Бүкіл әлемдерді жаратқан Алла Тағалаға сансыз мақтаулар және Алланың сүйікті Елшісі Мұхаммадқа (с.ғ.с) сансыз салауаттар болсын. Мәуліт – туылу уақыты немесе туылған күн дегенді білдіреді.
Ислам әлемінде бұл күнді Мәулудун – Нәби, яғни Пайғамбардың туылған күні деп атайды. Жалпы әлемнің мұсылмандары Мұхаммад пайғамбардың туған күнін бір ай көлемінде тойлайды. Осы Мәуліт айы биылғы жылы қаңтар айының 2-нен 3-не қараған түнге сәйкес келіп отыр.
Сахих Мүсілімде Әбу Қатададан мынандай хадис риуаят етілді. Ол былай деді: Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) дүйсенбі күнгі ораза жайлы сұралған еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бұл күні мен дүниеге келдім әрі елші болып жіберілдім немесе бұл күні маған Құран түсті» , – деп жауап берді.
Хадисте Расулулланың (с.ғ.с.) дүниеге келген күнінің ерекшелігі мен қасиеттілігі, тіпті, бұл күнде Ұлы Жаратқанға шүкір ниетімен ораза ұстаудың сауаптылығы айтылған. Иә, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дүниеге келуі Ұлы Жаратушының ғаламға сыйлаған ең үлкен нығметі мен жақсылығы екені сөзсіз. Құранда: «Біз сені күллі ғалам үшін рахым етіп қана жібердік» деп осы ақиқатты меңзеген.
Сондықтан, оның дүниеге келіп, ғаламды нұрға бөлеуі – артына ерген үмметі үшін үлкен қуаныш. Ол (с.ғ.с.) дүниеге келмей тұрып, барша ғалам қараңғылықта тұншығып жатқан-ды. Адамзат небір меңіреу пұттарды Құдай деп танып, ес-түссіз құлшылық етті. Ақ, қара саналып, асыл құнсызданды. Небір сорақы істер мен арсыз қылықтар игілікке бағаланып, иелері атақ-абыройға кенеліп жатты. Осы бір сұрапыл да қараңғы түнекте Пайғамбарымыз Мұхаммад (с.ғ.с.) дүниеге келді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әділетті, мейірімділікті, бауырмалдылықты, тыныштықты және ынтымақты сүйген адамдардың асылы еді. Сабырлы, байсалды және көркем мінезге ие бір Елші еді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) осындай көркем мінезге деген ерекшіліктері барлық адамдарға үлгі өнеге. Құранның бір аятында Алла Тағала осы жөнінде былай дейді:
«Расында сендер үшін, Алланы да ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін; Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар». (Ахзаб сүресі, 21).
Құран аяттарында Пайғамбарымыздың көркем мінезі өте терең баяндалған. Сондай-ақ, сахабалар айтып кеткен насихаттарында да Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) қатысты көптеген мәліметтер бар. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жан ұясына және төңірегіндегі мұсылмандарға болған мәмілесі, күнделікті өмір сүрген оқиғалар, сыртқы көрінісі, көргендерді таң қалдырған нұрлы келбеті, сүйген тамақтары, киімі және күлуі сйяқты көптеген мәліметтер Ислам ғалымдары тарапынан «шамаил» сөзімен аталады.
Шамаил сөзі «шимал» сөзінен келіп шыққан. Бұл сөз «құлық-мінез, қиял, көрініс, әрекет, мәміле» сияқты мағыналарды береді. Бірақ «шамаил» сөзінің мағынасы уақыттың өтуіменен өзгеріп, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өміріндегі өткізген өміріменен байланысты барлық мәліметтерді және жеке ерекшіліктерін түсіндірген бір терминге айналған.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сұлулықтары жөнінде көп мәліметтер бүгінгі күнге дейін жеткен. Пайғамбар Мырзамыздың (с.ғ.с.) сахабалары бұл адамның асылы болған сыртқы көрінісінен сұлулығынан көргендерді таң қалдырған келбетіне, нұрынан болған көрінісіне және күлгеніне дейінгі көптеген әр түрлі мәліметтерді қалдырған.
Көптеген сахабалар сұлулықтар жөнінде әр түрлі мәліметтерді баяндап беріп, Пайғамбарымызбенен бір дәуірде өмір сүрмеген Мұсылмандарға Алланың Елшісін (с.ғ.с.) көптеген ерекшіліктеріменен таныстырған.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мінез-құлқы мен көрінісіне байланысты берілген барлық мәліметтер Оның (с.ғ.с) жоғарғы көркем мінезділігін көрсетеді.
Міне, құрметті мұсылман бауырлар! Әлемге өз мейірімін паш етіп жіберілген, көркем мінезге толы ардақты Пайғамбарымызды (с.ғ.с) өзімізге үлгі-өнеге тұтып, Оған деген көптеген салауаттар айтып, сүйіспеншілігімізді арттыруымыз керек. Салауат айтуды Мәуліт айында ғана емес, күнделікті өмірімізде де Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) айтып отырғанымыз жөн.
Алла Тағала Құран Кәрімде: «Расында Алла және Оның періштелері пайғамбарға салауат айтады. Уа, иман келтірген мүминдер! Сендер де оған толық мойынсынушылықпен салауат айтып, сәлем жолдаңдар», - деп бұйырады (Ахзаб сүресі, 56-аят).
Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қызы Фатимаға (р.а.): «Адамдардың ішіндегі ең сараңы кім деп ойлайсың?» – дейді. Фатима (р.а.) анамыз: «Алла берген дәулеттен садақа бермейтін адам», - деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жоқ, менің атым аталған жерде маған салауат айтпағандар ең сараңдар!» – дейді. Сондықтан, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Мұхаммад, Мұстафа, Ахмад деген есімдері аталған уақытта «Саллаллаһу аләйһи уә сәлләм» деп салауат айту – әрбір мұсылманның міндеті болып қала бермек.
Сол үшін «Уа, Мұхаммад! Саған сансыз салауат болсын!» деп Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туылған күнін еске алып, ол күндері салауат айтсақ, әрине, сауапқа кенелеміз.
Демек, Пайғамбарымызға (с.ғ.с) көптеген салауаттар жолдайтын болсақ, Оның (с.ғ.с) сүйіспеншілігіне бөленетініміз ақиқат.
Аллаһқа және Оның Елшісіне иман келтіру бұл мұсылмандар үшін ең маңызды. Себебі, ол екеуінсіз иман толық болмайды. Әнәс бин Мәликтен (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтты: «Ата-аналарың мен бала-шағаларыңнан да, тіпті барлық адамдардан да мені артық жақсы көрмейінше толық иманды жан бола алмайсыңдар»,-деді.
Пайғамбарымызды (с.ғ.с) сүю бұл ең үлкен бақыт. Себебі, Ол (с.ғ.с.) бізді қараңғылықтан жарыққа шығарып, ақ пен қараны ажыратуды, тура жолды көрсетіп берген. Пайғамбарды сүю – оның алып келген Ислам дініне үлесімізді қосып, оған жәрдем беріп, Ол (с.ғ.с.) алып келген үкімдерге толық бас ию болып саналады. Құрметті мұсылман бауырлар! Пайғамбарды сүю ең үлкен сый. Оны (с.ғ.с.) сүю жүректің күш қуаты, нұры және керекті рухани азығы. Біз Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) ата-аналарымыздан да, бала-шағаларымыздан да, артық жақсы көруіміз керек.
Омар ибн Хаттаб (р.а.) Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) айтты: «Уа Алланың Елшісі, ақиқатында мен сені өзімнен басқа барлық нәрселерден артық жақсы көремін»,-деді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтты: «Жоқ! Менің жаным қолында болған затқа ант, мені өзіңнен де артық жаксы көруің керек»,-деді. Бірнеше күн өткеннен кейін Омар (р.а.) айтты: «Шындығында мен сені дәл қазір өзімнен де артық жақсы көремін»,-деді. Сонда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Міне енді жақсы болды ей Омар!»,-деді.
Осы хадис бізді Алланың Елшісін (с.ғ.с.) өзімізден де, жанымыздан да артық жақсы көруге шақырып жатыр.
Имам Мәлик (р.а.) Алланың Елшісін (с.ғ.с.) өте жақсы көрушілерден еді. Ол Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерін оқығанда дәретпенен оқып, тіпті осынау дәріс алқасында бірнеше рет аяғын шаян шағып жатса да хадисті оқуын тоқтатпаған болатын.
Міне құрметті мұсылман бауырлар, Алланы және Оның Елшісін (с.ғ.с.) жақсы көру ең маңызды мәселе екеніне куә болдық. Сондықтан Алланы және Оның Елшісін (с.ғ.с.) барлық нарселерден жақсы көруіміз керек.
Аллаға шүкір, тәуелсіз ел болғаннан бері елбасымыздың қолдауымен еліміздің барлық аймақтарында жыл сайын Мәуліт мерекесін атап өту үрдіске айналды. Ақ жаулықты әжелеріміз бен ақ сақалды аталарымыз, қала берді, жастарымыз да шын ықыластарымен дәстүрлі түрде қарсы алып келеді.
Ислам ғұламасы Жәләлуддин Суюти (р.а.): «Шамайлдың» шархы болған «Уасайл» атты кітабында айтады: «Бір үйде немесе мешітте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мәуліті оқылса, сол үйдің немесе мешіттің адамдарын періштелер қоршап алады, олардың барлығына Алла Тағаланың рақымы жауады және олар нұрға бөленеді. Себебі, періштелер ол адамның Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) мәуліт оқығаны үшін салауат айтып тұрады»,-деген.
Ендеше, барша қостанайлық мұсылман жұртын осы қасиетті Мәуліт айының мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Алла Тағала еліміздің тұғырын биік, тәуелсіздігін баянды қылғай!
Түсіпбек Асылхан қажы
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша өкіл имамы
Имам «Жыл адамы» атанды
Жаңа жыл қарсаңында Арқалық қалалық мешітінің бас имамы Бектұрсын Уәлиев үлкен қуанышқа кенелді.
Ол аталған қаланың әлеуметтік дамуына қосқан үлесі, қайырымдылық мақсатында атқарған қыруар жұмыстары ескеріліп, «Қоғамдық қызмет» номинациясы бойынша «Жыл адамы-2014» атанды.
Оған бұл марапатты Арқалық қаласының әкімі Ғазиз Бекмұхамедов табыс етті.
Біз дін қайраткері Бектұрсын Торғайбайұлын осынау атағымен шын жүректен құттықтап, оған алдағы уақытта мықты денсаулық, қызметінде табыс тілейміз.
Ресейдің мүфтилер кеңесінің төрағасы Равил Гайнутдин мырза SO RMC 410:2014 халал стандарты бойынша қонақ үйлердегі қызметтер де соған сай болу керектігін атап өтті. Бұл стандарт Ресей мүфтилер кеңесінің стандарттау және сертификаттау халықаралық орталығында жасалған болатын.
"Қонақ үй нөмірлері мұсылман қонақтарға ыңғайлы болу үшін шариғат талаптары сақталуы тиіс" - деп келтіреді бір сөзінде РМК баспасөз қызметі.
Әр бөлмеде құбыланың бағыты көрсетілген болу керек және Құран Кәрім, жайнамаз, дәрет алатын құман тұратын болады. Сонымен қатар, мұсылман қонақтарға әрқашан халал тамақтану қарастырылып, Рамазан айында сәресі мен ауызашар да беру жоспарда бар.
islam.kz
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы Астана резиденциясында ҚР Мәдениет және спорт вице министрі Марат Әзілхановты және Дін істері комитетінің басшылық құрамын қабылдады.
Ресми кездесуде еліміздегі діни ахуал, Діни басқарманың 2014 жылда атқарған игілікті іс-шаралары сөз болып, 2015 жылдың жоспары талқыланды. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы діни мамандар әлеуеті мен уағыз-насихат жұмыстарының белсенді жүріп жатқанын баяндады. Вице-министр Марат Алмасұлы имандылық, халықтың бірлігі мен ынтымағын нығайтудағы ҚМДБ-ның сауапты һәм салауатты жұмыстарына жоғары баға берді, алғысын білдірді.
Қазіргі уақытта ҚМДБ-ның құрылымында 3 967 діни мамандар қызмет атқарады. Имамдардың біліктілігін көтеруге арналған арнайы курстар ұйымдастырылып, ағымдағы жылдың 9 айында 1400-ден астам дін қызметшісі білімдерін жетілдірді.
Өңірлердегі имам-молдалардың халықпен жұмыс істеу қабілетін тереңдетуге, білімін жетілдіруге бағытталған семинарлар ұйымдастырылуда.
ҚМДБ-ның аттестациялық комиссиясы Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласының 1031 имам-молдасы аттестациядан өткізілді.
ҚМДБ Баспасөз қызметі
Бақ БЕР
Абдуллаһ ибн Абдулазиз кең танылған хадис ғалымдарының бірі болатын. «Омари» деп те аталған. 184 (милади 800) жылы Мәдинада қайтыс болды. Әкесінен және басқа кісілерден хадис-шәріп риуаят етті. Ол кісінің өзінен Сүлеймен ибн Мұхаммед ибн Яхья ибн Ұруа ибн Зүбәйір, Ибн Үәйна, Ибн Мүбарак, Мұса ибн Ибраһим секілді ғалымдар хадис жеткізген.
Ибн Хиббан ол кісі жайлы былай деген: «Абдулла ибн Абдулазиз өз дәуірінің ең захид (дүниеге құмартпаған) әрі ең абидтерінен (құлшылыққа берілген) еді. Хадис ілімінде сиқа (сенуге болатын) ғалым болатын».
Фудайыл ибн Ияд былай деген: «Абдуллаһ ибн Абдулазиз бен Ибн Мубарактың жанына барып, қастарынан бір елі ажырамауды қатты ұнатамын».
Риуаят еткен хадис-шәріптерінің кейбіреуі мыналар:
Әнас ибн Маликтен риуаят еткен: Расулалла (с.а.у.) былай деді: «Дүние тұрғысынан өзінен жоғары тұрғандарға, дін тұрғысынан өзінен төмен тұрғандарға қараған адамды Алла тағала шүкір етуші мен сабыр етушілер қатарына жазбайды. Дүние тұрғысынан өзінен төмен тұрғандарға, дін тұрғысынан өзінен жоғары тұрғандарға қараған жанды Алла тағала шүкір етуші әрі сабырлы құл ретінде жазғызады».
Ибраһим ибн Сағыдтан риуаят етті: Расулалла (с.а.у.) былай деді: «Сахабаларым жайлы (нашар сөз айтпай) Алладан қорқыңдар. Менен кейін олармен жауласып жүрмеңдер. Оларды жақсы көргендер мені жақсы көргені үшін жақсы көреді. Оларды жек көріп, кек тұтқандар маған дұшпандығы себепті осыған барады. Оларды жәбірлегендер мені жәбірлегені. Мені жәбірлегендер Алланы жәбір еткендей болады. Кім Алла тағаланы жәбірлесе, Алланың оны азаптауы тым жақын қалды деген сөз».
Салим ибн Абдулладан риуаят етті: Расулалла былай деді: «Алла Тағалаға жалбарынып дұға етпей тұрып мағруфты (жақсылықты) бұйырып, мункардан (жамандықтан) тыйыңдар. Күнәларыңа өкініш білдіріп, Алла тағаладан кешірім мен жарылқау тілеместен Алла сендердің дұғаларыңды қабылдамайды. Ондайда кешірімге де қол жеткізбейсіңдер. Иудей ғалымдар мен христиан діндарлары жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыймағандықтан, Алла тағала оларды өз пайғамбарларының тілімен лағынеттеп, көпшілікке келетін бәлеге ұшыратқан».
Әбу Жағфар әл-Хызла: Абдулла ибн Абдулазиз бірде ұлық кісілердің бірінің мына айтқан сөзін жеткізген: «Құран кәрімді көп оқу керек. Өйткені Құран кәрім оқып, бұйрықтарын орындаған кезде жұмаққа апарады».
Абдулла ибн Абдулазиз хазірет кітап оқығанды ерекше ұнататын, сондықтан үнемі кітаптан бас алмайтын. Тастамай өзімен бірге алып жүретін кітаптары болатын. Кітапқұмарлығының себебін сұрағандарға былай дейтін: «Адамға қабірден асқан ғибрат боларлық әрі ең көп насихат айтатын нәрсе жоқ. Жалғыздық, бірқатар қиыншылықтар мен жаманшылықтардан алыс ұстайды. Кітап болса, адамға ең жақын дос».
Бірде былай деп дұға етті: «Уа, Жасаған ием! Саған үлкеніміз де, кішіміз де дұға етеміз. Тәубаларымызды дұрыстай гөр! Бізді тәубамыздан жаңылдырма!»
Әбу Мұнзир Исмайыл ибн Омар айтуда: Абдуллаһ ибн Абдулазиз былай деді: «Адам баласы ғапылдыққа салынып, Алланың бұйрықтарын орындамай кетеді. Тыйым салған істерін жасай бастайды. Адамдардан қорқып, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю ісін, яғни осы парызға көңіл бөлмей қояды».
Мұхаммед ибн Харб әл-Мәкки айтуда:
Бірде Абдуллаһ ибн Абдулазиз хазірет жанымызға келді. Дереу маңайына жинала қалдық. Меккенің игі жақсылары да келді. Бір уақытта басын көтергенде, қасиетті Қағбаның айналасында бой көтерген зәулім үйлерді байқады. Қатты дауыстап: «Әй, бұл зәулім үйлерді қасиетті мекенге әкеліп тұрғызғандар! Өлгенде жападан жалғыз жататын, қабірдің қараңғылықтарын қаперге алыңдар. Әй, қу дүниенің ләззатына құмартқандар! Байлыққа бөккендер! Қабірде құрт-құмырсқаға жем болатындарыңды, мына әдемі денелеріңнің топырақтың астында шіритінін, көретін көздеріңнің ағып кететінін, сөйлейтін тілдеріңнің буылатынын еш ойламайсыңдар ма?» деп айғай салды. Осыны айтып тұрып көңілі босап, көзіне жас алды.
Бір кісі Абдуллаһ ибн Абдулазизге: «Маған насихат айтыңызшы?» дегенде, ол кісіге «Уәра – өте бағалы қасиет, адамның жүрегінде уәраның (күмәнді нәрселерден сақтану) болуы дүниенің барлығына татиды. Сондықтан бір нәрседе күмән туса, одан бойыңды аулақ сал. Әйтпесе, харамға барып қоясың» деп насихат айтты.
1) Хилиятул әулия 8 т., 283 б.
2) Tахзибут тахзиб 5 т. 302 б.
3) Taбақат ы Ибн Сағыд 5 т. 435 б.