Биыл қасиетті Құрбан айт мерекесі жұма күніне тұспа-тұс келгендіктен облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітіне келуші адамдар жылдағыдай көп болды.
Алдын ала белгіленген арнайы орындарда құрбан шалынып, тиісті рәсімдер өз деңгейінде атқарылды. Имамдар оларға ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар берді. Мұсылман бауырларымыз бір-бірін шынайы көңілмен құттықтап жатты.
Сондай-ақ жоғарыда аталған мешіттің ауласында көптеген тағылымы мол іс-шаралар ұйымдастырылып, жиналғандар қаншама ұмытылмас әсер алды.
Онда ежелден келе жатқан салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрпымызды дәріптеуге айрықша көңіл бөлінді. Мәселен, айтулы мейрамның құрметіне ұлттық ойындарымыз - арқан тартыс, қол күрес, асық ойнау және гір көтеру секілді спорт түрлерінен жарыстар өткізілді.
Оның қорытындысы бойынша Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы жүлдегерлерді құттықтап, сыйлықтарды табыс етті.
Сонымен қатар ерекше тоқталып өтер бір жай, ұлттық тағамдардан ұйымдастырылған жәрмеңке де халықты қуанышқа бөледі.
Алыстан көз тартарлық тігілген киіз үй де мерекенің салтанатын барынша арттырды. Онда өмірдің талай белестерін бағындарған қадірменді ақсақалдар мен ақжаулықты әжелерімізге дастарқан жайылды. Абыз қарттарымыз ақ батасын берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Құрбан айт жер бетіндегі барша мұсылмандардың айтулы мерекесі болып табылады. Оған Ислам дінін қадірлеп, қастерлейтін ағайын ерте дайындық жасайды.
Ал Құрбандық шалу айт намазынан кейін жүзеге асырылатындығы белгілі. Сондықтан таңертеңнен бастап үлкенді-кішілі қауым мешіттерге қарай асығады. Биыл да облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітіне халықтың көп жиналғандығы соншалықты, ине шаншар орын болған жоқ.
Жиналған бауырларымыздың алдында Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы сөз сөйлеп, көпшілікті мейраммен шын жүректен құттықтады. Әрбір отбасына ырыс-береке, халықтар арасында ауызбіршілік, дастарқанымызға молшылық тіледі. Осы үлкен айттың өзіндік ерекшелігіне жан-жақты тоқталды.
Осындай айт намазы таңертеңгілік өңірдегі барлық мешіттерде ұйышылдықпен өтті. Ақсақалдарымыз кейінгілерге ғибрат боларлық бата берді.
Құрбан айтқа байланысты ұйымдастырылатын қайырымдылық және салауатты өмір салтын насихаттайтын және ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен ойындарымызды дәріптейтін игі шараларды алдағы уақытта баяндайтын боламыз.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында «Қазақстан-Қостанай» телеарнасында Құрбан айт мерекесіне арналған өңірлік коммуникациялар қызметі орталығының баспасөз брифинг болып өтті.
Онда Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы сөз алып, жер бетіндегі барша мұсылман қауымның өмірінде айрықша орын алатын мейрамның өзіндік ерекшелігіне тоқталды. Айт намазынан кейін шалынатын құрбандық малдың тәртібі мен уақытын түсіндіріп, қайырымдылық пен мейірімділік танытуға басымдылық берілетіндігін тілге тиек етті.
Кездесу қос тілде ұйымдастырылды. Наиб имам Азамат Серікбайұлы қатысушылардың сауалдарына орыс тілінде жауап берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай өңірінде қалыптасқан дәстүр бойынша Халықаралық балаларды қорғау күні кеңінен аталып өтілді. Өйткені, барлық балалар бақытты болуға құқылы. Олардың жүзінен қуаныштың нышанын көрудің өзі бір ғанибет.
Сондықтан облыстағы мешіттерде жергілікті имамдардың ұйымдастыруы және демеушілердің қолдауымен бүлдіршіндерді шаттыққа бөлеу мақсатында іс-шаралар өткізілді.
Осы басқосуларда балдырғандарға тәттілер, естелік сыйлықтар табыс етілді. Бүлдіршіндердің ата-аналары да қатысып, қайырымдылық көмегін ұсынған дін қызметкерлері мен жүрегі жомарт жандарға шынайы алғыстарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешітінде ерекше оқиға орын алды. Мұнда өзге ұлттың өкілі Петр Карнацкий келіп, өз еркімен ислам дінін қабылдады.
Наиб имам Ерлан Сыздықов 34 жасар азаматты мұсылман болуымен құттықтап, оған орыс тіліндегі кітапты тарту етті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай өңіріндегі өкілдігі және «Нұр-Мүбәрәк» Египет ислам мәдениеті университетінің ұйымдастыруымен шағын футболдан облыстық турнир өткізілді.
Бұл турнирдің мақсаты – «Нұр-Мүбәрәк» университетінің жаңадан салынып жатқан ғимаратының құрылысына қайырымдылық қолдау көрсету болатын.
Оған аймақтағы қалалар мен аудандардан 21 команда қатысып, өздерінің бақтарын сынады. Жарыс Қазақстанның мемлекеттік Әнұранымен басталды. Содан кейін Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы, “Нұр Мүбарак университеті түлектер қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің директоры Әсет Мәдениетұлы, Қостанай қаласының «Тобыл» футбол клубының қақпашысы Сұлтан Бұсырманов пен орталық қорғаушысы Темірлан Ерланов құттықтау сөзін сөйлеп, қатысушыларға ізгі лебіздерін білдірді.
Жарыстың қорытындысы бойынша бірінші орынды облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы», екінші орынды Қарасу аудандық «Көшкінбай ата», үшінші орынды Қарабалық аудандық «Ғашура ана» мешіттерінің командалары иеленді.
Командалық жүлдегерлерге арнайы тағайындалған сертификаттар, кубоктар мен грамоталар табыс етілді. Турнир соңында Қостанай ауданындағы «Затоболец» стадионының директоры Қайыржан Сапаұлына Бас имам Алғыс хат пен кітапты табыс етті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдығына орай Қостанай облысы бойынша өкілдігі және “Нұр Мүбарак университеті түлектер қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің директоры, PhD докторант Айдос Әсет Мәдениетұлы «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде «Нұр-Мүбәрәк» Египет ислам университетінің түлектері, соның ішінде өңірімізде қызмет атқарып жатқан қала мен аудан имамдары, ұстаздармен кездесу өткізді.
Осы жүздесу барысында облыстың Бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы аймақтағы қалыптасқан діни білімнің ахуалы, «Нұр-Мүбәрәк» университетінің елімізге кадр дайындаудағы айрықша орнына тоқталды. Сондай-ақ, аталған жоғары оқу орнының жаңадан бой көтергелі отырған ғимаратының құрылысына әрбір азамат, жамағат, имам және түлектерге өз үлестерін қосуға шақырды.
Содан кейін Әсет Мәдениетұлы келгендегі басты мақсатын айта келіп, дін қызметкерлерінің айтулы білім ордасының тыныс-тіршілігімен таныстырды. Аталмыш университеттің проректоры Ершат Ағыбайұлының атынан Бас имам Бектұрсын Уәлиевке алғыс хат пен сыйлық тапсырылды. Осындай құрметке наиб имам Әлішер Ертайұлына да көрсетілді.
Жиын соңында университет түлегі, наиб имам Бақытжан Икрам өзінің ізгі тілегін білдіріп, бата берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде ұстаз Жансая Салауатқызының ұйымдастыруымен “Жаназа және кебіндеу рәсімі” атты семинар болып өтті.
Осы тағылымы мол жиын барысында дүниеден өткен кісі соңғы сапарға арулап шығарып салғанға дейінгі барлық атқарылар діни жөн-жоралғылар айтылды.
Бас қосқан әйел жамағатына мәйітті жуындыру тәртібі мен кебіндеу үлгісі арнайы маникенде көрсетілді. Қатысушылар осы мәселе бойынша өмірде жіберілетін кейбір қателіктер жайлы өз ойларын ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті.
Өңірдегі әйел-қыздар секторына жауапты маманға сауалдар қойылып, ол нақты жауап берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен имамдардың республикалық VI форумы болып өткені белгілі. Онда дін қызметкерлерінің жұмыс барысында басшылыққа алар маңызды қос құжат қабылданды.
Аталмыш жиынға қатысқан облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің наиб имамы Әлішер Балахмет құптан намазында жамағатқа форумда қабылданған «Құдайы ас беруде ысырапқа жол бермеу (мәзірі мен тәртібі)» және «Қазақ халқының дәстүрінде және Ислам дінінде отбасы құндылығы» жөніндегі тұғырнамалық құжаттарды жан-жақты түсіндірді.
Осы тұғырнамалық құжаттар өңірдегі барлық мешіттерде өткізілетін басқосуларда жергілікті мұсылман бауырларымызға айтылып, жалғасын таба береді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Медресе басшысымен кездесті
Қостанай қалалық “Жайлаубай ата” мешітінің Бас имамы Шоқан қажы Әмірханов VІ республикалық имамдар форумына қатысқаны белгілі.
Ол осы сапар барысында Астана медресесінің директоры Бақтыбай Бейсенбаевпен кездесіп, оқушыларға арналған ”Имани жаз” тақырыбында пікір алысты.
Онда ертеңгі болашағымыз жастарды имандылыққа тәрбиелеу, Ислами білім беру, қазақтың ежелден келе жатқан салт-дәстүрін бойларына сіңіру басты міндет екендігі айтылды.
Алдағы уақытта жоғарыда аталған медресеге өңірден шәкірт жіберу жайы да сөз болды.
Жұма күнгі басқосу
Шаһардағы “Жайлаубай ата” мешітінің ұжымы қасиетті жұма қүні жамағатқа “Сүннет” амалын жандандыру мақсатында ауызашар дастарханын жайды.
Жиын соңында ақылдастар алқасының мүшесі Бақытбек қажы Оспанов ақ батасын берді. Бас имам Шоқан Ғазизұлы уағыз-насихат айтты.
Жамағатты адалдыққа шақырды
Облыс орталығындағы “Жайлаубай ата” мешітінің наиб имамы Бақберсін Ізбасаров намазхандарға ”Исламдағы сауда-саттықтың әдебі” деген тақырыпта дәріс оқыды.
Дін қызметкері сауда мәселесінде әрқашан адал еңбек етіп, адам баласына қиянат жасамау қажеттігіне ерекше тоқталды. Қозғалған мәселенің өзектілігінен де болар, жиналған жамағат оны ұйып тыңдады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі