Жуырда Әулиекөл аудандық «Әмит ишан» мешітінде осы ауданға қарасты ауыл молдалары мен имамдардың жиыны өтті. Оның негізгі мақсаты - дін қызметкерлерін үстіміздегі жылы жүзеге асырылатын жұмыс жоспарымен таныстыру еді.
Алдағы уақытта ауылдық намазханалар мен мешіттерде атқарылатын істер де аз емес. Әсіресе, уағыз- насихатты жандандырып, елдің бірлігі, ынтымақ, қайырымдылық, жалпы «Ихсан» аясындағы маңызды тақырыптарға аса назар аудару қажеттігі туралы Бас имам Нұрлан Сейілханұлы баса айтты.
Сондай-ақ, әрбір мұсылманның міндеті – туған жерімізді көркейту, рухани құндылықты қастерлеу, сабырлылық пен төзімділікті берік сақтау, патриоттық сезімді жоғары ұстау екендігі сөз болды.
Жиын соңында ҚМДБ бекіткен жеті бағыттың салалары жете түсіндіріліп, қадірменді ақсақалдар ақ батасын берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешіті «Күшіміз бірлікте» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Онда қолдауға мұқтаж 20 отбасына көмек көрсетілді.
Сонымен қатар имандылық ордасына Қостанай ауданына қарасты Жамбыл мен Алтын Дала мешіттерінің жамағаттары арнайы ауызашарға шақырылып, дастархан жайылды.
Тағылымы мол шараның соңында садақ ату мен кеудені жерден көтеруден жарыс өткізілді. Жеңімпаздар өздерінің бабында екендігін танытты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Рудный қалалық «Нұр» мешітінің ұжымы ақшам намазынан кейін «Мешіт жамағатымен көрікті» демекші, имандылықты берік ұстанатын азаматтармен тағылымды кеш өткізді. Дастархан басында өмірлік маңызы ерекше әңгімелер қозғалды.
Жиында мешіттің Бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы «Ислам – ынтымақ пен бірліктің діні» тақырыбында сөз сөйлеп, жұртшылыққа ұлтымыз үшін аса мәнді ауыз бірлік, қонақжайлық, бауырмалдық, мейірімділік жайлы уағыз-насихат айтты.
Содан кейін аға буын өкілдері әңгімені жалғастырды. Олар еліміздің болашағы болып табылатын жастарымыз ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан қазақы салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды ұстанулары үшін мұндай берері мол кештердің жиі ұйымдастырылып тұрғаны өте орынды екендігіне тоқталды.
Кездесуде мешіттің найб имам Нұрлыбек Хожасбайұлы мұсылмандардың қасиетті Құрандағы сипаттары менжалпы адамгершілік, әдептілік хақында баяндады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет Рудный қаласындағы сапары кезінде бірқатар оқу орындарында болды. Мәселен, алдымен осындағы жергілікті Индустриалдық институтта жастармен кездесті. Онда «Жастар - ел болашағы» тақырып әңгіме арқауына айналды.
Белгілі дін қайраткерімен бірге аталмыш жүздесуге найб имам, облыстық мешіт жанындағы «Жастар ісі» секторының жетекшісі Әлішер Ертайұлы, дін істері жөніндегі басқарманың бас маманы Сапарбек Әбдібеков, «Нұр» мешітінің имамы Бектұрсын Торғайбайұлы қатысты.
Маңызды басқосуда дін саласының білікті мамандары уағыз, насихат айтты. Студенттердің қойған сауалдарына нақты жауап берді.
Сондай-ақ, шаһардағы әлеуметтік - гуманитарлық колледжінде өткен кездесуде әсерлігімен есте қалды. Мұнда «Ислам – ынтымақ пен бірлік діні» деген тақырыпта тағылымды да ғибратты сөз болды. Жастар қонақтарға шынайы алғыстарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық әйел-қыздар секторының ұйытқы болуымен Тобыл қаласындағы «Маңдай батыр» мешітінде «Ырыс алды - ынтымақ» тақырыбында іс-шара өткізілді.
Аталмыш басқосуда викториналық сауалдар қойылып, Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Жүніс және Жүсіп пайғамбарлардың туралы уағыз айтылды. Оған қатысушылар мол мағлұмат алды.
Есте ұзақ сақталатын жай, облыстық және Тобыл шаһары мешітінің қыздары бір-бірімен жете танысып, екі жақ та пайдалы әрі ғибратты әңгіме өрбітті. Жиын соңында дастархан жайылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы бойынша Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет Рудный қаласында арнайы іс-сапармен болды.
Бас имам осы сапар барысында шаһар әкімі Қуандық Хайдарұлымен кездесіп, өңірдің діни ахуалы жайлы әңгімеледі. Маңызды басқосуда «Рудный қаласының Нұр» мешіті Бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы имандылық ордасының тыныс-тіршілігі, алда жүзеге асырылатын жұмыстар жөнінде баяндады.
Сондай-ақ, Бахытбек қажы Нұрғабылұлы жүздесуде қала басшысына «Ихсан -рухани тәрбие негізі» атты құнды кітапты табыс етті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазіргі таңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ең маңызды бағыттарының бірі- «Халал даму». Жақында облыста 20-дан аса ірі кәсіпорындар «Халал даму» сертификатына ие болды.
Осы мәселеге байланысты өңіріміздің Бас имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы және «Халал даму» бөлімінің жауапты өкілі Әлішер Ертайұлы Рудный қаласына арнайы іс-сапарда болды. Олар «Жас - Қанат 2006» құс фабрикасы, «Меди Дез» ғылыми өндірістік бірлестігі, «Аманат сауда үйі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі орталықтарындағы жұмыс барысымен жан-жақты танысты.
Сондай-ақ, Әлішер Балахмет Рудный қаласында кәсібін жаңадан бастаған Жанарбекпен келіссөз жүргізіп, алда тұрған келелі міндеттер жайлы тілге тиек етті.
Сонымен бірге облыстық мешітте Қостанай облысынан шариғат талаптарына сай шұжық өндіретін «Шуджук» және «Мясной Дар» атты екі кәсіпорын иелеріне сертификат «Халал даму» тапсырылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен үстіміздегі жылғы наурыз айының 9-10 күндері Еліміздің астанасында қыз балалар арасында республикалық Құран жарысы өтуі жоспарланған.
Қостанай облыстық әйел-қыздар секторы өңір бойынша онлайн форматында осы сайысқа қатысушыларды іріктеді. Сөйтіп, аймақтың намысын қорғаушылардың есімдері анықталды.
Сонымен, республикалық жарысқа облыстың атынан Сымбат Акбарова 30 пара, Дүрдана Махкамбаева 20 пара және Арайлым Аманкелді 5 парадан білімдерін сарапқа салады.
Оларға Құран жарысында сәттілік тілейміз.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Адамның қоғамда өз орнын табуында, көпшілік құрметі мен сеніміне ие болуында әдептілікпен сөйлей білуі де маңызды. Өйткені, мұсылман адам қоғамда барлық жағынан үлгі болуы қажет. Сол үшін де оның әрбір айтар сөзі, іс-әрекеті, адамдармен қарым-қатынасы әдептілік нышандарымен көркемкелденгені абзал. «Сөз қадірін білмеген – өз қадірін білмейді»,«Құлаққа кірген суық сөз, көңілге барып мұз болар» - деп, сөз семсерін оңды-солды серпи берудің көңіл жаралайтынын ескере келіп, әрбір сөзге абай болуды меңзейді.
Құранда дұрыс сөйлеуге жігерлендіретін, сөзде сақтық таныта білу керек екенін ескертетін аяттар жетерлік. Мәселен, мына аятта: «Уа, иман еткендер! Алладан қорқыңдар. Әрі дұрыс сөз сөйлеңдер. Алла істеріңді оңалтып, күнәларыңды кешіреді!», - деп бұйырса, (Ахзаб 70-71) Келесі бір аятта: «Аузынан нендей сөз шықса да, қалт жібермей бақылап жазып тұрады» -деп ескерткен. (Қаф-18).
Осы дүние және ахиретте иесіне пайда да, зиян келтіретін бұл – адамның тілі. Тілмен сөйлеу қабілетіміз – Алланың біздерге берген ұлық сыйларының бірі. Тілдің өрісі өте кең, егер тілімізді қадағалап, әрбір сөйлер сөзімізге есеп беріп тұрмасақ, оған шайтан араласып, жамандыққа жетелеуі мүмкін. Тілді орынсыз пайдаланса, адам тозақы болады, ал егер тілді шариғат жүгенімен жүгендесек, әрқандай жамандық атаулыдан құтыла аларымыз хақ. Адам баласын көп жағдайда бақытсыздыққа, күнә істерге душар ететін нәрсе – осы орынсыз сөйлеу.
Даналыққа жеткен бұрынғы ізгілер: «Үндемеу ол хикмет, жақсы қасиет. Тілдің үндемеуі, көңілдің үндемеуіне, ал көңілдің үндемеуі Раббысының кешіріміне себеп болады» - десе, хазреті Әли р.ғ.: «Егер жүрек таза болса, тілден әдемі орынды сөздер шығады» - деген. Дұрысында адам орынды сөз сөйлеу үшін, тыңдауды үйренуі қажет. Адам баласы көп тыңдап, аз сөйлесін деп Құдай тағала екі құлақ, бір тіл нәсіп еткен.
Расында, тілін жамандықтан сақтаған адам екі дүниеде де ұлық дәрежелі болады. Себебі, тілге сақ болу – қателесу, жалған сөйлеу, сөз тасу, өзін адамдарға көрсетіп сөйлеу және де кісінің абыройын айрандай төгу сияқты жамандықтардан сақтайды. Бұл апаттар тілге жеңіл болғанымен, иесіне жаратылыс жағынан және шайтан тарапынан жамандықтардың келуіне үлкен себеп болады. Адам баласы осы айтылып өтілген істерге кірісе кеткенде өзін тоқтатып қалуға шамасы да жетпей қалады. Тілге ие болу әрдайым салмақты болуды, ойлануды, бұл дүниеде және ахиретте есеп берудің қинышылығынан аман сақтап қалуды қамтиды.
Қадірлі оқырман қауым! Сөздің түйіні: Аллаға және ақыретке иман келтірген адам жақсы сөз сөйлеуі қажет немесе үндемегені абзал. Өздеріңіз аңғарғандай, дініміз сөйлеу мәселесіне үлкен мән берген. Өйткені тіл өз иесіне көп жақсылық та жамандық та әкелуі мүмкін. Сондықтан да саналы да байыпты түрде сөйлейік, сыпайы да сауапты сөздеріміз көп болғай!
Рудный қалалық «Нұр» мешітінің имамы Бектұрсын Торғайбайұлы