Қазақ елі өз алдына тәуелсіздік алған соң, Ислам дініміз арамызға қайта оралды. Халықтың арасында үлкен құрметке бөленіп жатқандығы белгілі.
ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тапсырмасына сай «Дiн және ғылым» тақырыбы аясында уағыз насихат жүргізу мақсатымен Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінің найб имамы Асқар Мейрамбекұлы және азаншы Ғұмар Жұмағұлов Қостанай инженерлік-экопомикалық университетінде білім алып жатқан жастарымен кездесу өткізді.
Бұл семинарға 60 студент қатысып, уағыз тыңдады. Осы жүздесу барысында жастар «хиджаб», «діни салт-дәстүр», «теріс ағымдар» жайлы көптеген сұрақтар қойылды .
Облыстық «Марал ишан» мешітінің найб имамы Асқар Мерамбекұлы аталмыш кездесу кезінде өзінің ізденіс үстіндегі азамат екенін көрсетіп, студенттердің тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Сондай-ақ уағыз насихат айтылды. Жиналған жастар қауымы дін қайраткерлерінің осынау бас қосуынан үлкен әсер алды.
ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Әбу Мансур әл-Матуриди және ғылымдағы орны
Имам Әбу Мансур әл-Матуриди – сунниттік Ислам теологиясының негізін қалаған біртуар ғұламалардың бірі һәм бірегейі. «Кәләм» ілімінің көшбасшысына айналған имам Матуриди сунниттік Ислам теологиясын ғылыми, әдістемелік тұрғыдан негіздеп, дінді оның негізімен үйлеспейтін жат сенімдер мен жаңсақ тұжырымдардан тазарту жолында ерен еңбек еткен біртуар ғұлама. Осы тұрғыдан алғанда, ол мұсылмандардың сенімі мен сана-сезіміне едәуір ықпал еткен Исламнан тыс діни-пәлсапалық ағымдар мен Исламның өз ішіндегі дәстүрлі сунниттік бағытқа қайшы бірқатар діни-саяси ағымдарға қарсы тұрды. Осылайша, ол Құран мен сүннетке негізделген сүнниттік сенімнің кіршіксіз таза күйінде сақталып, келешек ұрпаққа жетуіне елеулі үлес қосып, «пайғамбар мирасқоры» деген асқақ атқа лайық болған жаңашыл ғұламалар арасынан ойып тұрып орын алды.
Әбу Мансур әл-Матуриди ислами ойсана тарихында пайда болған сан алуан діни түсініктер арасынан «рационалистік діни түсінікті» әрі соған негізделген «рай әдісін»[1] қолдайтын һәм қолданатын аса көрнекті де жаңашыл ғалымдардың бірі болды. Әсілі, діни рационализмге негізделген «рай әдісінің» негізін қалаған Әбу Ханифа болса да, оны эпистемологиялық[2], теологиялық және пәлсапалық тұрғыдан негіздеп, жүйеге салған имам Матуриди еді. Ол өзінің «нақыл» мен «ақылға» негізделген ілімі арқылы өз дәуірінде пайда болған көптеген діни мәселелердің шешімін таба білді. Ол саналы ғұмырында ағартушылықпен қатар, Құран тәпсірінде «Китәбу тәуиләт», кәләм ілімінде «Китәбуттаухид» сынды әр қайсысы өз саласында өзіндік жаңашылдығымен ерекшеленген соны еңбектер жазып қалдырды. Нәтижеде, оның ілімі негізінде өз атымен аталатын өзіндік ғылымиәдістемесі бар сунниттік сенім мектебі қалыптасты. Бұл мектеп «ханафиматуриди» деген атпен әу баста Маураннахр[3] және Хорасаннан[4] бастау алып, кейін Орта Азияның өзге аймақтарына, Ресей, Кавказ, Шығыс Түркістан, Түркия, Үндістан, Пәкістан, Малазия, Индонезия және өзге де мұсылман елдеріне дейін кеңінен тарап, бүгінгі таңда әлем мұсылмандарының тең жарымынан астамын қамтитын үлкен мектепке айналды.
Оның лақап аттары
Имам Матуридидің толық аты-жөні – Әбу Мансур Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Махмуд әл-Матуриди әс-Самарқанди. Матуридидің азан шақырып қойған аты − Мұхаммед, лақап аты − Әбу Мансур[5]. Бұл лақап ат оған дін жолында сіңірген ерен еңбегі үшін берілген деген пікір бар. Ислам мәдениетінде әдетте беделді ғұламалар көбіне-көп туған жері немесе шыққан руымен аталады. Сол себепті, ол негізінен туған ауылына телініп, Матуриди деген атпен танымал болған. Сондай-ақ, ол туған ауылы Самарқан шаһарына қарасты шағын елдімекен болғандықтан әс-Самарқанди деп те аталған. Ғалымдар имам Матуридиді ізет тұтып, оны басқа да көптеген лақап аттармен атаған. Атап айтсақ, олар – «Имамул-Һуда» (тура жол имамы), «Имамул-Мутәкәллимин» (кәләм ілімі ғалымдарының имамы), «Мусаххиху ақайдил-муслимин» (мұсылмандардың сенімін дұрыстаушы), «Рейису әһлис-суннә» (күллі сунниттердің басшысы), «Рейису мәшәйхис-Самарқанд» (Самарқан ғұламаларының басшысы), «Аләмул-һудә» (тура жолдың ту ұстары), «Зәһид, шейх/шейхуль-имам» (тақуа, ғұлама/ ұлы ұстаз) және т.б. Міне, имам Матуридиге берілген осынау құрметті лақаптарға қарап, оның орта ғасырлық «Маураннахр» ханафи ғұламалары, әсіресе, «жузжания»[6] мектебінің өкілдері арасында аса беделді де, құрметті ғалым болғанын көреміз. Дегенмен, ол көбіне-көп «Әбу Мансур әл-Матуриди» және «Әбу Мансур әл-Матуриди әс-Самарқанди» деген атпен танымал болған.
Қай жылы туылған?
Имам Матуриди Мәураннахр аймағының орталығы болған, бүгінгі Өзбекстан республикасындағы Самарқан шаһарының солтүстік-батысында орналасқан Матурид (немесе Матурит) шағын елдімекенінде дүниеге келген. Ғұламалар арасында қанша беделді болғанымен, дереккөздерде туған жылы жайлы нақты мәлімет жоқтың қасы. Кейбір тарихшылар имам Матуридидің ұстаздары Мұхаммед ибн Муқатил әр-Рази (248/862) мен Нусайыр ибн Яхя әл-Бәлхидің (268/881) дүниден озған жылдарына қарап, оның шамамен хижри үшінші ғасырдың бірінші жартысында, нақтырақ айтқанда, отызыншы жылдары яғни, (230-240/844-854) жылдар аралығында дүниеге келгенін болжайды. Қайтыс болған жылына келсек, Әбу Муғин ән-Нәсәфидің айтуынша, имам Матуриди 324/935 жылы дүниеден озған Әбу әл-Хасан әл-Әшғаридан бірер жылдан кейін дүние салған[7], алайда, ол нақты мерзімін көрсетпеген. Ал, өзге ғалымдардың көпшілігі оның 333/944 жылы, Самарқанда дүниеден озғанын бір ауыздан мақұлдайды. Ендеше, имам Матуридидің шамамен 230-240/844-854 жылдар аралығында дүниеге келіп, 333/944 жылы дүние салғанына қарап, оның жүз жылға жуық өмір сүргенін айтуға болады. Сондай-ақ, оның Самарқан қаласының Чакардизе зиратына қойылғаны белгілі.
Оның ұстаздары кім болған?
«Мауараннахр» сунниттік теология мектебінің көшбасшысы Әбу Мансур әл-Матуридидің бірегей ғалым болып қалыптасуына Әбу Ханифаның ғылыми мұрасының ықпалы зор болған. Әбу Ханифаның ғылыми көзқарастары мен әдісі «Маураннахр» аймағына оның ілімін жаю мақсатында келген шәкірттері арқылы жеткен. Сондай-ақ, оның шәкірттері арасында «Мауараннахр» аймағымен іргелес «Хорасан» және «Түркістан» жерінен шыққандар да бар-тын. Міне, солардың ерен еңбегінің арқасында аталмыш аймаққа Әбу Ханифаның «усулуд-дин» және «фиқһ» іліміне қатысты ғылыми тұжырымдарына негізделген «ханафи» мазхабы кеңінен тарады. Осылайша, Әбу Ханифаның ғылыми мұрасы үрпақтан ұрпаққа беріліп, имам Матуридиге де жетті.
Дереккөздерде имам Матуридидің ғылымдағы жолы тілге тиек етілгенде оның өте ынталы да, қабілетті шәкірт болғанын және үлкен ғалымдардан тәлім алғанын көреміз. Ол негізгі тәлімін Самарқандағы «Даруль-Жузжания»[8] деп аталатын ханафилерге тиесілі білім ордасында алған.
Матуриди ханафи мазхабының төртінші, тіпті, үшінші буын ғалымдарының санатына жатады. Ол Әбу Ханифаның ізбасары Мухаммед әш-Шәйбанидің өзінен тәлім алған Әбу Сүлеймен әл-Жузжанидің шәкірттері Әбу Бәкір Ахмед ибн Исхақ әл-Жузжани, Нұсайыр ибн Яхя әл-Бәлхи және Нишабурдың жоғарғы соты Әбу Бәкір Мұхаммед ибн Ахмед ибн Рәжа әл-Жузжани сынды ғұламалардан тәлім алса да, негізгі тәлімін шамамен жиырма жасында ұстаздары Әбу Бәкір Ахмед әл-Жузжани мен сол кездегі «Дәруль-жузжания» ғылым ордасының басшысы Әбу Насыр әл-Иязидің алдында тәмамдаған. Кейіннен ол ұстазы Әбу Насыр әл-Иязидің орнын басып, «Даруль-Жузжанияға» басшылық етті. Әбу Муғин әнНәсәфидің еңбегінде имам Матуриди жайлы мынандай естелік жазылған: «Шейх Әбу Насыр әл-Иязи шәкірті Әбу Мансур әл-Матуриди келмейінше, дәрісін бастамайтын болған. Сондайақ, оны көргенінде тамсанып: Раббың қалағанын жаратады және таңдайды, – деп айтады екен». Сонымен қатар, аталмыш еңбекте Матуриди жайлы өз замандастары мен кейінгі буын ғалымдардың да талай мақтау айтқаны тілге тиек етіле келе былай делінген: «Матуриди – елге дінді дұрыс түсінудің жолын көрсеткен маңдай алды имамдардың бірі һәм бірегейі. Ол Құран тәпсірінде діндегі талас тудырған қиын мәселелердің түйінін шешіп, дінді түрлі аңыз-әпсаналардан тазартқан әрі діндегі халал, харам сынды көптеген шариғи үкімдерді анықтап көрсеткен».
Еңбектері
Имам Матуриди «кәләм», «мазхабтар тарихы», «тәпсір», «қырағат ілімі», «фиқһ» және «фиқһ методологиясы» салалары бойынша бірқатар елеулі еңбектер жазып қалдырған. Дереккөздерде анық Матуридиге телінетін он төрт бірдей еңбек жайлы айтылады. Одан басқа оның қаламынан туып-тумағаны күмәнді тағы сегіз шақты еңбек бар. Өкінішке орай, оның еңбектерінің дені шапқыншылық, көшіп-қону, табиғи апаттар және басқа да түрлі себептер салдарынан бүгінгі күнге дейін жетпеген. Оның жоғалып кеткен еңбектеріне негізінен «мұғтазилә», «харижия», «рафизия» және «шиттік карматилер» сынды діни-философиялық және діни-саяси ағымдарға тән түрлі сенім, ұстаным және ғылыми-философиялық тұжырымдарды сынға алып, терістеу мақсатында жазған, сондай-ақ «фиқһ» және «фиқһ методологиясы» саласы бойынша қалам тартқан туындылары жатады. Ал, бізге жеткен еңбектеріне келсек, олар – бір ғана қолжазба нұсқасы бар «Китабут-таухид» және қырық шақты қолжазба нұсқасы бар «Тәуиләтуль-Құран» атты екі еңбегі ғана. Дегенмен, аталмыш қос еңбек оның ең негізгі, қомақты әрі тың туындылары болып табылады.
Имам Матуридидің еңбектері мұқият зерттелгенде, оның өз ұстаздары мен олардың еңбектерінен алған біліммен шектелмей, өз заманындағы өзге діндер, түрлі философиялық және діни ағымдар мен мазхабтар өкілдерінің еңбектерін де оқып, олардың ғылыми әдістеріне қанық болғандығы анық байқалады. Атап айтсақ, оның көне Грек философиясын, соның ішінде, Аристотельдің еңбектерін оқып, ғылыми әдістерін толық меңгергендігі жазған еңбектерінің жүйесі мен әдісінен анық байқалады.
Матуриди ғылыми еңбектерін Самарқанда жазған деседі ғалымдар. Сонымен қатар, ол Бағдат, Басра, Куфа, Шам, Хорасан және Бұхара сынды саяси һәм мәдени маңызы зор орталықтардағы ғылыми көзқарастар мен ұстанымдарды жіті қадағалап, ондағы ғылыми жаңалықтардан, ғалымдар мен түрлі діни топтар арасындағы пікірталастардан хабардар болып отырған. Мұны оның «Китабут-таухид» әрі «Тәуиләт әһлус-суннә» атты еңбегінде «қадария», «муржия», «жәбрия», «харижия» және «батыния» сынды түрлі діни ағымдарға тиесілі ақида, кәләм мәселелеріне қатысты әр алуан пікірлер мен ұстанымдарды сынға алуынан анық көруге болады. Сондай-ақ, имам Матуриди өз дәуірінде Ислам әлеміне саяси әрі мәдени ықпалы зор болған «мұғтазилә» және «шиіттік» мазхабтарды ұстанатын ғалымдармен ғылыми негізде пікірталасқа түсіп, олардың көптеген ұстанымдарын «нақыл» һәм «ақыл» тұрғысынан сынға алып, теріске шығарған. Кейін ол сол жемісті пікірталастарының нәтижесінде жазған ақида және кәләм іліміне қатысты еңбектері арқылы ғылыми ортада танымал болып, «Мәуараннахр» аймағының ғалымдарының көшбасшысына айналған.
Имам Матуриди өзінің саналы ғұмырын ғылымға арнаған, көптеген еңбектер жазып, талай шәкірт тәрбиелеген біртуар жаңашыл ғұлама еді. Соның айғағы ретінде, ұзақ жылдар бойы Самарқан қаласының жоғарғы соты болған Хаким әс-Самарқанди имам Матуридидің мазар тасына: «Бұл бар ғұмырын ғылымға арнаған, бар күшқуатын ілімнің кеңінен жайылуы үшін жұмсаған, дін жолында жазған еңбектері мадақталған, өнегелі өмірінің жемісін жиған тұлғаның қабірі», – деп жаздырған[9].
Бүгінгі таңда елімізде бір ғасырға жуық жүргізілген дінсіздендіру және ұлтсыздандыру саясатының салдарынан зерттеліп, жазылуын былай қойғанда, тіпті, ауызға да алынбай ұмыт бола бастаған рухани мұрамызбен қайта қауышып жатқан жайымыз бар. Әсіресе, Қазақ елі өз алдына ел болып, еңсе көтергелі ұстанып келе жатқан сунниттік бағыттағы «ханафи» мазхабы мен «матуридилік» сенім мектебінің тарихы мен ілімін жан-жақты зерттеп, зерделейтін күн туды. Әсілі, халқымыздың басынан қаншама аумалы-төкпелі кезеңдер өтсе дағы, ғасырлар бойы елдігінен айнымай осы күнге дейін аман-есен жеткендігінің бірден бір кепілі осынау рухани ілім еді. Ендеше, бүгінгі таңдағы ең басты мәселе бұлыңғыр тартып, ұмыт бола бастаған тарихымыз бен рухани мұрамызды қайта зерттеу әрі жаңғырту арқылы халқымыздың санасын ояту және өскелең ұрпақты жарқын болашаққа бастайтын жол салу.
[1] «Рационализм» (лат. rationalis) – Ойды сезімнен бөліп қарап, танымның бірден-бір бұлағы ақыл деп есептейтін философиялық бағыт. «Діни рационализм» – танымның қайнар көзі уахи мен ақыл деп санайтын діни бағыт. Бұл бағыт өкілдері Ислам тарихында «әһлу рай» деп аталған. «Рай әдісі» – Құран және сүннетті негізге ала отырып, ақылға жүгіну арқылы аталмыш екі қайнар көзден «қияс» жолымен үкім шығару әдісі. Бұл әдісті фиқһ ілімімен айналысқан сахабалар, табиғиндер және таби-табиғиндер де қолданған.
[2] Эпистемология – (грек. epistemologia). Танымның мәні мен оның ақиқаттығының өлшемін зерттейтін философия бөлімі.
[3] Мауараннаһр – (арабша ما وراء النهر«өзеннің арғы жағы» деген мағынаны білдіреді). Амудария мен Сырдария өзендері арасындағы көбіне түркі тілдес елдер мекен еткен ортағасырлық аймақ атауы. Бұл тарихи аймақ бүгінгі Өзбекстан, Қарақалпақстанның бір бөлігін, Тәжікстан, Қырғызстанның оңтүстігін, Қызылқұм шөлі мен қазіргі Қазақстанның бір бөлігін қамтыған. Жер көлемі шамамен 660.000 km2 құраған.
[4]«Хорасан» – (парсы тілінде خراسان «күншығыс елі» деген мағынаны білдіреді). Мауараннах аймағының оңтүстігінде орналасқан қазіргі Иранның шығыс бөлігін, сондай-ақ Ауғаныстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түркіменстанның біраз бөлігін қамтыған ортағасырлық тарихи аймақ атауы. Кейбір тарихи дереккөздерде «Мауараннахр», «Хорасан» және «Хорезм» аймақтары бірге «Ұлы Хорасан» деп те аталады.
[5] Арабтарда құрмет тұтқан кісіні жалғыз немесе тұңғыш баласының атымен (яғни, пәленшенің әкесі, түгеншенің анасы деп) атайтын әдет бар, кейіннен бұл әдет ислам дінін қабылдаған өзге халықтарға да сіңген. Дегенмен, бұл лақап ат Матуридидің «Мансур» атты ұлы болғанын білдірсе де, дереккөздерде одан еркек кіндік тұяқ қалғаны жайлы бірде-бір мәлімет кездеспейді. Сондай-ақ Матуридидің өзі де бір аяттың тәпсірінде лақап аттардың мән-мағынасына тоқталғанда «Әбу Мансур» деген лақап ат әдетте ұл сүймеген кісіге «Мансур» атты ұлы болсын деген игі тілекпен қойылатындығын айтқан.
[6] Мауараннахрдағы ханафилік бағыттағы ең беделді екі ғылыми мектептің бірі. Аталмыш мектептің өкілдері иман мен амалды бір-бірінен бөліп қарастырған және діни мәтіндерді тәуил жасауға болады деген пікірді ұстанған. Ал Иядыйя мектебінің өкілдеріне келсек, олар жузжаниялықтар сияқты иман мен амалдың екі бөлек екенін қабылдағанымен діни мәтіндерді тәуил жасаудың дұрыс емес екендігін алға тарқан.
[7] Әбу Муғин ән-Нәсәфи, «Табсыйратуль әдиллә», Шам 1992, I/360 б.
[8] «Даруль-Жузжания» – орта ғасырлық Самарқан каласындағы ең үлкен екі ғылыми орданың, (бігінгі тілмен айтқанда университеттің) бірі. Онда Әбу Ханифаның ақида, кәләм және фиқһ іліміне қатысты көзкарастары оқытылған.
[9] ән-Нәсәфи, «Табсыйра», I/358 б.
Асқар Әкімханов
«Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті
университетінің «исламтану» PhD докторанты
Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкіл иамамы Асылхан қажы Түсіпбек облыстық «Марал ишан» мешітінде жиын өткізді.
Оған өңірдегі аудандар мен қалалардың имамдары қатысып, үстіміздегі жылғы атқарған жұмыстары жайлы есеп берді.
Облыстың бас имамы әріптестірінің жұмысын сараптай келіп, алда тұрған келесі міндеттерге де жан-жақты тоқталды. Сондай-ақ теріс ағымдардың алдын алу, жастардың оған еніп кетпеуіне жол бермеу жөнінде айтып өтті.
Жиналыстан кейін жоғарыда аталған мешітте екі күндік семинар өткізілді. Онда Ақида, фиқһ тақырыптары бойынша дәріс оқылды. Дәрісті облыстық «Марал ишан» мешітінің наиб имамдары Дархан қажы Сыздықов пен Асқар Мейрамбекұлы жүргізді.
Өмір мұндай семинарлардың дін қызметкерлеріне ауадай қажет
екендігін көрсетті. Дәріс барысында оған қатысушылар көп жайды көңілдеріне түйді. Өздерін көптен толғандырып жүрген сауалдарына нақты жауап алды, - дейді Дархан қажы Сыздықов.
Имам Әбу Ханифа Ислам ғылымдарындағы жетік білімімен қатар, өзінің тақуалығымен, мұқияттылығымен (вара’) және де құлшылығымен (‘ибада) белгілі болды. Бұдан әрі имам әл-Хатиб әл-Бағдадидің «Тарих Бағдад» атты биографиялық сөздігінен жеткізу тізбектерінсіз үзінділер келтірілген, және де соларға қатысты доктор Башшар Аввад Мағруфтың пікірлері жазылған.
1. Язид ибн Харун (118 – 206 жж.) былай деген: «Мен көп адамды танитынмын. Бірақ, Әбу Ханифа секілді ақылды, көркем мінезді, жауапты адамды көрген емеспін». (Тарих Бағдад 15:498). Доктор Башшар Аввад Мағруф бұл жайында: «Мұның иснады – сахих» деген.
Язид ибн Харун – ең ұлы алты хадистер жинағында аты аталатын хадистерді жеткізуші. Ол жайында «Ол жиырма мың хадисті жатқа білген» деген сөз бар. Ол ең сенімді хадистерді жеткізушілердің бірі болған, сондай-ақ, ынталы құлшылығымен және тақуалығымен белгілі болған. (Тахзиб әл-Тахзиб 11:366-9)
2. Сүлейман ибн Әби Шейх (151 – 246 жж.) былай деген: «Әбу Ханифа тақуа әрі жомарт болатын». (Тарих Бағдад 15:462-3) Доктор Башшар Аввад Мағруф «Мұның жеткізушілері сенуге тұрарлық (зикат)» деген.
3. Яхья ибн Маин былай деген: Мен Яхья әл-Каттанның былай дегенін естідім: «Алланың атымен ант етейін, біз Әбу Ханифаның қасында оны тыңдап отырған едік. Алланың атымен ант етейін, мен оған қарағанда жүзінен Алладан қорқатынын көрдім!» (Тарих Бағдад 15:482). Доктор Башшар Аввад Мағруф бұл жайында «иснады - хасан» деген.
Яхья ибн Саид әл-Каттан (120 – 198жж.) да фиқһта Әбу Ханифаның пікіріне еруші болған. Оның хадис біліміндегі жоғары дәрежесі сөзсіз болатын. ( Тахзиб әл-Тахзиб 216-20 қараңыз)
4. Мұхаммад ибн Исхак әл-Балхи бізге былай жеткізген: Мен әл-Хасан ибн Мұхаммад әл-Лайсидің былай дегенін естідім: «Мен Куфаға барып, оның тұрғындарының ішіндегі ең құлшылығына берік адамды (аб’ад) сұрағанымда, олар мені Әбу Ханифаға жіберді. Содан кейін қартайған шағымда барып, оның тұрғындарының ішіндегі ең үздік факихті сұрағанымда, мені Әбу Ханифаға жіберді». (Тарих Бағдад 15:482). Доктор Башшар Аввад Мағруф: «Оның иснады - жақсы (джаййид)», - деген.
Әл-Хасан ибн Мұхаммад әл-Лайси Мервтің қадиі болған. Абдулла ибн Мүбарактың өзі оған құрметпен қараған. (Ибн Хиббан, Китаб әл-Зикат 8:168). Демек, осы айтылғандардан шығатын қорытынды, сол ерте кезеңде Әбу Ханифа Куфа тұрғындарының арасында бәрінен көп құлшылық жасайтын адам ретінде белгілі болған. Ол кезде Куфа көптеген білімді әрі тақуа адамдар тұратын үлкен қала болатын.
5. Суфьян ибн ‘Уйайна (107 – 98 жж.) былай деген: «Алла Әбу Ханифаға рақымын түсірген. Ол шын ықыласпен ғибадат жасайтындардың қатарынан болатын (мусаллин), яғни, көп намаз оқитын». (Тарих Бағдад 15:482). Доктор Башшар Аввад Мағруф бұл жеткізуді «сахих» деп таныған.
Әли ибн әл-Мәдини жеткізген: Мен Суфьян ибн ‘Уйайнаның былай дегенін естідім: «Әбу Ханифа ең құрметті жандардың бірі болатын. Ол бала кезінен бастап, көптеген намаз оқыған». (Тарих Бағдад 15:483). Доктор Башшар Аввад Мағруф бұл жайында: «Оның иснады жақсы», - деген.
Суфьян ибн ‘Уйайна имам әш-Шафиидің хадис жөнінен ең тамаша ұстаздарының бірі болған және де жеткізуші ретінде ең беделді алты хадистер жинағында аты аталады.
6. Әбу Мути‘ былай деген: «Мен Меккеде едім. Түнгі уақытта Тәуап жасаған сайын, Әбу Ханифа мен Суфьянның (әс-Саври) Тәуап жасап жатқанын көретінмін». (Тарих Бағдад 15:483) Доктор Башшар Аввад Мағруф : «Оның иснады – хасан», - деген.
7. Яхья ибн Аййуб әз-Захид (168 жылы көз жұмған) былай деген: «Әбу Ханифа түні бойы ұйықтамайтын [яғни, намаз оқып, құлшылық жасайтын]». (Тарих Бағдад 15:483). Доктор Башшар Аввад Мағруф: «Оның иснады – хасан», - деген.
Яхья ибн Аййуб әл-Гафики де ең әйгілі алты хадистер жинағында аты аталатын хадистерді жеткізуші болып табылады.
8. Әбу ‘Асим әл-Набиль (122-214 жж.) былай деген: «Намазды өте көп оқитындығына байланысты, Әбу Ханифаны «тірек» (әл-уатад, - қасиеттіліктің ең жоғарғы дәрежесі, жерге қағып, түйені байлайтын «қазық» деген мағынадағы араб сөзінен шыққан), деп атайтын еді». (Тарих Бағдад 15:484) Доктор Башшар Аввад Мағруф бұл жайында: «Иснады - сахих. Жеткізушілері сенуге тұрарлық», - деген.
Әбу ‘Асим әл-Даххак ибн Махлад – бұл ең беделді алты хадистер жинағының хадистерін жеткізуші және де имам әл-Бұхаридің ең ұлы әрі ең үлкен ұстаздарының бірі. Бұхаридің ең қысқа тізбектері болып саналатын кейбір зулазияттары (үш жеткізушіден тұратын тізбектер) сол арқылы өтеді. (Тахзиб әл-Тахзиб 4:450-3)
9. Имам Әбу Юсуф айтқан: «Мен Әбу Ханифамен сөйлесіп тұрып, біреудің қасындағы адамға: «Түні бойы ұйықтамайтын Әбу Ханифа деген адам осы», - деп жатқанын естідім. Әбу Ханифа былай деді: «Алланың атымен ант етейін, адамдардың мен жайында айтып жүргендері шындыққа жанаспайды». Ол түнгі уақытын намаз оқып, дұға қылып, құлшылық жасаумен өткізетін». (Тарих Бағдад 485-6). Доктор Башшар Аввад Мағруф бұл жайында: «Иснады - жарамды (салих)», - деген.
10. Мисар ибн Кидам (155 жылы көз жұмған) былай деген: «Бірде түнде мешітке кіргенде, намаз оқып тұрған адамды көрдім. Маған оның Құранды оқуы ұнап қалды. Ол Құранның жетінші бөлігін оқып болғанда, енді рукуғқа баратын шығар деп ойладым. Бірақ, ол Құранның үштен бір бөлігін, содан соң жартысын оқып шықты да, бір рәкағатта Құранды түгел оқып болмайынша оқуын жалғастыра берді. Мен оған қарадым да, Әбу Ханифа екенін көрдім». (Тарих Бағдад 487-8). Доктор Башшар Аввад Мағруф мұның тізбегін хасан деп таныды. Оның үстіне, оны жеткізушілердің бәрі сенуге тұрарлық (зикат) болып табылады. Тек қана Хафс ибн Әбд әр-Рахман сенімді (садук) болып табылады.
Мис’ар ибн Кидам Әбу Ханифаның замандасы болатын. Ол – ең әйгілі алты хадистер жинағында аты аталатын жеткізуші, әрі құлшылығымен және тақуалығымен белгілі болған.
* Имам әз-Захаби имам Әбу Ханифа мен оның екі шәкіртінің игі қасиеттеріне арналған томында былай жазған: «Әбу Ханифа түндерін намаз оқумен өткізетін болған, оның түнімен көз ілмейтіні және діндарлығы бәріне белгілі (таватарат) болатын». (Манакиб әл-Имам Әбу Ханифа, әз-Захаби, Ладжнату Ихья’ әл-Ма’ариф әл-Ну’мания, 20-1 бет)
Давуд әт-Та’и, Фудайл ибн ‘Ийад және Шакик әл-Балхи секілді Әтба’ әт-Таби’ин буынының көптеген тақуалары Әбу Ханифамен достық қарым-қатынаста болған. Олар өнегелі мінез-құлықтың иелері болған, ол жайында биографиялық әдебиетте баяндалады. Бұл да имам Әбу Ханифаның рухани дәрежесінің жоғары болғандығының дәлелі.
____________________
Орыс тілінен аударған Azan.kz
Қараша айының 14-ші жұлдызында, Қостанай облыстық Марал ишан мешітінде Қайыпбаев Азамат Ерғалиұлы бастамасымен, Марал ишан мешітінің жанында мешітке келуші жамағатына арналған мерекелік дастархан жайылып, ас берілді. Осы игі іс-шараны ұйымдастырған Азаматқа Марал ишан мешітінің Бас имамы Асылханқажы Мұханбетжанұлы ризашылығын білдіріп, марқұмдарға құран оқып, отбастарыңызға амандық, істеріңізге құт береке, дендеріңізге саулық, дастархандарыңыз берекелі отбастарыңыз әрдайым мерекелі болсын, істеген ізгі амалдырыңыз Аллаһ Тағала қабыл қылсын, деп, ақ батасын берді. Мерекелік ас соңында мешітке келуші жамағаттар өз ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтып үй –үйлеріне тарасты.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Маямеров жалпы діни ағарту жұмыстарына айрықша назар аударып жатқаны белгілі. Оның нақты нәтижелері де қалың жұртшылыққа аян.
Осы мақсатта үстіміздегі жылдың қараша айының 16-18-күндерінің аралығында аталған басқарманың жанынан құрылған Республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі Ерсін Әмре ұстаз Қостанай облысында болды. Ерсін Әмре ұстаз 16 күні кешке өзінің алғашқы жүздесуін облыстық «Марал ишан» мешітінде жамағатпен кездесуден бастады. Мешітке жиналған жамағатқа тәкфіршілдіктің зианы төнірегінде дәріс жүргізді. Жиналған қауым дін жолында жүрген азаматтың уағыздарын ұйып тыңдап, көп жайды көңілге түйді. 17 мен 18 күндері 10:00-ден 18:00-ге дейін Ерсін Әмре ұстаз Қостанай облысының қала, аудан бас имамдарына ақида және фиқһ пәндерінен семинар өткізді.
Сондай-ақ имамдарға жүргізілген семинарлардан кейін әр күні ақшам мен құфтан намаздарынан соң, облыстық «Марал ишан» мешітінде Ерсін Әмре ұстаз намазхан жамағатқа «Пайғамбарымыздың сүннет жолы», «Тақуалық», «Құлшылықтың рухани пайдалары» атты тақырыптарда уағыздар айтып, аса тартымдылығымен көпшілікке ой салып, кездесу соңында жамағаттың сауалдарына жауап берді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Жуырда ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкіл имамы Асылхан қажы Түсіпбек арнайы іс-сапармен өңірдегі Қарабалық ауданында болды. Ол аудандық «Ғашура ана» мешітінде жыл бойы атқарылған жұмыстармен танысып, мешіт ұжымына өзінің ризашылығын білдірді. Қыстың жақындауына байланысты олардың алдында тұрған міндеттерге тоқталды.
Өкіл имам осы сапарында аудан әкімі Алмат Ерікұлы Исмағұловпен кездесті. Жүздесу барысында өңірдегі діни-рухани саланың жалпы ахуалы және жас ұрпаққа ұлттық нақышта тәрбие берудің нақты жолдары әңгімеге арқау болды.
Ал аудан әкімі Алмат Ерікұлы өкіл имамға Қарабалыққа арнайы ат басын бұрып, келгеніне шын жүректен шыққан шынайы алғысын білідірді.
Сондай-ақ ол дініміздің мемлекетіміздің өмірінде ерекше орын алатындығына тоқталды. Имамдардың алдында тұрған үлкен міндеттер жайлы да әңгімеледі.
Облыстың бас имамы Асылхан қажының құрметіне ақ дастархан жайып, қонақасы берді.
Бас имам Асылхан қажы да өз кезегінде аудан әкіміне дінімізге көрсетіп жатқан жанашырлығы үшін ризашылығын танытып, оларды алдағы уақытта да «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші ортақ мақсат жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
«Қарты бар үйдің-қазынасы бар» - дегендей, осыгау кездесуден кейін өкіл имам аудандағы Қарттар үйіне келді. Осындағы қам көңіл қариялармен сәлемдесті. Олардың хал-жағдайларымен танысып, оларға бірнеше ұлттық тағамдарымыздан дәм таттырды. Аға буын өкілдері облыстан арнайы ат басын бұрған дін қайраткеріне тәнті болысты.
Аталған ұжымнан кейін Асылхан қажы Түсіпбек аудандағы Қазақстан агротехникалық колледжінде «Дін мен дәстүр – экстримизімге қарсы» тақырыбында студенттерімен әңгіме өткізді. Осынау кездесуде ол діни экстремизмнің зардабына тоқталды. Ауызбіршілік, дәстүрлі ислам, имам Ағзам Әбу Ханифа мазһабының артықшылығы жайында да уағыз айтты. Жиналғандардың сұрақтарына нақты жауап берді.
Қызықты да мазмұнды кездесуден әсер алған оқу орындарының өкілдері Өкіл имамға тағылымды әрі ұлағатты сөздері үшін дән ризашылықтарын білдірді.
Сондай-ақ осы сапар аясында бірнеше командадан құралған аудандағы мекеме қызметкерлері мен облысқа қарасты аудан, қала имамдарының арасында кіші футболдан сайыс болып өтті. Бұл кездесуге Бас имам Асылхан қажы мен аудан әкімі Алмат Ерікұлы да қатысып, салауатты өмір салтын ұстану мен әрдайым спортпен шұғылданудың адам өмірінде ерекше орын алатындығын іс жүзінде жастарға көрсетті.
Сонымен өкіл имамның Қарабалық ауданына сапары өте жемісті болды. Жергілікті тұрғындар Асылхан қажы Түсіпбектің қашанда халықтың арасында жүретін жан-жақты азамат екендігіне тағы да көздері жетті.