Жарапазанның түбіріне келетін болсақ, «Жә-Рамазан», яғни «Рамазан келді» деген ұғымды білдіреді. Бұрын жарапазан жырын бүкіл қазақ ауыл жұрты болып айтатын. Алайда елімізде соңғы жылдары бұл дәстүр қайта жаңғыруда.
Қазіргі таңда жарапазан жыры өңірімізде де орындалып, көпшілік қауымның қызығушылығы арта түсуде. Өлең жолдары Ораза ұстаған жандарды құрметтеп, олардың ниеттерінің қабыл болуын тілеп, қасиетті айдың қадір-қасиетін насихаттайды.
Бүгін Қостанай қаласында осы игі дәстүр кең көлемде аталып өтті. Шараға имамдар қатысып, жамағатқа Рамазан айының маңызы мен жарапазан жырының тәрбиелік мәні туралы насихат айтты.
Ұлттық киімдері өздеріне ерекше жарасқан ақ жаулықты аналар мен өнерпаздар жарапазан жырын нақышына келтіре орындады. Оған куә болған жастар жағы мол тағылым алып, ұлттық дәстүрге деген құрметін арттырды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі





Жоғарыда аталған «Маңдай батыр» мешітінің қызметкерлері өздеріндегі мамандардың кәсіби шеберліктерін шыңдау мен біліктілігін көтеруге әрдайым жеткілікті көңіл бөледі.
Осы сөзіміздің жарқын айғағындай, таяуда ғана Алматыдағы имамдардың білімін жетілдіру курсында аудандық мешітте молдалық қызмет атқаратын Дәулет Сәтбаев тағылым алып, маңызды құжатқа ие болды. Ондағы өз саласының майталмандарынан тиісті дәріс алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі





Аудандық «Маңдай батыр» мешітінде Ораза ұстап жүрген азаматтарға рамазан айының оразасы жайлы жиын өтті. Онда бас имам Дархан қажы Сыздықов қасиетті Рамазан айының оразасын қалай жан жақты тиімді ұстау туралы тілге тиек етті.
Бұл басқосудың тағы бір ерекшелігі – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «MUFTIYAT» баспасынан жарық көрген Ораза жөнінде жан-жақты мәлімет қамтылған «Рамазанға қатысты 200 сұрақ» атты кітап қазақ тілінде және орыс тілінде «150 вопросов о посте» атты кітаптар үлестірілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі





Қмдб-ның, Қостанай облысы бойынша Уақып қорына жауапты Аңсаған Абдрахманның бастамасымен «Iqro» зияткерлер сайысы қолға алынды. Осы жоба аясында қатысушыларға «Ихсан» кітабы таратылды. Жалпы саны 24 қатысушыға бұл кітапты үш ай ішінде оқып шығу тапсырылды.
Үш айлық оқу мерзімі аяқталғаннан кейін, осы кітаптың мазмұны бойынша арнайы білім сайысы ұйымдастырылатын болады.
Сайыс барысында қатысушылар кітапта қамтылған тақырыптар бойынша өз білімдерін көрсетіп, интеллектуалдық бәсекеге түседі.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі




Қасиетті Рамазан айының құрметіне Қостанай облыстық Аймағанбет қажы Спанұлы мешіті Қасиетті жұма күні игі шара ұйымдастырды.
Мешітке келуші халыққа тәттілер, құрма және су таратылды. Бұл шара Рамазан айының берекесін бөлісу, халыққа құрмет көрсету мақсатында өткізілді.
Мешітке келген тұрғындар игі бастамаға ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жеткізді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі





Қостанай облыстық Аймағанбет қажы Спанұлы мешітінде қасиетті Рамазан айының құрметіне қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып, көпбалалы әрі әлеуметтік жағдайы төмен 11 отбасыға азық-түлік пен аяқ-киім үлестірілді.
Игі шара барысында Қостанай облысы бойынша Зекет және қайырымдылық бөліміне жауапты Бақытжан Икрамұлы жиналған жамағатқа Рамазан айының берекесі мен қайырымдылық жасаудың маңызы туралы насихат айтып, көмек пакеттерін мұқтаж отбасыларға табыстады.
Аталған шара қасиетті айда мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп, қоғамда мейірім мен жанашырлықты арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Мешіт ұжымы алдағы уақытта да осындай қайырымдылық шаралары жалғасын табатынын жеткізді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі




Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы жылды «Ислам және адал қоғам» жылы деп жариялағаны белгілі. Осы бағыт аясында Аймағанбет қажы Спанұлы мешітінде жамағатқа «Бас имам сағаты» ұйымдастырылды.
Кездесу барысында Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы «Мешітке жанашыр болу» тақырыбында уағыз-насихат айтып, Алла үйінің қоғамдағы орны мен маңызына кеңінен тоқталды.
Уағызда мешіттің тек құлшылық орны ғана емес, рухани тәрбие мен бірлік ордасы екені айтылып, жамағатты мешіт тазалығына, тәртібіне, тұрақты намазға және ізгі амалдарға белсенді болуға шақырды. Сонымен қатар, адал қоғам қалыптастыруда әр мұсылманның жауапкершілігі ерекше екені атап өтілді.
Шара соңында ел амандығы мен бірлігі үшін дұға жасады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі




Жақында Арқалық қалалық «Мухтасиф Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Балғабай Оразханұлы шаһардағы мәдениет үйінде болды. Ол жергілікті жастармен ұйымдастырылған “Жастар және адал қоғам” атты рухани кешке қатысты.
Жиналғандардың алдында жалпы адалдықтың қоғамда алатын орны мен маңызына кеңінен тоқталып, уағыз-насихат айтты. Оның ғибратты сөздерінен қаншама тағылым алды.
Өз кезегінде қаладағы мәдениет сарайының басшысы оның уақыт талабына сай ой-толғамдарына дән ризашылығын білдіре келіп, имамға Алғыс хатты табыс етті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі




ҚР Мұсылмандар діни басқармасының тапсырмасына сәйкес, Қостанай облысының жастар секторы мешітке келуші жастармен «Менің алғашқы оразам» тақырыбында кездесу өткізді.
Кездесуде облыстағы сектор меңгерушісі Әлішер Ертайұлы атқарылып жатқан жұмыстар және жалпы Рамазан айы туралы айтып берді.
Сонымен қатар, халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпазы, психолог Ырысхан Ибрагимұлы ораза ұстау бойынша тренинг өткізу үшін арнайы шақырылды.






Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев қалалық «Марал ишан» мешітінде болды. Алдымен жұма намазында жамағатқа «Зекет пен садақа берудің пайдасы мен берекеті» жайлы уағыз-насихат айтты.
Сондай-ақ, аталған имандылық ордасына келуші жастармен «Жастар және адал қоғам» тақырыбы бойынша кездесу өткізді. Онда ол өзекті адалдық, тақуалық, шыншылдық жөніндегі ғибратты сөздерді қозғады. Өзге де көкейкесті мәселелер талқыланды.
Жиналғандар дін қайраткерінің Рамазан айындағы бұл жүздесулерінен көп жайды көңілдеріне түйіп, ұмытылмас әсер алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі





