Жылда қалыптасқан дәстүр бойынша Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев бастаған бір топ азаматтар қасиетті Рамазан айының құрметіне облыс орталығындағы “Жайлаубай ата” мешітінде Ораза ұстаған бауырларымызға ауызашар берді.
Онда аталған мешіттің Бас имамы Шоқан қажы Әмірханов көпшіліке дастархан жайған шаһар басшысы мен өзге де іскер жігіттерге шын жүректен шыққан шынайы алғысын білдірді. Сондай-ақ, аруақтарға бағыштап Құран оқыды.
Ал, имандылық ордасының алқа мүшесі Бақытбек қажы Оспанов тебірене сөз сөйлеп, батасын берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінде қасиетті Рамазан айына байланысты қайырымдылық шарасы өткізілді.
Онда кішкентай бүлдіршіндерге «Рамазан тәттісі» қоржыны үлестірілді. Шексіз қуанышқа бөленген балақайлардың ата-аналары мешіт қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Лисаков қалалық «Әбдіхаим Саламатұлы» мешітінде қасиетті Рамазан айында «Рамазан қоржыны» қайырымдылық акциясы өткізілді.
Онда демеушілердің қолдауымен көмекке мұқтаж 15 отбасыға азық-түлік пакеті таратылды. Қуанышқа кенелген шаңырақ иелері мешіт қызметкерлері мен жүрегі жомарт азаматтарға шынайы ризашылығын жеткізді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Таяуда Арқалық қалалық № 1 Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп директорының орынбасары Ақмарал Шалдыбаеваның ұйымдастыруы және ата-аналар, ұстаздардың қатысуымен оқушыларды жат ағымнан сақтандыру тақырыбына байланысты тәлімдік-тәрбиелік мәні зор кеш болып өтті.
Бұл басқосуға жергілікті «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің Бас имамы Нұрхан Асанұлы арнайы шақырылды. Ол жиналғандарды қасиетті Рамазан айымен құттықтады. Көтеріліп отырған маңызды мәселе бойынша өз ойын ортаға салды. Қойылған сұрақтарға нақты жауап берді.
Кеш соңында ұйымдастырушылар Бас имамға барша қатысушылар атынан шынайы алғыстарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен елімізде Рамазан айының құрметіне Жарапазан жырын айту эстафетасы Қостанайда жалғасты.
Бұл эстафета облыстың Бас имамы Бахытбек Нұрғабылұлы бастаған жергілікті мешіттердің имамдары және руханият саласының қызметкерлері тарапынан қолдау тапты. Қостанай шаһарының орталығындағы «МАRТ» және «ЦУМ» сауда үйлерінде, сонымен қатар орталық алаңда «Жарапазан жыры» айтылды.
Сонымен қатар, қайырымдылық мақсатында 200 адамға «Ауызашар себеті» таратылып, олардың алғысына бөленді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Лисаков қаласында "Әбдіхаим Саламатұлы" мешітінің Бас имамы Әкімбек Асановтың қолдауымен "Тілдерді оқыту" ұжымы Көрісу күнінің құрметіне орай "Ақ бата" атты байқау өткізді.
Имандылық ордасындағы осынау танымдық-тағылымдық басқосуға алқа мүшелері мен қала ақсақалдары қатысты. Аталмыш іс-шараның мақсаты - қазақ халқының бірлігі мен ынтымағы жолындағы ұлттық құндылығымыз бата беру дәстүрін өскелең ұрпаққа үлгі ету және насихаттау.
Байқау барысында батагөй ақсақалдар парасаттылық пен көрегендіктерін танытты. Жиын соңында Бас имам аға ұрпақ өкілдеріне алғысын білдіріп, жеңімпаздарға Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар тапсырды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Лисаков қалалық «Әбдіхаим Саламатұлы» мешітінің Бас имамы Әкімбек Асанов бастаған мешіт ұжымы және жергілікті жамағат Рамазан айы қарсаңында ізгілікті істі қолға алды.
Мәселен, әйелдер қауымы мешіттің ішкі жағына ерекше көңіл бөлсе, ал ер кісілер мешіт ауласын жиналған қардан тазартты. Аталған маңызды жұмыстың ойдағыдай жүзеге асуына «Устаплюс» мекемесі техника жағынан көмек көрсетті.
Қарқынды атқарылған жұмыстан кейін жамағат дастарқан басында жиналды. Бас имам өздерінің лайықты үлестерін қосқан барша жамағатқа шынайы ризашылығын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
«Тазалық – иманның жартысы» екендігі хадисте босқа айтылмаған. Түсінген кісіге оның астарында үлкен мән-мағына жатыр. Жалпы, мұсылманның сыртқы келбеті қандай тартымды болса, жан-дүниесі сондай сұлу әрі кіршіксіз таза болуға тиіс.
Ал, көпшіліктің имандылық ордасы болып табылатын киелі орынның тазалығы ерекше орын алады. Сондықтан да алдағы келе жатқан қасиетті Рамазан айының қарсаңында облыс орталығындағы «Марал ишан» мешітінің «әйел-қыздар» жамағаты ұйымшылдық танытып, тазалық жұмыстарын жүргізді.
Сол күні мұнда олардың бастамасымен 20-дан астам еріктілер ғимаратты айнадай жарқыратып, іші-сыртын шаң-тозаңнан арылтты.
Сенібілік соңынан жамағатқа дастарқан жайылып, шын жүректен шыққан ізгі-тілектер мен лебіздер ақтарылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет қасиетті Рамазан айы қарсаңында Қостанай облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде алаңында брифинг өткізді.
Оған Қостанай облыстық әкімдігі дін істері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Сапарғали Әбдиев және Алтынсарин аудандық «Алдиярұлы Жанұзақ» мешітінің бас имамы Аңсаған Абдрахман қатысып, өз ойларын ортаға салды.
Жиын қазақ және орыс тілдерінде жүргізіліп, журналистердің Оразаға байланысты қойылған сауалдарына нақты жауап берілді. Оның алғашқы күні Орта Азия ғұламалар кеңесінің ортақ пәтуасы бойынша 11 наурыз болып бекітілгені айтылды.
Ал Тарауық намазы 1 күн бұрын Құптан намазынан кейін оқыла бастайды. Қадыр түні алдағы сәуір айының 5-нен 6-на қараған түні болады. Ораза Айт мейрамы 10 сәуірде басталады.
Биыл пітір садақасы жан басына шаққанда 640 теңге болып бекітілді ол республика бойынша екі келі ұнның орташа бағасына тең келеді. Ораза ұстаған кісілерге қолайлы болу үшін Қостанай қалалық әкімдігі тарапынан тарауық намазына келушілерге арнайы автобустар жүретін туралы ақпараттар айтылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Халал даму» бөлімінің технолог маманы Нұрбек Қанатұлы Қостанай облысына арнайы іс-сапармен келді.
Ол алдымен Қарабалық ауданындағы «Терра» қасапханасы мен «Жас қанат–2006» құс фабрикасына ат басын бұрып, мекемелердің атқарып жатқан жұмыстарымен танысты. Тексеріс барысында қызметкерлердің халық үшін жасап жатқан істеріне лайықты бағасын берді.
Сондай-ақ, облыс орталығындағы «Донер–ist» және Түрік дәмханаларында арнайы аудит жүргізіп, орын алған кемшіліктерді тиісті дәрежеде жоюға кеңес берді.
Нұрбек Қанатұлы үш күндік сапарында өңірдегі 27 ірі кәсіпорынды Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің найб имамы «Халал даму» бағытына жауапты Әлішер Ертайұлымен бірге тексеруде.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі