Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри
Super User

Super User

Пятница, 03 Апрель 2026 09:15

Кешірімділік асыл қасиет


Ислам дінінде Алла Тағаланың адам баласына берген асыл қасиеттердің бірі – кешірімділік. Кешірім мұсылмандар арасын жарастырады, жамандықтың алдын алады. Кекшілдік қастыққа жол ашса, кешірім қасты досқа айналдырады.

Асылы, мұсылман мұсылманға бауыр. Өшпенділік, дұшпандық, кекшілдік мұсылмандыққа тән қасиеттер емес.

Ислам – кешірімділік пен бауырмалдық діні. Раббымыз Алла Қасиетті Құран Кәрімде:

«(Уа, Мұхаммед!) Сен кешірімді бол және жақсылықты бұйыр. Түсінбейтін қараңғылардан теріс айнал», – («Ағраф» сүресі, 199-аят) деген.

Сондай-ақ: «Оларды кеш, көңіліңе алма. Шүбәсіз Алла ізгі жандарды жақсы көреді» («Мәида» сүресі, 13-аят) деп бұйырады.

Жоғарыдағы аяттарда айтылғандай, Алла Тағала пендесіне кешірімді болу керектігін үйретеді. Тағы бір аятта:

«Біреу бір жамандық істесе немесе өзіне зұлымдық жасаса, содан кейін Алладан жарылқау тілеп, кешірім сұраса, Алланы аса жарылқаушы, ерекше мейірімді ретінде табады», – («Ниса» сүресі, 110-аят) деген.

Сондықтан адам баласы тура жолдан тайып, қателікке бой алдырса, Алладан шынайы ықыласпен кешірім сұраса, Алла Тағала пендесін кешіреді. Өйткені Ол – асқан кешірім Иесі.

Адамзаттың абзалы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) саналы өмірінде мейірімділік пен кешірімділікті ту етіп, осы ізгі қасиеттерді көркем мінездің өзегіне айналдырған. Оның кешірімділігі жайлы көптеген мысал келтіруге болады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің немере ағасын өлтірткен жауыз адамды кешірген. Мекке мүшріктері өзіне қаншама рет қорлық көрсетсе де, оларға қарғыс айтып, теріс дұға жасамаған. Сахабалар Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Неге оларға лағынет айтпайсыз?» – деп сұрағанда: «Мен лағынет айту үшін жіберілмедім. Асылында мен мейірім иесі ретінде жіберілдім», – деп жауап берген болатын (Мүслим).

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзін сиқырлаған Ләбид ибн Ағсам атты яһудиді кешірген болатын. «Алла елшісін бір яһуди сиқырлайды. Пайғамбарымыз бірнеше күн ауырады. Сонда бір күні Жәбірейл (ғ.с.) келіп: «Сені сиқырлаған кісі бірнеше түйнек түйіп пәлен деген жердегі құдыққа тастады. Бір адамды жібер, барып алып келсін», – дейді. Сонда Пайғамбарымыз Әлиді жібереді. Түйнекті әкеліп шешкен кезде Алла елшісі бірден өзіне келіп, орнынан тұрады. Сонда Пайғамбарымыз әлгі яһудиді кешіреді. Бұл туралы оның бетіне басып айтпайды, айыптамайды. Ренжімейді, ұрыспайды, тіпті бұл дүниеден өткенше жүзін көрмейді» (Бұхари). Міне, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кешірімділігі осындай кең еді. Сондықтан өз хадисінде кешірімді болуды өсиет етіп: «Байланыс үзгенмен табыс, саған сараңдық жасағанға жомарт бол, зұлымдық жасағанды кешір», – деген (Ахмад).

Кешірімшіл болудың арқасында Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) талай адаммен татуласып, талай қантөгістің алдын алды.

Сондықтан да ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қандай да бір мұсылманның өз бауырына үш күннен артық ренжуі дұрыс емес», – деген. Демек, мұсылман қандай жағдайда болмасын ренжіскен бауырына өкпесін үш күннен асырмауы тиіс. Бірақ бұл жерде ескеретін бір жайт бар. Егер де реніш дін мәселесіне қатысты болса, оның жөні бөлек, ал одан тыс кез келген ренішке жол беруге болмайды.

Ислам дінінде реніштің мерзімі үш күнмен шектелуінің себебі адам психологиясында жатыр. Себебі осы мерзім адамның алқынған көңілін басып, болған істі ақылмен сараптауға жеткілікті. Ақыры, адам бойындағы бауырмалдық сезімі қайта оянып, ренжіскен бауырмен қайта қауышуға дайын болады.

Бірде Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) немерелері Хасан мен Хусейн бір-бірімен ренжісіп қалады. Ағасы Хасан «інім келіп кешірім сұрайтын болар» деп күтеді. Алайда інісі Хусейн кешірім сұрауға келмейді. Шыдай алмаған соң ағасы Хасанның өзі інісіне келеді, сөйтсе інісі Хусейн де сағынып жүр екен. Хусейн ағасын көре салып, құшақтап жылап жібереді. Сонда ағасы Хасан: «Сен кішісің ғой, неліктен бірінші болып кешірім сұрамадың?» – дейді. Сонда інісі Хусейн: «Жаным ағатайым, кім бірінші болып кешірім сұраса, соған жәннаттан сарай тұрғызылады. Сол сарайға сіздің ие болғаныңызды қаладым. Сол жәннатты сізді алсын деп тосқан едім», – деп көз жасын сүрткен екен.

Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының сөзімен айтқанда:

«– Майда бол жігіт болсаң тал жібектей,

Жақсы емес қатты болу тікенектей».

Яғни, жүрегі кешірім шуағымен жібімеген адамның көркем мінезге ие болуы қиын, ал кешірімшіл болу – ер жігітке тән мәрттік.

Қазақ дәстүрінде «Кешіру» салты бар. Қыз алып қашқанда немесе адамды жазатайым өлтіріп қойса, ауыл ақсақалдары жиналып кешірім сұрап барады екен.

Болат Бопайұлының айтуы бойынша, қазақ дәстүрінде абайсызда өлім болса, ақсақалдар мен қазылар марқұмның туыстарының алдынан өтіп, кешірім сұрайды. Өлген адам құнын төлеп, жерлеу ақысын, жеті, қырқы, жылдық асына ірі қара мал сойып береді екен. Марқұм отбасына қамқор болуды мойнына алып, балалары кәмелетке толғанша, ай сайын шығындарын өтеп тұруға міндетті болады. Егер осыдан бас тартса, оған қазы дүре соқтырады. Егер кешірім сұрамаса, жазасы ауырлай түседі.

Бұған қоса, бұрынғы заманда айыбы бар адам өзі ренжіткен бауырын арнайы шақырып, ақ сары бас қой сойып, ақ ниетпен кешірім сұрайды екен. Осылайша, ренжіскен бауырлар ақ дастархан басында табысып, татуласады. Бұны қазақ дәстүрінде «Кешіру салты» деп атайды.

Кешірімнің мәні – көңілдегі кекті жойып, жүректерді жібіту, бауырластықты арттыру, қоғамдағы мейірім мен ізгілікті арттыру.

“Жаркөл” аудандық мешітінің Бас имамы Руслан Маратұлы

Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы Алматы қаласына арнайы іссапармен барып, Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университеті қабырғасында білім алып жатқан Қостанайлық студенттермен жүздесті. Сапар аясында ол университет проректоры, PhD докторы Оңғар Ершат Ағыбайұлымен кездесіп, қызметіне табыс тілеп, еліміздің тарихы мен салт-дәстүрі жайлы құнды кітапты сыйға тартты. Өз кезегінде “Қуыс үйден құр шықпа” дегендей, проректор мырза да Бас имамға арнайы сый-сияпат жасады.

Кездесу барысында өңірден барған талапты жастардың білім деңгейі, сабақ үлгерімі, жатақханадағы қосымша дәрістерге қатысуы, жазғы тәжірибесі және оқу бітіргеннен кейін облысқа оралып қызмет атқаруы мәселелері кеңінен талқыланды.

Іссапардың басты мақсаты – студенттердің білімге деген ынтасын арттыру, оларға қолдау білдіру және биыл диплом алатын түлектерді туған өңірге қызметке шақыру болды. Осы бағытта Бас имам шәкірттермен жеке кездесіп, бір реттік шәкіртақы табыстап, арнайы дастарқан жайды.

Кездесу өте мазмұнды әрі нәтижелі өтті. Туған жерден арнайы іздеп келген Бас имамды көрген студенттер ерекше қуанып, ризашылықтарын білдірді.

Осындай тағылымды кездесулер жастардың білімге құштарлығын арттырып, елге қызмет етуге деген жауапкершілігін күшейте түсетіні анық.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі












Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Финляндия Республикасына барған сапарында Хельсинки қаласы маңындағы музейді аралады.

Суоменлинна музейінде әртүрлі экспонаттар қойылған. Атап айтқанда, ескі қару-жарақтар, әскери киімдер, карталар, макеттер және тарихи құжаттар сақталған. Сонымен қатар онда тарихи қысқаметражды фильм көруге болады.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы да Финляндияның қалыптасу тарихы мен оның стратегиялық рөлі жайында түсірілген қысқаметражды фильмді тамашалады. Осы музейдің өзі де тарихи нысан ретінде саналады екен. Өйткені ол бұрын әскери мақсатта пайдаланылған.

Бүгінгі таңда Хельсинкидегі тарихи аралдар туристер үшін ғана емес, жергілікті тұрғындар үшін де маңызды мәдени орын саналады. Онда ашық аспанда сақталған тарихи құрылыстарды тамашалап, Финляндияның бай тарихымен танысуға болады. Жыл сайын ол жерге әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған турист келеді.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі










Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Финляндия Республикасына барған сапарында осы елдің архиепископы Тапио Юхани Луомамен кездесті.

Кездесу барысында тараптар қоғамның тұрақтылығы мен адамзаттың ортақ құндылықтарын қорғаудың өзектілігін сөз етті. Бас мүфти дінаралық достық пен келісімді нығайту бағытында Астана қаласында әр үш жыл сайын өтетін Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлері съезінің рөлін айрықша атап өтті.

Өз кезегінде архиепископ аталған халықаралық съезд халықтар мен мәдениеттерді жақындастыратын маңызды алаң деп бағалап, Қазақстанның осы бағыттағы тәжірибесін қолдайтынын жеткізді.

Басқосу барысында Бас мүфти мен архиепископ қазіргі әлемдік саяси ахуал кезінде халықтарды сабыр мен өзара түсіністікке үндеудің маңызын тілге тиек етті.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі















Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Финляндия Республикасына барған сапарында Хельсинки қаласындағы Орталық мешіт жұмысымен танысты.

Мешіт имамы Рамиль Беляев Бас мүфтиге құлшылық үйінің тарихы, діни оқу-ағарту, Құран жарыстарын ұйымдастыру, мұсылман жамағатының рухани бірлігін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Имамның айтуынша, бүгінде Хельсинки қаласында 20-дан астам намазхана бар.

Рамиль Беляев Хельсинки Орталық мешітінде алғаш рет жұма уағызын айтып, жұма намазын өткізген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына айрықша алғысын білдіріп, ризашылық ниетін жеткізді.

Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Финляндияның Ислам қауымдастығы арасындағы ынтымақтастықты арттыру бағытындағы бастамаларға қолдау көрсеткені үшін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына жылы лебізін жеткізді.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі









Бүгін Финляндия астанасы Хельсинки қаласындағы Орталық мешітте уағыз айтқан Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы әлем мұсылмандарын бірлікке шақырды.

«Ислам діні мұсылмандарды әрдайым бірлікке үндейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Бір-біріңді жек көрмеңдер, қызғанбаңдар, теріс айналмаңдар! Алланың құлдары, бауыр болыңдар!». Шетелде жүрген мұсылман қауымы үшін бірлік – ерекше маңызды. Бірлігі бар жамағаттың берекесі болады. Ғалымдарымыз бірлікті жайқалған тоғайға теңеген. Бұтағы көбейген сайын ол желге қарсы берік тұрады. Сол сияқты бірлігі бар қауым да қандай жағдайда болса да өз болмысын сақтай алады. Бірлік жүректен басталады. Жүректе сүйіспеншілік болса, қоғамда татулық болады. Жүректе құрмет болса, ортада береке болады. Сондықтан қай елде жүрсек те бірлігімізді сақтайық. Бір-бірімізге жанашыр болайық. Жастарымыз иманды болып өсуіне бірге үлес қосайық» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.










Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі


Бүгін қасиетті жұма күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Финляндия Республикасына барған сапарында осы елдің астанасы Хельсинки қаласындағы Орталық мешітте жұма уағызын айтты.

«Ата жұрттан жырақта жүрген мұсылман үшін дін тек құлшылық емес. Ол – рухани тірек, ұлттық болмысты сақтайтын аманат. Сіздер жат елде жүріп адал еңбектеріңізбен, көркем мінездеріңізбен Исламның асыл құндылықтарын танытып келесіздер. Бұл – үлкен сауапты іс. Еуропада өмір сүріп жатқан мұсылман үшін үш үлкен аманат бар: біріншісі – дінді сақтау, екіншісі – ана тілін сақтау, үшіншісі ұлттық тәрбиені сақтау. Бұл – біздің ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай деген: «Мүміндер бір-біріне сүйіспеншілік пен мейірімділікте бір дене тәрізді». Сондықтан алыста жүрсек те жүрегіміз бір болсын. Бір-бірімізге тірек болайық. Жастарымызға дұрыс бағыт берейік. Балаларымызға ана тілімізді, дінімізді үйретейік» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сондай-ақ ҚМДБ Төрағасы жұма намазын өткізіп, барша мұсылманның игілігі үшін дұға етті. Жұма намазына қатысқан мұсылман жамағаты Хельсинки қаласында алғаш рет уағыз айтқан Бас мүфтиге алғысы мен ризашылық ниеттерін жеткізді.
















Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі


Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Финляндия Республикасына барған жұмыс сапарын Қазақстанның осы елдегі Төтенше және Өкілетті елшісі Азамат Сәбитұлымен кездесуден бастады.

Кездесу барысында тараптар шетелдегі қазақ диаспорасымен рухани байланысты нығайту, діни сауаттылықты арттыру, сондай-ақ рухани-мәдени дипломатия бағытындағы өзара ықпалдастық мәселелерін талқылады. Бас мүфти елшілік тарапынан сапарды ұйымдастыруға көрсетілген қолдау үшін алғыс білдірді.

«Бүгінгі таңда шетелдегі қазақ диаспорасымен байланыс орнату аса маңызды мәселелердің бірі деп санаймын. Әсіресе, Еуропа елдерінде өмір сүріп жатқан қандастарымыздың рухани қажеттілігіне көңіл бөлген дұрыс. Біз шет елде діни білім алып жатқан қазақ жастарымен байланыс орнату мақсатында Мысыр, Түркия сынды мемлекеттерде арнайы ресми өкілдерімізді тағайындадық. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды тұрақты жалғастыра береміз. Осы орайда біз өзіңіз басқаратын елшілікпен бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз.Диаспора өкілдерімен кездесулер өткізу, жастарға рухани бағыт беру, ұлттық және діни құндылықтарды сақтау бағытында бірлескен шаралар ұйымдастыруды әрдайым қолдаймыз. Сіздердің қолдауларыңызбен шетелдегі қазақ жастарының ана тілін, ұлттық мәдениетін және дәстүрлі діни танымын сақтау жұмыстары одан әрі жандана түсетініне сеніміміз мол. Бұл – тек рухани емес, сонымен қатар ұлттық тұтастықты сақтауға бағытталған маңызды іс. Алдағы уақытта да ортақ мақсат жолында бірлесе жұмыс істеп, шетелдегі қазақ қауымдастығына рухани қолдау көрсету ісін бірге жалғастырамыз деп ойлаймын» деді ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Кездесу соңында тараптар елшілік пен ҚМДБ арасындағы өзара үйлесімді жұмысты одан әрі жалғастыру шетелдегі қазақ диаспорасының ұлттық және рухани болмысын сақтау ісіне оң ықпал ететініне сенім білдірді.









Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі


Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Финляндия астанасы Хельсинки қаласындағы Финляндия Ислам қауымдастығы мешітінде (Suomen Islam-seurakunta)жұма уағызын айтады.

Аталған рухани іс-шара Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ресми делегациясының Финляндия Ислам қауымдастығының шақыртуымен жасаған жұмыс сапары аясында өтуде.

Өтетін орны: Suomen Islam-seurakunta мешіті (Fredrikinkatu 33, Helsinki)

Күні: 27.03.2026

Уақыты: 12:40

Финляндиядағы барша отандастарымызды осы шараға шақырамыз!

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі


Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми делегациясы Финляндия Ислам қауымдастығының шақыртуымен Хельсинки қаласына барды.

Сапар аясында Қазақстан Республикасының Финляндиядағы Елшілігінің ұйымдастыруымен Хельсинки қаласындағы қазақ диаспорасымен рухани кездесу өтеді.

Кездесуде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы және ҚМДБ Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры, PhD доктор Төрәлі Қыдыр қазақ диаспорасымен еркін форматта сұхбат құрады.

Өтетін орны: Қазақстан Республикасының Финляндия Республикасындағы Елшілігінің ғимараты

Күні: 28.03.2026

Уақыты: 11:00

Финляндиядағы барша отандастырымызды рухани кездесуге шақырамыз!

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі

12345678910»
Page 1 of 407

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником