Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри
Super User

Super User

Пятница, 27 Февраль 2026 13:52

Мешітте жастарға ауызашар берілді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазіреттің қасиетті Рамазан айындағы атқарылатын жұмыс жоспары аясында жастарға ауызашар беру де қарастырылған.

Соны басшылыққа алған Қостанай өңіріндегі жастар секторының ұйымдастыруымен облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітіне келуші 100 жас өркенге ауызашар берілді.

Онда Бас имам Бектұрсын қажы Торғайұлы Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығы және Отанды қадірлеп-қастерлеу, жалпы қазіргі таңдағы өзекті мәселе патриоттық тақырып жайында уағыз-насихат айтты.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі







Ораза айы келгелі «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешіті қабырғасында рухани дәрістер өтуде. Мешітке енді ғана келіп, дін жолына жаңа қадам жасап жүрген жас буынға Құран үйрету сабағы жүргізілуде. Сабақ барысында жастардың ықыласы, үйренуге деген ынтасы ерекше байқалды.

Бұл кездесу олардың тек Құран оқуды үйренуіне ғана емес, өздерін жаңа қырынан дамытуына, рухани тұрғыда өсуіне үлкен серпін берді. Жастардың жүзіндегі қуаныш пен жүректеріндегі ықылас бұл сабақтың қаншалықты пайдалы әрі әсерлі болғанын көрсетті. Осындай ізгі бастамалар арқылы мешіт – тәрбие мен білімнің, рухани кемелденудің ордасы екені тағы бір мәрте айқындалды

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі





Бүгін «Аймагамбет Спанұлы» мешіті қабырғасында ауызашарға жиналған жамағаттың рухани әрі діни білімін шыңдау мақсатында арнайы викториналық сұрақ-жауап ұйымдастырылды. Игі шара барысында жамағатқа Құран, ислам әдебі және дінге қатысты тағылымды сұрақтар қойылып, белсенділік танытқан азаматтар өз білімдерін ортаға салды.

Сұрақтарға дұрыс әрі нақты жауап берген жамағат мүшелеріне арнайы діни кітаптар сыйға тартылды. Бұл кеш ауызашардың берекесін арттырып қана қоймай, жамағаттың білімге деген ынтасын оятып, рухани орта қалыптастырған тағылымды басқосуға айналды. Осындай пайдалы бастамалар арқылы мешіт – тек құлшылық орны емес, білім мен тәрбие ордасы екені тағы бір мәрте дәлелденді

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі







Танымал кәсіпкер Қайрат Қазиханұлы Рудный қаласындағы «Сәуле» мейрамханасында жамағатқа ауызашар берді. Оған қонақ ретінде облыстың Бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев арнайы шақырылды. Ол «Ислам және адал қоғам» жылының ерекшелігіне кеңінен тоқталды. Оның тағылымды уағыз-насихатын жұртшылық ұйып тыңдады.

Сондай-ақ, Торғайбай қажы ақ батасын беріп, жиналғандарғы ең ізгі тілегін жеткізді.Ауызашардан кейін Бектұрсын қажы Рудный қалалық «Нұр» мешітіне барып, оразаның мән-маңызына тоқталып, мешіттің қадірін білу жөнінде намазхандарға уағыз айтты және тарауық намазына қатысты.

Алла берілген ауызашардың сауабын еселеп, кәсіпкерге береке-ырыс нәсіп етсін!

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі







Елімізде Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай Бас мүфтидің тапсырмасы бойынша «Ислам және адал қоғам» жылы аясында республикалық «Рамазан сыйы» қайырымдылық марафоны ұйымдастырылғаны белгілі.

Осынау марафонға Қостанай өңіріндегі барша аудан мен қала мешіттері де өздерінің лайықты үлестерін қосты. Ол облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінен бастау алды.

Онда Бас имам Бектұрсын қажы Торғайбайұлы сөз сөйлеп, көпшілік қауымға биылғы марафонның мәні мен мақсаты жайлы айтып берді. Рамазан айымен құттықтап, мұқтаж жандардың көңіліне демеу боларлық жылы лебізін жеткізді.

Жалпы облыстағы мешіттерде қайырымдылық марафоны барысында 250 адамға азық-түлік тапсырылды. Осы мақсатқа 5 миллионға жуық қаржы жұмсалды. Рамазандағы сауапты іске өңірдегі кәсіпкерлер және басқа да жүрегі жомарт жандар демеушілік еткенін айтып өткеніміз лазым.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі









Среда, 25 Февраль 2026 14:42

Мешіт жаңалықтары

Көпшіліктің алғысына бөленді

Облыс орталығындағы “Жайлаубай ата” мешітінде Рамазан айының алғашқы күні шаһар басшысы бастаған бір топ азаматтар ауызашар дастарқанын жайды.

Оған өңірге есімдері белгілі аға буын өкілдері, ақын-жазушылар шақырылды. Олардың ғибратты сөздерін жиналған жұртшылық ұйып тыңдады.

Арнайы дайындалған бейнефильм көпшілік назарына ұсынылды. Соңында ардақты ақсақал Серікбай Бисетаев бата берді.

Бес отбасына көмек берілді

Қостанай қалалық “Жайлаубай ата” мешітінің ұжымы қасиетті Рамазан айында қайырымдылық шараларын жалғастыруда. Көмекке мұқтаж бес отбасына азық-түлік берілді.

Осы мақсатқа 100 мың теңге жұмсалды. Оған жүрегі жомарт азаматтар демеушілік етті. Олардың жасаған игі істері өзгелерге үлгі болары хақ.

Қаржылай көмек көрсетті

Жоғарыда аталған “Жайлаубай ата” мешітінің қызметкерлері өздерінен көмек сұраған кісілерге мүмкіндіктері келгенше қол ұшын беруде. Жуырда ғана баласын емдету үшін бір жанұяға 54 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді. Оған мейірімді жандар өз үлестерін қосты.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі





Қасиетті Рамазан айында Арқалық қалалық «Мухтасиф Әлмұхаммед» мешітінің Бас имамы Балғабай Шайкемелов жергілікті педагогикалық университетте болды.

Ол аталмыш білімнің қара шаңырағында студенттермен кездесіп, “Имандылық, адамгершілік пен ізгіліктің тірегі” атты рухани кешке қатысты.

Жүздесу барысында маңызды тақырыпты қозғап, жиналғандарды Оразамен құттықтады. Жастар өздерінің көкейінде жүрген сауалдарына нақты жауап алды.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі





Среда, 25 Февраль 2026 12:29

Рамазан – рухани тәрбие мектебі


Рамазан – мұсылман қауымы үшін айрықша маңызға ие қасиетті кезең. Бұл ай адам баласын рухани кемелдікке, көркем мінезге тәрбиелейтін үлкен тәрбие мектебі болып табылады. Рамазан айында әрбір мұсылман өз-өзіне есеп беріп, жүрегін тазартуға, иманын күшейтуге ұмтылады.

Асыл дініміздегі ең ұлы құлшылықтардың бірі – ораза. Әлбетте, ораза тек таңнан кешке дейін ішіп-жеуден тыйылу емес, адам баласын рухани тұрғыда тәрбиелейтін үлкен мектеп. Сондықтан да оразаны «тәрбие мектебі» деп атау өте орынды.

Ең алдымен, ораза адамды сабырға үйретеді. Аштық пен шөлге төзу арқылы мұсылман өз нәпсісін тәрбиелей бастайды. Күнделікті өмірде кездесетін қиындықтарға төзімді болып, ашу-ызасын мейлінше тежеп, өзін-өзі ұстай білуге машықтанады. Құран Кәрімде Алла Тағала:

الَّذِينَ يُنفِقُونَ فِي السَّرَّاء وَالضَّرَّاء وَالْكَاظِمِينَ الْغَيْظَ وَالْعَافِينَ عَنِ النَّاسِ وَاللّهُ يُحِبُّ الْمُحْسِنِينَ

«Тақуалар кеңшілікте де, таршылықта да Алланың жолына жұмсап тұратындар, ашу-ызасын баса алатындар, адамдарды кешіре білетіндер. Алла жақсылық жасаушыларды ұнатады» – (Әли Ғимран сүресі, 134-аят) деп баяндаған. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) оразаны «қалқан» деп сипаттауы да бекер емес. Яғни ораза адамды әрқандай жамандық атаулыдан сақтайды. Міне, оразаның да басты мақсаты – Алладан қорқып, әрбір ісіне жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу. Осы тәрбие арқылы тақуалыққа жету. Құран Кәрімде:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ كُتِبَ عَلَيْكُمُ الصِّيَامُ كَمَا كُتِبَ عَلَى الَّذِينَ مِن قَبْلِكُمْ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَ

«Иә, мүміндер, өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей, сендерге де ораза парыз етілді. Бәлкім, сендер тақуа боларсыңдар», (Бақара сүресі, 183-аят) - делінген. Бұл аят оразаның басты мақсатын айқын көрсетеді. Яғни ораза бізді тақуалыққа, Алладан қорқып, әр ісімізді ойланып жасауға үйретеді.

Адам ораза кезінде жалғыз қалса да, Алланың көріп тұрғанын сезінеді. Бұл қасиет адамның күнделікті өмірінде де адал болуына жол ашады.

Хазіреті Әли ибн Әбу Талиб (р.ғ): «Көркем мінез үш қасиетпен келеді: арамнан аулақ болу, адалды талап ету және отбасына кеңпейілді болу», – деген екен. Дана халқымыз да өз ұрпағына ісіне адал болуды, біреудің ала жібін аттамауды насихат етіп келген. Адалдық – бұл жүректің тазалығы, өмірдің жарығы және сенімнің негізі. Адалдық тек жеке адамның қасиеті емес, бүкіл қоғамның гүлденуіне септігін тигізетін мінез. Егер әр адам өз ісінде адал болса, қоғамда сенім, татулық пен бейбітшілік арта бермек.

Нәпсіні тәрбиелеу – ішкі бақылау мен иманның күшеюі. Негізінде нәпсі тәрбиесі – бір сәттік әрекет емес, үздіксіз жүретін рухани күрес.

Ғұлама Хасан әл-Басри: «Нәпсінің жетегінде кеткен адам – өз қалауының құлы болғаны. Кімде кім нәпсі қалауына иелік етсе, нәпсісінің патшасына айналады» - деген. Адам сабыр сақтауды, ашуын тиюды, қалауын ақылға бағындыруды үйренген сайын жүрегі тазарады, ниеті түзеледі. Нәпсісін жеңе білген жан адалдыққа жақындап, жауапкершілікті терең сезінеді. Өйткені нәпсіні тәрбиелеу – өз-өзіңді танудың, кемелдікке ұмтылудың және Алла разылығына жетудің жолы.

Рамазан айында мұсылман баласы нәпсісін тізгіндей отырып, барлық дене мүшелерін де тәрбиелеуге ұмтылады. Өйткені оразаның шынайы сауабы – күнәдан тыйылып, көркем мінез қалыптастыруда. Ораза кезінде тілге, көзге, жүрекке ие болу – нағыз тәрбиенің көрінісі. Ауыз бекіткен жан жаман сөзден, өсектен, біреуді ренжітуден сақ болуы керек. Өйткені оразаның сауабын кетіретін де – осы жағымсыз әрекеттер. Енді осы дене мүшелерімізге қатысты бір тоқталып өтсем:

- Тіл тәрбиесі: оразада тілге ерекше жауапкершілік жүктеледі. Өтірік айту, жала жабу, дөрекі сөйлеу – оразаның сауабын кемітетін істер.

Мүмкіндігінше әдепті әрі салмақты сөйлеген жөн. Құранда Алла тағала:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ وَقُولُوا قَوْلاً سَدِيداً «Тура әрі орынды сөз сөйлеңдер» (Ахзаб сүресі, 70-аят) – деген.

Тіл – есеп берілетін аманат. Сол үшінде құранда:

«Ауызынан шыққан әрбір сөзін бақылап жазып отыратын періштелер бар» (Қаф сүресі, 18-аят) – деп ескертілген. Яғни, әр сөзіміз үшін қиямет күні жауап береміз. Бұл – тіл тәрбиесінің жауапкершілігін терең сезіндіреді. Тілді жамандықтан сақтау, өсек, ғайбаттан тыйылу және жақсы, пайдалы сөз сөйлеу – иманның кемелдігінің белгісі. Тілі түзелген адамның жүрегі де, қоғамы да түзеледі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

مَن لَمْ يَدَعْ قَوْلَ الزُّورِ والعَمَلَ به، فَلَيسَ لِلَّهِ حَاجَةٌ في أنْ يَدَعَ طَعَامَهُ وشَرَابَهُ

«Кімде-кім өтірік сөз бен жаман істі тастамаса, Алла Тағала оның ішіп-жеуден тыйылуына мұқтаж емес», - деген. Сондықтан оразада тіл тек жақсы сөзге, зікірге, дұғаға, пайдалы әңгімеге дағдылануы тиіс.

- Көз тәрбиесі: адам тәрбиесінің маңызды бір саласы – көз тәрбиесі. Көз жүректің айнасы, ал жүрек – иманның ордасы. Оразада харамға қараудан, арсыз көріністерден, қызғаныш пен жаман ой тудыратын нәрселерден көзді сақтау маңызды. Құран Кәрімде: قُل لِّلْمُؤْمِنِينَ يَغُضُّوا مِنْ أَبْصَارِهِمْ َ

«Мүмін ерлерге айт: көздерін (харамнан) төмен салсын», - деп бұйырылған. Бұл аят көздің де есепке тартылатынын ескертеді. Яғни, адам әрбір қараған нәрсесіне жауап береді. Себебі, харамға қарау жүректе жаман ойдың тууына, ал жаман ой күнәлі іске жетелейді. Сонымен бірге, иманның ләззатын сезінуге де тікелей әсер етеді. Бұл жайында Абдулла бин Масғұд (р.а.) риуаят

еткен хадисте: «Ақиқатында көз салып қарау – Ібілістің улы жебелерінің бірі. Кімде-кім Менен қорыққандықтан қарауын қойса, жүрегінде ләззатын сезінетін иманмен алмастырамын», (Табарани) – делінген. Шариғатымыз адам баласына тек сыртқы әдепке емес, ішкі тазалықты да үйретеді. Ал, бұл өз кезкгінде – оразаның рухани тазалығын арттырады. Көз тәрбиесі – нәпсіні тәрбиелеудің, ар-ұятты сақтаудың және қоғамды азғындықтан қорғаудың маңызды жолы. Көзін харамнан сақтаған жан жүрегін де күнәдан қорғайды. Ал, жүрегі таза адам – көркем мінездің иесі болмақ.

- Құлақ тәрбиесі: құлақ-та тәрбиені қажет етеді. Өсек, ғайбат, жалған сөз, бос әңгімелерді тыңдау – адамды рухани әлсіретеді. Оразада құлақты Құран тыңдауға, уағыз-насихатқа, пайдалы білімге бағыттау – үлкен сауап.

- Қол тәрбиесі: қол – амалдың айнасы. Оразада қолды харамға, қандай-да бір зұлымдыққа, біреуге зиян тигізуге емес, керісінше, жақсылыққа, көмекке, садақа беруге, адал еңбекке жұмсап, пайдалану қажет.

- Аяқ тәрбиесі: аяқ адамды жақсылыққа да, жамандыққа да апарады. Оразада аяқты күнә орындарынан аулақ ұстап, мешітке, ізгі амалға, жақсылық жасайтын орындарға бағыттау да – тәрбиенің бір көрінісі.

- Жүрек тәрбиесі: дене мүшелерінің тәрбиесі жүрекпен тығыз байланысты. Көреалмаушылық, кек, тәкаппарлық, ашу сияқты жаман қасиеттерден арылып, жүректі кешірімге, сабырға, шүкіршілікке, ықыласқа баулу – оразаның ең үлкен мақсаты. Алла Тағала адамға берілген нығметтер үшін жауапкершілік жүктеп, құранда былай дейді:

إِنَّ السَّمْعَ وَالْبَصَرَ وَالْفُؤَادَ كُلُّ أُولـئِكَ كَانَ عَنْهُ مَسْؤُولاً «Расында, құлақ, көз және жүрек – солардың барлығы үшін сұрау бар». (Исра сүресі, 36-аят).

Қадірлі оқырман қауым! Демек, ораза тек асқазанға ғана емес, барлық дене мүшелерімізге де қатысты екен. Кімде-кім оразасын тек аш жүрумен шектемей, мінезін де түзесе, ол адам Рамазан атты мектептен үлкен пайдамен шығады. Түсінген жан үшін ораза бұл – бір айлық құлшылық қана емес, өмір бойына жететін тәрбие көзі.

Ораза – тұтас тәрбие мектебі. Ол адамды сабырлы, әдепті, жауапкершілігі мол тұлға етіп қалыптастырады. Дене мүшелерін күнәдан тыю арқылы адам рухани биіктеп, Аллаға жақындай түседі. Нағыз ораза – бүкіл болмыспен ұсталған ораза деп айтар едім. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні «Рамазан айы» – адамды рухани жетілдіретін, мінез-құлқын көркемдейтін, қоғамға пайдалы тұлға етіп тәрбиелейтін ұлы мектеп. Қасиетті айдан алған тәлім мен тәрбие жыл бойы өмірімізге жолбасшы болса, жеке адам да, тұтас қоғам да кемелдене түсері анық.

Рамазан айында жасаған амалдарымыз бен ізгі ниеттерімізді Алла Тағала қабыл етіп, сауапты істеріміз мол болғай! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, мемлекетіміздің мерейі үстем, еліміздің болашағы баянды болғай! Әмин!

Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы

Пятница, 20 Февраль 2026 15:15

Мешіттерде ауызашар беру басталды

Міне, жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша Рамазан айының алғашқы күні ауызашар беру басталды. Алдымен, бұл сауабы мол шараға облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің ұжымы ұйытқы болды.

Аталмыш мешіттегі ауызашарда облыстың Бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев сөз алып, асханада жиналған қауымды он екі айдың сұлтаны Рамазанмен құттықтады. Сондай-ақ, Оразаның мәні мен маңызына тоқталып, онда ұстанатын шарттар жөнінде айтты.

Осы ауызашарда дастархан жайған азаматтарға шынайы алғыс білдірілді. Соңында Құран оқылып, қадірменді ақсақал Мырзатай қажы бата берді.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі












«12345678910»
Page 5 of 407

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником