1. الله Алла – Оның (Алла Тағаланың) бар екендігі және Оның иләһи сипаттарын білдіретін есім. Раббымыздың ең ұлық есімі. Кім Жаратушының осы әдемі есімін күніне 1000 рет қайталап зікір етсе, иманы берік болады.
2. الرَّحْمَنُ Әр-Рахман – Аса қамқор. Оның қамқорлығы Өзі жаратқан бүкіл мақұлықтарына тиесілі. Қамқоршы Алла Тағала мұсылмандардың, сондай-ақ кәпірлердің өмірлік қажеттерін өтейді. Алланың бұл есімін зікір еткен адамның ойлау және жаттау қабілеті күшейеді. Сондай-ақ, ол адам қаталдықтан арылады.
3. الرَّحِيمُ Әр-Рахим – Ерекше мейірімді, Рахымды. Бір жақсы іс үшін бірнеше есе береген және ешқашан сауап істерді жоймайды. О дүниеде тақуа мұсылмандарға мейірімді болады. Кімде-кім бұл есімді 100 рет атап жүрсе, қайғы-қасіреттен аман болады.
4. المَلِكُ Әл-Мәлик – Патша, Ол қалай басқарам десе де Өзі біледі. Оған кеңесші керек емес. Оған барлығы тәуелді. Мұсылман адам бұл есімді зікір етіп жүрсе, қаржыдан қысылмайды.
5. القُدُّوسُ Әл-Қуддусу – Қасиетті, Өте пәк, кемшіліктерден пәк және адам баласының ойына келетін пішін-келбеттен тыс.
6. السَّلاَمُ Ас-Сәлам – Есендік беруші. Жетіспеушіліктерден пәк. Өзінің жаратқан мақұлықтарына амандық береді. Егер бұл есімді 99 рет оқып, науқасты ұшықтаса, шипа табады.
7. المُؤْمِنُ Әл-Мумин – Қорғаушы, Сенуші. Өзі туралы ұлық кітаптар мен пайғамбарлар арқылы білдіртеді. Өзінің сүйікті құлдарын қауіп-қатерден сақтайды.
8. المُهَيْمِنُ Әл-Мухаймин – Үстем, Қорғаушы. Баршаның үстінде билік жүргізеді және бәрі де Оның иелігінде. Жаратқан мақұлығының үстінен қарап, бақылап тұрады. Кімде-кім бұл керемет есімді ғұсыл алғаннан кейін екі рәкағат намаз оқып, 100 мәрте шынайы ықыласпен айтса, Алла Тағала оны рухани тазартады.
9. العَزِيزُ Әл-Азиз – Аса зор, Ұлық, Қуатты, зор кеңшілік Иесі. Онымен ешкім теңесе алмайды. Кімде-кім Алланың бұл көркем есімін таң намазынан кейін 40 рет қайталап оқыса, Алла Тағала оны қаржы мәселесінде басқалардан тәуелсіз етеді.
10. الجَبَّارُ Әл-Жәббар – Аса өктем. Билік пен қуат Иесі. Нені қаласа, соны кімге де болсын істете алады.
11. المُتَكَبِّرُ Әл-Мутәкәббир – Паң, ұлылық және биіктік Иесі. Кім бұл көркем есімді зікір етіп жүрсе, халық арасында құрметті болады.
12. الخَالِقُ Әл-Халиқ – Жаратушы. Мақұлықтарын Өз еркімен жаратады. Ол әр нәрсені көркем түрде жаратады.
13. البَارِىءُ Әл-Бари – Жаратушы, жоқтан бар етуші. Жаратқан мақұлықтарына әр түрлі пішін және бейне береді. Алла әрдайым жаратуда. Егер бала таба алмаған әйел 7 күн ораза ұстап, «Әл-Бари, Әл-Халиқ, Әл-Мусаууир» деп 21 рет айтып суға дем салып аузын сол сумен ашып, шынайы ықыласпен жалғыз Алла Тағалаға дұға етсе, оған Жаратушы нәресте береді.
14. المُصَوِّرُ Әл-Мусаууир – Келбет беруші. Өзінің қалауымен әрбір жаратқан нәрсесіне өзгеше келбет және әр түрлі пішін береді. Миллиардтаған келбет жаратқан Алла Тағалаға ешкім теңесе алмайды.
15. الغَفَّارُ Әл-Ғаффар – Аса жарылқаушы. Күнә және жаман істерді кешіруші. Бұл дүниеде құлдарының жамандықтарын жасырып, қияметте күнәларын кешіріп, жарылқайды. Кім осы әдемі есімді жұма намаздан кейін 100 рет қайталаса, оған Алла Тағала ғафу етеді. Ал кім екінті намазынан кейін «Иә Ғаффар ғфирли» деп айтып жүрсе, Алла Тағала оны кешірім еткен құлдардың қатарына қосады.
16. القَهَّارُ Әл-Қаһһар – Өте үстем, Қаһарлы. Өзіне қарсыларды қатты азаппен қорлайды, өлтіреді не болмаса көпшіліктің алдында беделін түсіреді. Оның жазасынан ешкім аман қалмайды. Дүние сәнін жақсы көретін пенде Алланың бұл есімін қайталап Оған мойынсұнып жүрсе Алла Тағала ол адамның иманын күшейтеді.
17. الوَهَّابُ Әл-Уаһһаб – Өте жомарт, Береген. Адамдарды Өз нығметтерімен ризықтандырады. Берем деген нәрсесін береді. Кімде-кім дұғада бұл есіммен Аллаға жалбарынса, ол ешқашан қайыршы болмайды.
18. الرَّزَّاقُ Әр-Раззақ – Ризық, тамақ беруші. Алуан түрлі ризықтарды жаратады және сол ризықтарымен мақұлықтарын ризықтандырады.
19. الفَتَّاحُ Әл-Фәттах – Жақсылық жасаушы. Асқан мейірімінен құлдарына төгіп беріп, жақсылық істейді. Шындықты әшкерелеп, өтірікті өрге асырмайды. Кімде-кім өзінің оң қолын кеудесіне қойып Алла Тағаланың бұл әдемі есімін таң намазынан кейін 70 рет қайталаса, жүрегі нұрланады, көңілі шаттанып жәй табады.
20. العَلِيمُ Әл-Алим – Бәрін білуші, Терең білім иесі. Ол әр нәрсені толық біледі және де Ол білмейтін ешнәрсе жоқ. Алла Тағала – білушілердің білушісі. Алла Тағала ғайыпты да, көмескіні де біледі. Кім бұл есімді атап, зікір етіп жүрсе Алла Тағала оған білім мен даналықтың есіктерін ашады.
21. القَابِضُ Әл-Қабид – Қысып алушы. Кімге қаласа, ризығын береді, қаласа бермейді. Кім бұл есімді қайталап айтып жүрсе, аш-зарыққан болмас.
22. البَاسِطُ Әл-Басит – Жаюшы. Өз ризық нығметтерін қалаған құлдарына береді.
23. الخَافِضُ Әл-Хафид – Түсіруші. Алла Тағала кәпірлерді тозақтың түбіне түсіреді және кәпірлерге қайғы, мұң-зар мен азап береді. Кім Алла Тағаланың бұл ғажайып есімін 500 мәрте зікір етсе, Хақ Тағала оның дұғасына жауап береді.
24. الرَّافِعُ Әр-Рафиғ – Көтеруші, Биіктетуші. Өзіне жақын құлдардың беделін бұл дүниеде де, ақыретте де көтереді.
25. المُعِزُّ Әл-Муиз – Қуат беруші. Өзінің мүмин құлдарына мықты қуат береді. Олардың мойынсұнғандары үшін күнәларын кешіріп, жәннатта құрметті орын береді.
26. المُذِلُّ Әл-Музил – Кемсітуші. Кәпірлерді мойынсұнбағандықтары үшін кемсітеді, оларға «азап үйін» – тозақты дайындайды.
27. السَّمِيعُ Әс-Сәмиғ – Әр нәрсені Есітуші. Әр естілетін дыбыс ғайып айтылса да Оның есітуінен тыс қалмайды. Ол құпияның бәрін біледі. Оның ести алмайтын нәрсесі жоқ. Ол T барлық сыбыс, дыбысты естиді.
28. البَصِيرُ Әл-Басир – Көруші. Ол бәрін Көреген. Адам және басқа мақлұқтар көрмейтінін бәрін көреді. Оған көрінбейтін зат жоқ. Ол ғайыпты да көреді.
29. الحَكَمُ Әл-Хакәм – Хәкім. Қазы, Төреші. Соттың үкімі Оның құзырында. Оның үкімі кесімді. Оны ешкім сынай алмайды және Алланың үкімдерін кемсітіп, жамандауға ешкімнің хақысы жоқ. Кім дәрет алып, осы есімді күніне 99 рет зікір етсе Алла Тағала оның жүрегін нұрландырады.
30. العَدْلُ Әл-Ғадилу – Әділ, Адал. Ол кімге болмасын, ешбір әділетсіздік жасамайды. Ол өз шешімдерінде әділ.
31. اللَّطِيفُ Әл-Ләтиф – Жұмсақ, зор кеңшілік Иесі. Өзінің құлдарына өте ілтипатты. Өз құлдарының істерін толық біледі және адамдардың мінездеріне жұмсақтық салады.
32. الخَبِيرُ Әл-Хабир – Толық хабар алушы. Барлық істер оның қалауымен жасалады. Ол ешқашан хабарсыз қалмайды. Жаратушының бұл көркем есімін қайталаған адамды Алла Тағала қанағатты етеді.
33. الحَلِيمُ Әл-Халим – Ерекше Мейірімді, Өте Жұмсақ. Азабын тездетпейді, бірақ малғұн шайтанға еріп, күнәлі іс жасағандарға азабы жақын.
34. العَظِيمُ Әл-Ғазим – Аса зор, кеңшілік Иесі, Мәртебелі, Ең Ұлы. Оның мәртебесінің басы да, соңы да жоқ.
35. الغَفُورُ Әл-Ғафур – Кешіруші, күнәларды кешуші. Кешірім сұраушыларды күнәлары үшін қолға алмайды, жаман істерін жақсы амалдарға ауыстырады.
36. الشَّكُورُ Әш-Шәкур – Шүкірді қадірлеуші. Адамдарға шүкірлік айтқаны үшін мәрхамет етеді. Құлдарына көркем істері үшін ізгілік етеді.
37. العَلِىُّ Әл-Ғалиу – Өте биік, Жоғары, Мәртебелі. Адамдардың сезім, сана және басқа қабілетіне келетін бейнелерден тыс, одан жоғары. Ол әр уақытта биіктікте.
38. الكَبِيرُ Әл-Кәбир – Ұлық, Ең Ұлы, Абырой және мәрхамет иесі. Адамдардың ойлау, көру және сезу мүшелерінен тыс.
39. الحَفِيظُ Әл-Хафиз – Қорғаушы. Сүйікті құлдарын жамандық пен кесірден сақтайды. Өз құлдарының сауап істерін қиямет күні мәрхамет ету үшін жазып, сақтайды. Алла Тағала – әлсіздердің жәрдемшісі.
40. المُقِيتُ Әл-Муқит – Азық беруші. Азықты жаратып мақұлықтарына таратып береді. Даналықты және білімді жүректерге жеткізеді.
41. الحَسِيبُ Әл-Хасиб – Есеп беруші, Жеткізуші. Өз құлдарының қажеттерін өтейді.
42. الجَلِيلُ Әл-Жәлил – Биік, Үлкен, Өз ұлығында өте биік. Қадір-қасиетінде аса Ұлы.
43. الكَرِيمُ Әл-Кәрим – Құрметті, Мәрхамет иесі, ізгілік істеуші. Оның рахымында шек жоқ. Ізгілігі ешқашан таусылмас. Уәде берсе, толығымен орындайды.
44. الرَّقِيبُ Әр-Рақиб – Қараушы, Бақылаушы. Ол әр нәрсені көріп, біліп тұрады. Ешнәрсе оның алдынан өтпей кетпейді.
45. المُجِيبُ Әл-Мужиб – Жауап беруші. Оған дұға етіп жалбарынған құлдарына жауап береді. Ол адам баласы үшін не нәрсе пайда беретінін біледі. «Иә Мужибу дағуати тәммәти» деп дұға етілсе, Жауап беруші Хақ тағаланың жауап беруі сөзсіз.
46. الوَاسِعُ Әл-Уасиғ – Қоршап алушы, толтырып салушы. Ол Өз құлдарын ризықтармен бөлейді. Мәрхаметін тақуа құлдарына төгіп, байытады.
47. الحَكِيمُ Әл-Хаким – Даналық Иесі, қате жасаудан пәк. Қате жасау Оның даңқына сай келмейді. Ол әр нәрсені өз орнына қояды.
48. الوَدُودُ Әл-Уәдуд – Ізгілік істеуші, Сүюші. Мақұлықтарын жақсы көреді. Сөйтіп, Ол мәрхаметі, мейірімі және ризықтары арқылы Өзі туралы білдіртеді.
49. المَجِيدُ Әл-Мәжиид – Даңқты, Құрметті. Өз істерінде Көркем. Ол дүниені ризықтарымен толтырады.
50. البَاعِثُ Әл-Бағис – Тірілтуші, Жіберуші, Қайта өмір беруші. Өлілерді есеп беру үшін тірілтеді. Өз елшілерін (пайғамбарларын) адамдарға жібереді.
51. الشَّهِيدُ Әш-Шахид – Куә. Ол анығын да, белгісізін де біледі және соған Куә. Алла Тағала Өзінің иләһи сипаттарыменен жалғыз Құдай екенін білдіртеді.
52. الحَقُّ Әл-Хақ – Шындық иесі. Хақ Тағала әрбір нәрсені өз даналығымен жаратты. Қабірдегілерге есеп беру үшін және жәннат немесе тозаққа жіберу үшін тірілтеді.
53. الوَكِيلُ Әл-Уәкил – Басқарушы. Өкіл иесі Алла Тағала барлығын басқарады. Құлдары Оған тәуекел етіп, тәубе келтіреді.
54. القَوِىُّ Әл-Қауи – Қуатты, Мықты, Құдіретті. Оның шамасы әр нәрсеге жетеді.
55. المَتِينُ Әл-Мәтин – Мықты, Тұрақты, Құдіретті. Оның күшіне ешкімнің қуаты жетпейді. Ол ешқашан әлсіз немесе шамасыз бола алмайды.
56. الوَاسِعَُ Әл-Уасиғ – Қорғаушы. Ол тақуаларды (әулиелерді) жақсы көреді және оларға мықты қуат береді. Кәпірлердің беделін бұл дүниеде де, о дүниеде де түсіреді.
57. الحَمِيدُ Әл-Хамид – Пәктеулі, Дәріптеулі, Мақтаулы. Мадақ Иесі. Алла Тағаланы кәпірлер мен екіжүзділерден басқасының бәрі мадақтайды.
58. المُحْصِى Әл-Мухси – Санаушы. Ол бәрін санайды. Оған ешкім санауға бөгет жасай алмайды. Ол бір нәрсеге көңіл бөліп басқаны назарынан тыс қалдырушы емес.
59. المُبْدِىُْ Әл-Мубди – Бастаушы. Ол қандайда бір жаратылысты жаратар алдында ешбір бейне, мысалсыз жаратты.
60. المُعِيدُ Әл-Муғид – Қайтарушы. Ол тірілерді өлілерге айналдырады және оларды қайтадан бастапқы қалпына келтіреді. Егер мал, мүлік немесе адам жоғалса Алла Тағаланың осы көркем есімін 70 рет қайталап дұға етсе, жоғалған нәрсе Алла Тағаланың қалауымен қайта оралады.
61. المُحْيِى Әл-Мухи – Тірілтуші. Ол денелерге жан салып тірілтеді. Егер біреу бұл есіммен Алла Тағалаға жалбарынса, шипа табады.
62. المُمِيتُ Әл-Мумит – Өлтіруші. Денелерден жан алып өлтіреді. Ақыреттің қайғы-мұңның дәмін татпау үшін Алла Тағаланың осы атын көбірек қайталап, зікір етіп жүру керек.
63. الحَىُّ Әл-Хай – Тірі. Ол мәңгі өмір сүреді, мәңгі болды және мәңгі болады. Оның тірі болуының басы да, соңы да жоқ.
64. القَيُّومُ Әл-Қайюм – Бәрінің үстінде тұрушы. Әрбір заттың үстінен қарайласып оған Қамқоршы болып тұрады. Әр нәрсе тек Алла Тағаланың қалауымен тұрады. Өздігінен мықты тұрушы.
65. الوَاجِدُ Әл-Уәжид – Бай, Табушы. Нені тапқысы келсе, сәтінде-ақ табады, өйткені бүкіл жаратылыс оның құзырында. Ол ештеңені жоғалтушы емес.
66. المَاجِدُ Әл-Мәжид – Құрметті, Сыйлы. Ол жақсы қасиеттерді иемденеді. Құрмет пен сый оған тән.
67. الوَاحِدُ Әл-Уахид – Жалғыз. Барлық Құдайлық сипаттар Оған тән. Одан басқа Құдай жоқ. Алла Тағала расында жалғыз, сондықтан Аллаға ғибадат етіледі.
68. الصَّمَدُ Әс-Самад – Ешнәрсеге мұқтаж емес. Адамдардың қажеттерін өтеп беруші Алла Тағала, сол үшін құлдары Оған бұл көркем атымен жалбарынады. Ол – аса Құдіретті, Қуатты.
69. القَادِرُ Әл-Қадир – Мықты, Қадірлі. Оны мақұлықтар қадірлейді. Оған ешкімнің көмегі керек емес. Оның әр нәрсеге шамасы жетеді.
70. المُقْتَدِرُ Әл-Муқтадир – Құдіретті. Не істегісі келсе, соны істеуге қуаты жетеді. Оның істей алмайтын ісі жоқ.
71. المُقَدِّمُ Әл-Муқаддим – Алға шығарушы. Өз пайғамбарларын алға шығарады. Өзіне инабатты құлдарын тура жолға салады. Оларды ұлық дәрежелерге көтереді.
72. المُؤَخِّرُ Әл-Муаххир – Артқа тартушы. Өз жауларын артта қалдырады. Ол Өзі мен кәпірлердің арасына бөгет перде салады.
73. الأَوَّلُ Әл-Әууәл – Бірінші, Алғашқы. Баршаның алдында. Ол мәңгі тұрады. Оның алдында ешбір зат болған емес.
74. الآخِرُ Әл-Ахир – Соңғы, Ақырғы. Барша мақұлық қиямет күні қайтыс болғанда, Алла Тағала тірі болады. Оның соңы жоқ. Кім күніне осы көркем есімді 1000 рет зікір етсе, Алла Тағаланың махаббаты баурап алады, сол адам нәпсіқұмарлықтан арылып, көз жұмғанда иманмен қайтады.
75. الظَّاهِرُ Әз-Заһир – Анық, Көзге көрініп тұрушы. Ол Өзін аяттары (күн, ай, жұлдыз т.б.) арқылы бар екенін анық көрсетіп тұрады.
76. البَاطِنُ Әл-Батин – Көрінбей тұрушы, Ішкі. Ол мақұлықтардың көзіне көрінбейді. Ол мақұлықтардың не ойлап, не қоятынын біледі және олар не нәрсеге ұшырайтындарын меңгеріп тұрады.
77. الوَالِى Әл-Уали – Басқарушы, Уәлі. Ол әр нәрсенің басқарушысы. Ол не бұйрық берсе, сол мезетте бұлжытпай орындалады. Ол Өз қалауымен және даналығымен билік жүргізеді. Үкімдерін іске асырады.
78. المُتَعَالِ Әл-Мутаәли – Биікке көтерілуші (Самғаушы). Мақұлықтардың сипаттары Оған тән емес. Пайғамбарлардың сипаттарын биік дәрежеге көтереді.
79. البَرُّ Әл-Бәрр – Ізгілік істеуші. Ол ешуақыт жаманшылық істемейді. Құлдарға ізгілік және қамқорлық етеді.
80. التَّوَّابُ Әт-Таууәб – Тәубені қабылдаушы. Ол әрдайым адамдардың шынайы жасаған тәубесін қабыл етеді. Тәубе етушілерге ғафу етіп, оларға рахым-мейірімін төгеді. Кім залымның зұлымдығына қарсы Алланың бұл есімін 10 рет айтса, зұлымдығына ұшырамайды.
81. المُنْتَقِمُ Әл-Мунтақим – Есе әперуші. Ол Өзіне мойынсұнбайтын құлдарын істеген амалына қарай азаптайды.
82. العَفُوُّ Әл-Ғафуу – Аса кешірімді, Ғафу етуші. Адамдар жалбарынып кешірім сұрағанда күнәларын жойып, сауап істерін қалдырады. Бұл есіммен Алла Тағалаға жалбарынып артынан «Аллаһумма иннәкә ғафуун карим, тухиббуль ғафуа, фағфу ғаннә» десе, оның күнәлары кешіріледі.
83. الرَّءوُفُ Ар-Раууф – Қамқоршы. Алла Тағала Өз құлдарына жақсылық пен қамқорлық жасайды.
84. مَالِكُ المُلْكِ Мәликул Мүлк – Мүліктердің Патшасы. Иелігі өте зор. Байлық қазынаның барлығы, күллі мүлік – Оның қолында. Кім осыны көп қайталап жүрсе, Алла Тағала Өз байлығынан төгіп береді.
85. ذُو الجَلاَلِ وَ الإِكْرَامِ Зүл-Жәләли уәл Икрам – Құдірет және құрмет Иесі. Өзінің ұлы сипаттары үшін құрметті және атақты болады.
86. المُقْسِطُ Әл-Муқсит – Әділ. Шешімдерінде өте Әділ. Әрбір қиянат жасаған мен зиянға ұшырағанды о дүниеде сұрайды және істеген амалдарына қарай жәннат немесе тозаққа жібереді.
87. الجَامِعُ Әл-Жәмиғ – Жинаушы. Қиямет күні «Махшарда» бүкіл адамдарды жинайды. Ол біреуін де қалдырмайды.
88. الغَنِىُّ Әл-Ғани – Өте бай. Оған ештеңе керек емес. Барша мақұлық Алла Тағаладан қажеттерін сұрайды және Оған тәуелді.
89. المُغْنِى Әл-Муғни – Байытушы. Өзінің қай құлын байытқысы келсе, шексіз ризық беріп байытады. Осы арқылы сынайды. Байлықтың барлығы Оған қайтарылады.
90. المَانِعُ Әл-Мәниғ – Харам етуші, рұқсат бермеуші. Ол Өз құлдарына кейбір нәрсені харам етеді. Өзінің сүйікті құлдарын залымдардан қорғайды.
91. الضَّارُّ Әд-Дзарр – Қалағанын зиянға душар етуші. Азап ретінде кейбір құлдарына күнәлары үшін зиян келтіреді.
92. النَّافِعُ Ән-Нафиғ – Пайда беруші. Өз жаратқан мақұлықтарына пайда береді. Кейбір құлдарының пайдасын көбейтеді.
93. النُّورُ Ән-Нуру – Нұрландырушы, Нұр беруші. Әртүрлі жетіспеушіліктерден пәк. Бұл дүниені Өз нұрымен нұрландырып тұрады. Соқырға нұрды көру үшін көз нұрын, жанар береді. Адасқандарды тура жолға салады. Осы керемет есімді қайталап жүрген адам қайғыға салынбайды.
94. الهَادِى Әл-Һәди – Апарушы, Жүргізуші, Ілестіруші. Мустақим жолға салушы. Жүректерді хақты табу үшін бағыттайды. Дінде немесе дүнияуи амалда пайда беретін нәрсеге жолықтырады.
95. البَدِيعُ Әл-Бәдиғ – Жаратушы. Ешбір нұсқа, мысалсыз жаратады. Оның биік сипаттарына ешкім жете алмайды.
96. البَاقِى Әл-Бақи – Бақи, Мәңгі. Ол мәңгілік жасайды. Ол тірілмейді де, өлмейді. Егер бұл есімді күніне 1000 рет қайталап жүрсе, Алла Тағала қасіреттен аман сақтайды.
97. الوَارِثُ Әл-Уарис – Мұра Иесі. Барлық мұра Алла Тағалада.
98. الرَّشِيدُ Әр-Рашид – Салушы. Ол Өз құлдарын пайда беретін жолға салады. Өз даналығымен билік жүргізеді.
99. الصَّبُورُ Әс-Сабур – Сабыр иесі. Ол сабырмен құлдарының күнәларын кешіріп, азабын тездетпейді. Кім осыны меңгеріп, 100 рет Алланы еске алып зікір етсе, сол күннің бәле-жаласынан аман жүреді.
Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Наурыз – түркі жұртының мерейлі мерекесі. Мұсылмандықты бекем ұстанған қазақ халқы бұл күнді ерекше дайындықпен өткізеді. Ақсақалды қариялар, ақ самайлы әже-апалар ақ дастархан жайып, қонақ күтіп, бата береді. «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!», – деген тілек-дұғалар айтылатын Наурыз – бірліктің, ынтымақтың, береке мен татулықтың мерекесі.
Бұл күні араздасқандар – адамгершілік, ренжіскендер – рақымдылық жолын ұстанады. Асылында мұсылмандар үшін біреуге ренжуге де, өзгені ренжітуге де болмайды. Алайда осынау ізгілік мерекесінде адамдар кешірімділікке, татулыққа ұйысады.
Халқымыз наурыз мейрамын діни мереке ретінде емес, ата-бабамыздан жалғасын тауып келе жатқан ұлттық мереке, салт-дәстүріміздің жалғасы деп тойлайды. Имандылықпен ұштасқан, ұлт жадынан ұмытыла бастаған ұлттық құндылықтарды жандандыруға дін өкілдері де атсалысуда. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2014-2018 жылдарды «Дін мен дәстүр жылы» деп жариялады.
Халқымыздың ұғымындағы «көрімдік, ерулік, сүйінші, сыбаға, базарлық, жылу, асар, қол үздік» сынды асыл сөздер мұсылман қазақтың дархан мінез, кеңпейіл, қонақжай, бауырмалдығының бұлтартпас дәлелі. Дәстүріне бекем ұрпақ асыл дініміздегі ізгілікке бастайтын құндылықтарға құрметпен қарайтын болады. Міне, ұлттық мерекеміз әз Наурыз ұрпақты ұйымшылдыққа ұйытады, үлкен-кішіні сыйлай білуге тәрбиелейді.
Биыл еліміздің рухани саласында мемлекеттік деңгейде айтулы игі іс-шаралар өтеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын, Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын, Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл секілді мерекелерді кеңінен атап өткелі отырмыз. Наурыз мерекесі де – ұлттар мен ұлыстарды бірлікке ұйыстыратын, татулыққа үндейтін елеулі шаралар.
Алла Тағала ырыздық-несібемізді молайтып, бірлік-берекемізді арттырғай. Наурыз мерекесі құтты болсын! Ақ мол болсын! Жаратушы Иеміз Тәуелсіздігімізді баянды еткей. Халқымыздың тілегі қабыл, мұраты асыл болғай!
«Саясат күнде өзгереді, ал дін - мәңгілік»
Нұрсұлтан Назарбаев
Ежелден еркіндікті армандап келген халқымыз Тәуелсіздіктің ақ таңы атқаннан кейін асыл дініміз- исламмен қайта табысып жатыр. Ұмыт бола бастаған мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді, тіліміз бен дінімізді жаңа заманға сай жаңғыртып дамытуға жағдай туа бастады. Ал, нешеме ғасырлардан бері ата-бабаларымыздың ұстанған діні – ислам. Ол бүкіл адамзат пен өркениет тарихына айрықша үлесін қосып келе жатқан ұлық дін. Дініміздің тарихы даму жолына ойша көз жүгіртсек. Исламның жаратушы құдыреттен келген Құран Кәрімнен кейінгі негізгі түп қазығы Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) хадистері мен сүннеті. Бір аллаға сенген ұлтымыз өзінің мұсылмандық өмір салтына Құранды және сүннет дәстүрлерін біріктіріп, қабыстыра білген. Демек, өткен бабалардың тіршілік тынысындағы осы жайды бүгінгі жаңа ұрпаққа ұғындыру замана талабы болып отыр.
ҚМДБ соңғы екі, үш жылғы тындырып жатқан орасан зор жұмыстарының мағына мәні де осыған саяды. Қазақ халқы өзіндік ділі бар, тамырын тереңге жайған құндылықтары, рухани бай мұралары мол ұлт. Тіліміз бен дініміздің, өнеріміз бен салт-сана дәстүріміздіңбір бөлігі ретінде ислам да әр заманда өркендеп, дамуымыздың ұйтқысы болып келеді. Және алдағы уақытта да солай бола беретініне сенеміз.
ҚМДБ төрағасы, Бас Мүфтиіміз, хазрет Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен жарық көрген «Дін мен дәстүр» атты кітапта хазрет Мүфти былай деген:
«... мақсатымыз – ұлттық табиғатымызбен сабақтас шариғаттағы мазхабымыз бен танымдық мектебімізді тұғырлап, асыл дүниелерімізді, жауһарларымызды жарыққа шығару, үзілгенімізді жалғап, жоғалтқанымызды түгендеу, сан ғасырлық тарихы бар діни дәстүрлерімізді қалпына келтіру. Сол арқылы қазақтың толыққанды ұлтқа, Алаштың іргелі елге айналуы үшін қолдан келгенше үлес қосу... Қоғамды ынтымаққа ұйытатын, бірлікке бастайтын құндылықтарымызды қадірлеуіміз қажет. Дәстүрлі дінінен, ділі мен тілінен, әдет-ғұрпынан ажыраған елдің болашағы жоқ. Сол үшін рухани құндылықтарымызды құнттай белгеніміз жөн. Әйтпесе, Құран Кәрімде ескертілген ақиқат жолынан айнып, адасқан қауымға айналып кетуіміз бек мүмкін»
Бұл кітапта нешеме ғасырлар бойына ата-бабаларымыздан бері қарай ұстанып келе жатқан әдет-ғұрып, салт-сана, дәстүріміздің адамгершілік принциптеріміз бен дүниетаным, көзқарастарымыздың өз дініміздің рухымен, ұстанған мақсат-мұраттарымен бір арнада тоғысып, бір-бірімен өзара жымдасып, сай келетін ойға қонымды түрде баяндалған.
Дала елінің қалың жұртын жақсылық пен имандылыққа үндейтін осынау қадірлі де құнды кітап көзі ашық, көкірегі ояу кәрі-жасты бір сілкіндіріп ашық ой, асыл мазмұнымен риза еткенін жақсы білеміз. Алдағы уақытта дін мен дәстүрдің біртұтастығын сақтап, Алла тағаланың әмір еткен амалдарына бой ұсына отырып, исламға деген адалдығымыз бен құрметімізді арттыра беру абыройы борышымыз болмақ.
Соңғы екі жыл аясында ҚМДБ басшылығымен Республика аймағында өткізіліп жатқан діни-насихаттық маңызды шаралар көпшілік көңіліне қуаныш ұялатып келеді. Осындай аса маңызды үлкен жұмыстардың бірі ақпан айында Астанада өткен мешіт имамдарының республикалық форумы болды. Өзінің мәні мен мағынасы жөнінен құрылтайлардан кем соқпайтын бұл келелі жиында шариғат талаптарына сай атқарылған жұмыстардың жетістіктері айтылып, алдағы бес жылға белгіленіп отырған ауқымды істердің белестері белгіленіп, тарихи үрдістің, амалды іс-қимылдың әдістері мен тәсілдері сараланды. Ел дамуының қазіргі кезеңдегі жай-күйі мен жағдайларын жан-жақты ескере отырып, заман рухына сай ҚМДБ қызметін одан әрі дамытудың тұжырымдамасын қабылдады. Сонымен бірге бұл форумда қазақ елі мұсылмандарының исламдағы бейнесін және шариғат пен дініміздегі алар орнын сипаттап айқындайтын құжат – Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасын талқылап қабылдады. Ел мұсылмандарының өмірінде мұндай стратегиялық мәні бар бағдарламалық жоспарлар бұрын-соңды болып көрмеген. Аталған бұл екі құжаттың мақсаттары айқын да зор: еліміздегі мұсылман қауымның өзекті деген мәселелерін, бағыт-бағдарын айқындап шешу, қоғамның барлық мүшелерімен санаса отырып, мемлекет мүддесін және заңнамалық күші бар шешімдерді ескеру арқылы өз дініміздің рухани гуманитарлық ықпалын нығайтып, арттыру.
Болашақта мешіттер мен имамдардың күнделікті қызметінде басшылыққа алынатын бұл екі бағдарлама мың жылда да мәні кеміп, өзгермейтін дәуірлік қуат-күші, рухы бар құжаттар болып саналады. Қазақ мұсылмандарының діндегі Ата заңы тәрізді бұл бағдарламалар дінімізді дамытып, өркендетуге игі ықпал етеді деп сенеміз. Діни ілім мен тәжірибені Әбу Ханафи мазхабының ұстанымдарына сәйкес дамытып, іске асыруды қамтамасыз ететін сара жылымыз болмақ.
Форумда қабылданған бағдарламаға мешіт қызметіндегі имадар жайлы көп жұрттың көкейінде жүрген ойлар төңірегінде жақсы пікірлер айтылған. Қазіргі имамдар бұған дейінгі қызметкерлерге қарағанда дін жағдайынан жақсы хабардар, оқыған адамдар. Сүйенеріміз сол – көбі жастар. Әйтсе де өмір бір орында тұрмайды. Қазіргі уақыт өзгеше жүктелер міндет те, жауапкершілік те артып отыр. Заман рухын дұрыс та тераң түсінудің сыртында үздік білін, дүниеуи саясаттың да қыр-сырынан хабардар болуды қажет етеді.
Бір сөзбен айтсақ имамдар, мешіттің қызметкерлері бүгін өмір драмасының қалың ортасында жүрген жандар. Сондықтан оларға әр кез Алла жар болып, діни білімі, адамгершілік абзал қасиеттері, кішіпейілділігі мен мейірімді жан-дүниелері, көпшілікті әрдайым жақсылыққа жетелеп, қалың жұрттың ақ бата, ақ алғысына бөлей берсін!
Қазіргі заманда діни қызметте жүрген тұлғалар қоғамдағы көшбасы деңгейіндегі аңыздай асыл жанды абзал жандар болуға керек. Дініміздің абыройын асқақтатып, мерейін үстем ететін де осы мешіт қызметкерлері. Сондықтан да олардың этикасы деген озық дамыған өркениетті, мәдениеті жоғары елдердің осы заманғы этикасынан да биік деңгейде болғаны ләзім. Әйтеуір кемшін түсіп жатпауымыз керек.
Астана форумы тек дін саласында ғана емес, ел өміріндегі үлкен тарихи оқиға болып саналады. Оның жұмысына арнайы келіп қатынасқан бірнеше шетелдік ислам діні қайраткерлері мен басшылары форум жұмысына жоғары баға беріп, онда қабылданған тарихи құжаттардың – тұғырнама мен тұжырымдаманың сыр-сипаты мен алға қойып отырған заманауи міндеттерінің терең мәнді маңыздылығын атап дәл осындай мақсаттағы үлкен форумдарды өз елдеріңде де өткізудің қажеттілігін ашып айтып, ҚМДБ-ның бұл қызметіне зор баға берді. Діни форум және онда қабылданған тиісті шешімдер ел мұсылмандарының дін қызметіндегі имамдардың да алдағы қызметінде тың серпіліс тұдырып, жалпы діни насихаттың сипаты мен мазмұны жаңаша үрдіс, өрлеу алатынына күмән жоқ. Қазақ елі мұсылмандарды бұрын соңды естіп те, оқып та көрмеген бұл тарихи тың бағдарламалар дін басшылығына жаңада ғана келген аса білімді, имандылық рухымен ер жетіп есейген, ислам мұраттарына мейлінше адал және оларды терең түсінетін оқымысты жас ғұлама қажы азаматтардың терең ізденісі мен аса жемісті қызметінің нәтижесі. Мәңгілік елдің діні де мәңгілік! Асыл дініміздің мәңгілік мәні бар мұраттарын сара жолын айқындаған Тұғырнама мен Тұжырымдамамыз қайырлы құтты болсын: Бұларға жаратқан Алламыздың нұры жаусын! Ел халқын бақыт пен берекеге, ынтымақ пен бірлікке тыныштыққа жеткізе берсін!
Жолбарыс қажы Баязид, ақын
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Қостанай қаласының құрметті азаматы.
05.03.2015ж.
Бұған дейін айтылғандай, шамаиль исламдық дін ілімінің бір жанры болып бөлініп шыққан және онда көптеген кітаптар жазылған.
«Әш-шамаиль» сөзі─ «әш-шималь» сөзінің көпше түрі. Ол қасиет, құндылық дегенді білдіреді. Осылайша, шамаиль — Алла Елшісінің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, тұлғасын: оның сырт келбетін, жүріс-тұрысын, киім киісін және т.б. зерттейтін ғылым.
Шамаиль Мухаммадийя бойынша жазылған негізгі кітаптар:
- «Сифату ән-Нәби», солляллаху алейхи уа саллям, авторы ─ Уахб ибн Уахб әл-Асади (200 жылы көз жұмған),
- «Сифату ән-Нәби», солляллаху алейхи уа саллям, авторы ─ Әли ибн Мухаммад әл-Мадаъини (224 жылы көз жұмған),
- «Сифату ахләқ ән-Нәби, солляллаху алейхи уа саллям», авторы ─ Дауд ибн Әли әл-Асбахани (270 жылы көз жұмған),
- «Әш-Шамаиль әл-Мухаммадия уа әл-хасаис әл-Мустафауия», әт-Тирмизи (279 жылы көз жұмған),
- «Ахләқ ән-Нәби, солляллаху алейхи уа саллям, уа адабуху», авторы ─ Абдуллах ибн Мухаммад ибн Хаййан әл-Асбахани (369 жылы көз жұмған),
- «Шараф әл-Мустафа», авторы ─ Әбу Саид Абдуль Малик ибн Мухаммад ибн ән-Нейсабури (406 жылы көз жұмған),
- «Шамаиль ән-Нәби», авторы ─ Әбу әл-Аббас әл-Мустафари (432 жылы көз жұмған),
- «Әш-Шифа бита`рифи хуқуқ әл-Мустафа», авторы ─ Қады Ияда (544 жылы өз жұмған),
- «Әл-Уафаъ биахвали әл-Мустафа», авторы ─ Ибн әл-Джаузи (597 жылы көз жұмған),
- «Шамаиль әр-Расуль уа далаилю нубуууатихи уа хасаисихи», авторы ─ Ибн Касир (744 жылы өз жұмған),
- «Уасаиль әл-уусуль иля шамаиль әр-Расуль, солляллаху алейхи уа саллям», шейх Юсуаф ән-Набхани (1350 жылы көз жұмған) жазған және шейх әл-Лахджидің «Мунтаха әс-суль» атты осы кітапқа жазған түсіндірмесі. Бұл шарх осы тақырып бойынша нағыз энциклопедия болып табылады. Сол себепті, бұл кітап әр студенттің үйінде болуы тиіс және оны Алла Елшісінің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, тұлғасын тану жолында жол сілтеуші ретінде пайдалану керек.
Алла Елшісінің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, тұлғасы сипатталатын басқа да көптеген кітаптар бар. Мәселен, «Әл-Мауахиб әл-лядунийя» әл-Кастиляни, оған шарх жазған әз-Заркани, «Мунтаха әс-суль» және т.б.
Жоғарыда аталып өткен кітаптардың арасындағы ең әйгілісі имам Әбу Иса әт-Тирмизидің «Шамаиль Мухаммадийя» кітабы екені сөзсіз. Оған қырыққа жуық түсіндірме жазылған. Солардың ішінде қазіргі кезде оқырманға қол жетімділерінің арасынан имам әл-Байджуридің (хижра бойынша 1198-1277 жылдар) «Әл-Мауахиб әл-ләдуния әля әш-шамаиль әл-Мухаммадийя» атымен белгілі «Шарх әш-Шамаиль» кітабын ерекше атап өтуге болады. Бұл кітапты шейх Мухаммад Аввама «Дар әл-Минхадж» баспасында жарыққа шығарған. Сондай-ақ, Ибн Хаджар әл-Хайтамидің (909-973)
«Әшрафуль уасалиль иля фахм шамаиль» атты түсіндірмесі де бар. Бұл кітапқа да шархты Мула Әли әл-Кари жазған. Ол «Джам` әл-уасаиль фи шарх әш-шамаиль» деп аталады. Имам әл-Мунауидің шархы жиі кездесетін түсіндірмелердің қатарына жатады. Ол әдетте «Шамаиль Мухаммадийяның» көне екі томдық басылымында кітап беттерінің шеттерінде келтіріледі.
Біз ескертпе мен түсініктеме жазуда көбіне имам әл-Байджури мен Ибн Хаджар әл-Хайтамидің түсіндірмелеріне сүйенеміз және қажет болып жатса, басқа да шархтарға жүгінеміз. Сонымен қатар, бұл еңбекте осы тақырыпқа жазылған басқа да маңызды кітаптарды пайдаланамыз. Мәселен, олардың бірі ─ «Мунтаха әс-суль».
Біз шамаиль ғылымы бойынша жазылған кітаптардың мақсаты оқырманға Алла Елшісінің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, қасиеттері жайлы мәлімет беріп қана қоймай, сүйікті жетекшіміз Мұхаммедтің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, бейнесін көз алдымызға елестету екенін түсінуіміз қажет. Ал, бұл өз кезегінде жүрегіміздегі оған деген сүйіспеншілік пен жақындықты ұлғайтады.
Жалғасы бар ин ша Алла..
Әбу Әли әл-Әшғари, хафизахулла
____________________
Орыс тілінен аударған Azan.kz
Имам әт-Тирмизидің өмірбаяны
Осы берекелі кітапты оқып-зерттеуге кіріспес бұрын оның көрнекті авторының кім болғандығын айта кету қажет.
Имам Әбу Иса Мухаммад ибн Саурат әт-Тирмизи хижрадан кейін 209 жылы дүниеге келіп, 279 жылы дүние салған.
Ал, «әт-Тирмизи» есімінің оқылуына келер болсақ, оның үш нұсқасы бар: әт-Тирмизи, әт-Турмузи және әт-Тармази. Доктор Луэйәл-Халили айтқандай, бұл үшеуінің арасындағы дұрысырағы ─ әт-Турмузи. Бірақ, имам Әбу Иса орыс тілді оқырманға әт-Тирмизи ретінде белгілі болғандықтан, біз бұл есімнің өзімізге үйреншікті нұсқасын қалдырамыз.
Имам «хадистің алтын ғасыры» деп санауға тұрарлық заманда дүниеге келді. Сүннеттің негізгі кітаптары сол дәуірде жинақталып, құрастырылған болатын. Олар: имам Ахмадтың «Муснады», имам әл-Бұхаридің «Әл-Джами әс-сахихі», имам Муслимнің «Сахихі», Ибн Әбу Шейбаның «Әл-Мусаннафы» және тағы басқалар.
Имам әт-Тирмизи ерте жастан ғұламалардың сабақтарына қатысып, Құранды, Сүннетті, араб тілін және фиқһті үйрене бастады. Имам өзінің туған жері Термез қаласындағы шейхтардан ілім алумен ғана шектеліп қоймай, оқуын аяқтағаннан кейін білім іздеп, мұсылман әлемінің басқа қалалары мен аймақтарына да сапар шекті.
Имам әт-Тирмизидің басты ұстаздарының бірі Ислам тарихындағы ең ұлы мухаддис, тек қана сенімді хадистерді бір жинаққа алғаш жинаған Мухаммад ибн Исмаил ибн Ибрахим ибн әл-Мугъира әл-Джуафи әл-Бұхари болатын. Имам әт-Тирмизи, әл-Бұхариден айтарлықтай ұзақ уақыт ілім алып, нәтижесінде хадис бойынша орасан зор білімге қол жеткізді. Соның ішінде «`иляль» деп аталатын хадистердің жасырын олқылықтары жайлы ғылымды үйренді.
Оның ұстазы имам әл-Бұхари, имам әт-Тирмизидің білімін жоғары бағалаған. Имам әл-Бұхаридің имам әт-Тирмизиден жасы үлкен және білім деңгейі де жоғары болғандығына қарамастан, өзі де одан кейбір хадистерді риуаят еткен. Ол шәкірті имам әт-Тирмизиге былай деген: «Сенің менен алған пайдаңнан гөрі менің сенен алған пайдам көбірек (Тазхиб әт-Тахзиб 3\669).
Сонымен қатар, имам әт-Тирмизи имам Муслим ибн әл-Хаджад ән-Нейсабуримен де кездескен және өзінің «Әл-Джами’» атты кітабында одан бір хадис риуаят еткен.
Имам әт-Тирмизидің кітаптары:
- «Әл-Джами`», имамның бізге «Әс-Сунан әт-Тирмизи» деген атпен белгілі ең әйгілі кітабы,
- «Әл-‘Иляль әс-сағыр», «Сунанмен» бірге басылып тұрады, бұл кітапта имам өзінің «Сунанын» қалай құрастырғанын түсіндіреді,
- «Әл-‘Иляль әл-кабир», имамның ең маңызды кітаптарының бірі, имам онда хадистанудың әр түрлі салаларынан көптеген пайдалы әрі маңызды ақпаратты жинастырған. Мәселен, онда жеткізушілерді сынау мәселелері де бар. Кітаптың басым бөлігін имамның сұрақтарына өз ұстаздарынан алған жауаптары құрайды: әл-Бұхариден, Әбу Зураа әр-Разиден, Абдуллах ибн Әбдуррахман әд-Даримиден, және олардың ауқымды бөлігі имам әл-Бұхариден риуаят етілген.
- «Әш-Шамаиль әл-Мухаммадийя», Раббымыздың қалауымен біз оқып-үйренгелі отырған кітап.
Біздің «Шамаиль Мухаммадийя» кітабының жеткізушілер тізбегін (санадын) баяндауымыз
Біз бұл кітапты ұстазымыз шейх Әбдуррахим Саид Лякрим ибн ән-Нахиль әл-Магрибиден жеткізіп отырмыз. Ол өзінің ұстазы шейх Абдуль-Каримәл-Хамзамиден, шейх Абдульазиз әл-Гумариден (1418 жылы көз жұмған), шейх Мухаммад Бадруддин әл-Хасаниден(1345 жылы көз жұмған), ол бұл кітапты екі шейхтен риуаят еткен: біріншісі — оның әкесі Юсуф ибн Әбдуррахман (1279 жылы көз жұмған), екіншісі — шейх Абдуль-Кадир ибн Салих әл-Хатыб әд-Димашки (1288 жылы көз жұмған), ал, ол — екі шейхтен, Саид әл-Халябиден (1259 жылы көз жұмған) және Әбдуррахман әл-Казрири әд-Димашкиден (1262 жылы көз жұмған), ол екеуі де — әд-Димашкидің әкесі Мухаммад әл-Казририден (1221 жылы көз жұмған), оның әкесі Әбдуррахман әл-Казрири әд-Димашкиден (1185 жылы көз жұмған), Әбу әл-Мауахиб әл-Ханбалиден (1126 жылы көз жұмған), шейх Әбу әл-Фадль Мухаммад әл-Хамзауиден (1085 жылы көз жұмған) әш-Шамс әл-Майданиден (1033 жылы көз жұмған), Шейхуль Ислам әт-Тыбиден (979 жылы көз жұмған), Мысыр мен Шамның мүфтиі Әбу әл-Бак Камал әд-Дин әл-Хамзауиден (933 жылы көз жұмған), Амируль Муминин филь-хадис Ибн Хаджар әл-Аскаляниден (852 жылы көз жұмған), Абдулллах ибн Халильәд-Димашкиден (805 жылы көз жұмған), хафиз әл-Миззи әд-Димашкиден (746 жылы көз жұмған) және Зейнаб әл-Макдисия (746 жылы көз жұмған) және ол екеуі де — Ибн әл-Бұхариден (690 жылы көз жұмған), Әбу әл-Айман әл-Киндиден (613 жылы көз жұмған), Әбу Шуджәл-Бистамиден (562 жылы көз жұмған), Әбу әл-Касим әл-Халилиден (496 жылы көз жұмған), Әбу әл-Касим әл-Хузаидан (411 жылы көз жұмған), әл-Хейсам әш-Шашиден (335 жылы көз жұмған), имам әт-Тирмизиден (279 жылы көз жұмған).
Жалғасы бар ин ша Алла..
Әбу Әли әл-Әшғари, хафизахулла
____________________
Орыс тілінен аударған Azan.kz
Барлық мақтау-мадақ Аллаға тән, Оның Елшісіне Алла Тағаладан игілік пен сәлем болсын.
Осы күндері Құдайға тіл тигізуші дінсіздердің ессіздігінің кесірінен баршамыздың бойымызды ашу кернеп, ызаға булығудамыз. Оларға Алла Тағала Жаратушыларының Жалғыздығын танып, мойындауы үшін ақыл-ес берген еді. Олар болса, оны Алла Тағаланың ең абзал жаратушысы ─ Мұхаммед Пайғамбарды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), мазақ етіп, қаралау үшін пайдаланды.
Кәпірлердің көпшілігі мұсылмандардың неге соншалықты наразылық танытып жатқандарын түсіне алатын күйде емес. Олар бұған тағылықтың, ақымақтықтың көрінісі және орта ғасырлардың қалдығы ретінде қарайды. Бірақ, әлгі ессіздер солардың жақын туыстары мен жақындарының карикатурасын салып, бүкіл жұртшылықтың алдында мазақ етсе, бұл олардың наразылығын, қарсылығын тудырмас па еді? Алла Елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, біздер үшін кез келген туысымыздан, кез келген бауырымыздан жақын һәм сүйікті. Өйткені, ол ─ әлемдерге жіберілген рақым және бізге құтылу жолын көрсеткен, әрдайым, тіпті өмірінің соңғы сәттерінде де үмбетін ойлаумен болған жан.
Орын алып жатқан осы оқиғалар мұсылмандардың бір сілкініп, ұйқыларынан оянуына түрткі болуы қажет. Оларға біздің дініміздің құндылығы бізге Алла Елшісі, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), жеткізген уахиде ғана емес, оның өзі де тұлға ретінде дініміздің бір бөлігі әрі біз үшін ең ұлы құндылық екенін түсінетін кез келді.
Біз Пайғамбарды, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), әжуалап, қорлап, тіл тигізу оқиғасы бірінші рет көрініс тауып отырмағанын түсінуіміз тиіс. Ол, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), тірі кезінде-ақ меккеліктердің көпшілігі оны қабыл алмаған кезде өз халқы тарапынан қуғынға ұшырады. Алла Тағала ол туралы былай дейді:
مَا أَنتَ بِنِعْمَةِ رَبِّكَ بِمَجْنُونٍ ﴿٢﴾ وَإِنَّ لَكَ لَأَجْرًا غَيْرَ مَمْنُونٍ ﴿٣﴾ وَإِنَّكَ لَعَلَىٰ خُلُقٍ عَظِيمٍ ﴿٤﴾ فَسَتُبْصِرُ وَيُبْصِرُونَ ﴿٥﴾ بِأَييِّكُمُ الْمَفْتُونُ ﴿٦﴾ إِنَّ رَبَّكَ هُوَ أَعْلَمُ بِمَن ضَلَّ عَن سَبِيلِهِ وَهُوَ أَعْلَمُ بِالْمُهْتَدِينَ ﴿٧﴾ فَلَا تُطِعِ الْمُكَذِّبِينَ ﴿٨﴾ وَدُّوا لَوْ تُدْهِنُ فَيُدْهِنُونَ ﴿٩﴾ وَلَا تُطِعْ كُلَّ حَلَّافٍ مَّهِينٍ ﴿١٠﴾ هَمَّازٍ مَّشَّاءٍ بِنَمِيمٍ ﴿١١﴾ مَّنَّاعٍ لِّلْخَيْرِ مُعْتَدٍ أَثِيمٍ ﴿١٢﴾ عُتُلٍّ بَعْدَ ذَٰلِكَ زَنِيمٍ ﴿
(1) (Мұхаммед Ғ.С.) Сен Раббыңның мәрхаметінде жынды емессің. (2) Сөзсіз сен үшін таусылмайтын бір сыйлық бар. (3) Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің. (4) Енді таяуда сен де көресің, олар да көреді, (5) Жындылық қайсыларыңда екен? (6) Күдіксіз Раббың кімнің жолынан адасқанын жақсы біледі. Және тура жолдағыны да біледі. (7) Ендеше, өтірікшілерге бой ұсынба! (8) Егер сен босасаң сонда олардың да босағылары келеді. (9) (Мұхаммед Ғ.С.) Әрбір көп ант ішкен ынжықтарға бой ұсынба; (10) Өте айыптағыш, өсек тасығышқа да, (11) Жақсылыққа тыйым салушы, шектен шығушы күнәкарға да, (12) Сотқар, сондай-ақ тексізге де.
Алла Елшісін (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), келеке етіп, қорлағысы келетін, онымен қоймай бұл қылықтарын дүйім жұртқа «сөз бостандығы» ретінде көрсететін қазіргі кейбір карикатура салушылар секілді, меккелік пұтқа табынушылар да оны ақылынан адасқан есалаң және сиқыршы ретінде көрсетпек болды.
Исламдық діни дәстүрде Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), тұлғасына ─ оның сырт келбетін, киім киісін, мінезін және күнделікті жүріс-тұрысын сипаттауға арналған ерекше жанр бар. Бұл жанр Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), өмірін тарихи тұрғыдан талдайтын басқа жанр ─ сирадан өзгеше.
Осы дәстүрдегі ең әйгілі кітаптардың бірі имам Әт-Тирмизидің «Шамаиль Мухаммадийя» кітабы болып табылады. Ол «Сахих» Әл-Бұхари немесе «Рияду Солихин» сияқты кітаптармен бірге әрбір мұсылманның кітапханасының ажырамас бөлігіне айналды.
Қади Иядтың «әш-Шифа» кітабы секілді, бұл кітап та мұсылман әлемінің мешіттерінде ұдайы оқылып келді. Мұсылмандар соны оқып, Алла Елшісін, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), дәріптеу арқылы Алла Тағаланың берекеті мен ризалығына қол жеткізуге тырысты.
Біздің өлкеде де осы дәстүр жанданып, сира мен Алла Елшісінің, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), құндылықтары жайлы кітаптарды оқу мәжілістері жер-жерде өтіп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Біз осы ортақ іске қосқан үлесіміз ретінде имам Әт-Тирмизидің кітабын кішігірім ескертпелерімізді қосып, аударуға бел будық. Енді соны Азан.кз. сайтының оқырмандарына ұсынып отырмыз.
Алла Тағаладан осы бастамамызға қолдау көрсетіп, жәрдем беруін тілейміз.
Уа соляллаху алейхи уа салаам.
Жалғасы бар ин ша Алла..
Әбу Әли әл-Әшғари, хафизахулла
____________________
Орыс тілінен аударған Azan.kz
ҚМДБ діни оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Б.Бейсенбаев пен «Нұр Мүбарак» университеті оқу ісінің меңгерушісі А.Әлмұхаметов Татарстан Республикасы, Қазан қаласындағы «Құл Шариф» мешітінде Татарстан мұсылмандары діни басқармасының Бас мүфтиі Камил хазрет Смагуллинмен кездесті.
Кездесу барысында, ҚМДБ мен ТМДБ араларындағы қарым-қатынасты нығайту туралы ұсыныстар мен діни білім беру жүйесінің сабақтастығы мәселелері талқыланды.
Бас мүфти Татарстандағы бүгінгі діни білім беру саласындағы жетістіктер жөнінде айта отырып, имамдардың білімін жетілдіру бойынша жасалып жатқан жұмыстар мен Ғұламалар Кеңесінің істері және діни әдебиеттерді аударатын, дайындайтын «Хұзыр» баспасы туралы мәлімет берді. Сонымен қатар, Камил хазрет Қазақстанмен ағайындық қарым-қатынасты нығайтуды барынша қолдайтындығын жеткізді.
Бұдан бөлек Қазақстандық делегация 150 жылдық тарихы бар «Мұхаммадия» имамадардың білімін жетілдіру марказы, медресесі мен мектепке дейінгі балаларға арналған діни орталығында болып, ол жердегі оқу және тәрбие жүйелерімен танысты.
muftyat.kz