Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының әйел-қыздар секторының арнайы тапсырмасы бойынша облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде Мәуліт кеші болып өтті.
Оған облыстық және қалалық «Жайлаубай ата» мешіттерінің ұстаздары Жансая Халим мен Аяулым Смағұлова бастаған тоқсанға жуық әйел жамағаттары қатысты.
Жиында Құран мен Мәуліт-шәриф оқылды. Ғибраты мол уағыз айтылды. Әжелер бата берді. Қатысушыларға сыйлықтар мен құнды кітаптар таратылды.







Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Халықаралық қарттар күніне орай Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің ұжымы ардақты ақсақалдар мен ақ жаулық аналарға, алқа мүшелеріне ілтипат танытты.
Жайылған дастархан басында Бас имам Шоқан қажы Әмірханов аға буын өкілдерін мерекемен құттықтап, оларға зор денсаулық, отбастарына бақыт тіледі.
Абыз ақсақал бата берді. Жиын соңында ардагерлерге сый-сияпат жасалды.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қарттарға құрмет көрсетілді
Халықаралық қарттар күніне орай Ұзынкөл аудандық «Құрман баба» мешітінің ұжымы жергілікті ақсақалдар мен ақ жаулықты аналардың басын қосып, мерекелік іс-шара өткізді.
Имандылық ордасының асханасында дастархан жайылып, оларға құрмет көрсетілді. Онда аудан әкімі Марат Жұрқабаев ардагерлерді құттықтап, игі тілегін білдірді.
Кездесу барысында мәдениет үйінің өнерпаздары әуелете ән шырқап, күмбірлете күй шертті. Құрметке бөленген қарттар дән ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді.
Қарты бар елдің қазынасы бар
Жоғарыда аталған Қарттар күні қарсаңында Федоров ауылындағы жалпы білім беретін мектебінің ұжымы және оқушылармен кездесу ұйымдастырылды. Онда «Қарттар - біздің асыл қазынамыз» тақырыбында уағыз-насихат айтылды.
Кездесуде аға ұрпақ өкілдерін құрметтеу - өскелең ұрпақтың басты парызы екендігі тілге тиек етілді. Оқушылар ғибратты басқосудан алған әсерлерімен бөлісіп, қойған сауалдарына нақты жауап алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі


Ұзынкөл аудандық мешітінің асханасында

Федоров ауылындағы кездесу
Өткен жексенбі күні Қостанай аудандық "Маңдай батыр" мешіті ұжымының ұйымдастыруымен және мешіт жанашырлары мен жамағатының атсалысуымен Тобыл қаласындағы мұсылмандар зиратында "Тазалық иманның жартысы" атты сенбілік болып өтті.
Осы шара соңында аталған мешіттің Бас имамы Дархан Манарбекұлы қорымда жатқан барша марқұмдарға Құран оқып, найб имам Ерлан Өмірбекұлы дұға бағыштады.
Осынау игі істе ұйымшылдық танытқан барша азаматтарға Алланың нұры жауа берсін.



Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев Енбек спорт залында жастармен арнайы кездесті. Онда еркін күреспен айналысатын балаларға «Кәмелетке толмағандар арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу» тақырыбында дәріс оқыды.
Оған жас спортшылар, жаттықтырушылар, басшылық құрам және қалалық «Марал ишан» мешітінің Бас имамы Сабыржан Есмурзин мен облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің жанындағы жастар ісі секторының жауапты маманы Әлішер Ертайұлы қатысты.
Кездесуде жастар Бектұрсын қажы Торғайбайұлының өзекті мәселеге байланысты дәрісін ұйып тыңдады. Қатысушылар тарапынан сауалдар қойылып, тиянақты жауап алды. Соңында естелік суретке түсті.








Қостанай облыстың мешітінің баспасөз қызметі
Халықаралық қарттар күні қарсаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкілдігі өңірдегі ардақты ақсақалдар мен ақ жаулықты аналардың басын қосты.
Бұл «Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол» деп аталатын маңызды кездесуде облыстың Бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы сөз сөйлеп, барша ардагерлерді мерекемен құттықтап, оларға мықты денсаулық, отбасында бақыт, өскелең ұрпаққа ақылшы болып жүре берулеріне тілектестігін білдірді.
Сонымен қатар ол арамызда жүрген қарттарымызға құрмет көрсетіп, ілтипат таныту мен қамқорлық жасау әрбір азаматтың парызы екендігіне ерекше тоқталды.
Аға буын өкілдеріне облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің асханасында дастархан жайылды. Қаншама жылы лебіздер айтылды. Астың соңында абыз ақсақал Торғайбай Уәлиев бата берді.









Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Халықаралық қарттар күні қарсаңында Лисаков қалалық "Әбдіхаим Саламатұлы” мешітінің қызметкерлері “Орда” дәмханасында “Қазыналы қарттарым” атты тағылымды іс-шара ұйымдастырды.
Мұндағы басты мақсат - аға буын өкілдеріне құрмет көрсетіп, олардың өмірлік тәжірибесі мен өнегесін жастарға үлгі ету.
Сондай-ақ жаны жайсаң қариялардың жүрегіне жылу ұялату.
Аталған мерекелік кешке қала тұрғындары, зейнеткерлер мен ардагерлер, мешіт жамағаты және еріктілер қатысты. “Орда” да дәмханасының кең әрі жайлы залындағы дастархан басында қарттарға ерекше ілтипат танытылды.
Іс-шара барысында мешіттің Бас имамы жылы лебізі мен ізгі тілегін білдірді. Қонақтар әдемі әуен мен термелерді ұйып тыңдады. Абыз ақсақалдар жастарға бата беріп, имандылық ордасының ұжымына шынайы алғыстарын жеткізді.
Осындай мағыналы шаралар үлкендерді құрметтеу – ізгіліктің бастауы екенін тағы бір дәлелдеді.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Өткен дүйсенбіде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкілдігі «Адамзаттың асыл тәжі» атты рухани Мәуліт кешін өткізді.
Жиынды облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің наиб имамы Әлішер Балахмет кіріспе сөзбен ашып, басқосудың негізгі мақсаты мен мәніне қысқаша тоқталды.
Онда Мұхаммед пайғамбарымыздың өмірінен сыр шертетін бейнефильм көрсетілді. Содан кейін ұстаз – қарилар Мұртаза Балахмет, Сұңғат Қызылбай және Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешітінің Бас имамы Дархан Сыздықов Мәуліт -шариф оқыды.
Өңіріміздің Бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы жұртшылықты мерекемен шын жүректен құттықтап, демеушілік жасаған азаматтарға ризашылығын білдірді. Тағылымы мол уағыз-насихат айтты.
Кеш барысында ұстаз Саидаббас Мираманов қос тілде викториналық ойындарды жүргізді. Тапқырлық танытып, жүлделі орындарға ие болған намазхандарға бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Мәуліт мерекесінің құрметіне арнайы дастархан жайылып, ас берілді. Жиналған қауым ұйымдастырушыларға алғыстарын жаудырып, жоғары көңіл-күймен тарқасты.
















Қостанай облыстың мешітінің баспасөз қызметі
Қасиетті жұма күні Қостанай қалалық "Марал ишан" мешітінде Мәуліт айының құрметіне салауат оқылып, дұға жасалды. Оған халық көп жиналды.
Бұл ғибраты мол рухани басқосуда облыстық ''Аймағанбет қажы Спанұлы" мешітінің наиб имамы Әлішер Ертайұлы және ұстаз әрі қари Нұртаза Балахмет, Тобыл қаласындағы "Маңдай батыр" мешітінің Бас имамы Дархан Сыздықовтар қазақша және араб тілінде Мәуліт- шариф оқыды.
Сондай-ақ облыстың Бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев жамағатқа Мұхаммед Пайғамбарымызды (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) құрметтеу және салауат, жамағаттың бірлігі жайында уағыз-насихат айтты. Содан кейін аталмыш имандылық ордасында намаз оқылды. Жиналған қауым Мәуліт мерекесінен үлкен үлкен әсер алды.











Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиевтың арнайы тапсырмасымен "Аймағанбет қажы Спанұлы" мешітінің ұжымы футболдан жолдастық кездесу ұйымдастырды. Оған "Аймағанбет қажы Спанұлы", қалалық "Марал ишан", "Жайлаубай ата" Тобыл қалалық "Маңдай батыр" және Лисаков шаһарындағы "Әбдіхаим Саламатұлы" мешіттерінің қызметкерлері мен Файзолла қари медресесінің шәкірттері қатысып, бақтарын сынады.
Бұл игі шарада Бас имам Бектұрсын қажы сөз сөйлеп, жамағаттың бірлігі жайлы уағыз-насихат айтты. Жарыстың қорытындысы бойынша І орынды Лисаков қалалық "Әбдіхаим Саламатұлы" мешіті, ІІ орынды Файзолла қари медресесі, ІІІ орынды "Маңдай батыр" мешітінің командалары иеленді.
Мұндай кездесулер дін қызметкерлері арасындағы ауызбірлік пен ынтымақты барынша нығайта түсетіндігі даусыз.








Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі