Жақында қалыптасқан дәстүр бойынша облыстық Марал ишан мешітінің ұжымының ұйымдастыруымен бірқатар кездесулер болып өтті. Бұлардың әрқайсысының көтерілген тақырыптары ауқымды.
Мәселен, аталмыш мешіттің наиб имамы Асқар Мейрамбекұлы Қостанай шаһарындағы білім орталығында болып, студент жастармен жүздесті. Бұл басқосуда «Қазіргі Қазақстандағы әлемдік діндердің рөлі» деген өзекті тақырып қозғалды.
Кездесу барысында наиб имамға қазақтың жігіттері мен қыздары өздерінің көкейінде жүрген көптеген сауалдарын қойып, оған нақты жауап алды. Мұндай екі жаққа да пайдалы кездесулер алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешітінің ұжымы халықаралық әйелдер мейрамына орай намазхан аналарға дастарқан жайды.
Киелі орында жиналған аналарды Қостанай ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Көпжасаров шын жүректен құттықтады. Оларға мықты денсаулық, отбасында бақыт тіледі.
Сондай-ақ Затобол кентіндегі «Алтын дән» мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, қонақтарға жоғары көңіл-күй сыйлады. Аудандық мешіттің бас имамы Азамат қажы Серікбайұлы мұсылман әйелдердің қадір-қасиеті, үлгілі мінезі мен өнегесі жайлы жан-жақты баяндады.
Арнайы жайылған дастарқаннан дәм татқан ақ жаулықты аналар мешіт ұжымына алғысын жаудырып, асыл дінді насихаттау жолындағы еңбектеріне табыс тіледі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халқымыздың рухани дамуы мен діни сауатын ашу, ұлттар мен ұлыстардың бірлігі мен ынтымағын нығайту бағытында еңбек етіп келеді. Қоғамдағы кейбір өзекті діни мәселелерге де үн қатып, шариғат тұрғысынан және еліміздегі Заңдар мен заңнамалар аясында пәтуа шығару да – Діни басқарманың негізгі жұмыс бағыттарының бірі.
Діни басқармаға діни мазмұнда әр түрлі сауалдар келіп түседі. Оларды еліміздің жекелеген азаматтарынан бастап, түрлі мекеме басшылары, зиялы қауым өкілдері, қоғамда үлкен беделі бар тұлғалар жолдайды. ҚМДБ қызметкерлері халықтың әрбір сауалына назар аударып, толыққанды жан-жақты жауап беріп келеді.
Жуырда ҚМДБ-ға бір топ азаматтардан, ақын-жазушылардан, өзін «Қазақстан мұсылмандар одағының» басшысы ретінде таныстыратынМұрат Телібеков сайлауға қатысу жөнінде өтінішті Одақ ұсынғандығы туралы мәлімдеме жасауына байланысты сауалдар түсті.
Келіп түскен сұрақтардың жалпы мазмұны:
«Мұсылмандар одағының» Діни басқармаға қатысы бар ма?
М.Телібековтың мұсылмандар атынан өзін ұсынатын құқығы бар ма?
Осы сұрақтарға ҚМДБ келесі жауап қайтарады:
Біріншіден, біздің сұрауымыз бойынша Діни басқармаға Әділет министрлігі тарапынан ресми жауап хат келіп түсті.
Осы хатта «Қазақстан мұсылмандар Одағының» ұйым ретінде еш жерде тіркелмегені көрсетілген.
Сондай-ақ, М.Телібеков қандай да бір діни бірлестіктің басшысы не болмаса мүшесі ретінде тіркелмеген.
Осы орайда, ҚМДБ М.Телібековтың өзін «Қазақстан мұсылмандар одағының» басшысы ретінде айтуға және тіркелмеген ұйымның атынан сөйлеуге құқығы жоқ деп санайды.
Сонымен қатар, БАҚ өкілдерінен ендігі жерде М.Телібековтың есімін еліміздің мұсылмандық ұйымдармен байланыстырмауын және барлық ақпаратты толыққанды тексеріп отыруын сұраймыз.
Екіншіден, қоғамдағы діни мәселелер бойынша пәтуа шығаратын ресми мекеме – ҚМДБ Ғұламалар Кеңесі.
Осыған орай, пәтуа беру мәртебесіне ие болмаған және барлық мұсылмандардың атынан сөйлейтін адамның әрекеттерін біз құптамаймыз.
Бұл – мұсылман үмбетінің бірлігіне сызат түсіріп, бөлінуіне ықпал етеді. Мұсылман пенденің адамдар арасында бүлік тудыруы дұрыс емес.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір сөзінде нағыз мұсылманды адамдарға тілімен де, ісімен де зиян тигізбеген пенде деп сипаттаған.
Алла Тағала халқымызды алауыздықтан, жерімізді әртүрлі бүлік әрекеттерден сақтасын. Әмин!
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының кезекті XVI Съезінде елдегі діни конфессиялар қазақстандықтардың бірлігін арттырып, бейбітшілік пен келісімді, мемлекеттің ішкі тұтастығын нығайтуға қызмет етуі керектігін мәлім етті.
«Бүгінде елімізде 17 конфессия өкілдері бейбіт те тату өмір сүруде. Олардың ішінде кең таралғаны ислам діні, православтар мен протестанттар. Қазақ топырағында ғасырлар бойы жасап келе жатқан Ислам дінінің Ханафи мектебі төзімділігімен, ислам құндылықтарын түсіндіруде шебер тәжірибесімен ерекшеленеді. Жалпы барлық діннің ұстанатын қағидасы бір: ешкімді өлтірме, жақыныңа көмектес, кешіре біл, еңбек ет, отбасын құр, ұрпақ өсір. Барлық діннің айтары осы. Жақсылыққа шақыру» деп сөзін түйді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ ұлттар мен этностарды біріктіру ісінде, бейбітшілік пен келісімді нығайтуда, қоғам мен экономиканы көтеруде, мемлекет тұтастығын сақтауда әрбір діннің өз маңыздылығы, құндылықтары бар екендігін де баса айтып өтті.
E-islam.kz
Қазіргі уақытта кейбір жастар ата-анасының қадірін білмей, оларды бойынан қуат, қолынан күш кеткен кезде ар-ұятты бетке түйіп, қарттар үйіне тапсырып жатқандығын көзі ашық, көкірегі ояу жұртшылық жақсы біледі.
Осындай жүздеріне қаяу түскен аға-буын өкілдеріне қамқорлық көрсету мен олардың жүрегіне жылы тиетін сөздерді айтып, жоғары көңіл-күй сыйлауды облыстың бас имамы Асылхан қажы Түсіпбек барша дін қайраткерлерінің басты қасиеттерінің бірі деп есептейді.
Сондықтан да ол 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні қарсаңында Федоров ауданындағы қарттар үйіне аудандық «Жиентай қажы» мешітінің имамы Мейрамхан Егеубаевпен бірге барды. Бұл күндері осы жерде 55 адам ерекше күтімге алынған. Олардың ішінде 30 жүрегі нәзік жандар, яғни әйелдер де бар. Аталған кісілердің 2-уі мұсылман әжелеріміз екен.
Жас та болса өмірді жақсы білетін, қарт кісілердің көңіл-күйлерін жете түсінетін бас имам барша әжелерді мерекелерімен құттықтады. Оларға арнайы дастарқан жайылды. Өздерімен ала барған сыйлықтарын да табыс етті.
Сырқат кісілердің жатқан бөлмелерінде болып, ауруларынан тезірек құлан-таза айығып кетулеріне тілектес екендіктерін білдірді. Облыстың бас имамының уақыт бөліп, өздеріне келуін мұндағы ардақты қарттар үлкен қуанышқа балады.
Асылхан қажы олардың жылы жүздеріне қарап, мұндай үлкен кісілерге алдағы уақытта да ерекше назар аудару қажет екендігін ұқты. Барша имамдарға жасы ұлғайған кісілерге көңіл бөлу олардың басты міндеттері екендігін де бір сәт ұмытуға болмайтындығын түсінді.
ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
8 Наурыз халықаралық әйелдер күніне орай, Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бастамасымен, 7 наурыз күні қаламыздағы №1 Қарттар мен мүгедектер үйінде қайырымдылық іс-шара өтті. Іс-шараға ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкіл имамы, Қостанай қалалық «Марал ишан» мешітінің Бас имамы Асылхан қажы Мұханбетжанұлы және Рудный қалалық «Нұр» мешітінің Бас имамы Сейіт қажы Темірбекұлы қатысты.
Мерекеге арнайы қонақ болған Өкіл имам сөз алып, қарттарға Алланың нығметтеріне шүкірлік ету туралы тағылымды уағыз айтты. Ақ жаулықты аналарды әйелдер күнімен құттықтап, оларға зор денсаулық, ұзақ өмір тіледі. Қарттарымыздың көпшілігі орыс ұлтынан болғандықтан, Сейіт қажы орыс тілінде қысқа сөз сөйлеп, мерекелерімен құттықтады. Жиын соңында сыйлық таратылып, Асылхан қажы аруақтарға Құран бағыштады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Асылхан қажы Түсіпбек жылда бір келетін халықаралық әйелдер күні мен мерекесінде облыстық балалар үйіндегі тәрбиеленіп жатқан қыз балаларды шаттыққа бөлеуге ерекше назар аударды.
Өзі бас болып, аталмыш тәрбие орнына арнайы барды. Ондағы қыздарды мейраммен құттықтады. Осы мерекеге орай арнайы дастарқан ұйымдастырылды. Тәрбиеленушілер де қалың жұртшылықты имандылыққа баулып, адамгершіліктің нағыз жарқын үлгісін танытып жүрген Асылхан қажы бастаған барша мешіт қызметкерлеріне алғыстарын жаудырды.
Мешіттің қызметкерлері бұл дүниеде балалардың жүзіндегі шат күлкі мен қуанышқа ештеңе де жетпейтіндігіне тағы да көздері жетті.
ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Қуанышқа бөленді
Бас имам Асылхан қажы Түсіпбек жыл сайын халықаралық әйелдер күнінде осы мешіттің абыройын асқақтатып, өзгелерге үлгі-өнеге көрсетіп жүрген намазхан апаларға да құрмет көрсетуді ұмытпайды.
Осы сөзіміздің жарқын айғағындай сол мереке күні облыстық Марал ишан мешітінде оларға арнайы дастарқан жайылды. Әрбір шаңырақтың көркі болып отырған аяулы жандарға шын жүректен шыққан ізгі тілектер айтылып, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды.
Сөйтіп олар өздеріне осындай жоғары көңіл-күй сыйлаған барша мешіт қызметкерлеріне алғыстарын білдіріп, шын мәнінде риза екендіктерін танытты.
ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары Замир Ракиевті қабылдады.
Кездесуде бауырлас елдердің рухани саладағы қарым-қатынасы, Діни басқармалар арасындағы байланыстар сөз болды. 2015 жылдың 19 ақпанында Астанада өткен Бірінші имамдар форумына қатысқан қонақ айтулы шара діннің дамуын алға бастыратын, болашаққа жоспар жасалған бастама болғанын атап өтті.
«Форум барысында Діни басқарманың ұйытқы болуымен маңызды құжаттар қабылданды. Мұндай құжаттар ел ішіндегі бірлікті, татулықты, өзара ынтымақты көздейді. Қазақстан мен Қырғызстанның Діни басқармалары әрдайым өзара ынтымақтасып жұмыс жасап келеді. Бұл екі елдің алған бағыты бір, құндылықтары ортақ екенін паш етеді. Астанада өткен имамдар форумының тек Қазақстан үшін емес, Қырғыз елі үшін де маңызы зор», – деді Замир Ракиев.
www.muftyat.kz
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Ислам әлемінің ғұламасы, мүфти, ұстаз, шейх Мұхаммед Садық Мұхаммед Жүсіптің қазасына орай Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Усмонхон Әлімов мырзаға, марқұмның туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
«Қаралы хабар біздің де жанымызға батты. Өзімнің және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы атынан Сізге, марқұмның туған-туыстарына көңіл айтамын. Қазаның арты қайырлы болсын! Алла Тағала алдынан жарылқап, рақымына бөлегей!
Шейх Мұхаммед Садық Мұхаммед Жүсіп өмірін ілім іздеумен, шәкірт тәрбиелеумен, кітап жазумен өткізді. Оның тәрбиелеген шәкірттері мен артына қалдырған діни еңбектері асыл дініміз Исламның өркендеуіне үлес қоса бермек», – делінген жедел хатта.
www.muftyat.kz