«Халал Даму» технологы Данияр Бақзейнелұлының Қостанай өңіріне ресми іс сапары барысында «Муслима» дәмханасы мен ет сату бөлімі, «Happy cake» кондитерлік өндірісі, «Север ет», «Қостанай агро продукт» қасапханалары, «Sudjuk» шұжық цехы, «Turkısh house» дәмханасы тексерілді. Аудит жұмысына жергілікті өкіл Алишер Балахмет те қатысып, кәсіпорындарда халал стандарты талаптарының орындалуын қадағалады.
«Аудиторлық іс сапар барысында өңірдегі барлық кәсіпорындарды толықтай тексеру жоспарланған. Бүгінгі күні жоғарыда аталған кәсіпорындарда тексеріс жүргіздік. Бірқатар өндіріс орындарында халал талаптары толықтай сақталған болса, кейбіреулеріне ескерту жасалынды», — деп хабарлайды Данияр Бақзейнелұлы.
Источник: https://halaldamu.kz/kk/p/ostanajday-ksiporyndarda-audit-zhalasuda
Таяуда Қостанай облыстық мешітінің Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет және найб имам Бақытжан қажы Икрам өңірдегі Федоров ауданында іс-сапарда болды. Олар бірқатар мекемелердің қызметкерлерімен өзекті мәселелерге байланысты кездесулер өткізді.
Алдымен, аудандық ауруханаға ат басын бұрып, ақ халатты абзал жандармен жүздесті. Онда «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық» деген маңызды тақырып әңгімеге арқау болды. Қоғамның басты байлығы – адам болғандықтан олардың денсаулығын сақтауда дәрігерлер мен медбикелердің сіңіріп жатқан елеулі еңбектері жайлы айтты.
Сондай-ақ, сапар барысында Бахытбек қажы Нұрғабылұлы Федоров селосында орналасқан ұлы ағартушы Ы.Алтынсарин атындағы мектептегі жиында «Ынтымақ — елдің ырысы» екендігіне кеңінен тоқталды. Ұстаздарды толғандырған сауалдарға нақты жауап берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Сарыкөл ауданының Бас имамы Асылхан Түсіпбектің ұйымдастыруымен «Қарты бар ел – қазыналы ел» атты іс-шара болып өтті. Имандылық ордасының қызметкерлері аудандағы ардақты ақсақалдар және ақ жаулықты аналарымызға арнап дастархан жайды.
Бас имам жиында аға ұрпақ өкілдеріне құрмет көрсету - әрбір азаматтың басты парызы екендігі жөнінде уағыз айтты. Содан кейін ардагерлерге сый-сияпат жасалды. Құрметке бөленген ата-әжелеріміз Асылхан Мұханбетжанұлы мен мешіт ұжымына шын жүректен шыққан шынайы алғысын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Қостанай облысы Заречный кентіндегі ипподромда облыстық мешіт және өңірдегі Көкпар федерациясы демеушілік етіп, жарыс ұйымдастырды. Оған жан-жақтан 80-ге жуық жүйрік ат пен шабандоздар қатыстырылды.
«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкіл имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы да көкпарға қатысып, осындай өнегелі қырларымен танылып, дүбірлі сайыстың жоғары деңгейде өтуіне лайықты үлесін қосты.
Ерекше атап өтер жай, облыста Мәуліт мерекесі аясында жоғарыда аталған көкпар сайысы алғаш рет өткізіліп отыр.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Рудный қалалық «Нұр» мешітінде ардақты Мұхаммед пайғамбарымызға (оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) арналған Мәуліт қасидалары оқылып, Бас имам Бектұрсын Уәлиев тағылымы мол уағыз-насихат айтты.
Онда барша жер бетіндегі Адамзаттың асылы, Ұлы Пайғамбарымыздың өнегелі өмір жолы, ғибратты қасиеттері мен ізгілікті істері жайында жан-жақты баяндалды.
Мешіттің найб имамы Бақытжан Әбдібеков пен ұстаз Наурызбек Сабыров Мәуліт жырын оқып, жамағатпен бірге салауаттарды орындады. Олардың жан-дүниеңді тебірентер әрі құлаққа жағымды әуездерін жиналған қауым аса ықыласпен қабылдады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет кезекті іс-сапарында Қарабалық ауданында болды. Ол алдымен аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлерімен кездесті. Онда діни экстремизмнің тигізер қауіп-қатері жөнінде сөз қозғады.
Тәртіп сақшылары дін қайраткерінің өзекті мәселені арқау еткен әңгімесінен көп жайды көңілдеріне түйді. Еліміздің тыныштығы мен береке-бірлігі - басты міндет екендігін терең ұғынды. Мәртебелі қонаққа өздерінің шынайы алғыстарын білдірді.
Бахытбек Нұрғабылұлы содан кейін ұлтымыздың біртуар перзенті Мұхамеджан Сералин атындағы №3 қазақ орта мектебінің ұстаздарымен жүздесті. Мұнда өскелең ұрпаққа сапалы білім берудің маңыздылығы, оларды Отанды сүю мен рухани байлыққа тәрбиелеудің өмірімізде алар орны ерекше екендігіне кеңінен тоқталды. Басқосуда ұстаздар қауымы көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды да нақты жауап алды.
Бас имаммен бірге сапарлас болған облыстық мешіттің наиб имамы Бақытжан қажы Икрам Қарабалық селосындағы агротехникалық колледждің1 курс студенттерімен «Диструктивті теріс ағымдардың қоғамға зияны» деген тақырыпта әңгіме өрбітті.
Білім алып жатқан жастар оның ой салар тұжырымдарын ұйып тыңдап, таным көкжиектерін кеңейтті. Мұндай кездесулердің берері мол екендігін айқын сезінді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Қостанай облысына қарасты Арқалық қаласындағы «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің ұйымдастыруымен Мәулет айының құрметіне арналған жамағаттар арасында футболдан облыстық ашық турнир болып өтті.
Бұл жарысқа Арқалық, Рудный қалалары мен Амангелді ауданының және Амантоғай ауылы, көршілес Ақмола облысының Жарқайың ауданы командалары қатысты. Бұл спорт сайысы салтанатты түрде Қазақстан Республикасының Әнұранымен басталды.
Онда Арқалық қаласы мен Рудный шаһарындағы «Нұр» мешіттерінің бас имамдары Нұрхан Асанұлы және Бектұрсын Торғайбайұлы жиналған жұртшылықты Мәуліт айымен шын жүректен құттықтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ойын қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды. Бірінші орынды Арқалық қаласының жамағаты иеленіп, оларға кубок пен 50 мың теңгенің сертификаты табыс етілді.
Жүлделі екінші орынға Рудный қаласының «Нұр», үшінші орынға Амангелді ауданының «Сатыбалды ишан» мешіттерінің жамағаттары ие болып, оларға 30 және 20 мың көлеміндегі теңгенің сертификаттары берілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінде адамзаттың асылы, Ұлы Мұхаммед пайғамбарымыздың құрметіне арналған Мәуліт – шариф оқылды. Онда ұстаз - Нұғман құран қари бастаған аталмыш имандылық ордасының жамағаты мен жас шәкірттер пайғамбардың ғибратты өмірі жайлы кеңінен насихаттады.
Жиналған жұртшылық жайылған дастархан басында тағылымды уағызды мұқият тыңдап, көп жайды көңіліне түйді. Мәуліт -шарифтен ерекше рухани нәр алып, жамағат түнгі намазды бірге оқыды.
Мұндай игі басқосулар мұсылман қауымының арасындағы ауызбірлік пен ынтымақты барынша нығайта түсетіндігі ақиқат. Барша бауырларымыздың жасаған ізгі амалдары мен ниеттері қабыл болсын!
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Елордамыздағы «Ақ мешіт» мешітінің имамы, РАНТ мүшесі, Дәурен Мүсілімов Қостанай облысына сапары барысында бірқатар маңызды басқосуларға қатысып, өзінің көкейде жүрген ойларымен бөлісті.
Осы сапар барысында Рудный қаласындағы Жастар ресурсы оралығында Рудный индустриалдық институтының, педагогикалық және техникалық колледждердің студенттерімен кездесу өткізді.
Ол кездесуде жат ағымнан сақтану, үлкенге, ұстазға, ата-анаға құрмет көрсету, Отанды сүю туралы тақырыптарда әңгіме өрбітті. Өз кезегінде студенттерде дүние танымдарын кеңейтетін танымдық жайларға қанықты.
Сонымен қатар Осы шаһардағы «Нұр» мешітінде «Діннің даму игілігі үшін жамағаттың имамдармен нәтижелі жұмысы» тақырыбындағы мазмұнды әңгімені жұртшылық зейін қоя тыңдады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Астана қаласындағы «Ақ мешіт» мешітінің имамы, РАНТ мүшесі, елімізге танымал дін қайраткері Дәурен Мұхаметрахимұлы Мүсілімов Қостанайға келді.
Ол алдымен УК 161/2 еңбекпен түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан кісілермен жүздесіп, өзекті мәселе жөнінде әңгіме қозғады.
Содан кейін облыс орталығындағы «Жайлаубай ата» мешітінде жамағаттармен кездесті. Онда «Діннің даму игілігі үшін жамағаттың имамдармен нәтижелі жұмысы» тақырыбында сөз етті. Жиналғандар оның тағылымы мол баяндамасын ұйып тыңдап, көп жайды көңілдеріне түйді.
Сонымен бірге облыстық мешітте «Алдын-алу шараларын өткізу кезіндегі әдістемелік нұсқаулар» деген тақырыпта имамдарға, теологтарға және исламтанушыларға күнделікті жұмыс барысында берері мол семинар ұйымдастырды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі