Қостанай аудандық "Маңдай батыр" мешітінің ұйымдастыруымен "Қайырымды жұма" акциясы аясында, мешітіміздің «Мейірімді жандар» атты вацап группасының жанашыр демеуші азаматтардың қолдауымен ауданымызда аз қамтылған, көп балалы көмекке мұқтаж 5 отбасына 102 863 теңге көлемінде азық-түлікпен көмек көрсетілді.
Осынау сауапты да ізгі амалға атсалысқан әрбір жанға Алла Тағала бұл дүниеде және ақиретте жүздері жарқын болып, ойлаған мұраттарына жетуді нәсіп еткей!
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі


Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасы бойынша елімізде «35 жылдыққа – 35 номинация» жүлдесін тағайындалған болатын.
Арнайы құрылған комиссияның қорытындысы бойынша, біздің жерлесіміз, Қостанай ауданы, Алтын дала намазханасының имамы Берік Ахмет «Үздік ауыл имамы 2025» атағына ие болды.
Оған салтанатты жиында Бас мүфти арнайы серификат пен ақшалай сыйлық тапсырды. Біз оны осы марапатымен құттықтай отырып, алдағы уақытта да мықты денсаулық, жауапты қызметінде табыс тілейміз!
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі


Жақында Арқалық қалалық «Мұхтасиб Әлмұхаммед» мешітінде жиын болып өтті. Онда Бас имам Нұрхан Асанұлы өзі басқаратын имандылық ордасындағы әріптестерінің өткен жылы атқарған жұмыстарындағы жетістіктер мен алдағы уақытта назар аударылатын жайларға тоқталды.
Басқосу барысында мешіт қызметкерлеріне Алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ асханада олардың құрметіне дастархан жайылып, игі тілектер айтылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі



Қостанай қалалық “Жайлаубай ата” мешітінде бұрын арнайы Құран оқытатын бөлме жетіспейтін еді.
Осы көптен бері көкейде жүрген мәселе жақында жүзеге асты. Өтіп бара жатқан жылда бұл имандылық ордасының қызметкерлері мен жамағат үшін есте қаларлық оқиға болды. Алдағы уақытта халыққа қалтықсыз қызмет ете бермек.
Облыс орталығындағы “Жайлаубай ата” мешітіне көмек сұрап келушілер саны аз емес. Өткен жұмада өзге ұлттың өкілі өзің қолдауға зәру екендігіне өтініш жасады. Ақылдастар алқасы ақылдаса келе, зерттей келе: оның иығына шапан орнына қысқы киім жабылып, 150 000 теңгенің азық-түлігі табыс етілді.
Жуырда “Жайлаубай ата” мешітінде жылдық қорытындылауға арналған жиын өтті. Оған ақсақалдар алқасының мүшелері қатысты. Оларға биыл “Қамқор-Шарапат” салттық қызмет көрсету орталығының жанынан ашылған бөлме таныстырылды.
Халық игілігі үшін атқарылған жұмыстарға тиісті баға берілді. Алдағы жылы жүзеге асырылатын міндеттер айқындалды. Абыс қарияларымыз батасын берді.
Қалалық “Жайлаубай ата” мешітінің ұйымдастыруымен өткен жұма намазынан кейін қалыптасқан дәстүр бойынша жамағатқа: ыстық палау мен тәтті сусын таратылды.
Көптен бері кездеспеген мұсылман бауырларымыз емен-жарқын сөйлесіп, жоғары көңіл-күймен тарқасты.
Жақында облыс орталығындағы “Жайлаубай ата” мешітінің наиб имамы Әсет Жарылғасын “Ашу-ауыр дерт“ атты тақырыпта мазмұнды дәріс өткізді.
Жиналған қауым сабақты ерекше ықыласпен тыңдады. Сөйтіп, олар өздерінің таным көкжиектерін кеңейтті.
Қостанай қалалық “Жайлаубай ата” мешітінің қызметкерлері қасиетті Ережеп айының құрметіне ораза ұстаған намазхандарға дастарқан жайды.
Онда наиб имам Қазбек Көшеров уағыз- насихат айтты. Ақсақалдар ұйымдастырушыларға, алғысын білдіріп, бата берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі


Қостанай қалалық "Жайлаубай ата" мешіті 5 отбасыға азық-түлік тапсырды.Сондай-ақ, 60 мың теңгені құрайтын қайырымдылық көмек көрсетті.
Демеушілік жасаған жомарт жандарға Алланың нұры жауа берсін!

Қостанай қалалық “Жайлаубай ата” мешітінде аптасына 3 рет Құраннан сабақ өткізіледі. Оны жас та болса өз саласының білікті маманы Әлібек қари жүргізеді. Онда басты назар қасиетті Құранның мән-мағынасын терең зерделеуге аударылады.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Облыс орталығындағы “Жайлаубай ата” мешітінің жанынан ашылған “Қамқор-Шарапат” салттық қызмет көрсету орталығы біраз уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқаны көпке белгілі.
Биыл осы ғимаратқа жалғастырылып, құрылыс жүргізілді. Демеушілердің тікелей көмегімен қосалқы бөлме іске қосылды. Енді арнайы жасақталған орында жауапты қызметкерлер жұртшылықты қабылдайды. Бұл да болса, алға қарай талпыныстың жарқын бір көрінісі.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі





Ережеп айының өзіне тән артықшылығы бар. Ол — қасиетті айлардың бірі.
Ережеп — Алла Тағала Құран Кәрімде атап өткен құрметті (харам) айлардың қатарына жатады. Алла Тағала былай дейді:
إِنَّ عِدَّةَ ٱلشُّهُورِ عِندَ ٱللَّهِ ٱثۡنَا عَشَرَ شَهۡرٗا فِي كِتَٰبِ ٱللَّهِ يَوۡمَ خَلَقَ ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلۡأَرۡضَ مِنۡهَآ أَرۡبَعَةٌ حُرُمٞۚ ذَٰلِكَ ٱلدِّينُ ٱلۡقَيِّمُۚ فَلَا تَظۡلِمُواْ فِيهِنَّ أَنفُسَكُمۡۚ
«Алланың қасында айлардың саны — көктер мен жерді жаратқан күннен бастап, Алланың кітабында он екі ай. Солардың төртеуі — құрметті айлар. Міне, осы — тура дін. Ол айларда өздеріңе зұлымдық жасамаңдар».1
Бұл Құранда айтылған төрт қасиетті айлар: Зулқағда, Зулхижжа, Мұхаррам және Ережеп.
Мұны Пайғамбарымыз ﷺ-ға (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) — таза сүннеті нақтылап түсіндірген.
Ережеп айы — қасиетті айлардың бірі.
Имам Бұхари мен Имам Муслимнің, Әбу Бәкра (р.а.) арқылы риуаят еткен хадисте Пайғамбар ﷺ былай деді:
«Заман Алла аспандар мен жерді жаратқан күндегі қалпына қайта келді. Жыл он екі айдан тұрады, олардың төртеуі — қасиетті айлар. Үшеуі бірінен кейін бірі келеді: Зул-қағда, Зул-хижжа және Мұхаррам. Ал төртіншісі — Жұмада (Жұмадәл ахир) мен Шағбанның арасындағы Мудар тайпасының Ережеп айы».2
Бұл қасиетті айлар — ең ардақты айлар болып саналады. Оған қоса, Рамазан айы бар, ол — барлық айлардың ішіндегі ең абзалы саналады. (Мудар деген тайпа болған, ол Исламнан алдын надандық дәуірінде көпшілік тайпалар айлардың орнын ауыстырып, өз мүдделеріне қарай өзгертіп отырған, тек Мудар деген тайпа «Жұмада мен Шағбан арасындағы» Ережеп айын өзгертпей сақтап отырған)
Ережеп айы — арабтарда аса құрметтелген ай болып саналады.
Ережеп айы арабтар арасында қадірлі, ұлық айлардың бірі болған. Олар бір нәрсені қастерлесе немесе оны жақсы көрсе, сол нәрсеге көптеген атау беретін әдетке ие еді. Атаулардың көп болуы — аталған нәрсенің абыройы мен мәртебесінің жоғары екенін, не болмаса белгілі бір қырынан кемелдігін білдіреді.
Осыған байланысты ғалым Ибн Дихия әл-Калби өзінің
«أداء ما وجب من بيان وضع الوضاعين في رجب» атты еңбегінде: Ережеп айының он сегіз атауын келтірген.
Сол атаулардың бірі — «әл-Фард» (فرد), яғни «жеке». Себебі басқа қасиетті айлар — Зулқағда, Зулхижжа және Мұхаррам — бірінен кейін бірі тізбектеліп келеді, ал Ережеп айы жалғыз өзі бөлек орналасқан.
Тағы бір атауы — «әл-Асамм» (الأصم), яғни «үнсіз». Өйткені бұл айда соғыс тоқтатылып, қару-жарақтың сылдыры естілмеген. Ибн Дихия бұлардан өзге де көптеген атауларды атап өткен.3
Ережеп айының Пайғамбар сүннетіндегі артықшылығы
Сүннетте Ережеп айының артықшылығы жайлы келген риуаяттардың бірі — имам Нәсәи және басқа да хадис ғалымдары жеткізген, Сахаба Усама ибн Зәйд (р.а.) Ол былай дейді:
«Уа, Алланың елшісі! Сізді басқа айларда мұншалықты ораза ұстағаныңызды көрмедім, тек Шағбан айында ғана көп ораза ұстайсыз», — дедім.
Сонда Пайғамбар ﷺ: «Бұл — адамдар көбіне бейқам қалатын, мән берілмейтін, Ережеп пен Рамазанның арасындағы ай», — деп жауап берді.4
Хафиз Ибн Хажар әл-Асқалани «Тәбйинул-ажәб» атты еңбегінде бұл хадиске былайша түсініктеме береді:
«Бұл хадисте Ережеп айының Рамазан айына белгілі бір ұқсастығы бар екеніне ишара бар. Адамдар Ережеп айында Рамазандағыдай ғибадаттарға көбірек ден қояды да, соған ұқсас ғибадаттарды Шағбан айында көбіне елеусіз қалдырады. Сондықтан Пайғамбарымыз ﷺ Шағбан айында оразаны көп ұстаған.
Ал бұл хадисте оразаны ерекше атап өту — Ережеп айының да артықшылығы бар екенін білдіреді және бұл мәселе сахабаларға бұрыннан белгілі күйде қалыптасқан түсінік болған»,5 — дейді.
Ережеп айында ораза ұстаудың Пайғамбар сүннетіндегі артықшылығы.
Ережеп айында оразаның бір бөлігін ұстаудың артықшылығы туралы мынадай риуаяттар келген:
Мужиба әл-Бахилиядан, ол өз әкесінен немесе ағасынан риуаят етеді:
Ол Алла Елшісі ﷺ-ге келіп, белгілі бір шаруасы біткесін кері қайтады. Бір жылдан соң қайта келгенде жағдайы мен келбеті (жүдеп) қатты өзгеріп кеткен еді. Сонда ол:
— Уа, Алланың Елшісі, мені танымайсыз ба? — деді.
Пайғамбар ﷺ:
— «Сен кімсің?» — деп сұрады.
Ол:
— Мен — былтыр сізге келген бахилимін, — деді.
Сонда Пайғамбар ﷺ:
— «Бұрын түрің жақсы еді, сені не өзгертті?» — деді.
Ол:
— Сізден кеткеннен бері түнде ғана тамақ жеймін, — деп жауап берді.
Сонда Алла Елшісі ﷺ:
— «Неге өзіңе азап, қиыншылық бердің?» — деді де, әрі қарай былай деді:
— «Сабыр айында (яғни Рамазанда) ораза ұста және әр айдан бір күн ораза тұт».
Ол:
— Тағы қосыңыз, менде күш бар, — деді.
Пайғамбар ﷺ:
— «Екі күн ұста», — деді.
Ол:
— Тағы қосыңыз, — деді.
Пайғамбар ﷺ:
— «Үш күн ұста», — деді.
Ол тағы да:
— Қосыңыз, — деді.
Сонда Пайғамбар ﷺ:
— «Қасиетті айларда ораза ұста да, тоқтат;
қасиетті айларда ораза ұста да, тоқтат;
қасиетті айларда ораза ұста да, тоқтат», — деді.
Осыны айтқанда, үш саусағын біріктіріп көрсетіп, кейін қайта ашты.6
Сондай-ақ, имам Байһақи «Фадаил әл-әуқат» кітабында сахаба Әнәс ибн Мәликтен (Алла оған разы болсын) риуаят етеді. Пайғамбар ﷺ былай деген:
«Жәннатта “Ережеп” деп аталатын бір өзен бар. Ол сүттен де аппақ, балдан да тәтті.
Кімде-кім Ережеп айында бір күн ораза ұстаса, Алла Тағала оны сол өзеннен сусындатады».7 (әлсіз хадис)
Ережеп айында ораза ұстау туралы ғалымдардың пікірлері
Фиқһ ғалымдары Ережеп айында ораза ұстаудың ұнамды (мұстахаб) амал екендігін өз еңбектерінде атап өткен және бекіткен. Бұл — Ханафи, Малики және Шафиғи мәзһабтарының ұстанымы.
Ханафи мәзһабының пікірі
Ханафи ғалымдарының сөздерінен «Әл-Фатауа әл-Һиндия» кітабында былай делінген:
«Ораза ұстауға ынталандырылатын (ұнамды) түрлер бірнешеу:
Біріншісі — Мұхаррам айының оразасы.
Екіншісі — Ережеп айының оразасы.
Үшіншісі — Шағбан айының оразасы және Ашура күні ораза ұстау».8
Ал шәфиғи ғалымдарына келсек, Ислам шейхы Закария әл-Ансари «Әсна әл-Маталиб» еңбегінде былай дейді:
«Рамазаннан кейін ораза ұстауға ең абзал айлар — қасиетті айлар: Зулқағда, Зулхижжа, Мұхаррам және Рәжәб. Бұл имам Әбу Дәуд және басқа да хадис жинақтарында келген хадиске сүйенеді:
“Қасиетті айларда ораза ұста, кейде таста; қасиетті айларда ораза ұста, кейде таста; қасиетті айларда ораза ұста, кейде таста”. Мұнда (кейде таста деп) бұйырылуының себебі — сұралған адамға оразаны көп ұстау ауыр болғандығы үшін бұл хадисте ашық айтылған. Ал кімге ауыр болмаса — барлық қасиетті айларда ораза ұстаудың артықшылығы бар.9
Олардың ішіндегі ең абзалы — Мұхаррам айы, себебі Муслим риуаят еткен хадисте:
“Рамазаннан кейінгі ең абзал ораза — Алланың айы Мұхаррамдағы ораза” — делінген. Одан кейін қалған айлар келеді. Сырттай қарағанда, қалғандарының дәрежесі бірдей сияқты. Алайда кейбір ғалымдар Ережеп қасиетті айлардан да артық санағандықтан, пікір қайшылығынан шығу үшін Ережеп айын алға қою орынды, одан кейін Шағбан айы келеді - деген.
Ережеп айының оразасы — ізгі амалдардың бірі.
Мұсылман адам ізгі амалдарға, оның ішінде Ережеп айында ораза ұстауға, барынша көңіл бөлуі тиіс. Бұл оразаны бүтіндей немесе бір бөлігін ұстаса да болады, тіпті өмірінде бір рет болса да, ол адам сол сауапқа кенеледі.
Имам Нәуәуи «Әл-Әзкар» кітабында былай дейді:
«Бір адамға ізгі амалдардың сауабы туралы хабар жетсе, оны кем дегенде бір рет орындауы қажет — сол амалдың иелерінен болу үшін. Оны мүлде тастауға болмайды, керісінше, шамасы келгенінше орындағаны дұрыс.10
Пайғамбар ﷺ: «Сендерге бір істі бұйырсам, шамаларың келгенше орындаңдар» — деген.»
Яғни, Ережеп айында ораза ұстау — сауапты амал, оны мүмкіндігінше орындау керек, бірақ ешкімге ауырлық келтірмеуі тиіс.
Алла елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ережеп айында көп истиғфар айтуға (кешірім тілеуге) үндеген. Ережеп айы басталғанда Алла елшісі ﷺ мына дұғаны айтқан екен:
«Аллахумма бәрик ләнә фи Раджабан уә Шаъбанә уә баллиғнә Ромадан»,
«Уа, Алла! Ережеп және Шағбан айларында бізге береке бер, бізді Рамазан айына жеткізе гөр!» – деп дұға еткен.11

Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің наиб имамы Абзал Сұлтанғалиұлы
1. Тәубе сүресі, 36-аят.
2. Имам Бухари, Муслим.
3. 30-бет, әл-Мактаб әл-Ислами баспасы.
4. Имам Нәсәй
5. Имам Әбу Дәуд
6. имам Байһақи «Фадаил әл-әуқат кітабы
7. 1/202, Дар әл-Фикр баспасы
8. «Әсна әл-Маталиб» еңбегінде (1/432)
9. Әл-Әзкар» кітабы 8-бет.
10. Бәйһақи, Табарани.
11. Құранның қазақша аудармасы. Kuran.kz
12. (09 يناير 2025) اليوم السابع сайтында. Автор لؤى علي мысырлық сайттың мақаласынан.
13. Muftyat.kz
Осы аптаның дүйсенбі күні Қостанай облысындағы аудан, қала имамдары жылдық есеп берді. Жиыннан соң, тәуелсіздік үшін құрбан болған ата-бабалар рухына, желтоқсан боздақтарына арнайы құран хатым, оқылып бағышталды.
Оны облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің қариы Сұңғат Мақатұлы оқыды. Облыс бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы батасын жасады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі



Облыс орталығындағы «Жайлаубай ата» мешітінде 2015 жылдың желтоқсан айынан бері екі айлық курс жұмыс істеп келеді. Содан бері 450 адам қамтылып, тиянақты білім алды. Осы кезең ішінде жергілікті жұртшылық ғана емес, еліміздің Ақмола мен Абай облыстарынан да талапкерлер келіп, өздерінің діни ілімге деген құштарлықтарын танытты.
Мәселен, таяуда аталған мешіттің Бас имамы Шоқан қажы Әмірханов биылғы қазан-қараша айында білікті ұстаздардан тәлім алған 4 шәкіртке сертификат табыс етіп, оларға сәттілік тіледі.
Қостанай қалалық Жайлаубай ата мешітінің ұстазы Аяулым Ермекқызы «Тәуелсіздік-Алланың берген ұлы нығметі» атты танымдық шараны ұйымдастырды.
Аталмыш жиын қасиетті Құранмен басталып, ақ жаулықты аналар батасын берді. Жамағат арасында бауырсақ пісіруден сайыс өтті. Кішкентай балалар Отан, бейбітшілік және тәуелсіздік жайлы тақпақтар оқыды. Жиналғандар бүлдіршіндердің таудай талабына дән риза болды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі

