Жаратушы Иеміз бізге Құранды мұра ретінде түсіріп, оны жаттау арқылы сақтауды, оқып ой жүгіртуді және соған сай амал етуімізді бұйырды. Бұған қатысты Алла Тағала былай дейді:
ثُمَّ أَوْرَثْنَا الْكِتَابَ الَّذِينَ اصْطَفَيْنَا مِنْ عِبَادِنَاۖ فَمِنْهُمْ ظَالِمٌ لِّنَفْسِهِ وَمِنْهُم مُّقْتَصِدٌ وَمِنْهُمْ سَابِقٌ بِالْخَيْرَاتِ بِإِذْنِ اللَّـهِۚ ذَٰلِكَ هُوَ الْفَضْلُ الْكَبِيرُ
«(Пайғамбардан кейін) осынау Кітапты пенделеріміз арасынан Өзіміз таңдап алған құлдарымызға (оны көздің қарашығындай сақтасын, оны басшылыққа алсын һәм өзгелерге де үйретсін деп) асыл мұра етіп қалдырдық. Алайда олардың арасында (осынау ұлы міндетті лайықты түрде атқармай, күнәға белшесінен батып) өз-өздеріне зұлымдық жасаушылар бар; олардың ішінде (оны бірде басшылыққа алса, бірде алмай) екі ортада дел-сал болып жүргендер де бар; сондай-ақ олардың арасында Алланың қалауымен қайырлы істерде алдына жан салмайтын ізгі жандар да бар. Міне, (Алланың) ең үлкен шарапаты осы (яғни, Алланың қалауымен пайғамбарға лайықты түрде мұрагер болу)»[1].
Адам жаттаған сүрелерді немесе аяттарды ұмытып қалмау үшін әрдайым Құранды қайталау арқылы онымен үнемі байланыста болуы керек. Себебі, Құран үнемі оқылып және қайталанып тұрмаса, тез ұмытылады.
Абдулла ибн Масғуд (р.а) риуаят еткен хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген:
بِئْسَمَا لأَحَدِهِمْ يَقُولُ نَسِيتُ آيَةَ كَيْتَ وَكَيْتَ بَلْ هُوَ نُسِّيَ ، اسْتَذْكِرُوا الْقُرْآنَ ، فَلَهُوَ أَشَدُّ تَفَصِّيًا مِنْ صُدُورِ الرِّجَالِ مِنَ النَّعَمِ بِعُقُلِهَا .
«Олардың бірі: «Қалай да солай аятты ұмыттым»,-деп айтуы, неткен жаман нәрсе! Бәлки ол ұмыттырылды! Құранды естеріңде сақтаңдар. Себебі Құран, адамдардың көкірегінен сытылып кетуге, тұсаулы тұрған малдан да жылдам»[2].
Бұл мәселеге қатысты «Әл-Фәтәуа әл-Хиндия» кітабында былай делінген: «Құранды жатқа оқығаннан қарағанда, мұсхафтан оқыған абзалырақ. Егер бір кісі Құранды (бірнеше сүре не аят) жаттап, кейін ұмытып қалса, онда ол күнәһар болады. «Ұмытып қалса» дегені Құранды тіпті мұсхафтан қарап та оқи алмау деп түсіндіріледі»[3].
Қорыта айтқанда, кімде-кім жаттаған Құранын (бірнеше сүре не аятты) Кітаптан қарап оқи алмайтындай деңгейде ұмытып қалса күнәһар болады. Ал мусхапқа қарап оқи алатындай дәрежеде болса күнәһар болмайды.
Дұрысын бір Алла ғана білуші!
Дархан Манарбекұлы
Қостанай облысының пәтуаға жауапты маманы
[1]«Фатыр» сүресі, 32-аят.
[2]Бұхари,№4744, Муслим, №790.
[3]Әл-Фәтәуа әл-Хиндия, 5/391.
Әлемді жайлаған індет Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» атындағы мешіт қызметкерлеріне де оңай соқпады. Соған қарамастан олар өздерінің міндеттеріне аса жауапкершілікпен қарады. Барлық іс-шараларға белсене атсалысып, халықтың алғысына бөленді.
Жуырда мешітте болған басқосуда бас имам қызметкерлерге алда тұрған жұмыстар жайлы баяндады. Діни қызметкердің сөйлеу әдебі, киім үлгісіне де кеңінен тоқталды.
Сондай-ақ, ол карантин кезінде уақытпен санаспай еңбек еткен әріптестеріне шынайы алғысын білдіріп, қаржылай көмек көрсетті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық мешітінің жанындағы «Зекет» және қайырымдылық қоры әрқашан өңірдегі көмекке мұқтаж отбасыларға қолдау көрсетіп, жұртшылықтың шынайы алғысына бөленуде. Осы арада сөзіміз нақты болу үшін деректер мен дәйектерге сүйенгеніміз абзал.
Мәселен, осы жылдың қаңтар айында облысымызда демеушілердің тарапынан түскен 3 млн 320 мың 612 теңгеге облыстағы әлеуметтік жағынан көмекке мұқтаж 451 отбасына күнделікті тұтынатын азық-түлік және отын-көмір үлестрілді.
- Біздің қор алдағы уақытта да жұмысын барынша жандандыра түседі. Осы бағытта облыстың Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбеттің тарапынан үнемі жанашырлықпен қолдау көріп келе жатқанымызды ерекше атап өткім келеді.
Қазіргідей қиын кезде күнкөрісі төмен шаңырақ иелерінің қасынан табылып, олардың жүздерінен қуаныштың нышанын көру әрбір парасатты азаматтың басты міндеті деп есептеймін, - дейді облыстық мешіттің найб имамы әрі «Зекет» және қайырымдылық қорының жетекшісі Бақытжан қажы Икрам.
Қостанай облыстық мешітінің
баспасөз қызметі