Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде ұстаз Жансая Салауатқызының ұйымдастыруымен “Жаназа және кебіндеу рәсімі” атты семинар болып өтті.
Осы тағылымы мол жиын барысында дүниеден өткен кісі соңғы сапарға арулап шығарып салғанға дейінгі барлық атқарылар діни жөн-жоралғылар айтылды.
Бас қосқан әйел жамағатына мәйітті жуындыру тәртібі мен кебіндеу үлгісі арнайы маникенде көрсетілді. Қатысушылар осы мәселе бойынша өмірде жіберілетін кейбір қателіктер жайлы өз ойларын ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті.
Өңірдегі әйел-қыздар секторына жауапты маманға сауалдар қойылып, ол нақты жауап берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен имамдардың республикалық VI форумы болып өткені белгілі. Онда дін қызметкерлерінің жұмыс барысында басшылыққа алар маңызды қос құжат қабылданды.
Аталмыш жиынға қатысқан облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің наиб имамы Әлішер Балахмет құптан намазында жамағатқа форумда қабылданған «Құдайы ас беруде ысырапқа жол бермеу (мәзірі мен тәртібі)» және «Қазақ халқының дәстүрінде және Ислам дінінде отбасы құндылығы» жөніндегі тұғырнамалық құжаттарды жан-жақты түсіндірді.
Осы тұғырнамалық құжаттар өңірдегі барлық мешіттерде өткізілетін басқосуларда жергілікті мұсылман бауырларымызға айтылып, жалғасын таба береді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Медресе басшысымен кездесті
Қостанай қалалық “Жайлаубай ата” мешітінің Бас имамы Шоқан қажы Әмірханов VІ республикалық имамдар форумына қатысқаны белгілі.
Ол осы сапар барысында Астана медресесінің директоры Бақтыбай Бейсенбаевпен кездесіп, оқушыларға арналған ”Имани жаз” тақырыбында пікір алысты.
Онда ертеңгі болашағымыз жастарды имандылыққа тәрбиелеу, Ислами білім беру, қазақтың ежелден келе жатқан салт-дәстүрін бойларына сіңіру басты міндет екендігі айтылды.
Алдағы уақытта жоғарыда аталған медресеге өңірден шәкірт жіберу жайы да сөз болды.
Жұма күнгі басқосу
Шаһардағы “Жайлаубай ата” мешітінің ұжымы қасиетті жұма қүні жамағатқа “Сүннет” амалын жандандыру мақсатында ауызашар дастарханын жайды.
Жиын соңында ақылдастар алқасының мүшесі Бақытбек қажы Оспанов ақ батасын берді. Бас имам Шоқан Ғазизұлы уағыз-насихат айтты.
Жамағатты адалдыққа шақырды
Облыс орталығындағы “Жайлаубай ата” мешітінің наиб имамы Бақберсін Ізбасаров намазхандарға ”Исламдағы сауда-саттықтың әдебі” деген тақырыпта дәріс оқыды.
Дін қызметкері сауда мәселесінде әрқашан адал еңбек етіп, адам баласына қиянат жасамау қажеттігіне ерекше тоқталды. Қозғалған мәселенің өзектілігінен де болар, жиналған жамағат оны ұйып тыңдады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Таяуда Қостанай қалалық “Жайлаубай ата” мешітінің ұстазы Аяулым Ермекқызы әйел-қыздар жамағатына қазіргі қоғамда кеңінен етек алған еліміздегі маңызды мәселе "Ажырасу - Алла сүймейтін іс" тақырыбында семинар өткізді.
Осы маңызды басқосуда Бас имам Шоқан қажы Ғазизұлы мен ұстаз Аңсаған Абдуррахман өздерінің көкейінде жүрген ойларымен бөлісті.
Жиналғандарға ажырасудың зияны мен оның алдын-алу, шариғаттағы әйелдің алар орны мен ана ретіндегі жарқын келбеті жайлы айтылды.
Семинар соңында Аңсаған ұстаздың кітабы хадияға берілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Ұзынкөл аудандық «Құрман баба» мешітінде өзгелерге өнеге боларлық қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Оған Бас имам Есенкелді қажы Әжімахантегі тікелей ұйытқы болды.
Бұл орайда «Moldeх» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Динара Молдабаева мен «Жаңа Жол 369» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алмагүл Қайбжанованың ерекше қолдау көрсеткенін атап өткеніміз жөн.
Осы ұлтымыздың іскер қыздарының ұсынысымен 2850 үш күндік балапандар аудандағы ауылдарда ғұмыр кешіп жатқан көмекке мұқтаж отбасыларына таратылды.
Шаңырақ иелері өздеріне қайырымдылық жасаған демеушілер мен мешіт қызметкерлеріне шынайы алғысын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Таяуда Қостанай қалалық “Жайлаубай ата” мешітінің ұжымы қайырымдылық шарасын ұйымдастырды.
Онда әлеуметтік жағынан аз қамтылған алты отбасыға 60 мың теңгені құрайтын көмек көрсетілді. Оларға күнделікті тұтынатын азық-түлік салынған пакеттер таратылды.
Осындай қолдауға зәру жандарды қуанышқа бөлейтін акциялар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Таяуда ҚМДБ-ның VI республикалық имамдар форумы болып өтті. Онда аса маңызды құжаттар қабылданды. Осы жиынға біздің өңірден де облыстың Бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы бастаған бірқатар аудандар мен қалалардың имамдары қатысты.
Форум барысында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Әулиекөл аудандық «Әмит ишан» мешітінің Бас имамы Нұрбол Балахметовтың көп жылғы қажырлы еңбегін бағалап, діни басқарманың 35 жылдығына арналған мерейтойлық медальмен марапаттады.
Біз әріптесімізді марапатымен шын жүректен құттықтай отырып, оған алдағы уақытта да мықты денсаулық, жауапты қызметінде табыс тілейміз.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Құжаттандыру мен цифрлық сауаттылықтың тиімді тәсілдері» республикалық семинары өтті.
Аталған семинар жұмысына ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚР МАМ Дін істері комитетінің Дінтану сараптамасы басқармасының басшысы Нұрғали Қабылов және еліміздің барлық өңірінен келген дін қызметкерлері қатысты.
Басқосу барысында Бас мүфти мешіт қызметіндегі құжат жүргізудің маңыздылығына назар аударды.
«Мешіт жұмысы – имамның уағызы ғана емес, жүйелі жүргізілетін құжаттарымен де өлшенеді. Сол секілді мешіттің тіркеу құжаттары мемлекет бекіткен талапқа сай толық болуы қажет. Сонымен қатар мешіт қызметіндегі әрбір қағаз, бұйрық, есеп – уақыт талабына сай, нақты, таза әрі айқын болуы тиіс», – деді Бас мүфти.
Семинар барысында қатысушыларға құжат айналымы, есеп жүргізу тәртібі, цифрлық құралдарды пайдалану және ресми ісқағаздарды рәсімдеу бойынша әдістемелік нұсқаулар ұсынылды.
Дереккөз: Muftyat.kz
Астана қаласында өткен «Қазақ даласындағы дәстүрлі ислам құндылықтары» атты VI Республикалық имамдар форумына қатысқан дін қызметкерлері үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арнайы семинар ұйымдастырды.
Семинар аясында Бас мүфти кеңесшісі Смайыл Сейітбеков Діни басқарманың құрылуы, қызмет бағыты мен құрылымдық ерекшеліктері жөнінде кеңінен баяндама жасады.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің директоры, ҚМДБ Сарапшылар кеңесінің мүшесі Талғат Жақиянов еліміздегі діни ахуал, діни үдерістер мен қоғамдағы өзекті мәселелер туралы ақпараттармен бөлісті.
Игі шараның мақсаты – дін қызметкерлерінің білімін арттыру, басқарма қызметі туралы түсінігін кеңейту және діни ахуалға қатысты өзекті мәселелер бойынша тәжірибе алмасу.
Дереккөз: Muftyat.kz
Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақ даласындағы дәстүрлі ислам құндылықтары» тақырыбында VI Республикалық имамдар форумы өтті.
Форум аясында қоғам үшін өзекті екі құжат қабылданды. Олар «Қазақ халқының дәстүрінде және Ислам дінінде отбасы құндылығы» тұғырнамасы; «Құдайы ас беруде ысырапқа жол бермеу (мәзірі мен тәртібі)» құжаты.
Аталған құжаттар отбасы институтының тәрбиелік маңызын айқындап, діни рәсімдердегі бірізділікті қалыптастыруды көздейді. Әсіресе, құдайы ас беру рәсімінде ысырап пен бәсекеге жол бермеу, дастарқан мәзірінің мазмұндық және мәндік жағына мән беру мәселелері кеңінен қамтылды.
Сондай-ақ, жиын соңында VI Республикалық имамдар форумының Үндеуі қабылданып, дін қызметкерлерінің рухани-ағартушылық қызметіне жол көрсететін маңызды тұжырымдар жария етілді.
Дереккөз: Muftyat.kz