны Ол өзі ғана біледі» [11]. «Көктер мен жердегі көместі (ғайыпты) Алладан басқа ешкім білмейді» [12].
[1] «Әнбия» сүресі, 19-20-аяттар
[2] «Нахыл» сүресі, 50-аят
[3] «Тахрим» сүресі, 6-аят
[4] «Фатыр» сүресі, 1-аят
[5] Сайил Сабиқ, Әл-Ақаидул-Исламия, Бәйрут, 115-бет
[6] «Хаққа» сүресі, 17-аят
[7] «Мағариж» сүресі, 4-аят
[8] «Мариям» сүресі, 16-19-аяттар
[9] «Худ» сүресі, 69-70-аяттар
[10] «Бақара» сүресі, 31-32-аяттар
[11] «Әнғам» сүресі, 59-аят
[12] «Нәміл» сүресі, 65-аят
Періштелерге сену – иман шарттарының басты қағидаларының бірі. Себебі, періштеге иман келтіру, алдымен уахиге, пайғамбардың хақ екендігіне, пайғамбардың әкелген кітабына, оның жеткізген діни үкімі мен тыйымдарына сену деген сөз. Ал, періштеге сенбеу – осы айтылғандардың бәрін қабыл етпеумен тең. Бүкіл діни үкімдер періште арқылы пайғамбарларға жеткізілетіндіктен, періштелерге иман – Алла Тағалаға иманнан кейінгі кезекте өте маңызды рөлге ие. Құран періштелерге иман етудің парыз екендігін білдіреді және періштелердің бар екендігі мен олардың нендей жаратылыс екендігін де айтып өтеді. Періштелерге иман етудің парыздығы мына аяттарда білдірілген: «Пайғамбар өзіне Раббы тарапынан түсірілгенге иман келтірді. Мүміндер де барлығы Аллаға, періштелерге, кітаптарға және пайғамбарларға иман келтірді» [1].
«Кім Аллаға, ақырет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе... міне, солар – шыншылдар әрі солар тақуалар» [2].
Періштелерге иман келтіру Алла Тағала мен Оның елшісінің әмірі болғандықтан қандай да бір періштені қабыл етпеу не қарсы шығу шариғат үкімі бойынша күпірлік болып саналады. Құран Кәрімде бұл мәселеде айқын белгілер бар: «Кім Аллаға, періштелеріне, елшілеріне, сондай-ақ, Жәбірейл, Микайлге дұшпан болса, әлбетте Алла кәпірлерге дұшпан» [3].
Негізінде, біз періштелерді сезім мүшелерімізбен ажырата алмаймыз. Себебі, олар – көзге көрінбейтін нұрдан жаратылған рухани жан иелері. Періштелер жайындағы мәліметтердің қайнар көзі де Құран аяттары мен пайғамбар хадистері ғана.Асылында, періштелердің көрінбеуі – оларды көруге біздің қабілетіміздің жетпейтіндігін білдіреді. Сондықтан да мұсылманның міндеті періштеге, оның бар екендігіне (аят пен хадисте айтылған ерекшеліктеріне) сенумен шектеліп, олардың қандай екендігі, заты, болмысы аса қызықтырмағаны абзал.
Құранның баяндауына қарағанда періштелер адамнан бұрын жаратылған. Себебі, қасиетті кітабымызда Алла Тағала періштелерге Адам атаны жарататындығын және оны жер бетінде халифа етіп дүниеге әкелетінін айтады. Бұл адамзат жаратылмастан бұрын періштелердің бар екендігін білдіреді. Аятта бұл мәселе жайында былай дейді: «Сол уақытта Раббың періштелерге: «Әрине, мен жерде бір орынбасар жаратамын!» – деген еді. Періштелер: «Онда бұзақылық істеп, қан төгетін біреу жаратасың ба? Негізінен біз Сені дәріптеп, мақтау мен пәктеудеміз», – деді. Алла: «Мен сендердің білмегендеріңді жақсы білемін», – деді» [4].
Періштелердің неден жаратылғандығы жайында Құран Кәрімде ешқандай мәлімет келтірілмейді. Айша анамыздан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) періштелердің нұрдан жаратылғандығын жеткізеді: «Періштелер нұрдан, жындар жалындаған оттан, Адам болса топырақтан жаратылған [5]».
[1] «Бақара» сүресі, 285-аят
[2] «Бақара» сүресі,177-аят
[3] «Бақара» сүресі, 98-аят
[4] «Бақара» сүресі, 30-аят
[5] Муслим, Зухд – 10; Ахмед Ханбал, Муснад VI, 168)