Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри
Super User

Super User


Бүгін қасиетті жұма күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Финляндия Республикасына барған сапарында осы елдің астанасы Хельсинки қаласындағы Орталық мешітте жұма уағызын айтты.

«Ата жұрттан жырақта жүрген мұсылман үшін дін тек құлшылық емес. Ол – рухани тірек, ұлттық болмысты сақтайтын аманат. Сіздер жат елде жүріп адал еңбектеріңізбен, көркем мінездеріңізбен Исламның асыл құндылықтарын танытып келесіздер. Бұл – үлкен сауапты іс. Еуропада өмір сүріп жатқан мұсылман үшін үш үлкен аманат бар: біріншісі – дінді сақтау, екіншісі – ана тілін сақтау, үшіншісі ұлттық тәрбиені сақтау. Бұл – біздің ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай деген: «Мүміндер бір-біріне сүйіспеншілік пен мейірімділікте бір дене тәрізді». Сондықтан алыста жүрсек те жүрегіміз бір болсын. Бір-бірімізге тірек болайық. Жастарымызға дұрыс бағыт берейік. Балаларымызға ана тілімізді, дінімізді үйретейік» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сондай-ақ ҚМДБ Төрағасы жұма намазын өткізіп, барша мұсылманның игілігі үшін дұға етті. Жұма намазына қатысқан мұсылман жамағаты Хельсинки қаласында алғаш рет уағыз айтқан Бас мүфтиге алғысы мен ризашылық ниеттерін жеткізді.
















Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі


Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Финляндия Республикасына барған жұмыс сапарын Қазақстанның осы елдегі Төтенше және Өкілетті елшісі Азамат Сәбитұлымен кездесуден бастады.

Кездесу барысында тараптар шетелдегі қазақ диаспорасымен рухани байланысты нығайту, діни сауаттылықты арттыру, сондай-ақ рухани-мәдени дипломатия бағытындағы өзара ықпалдастық мәселелерін талқылады. Бас мүфти елшілік тарапынан сапарды ұйымдастыруға көрсетілген қолдау үшін алғыс білдірді.

«Бүгінгі таңда шетелдегі қазақ диаспорасымен байланыс орнату аса маңызды мәселелердің бірі деп санаймын. Әсіресе, Еуропа елдерінде өмір сүріп жатқан қандастарымыздың рухани қажеттілігіне көңіл бөлген дұрыс. Біз шет елде діни білім алып жатқан қазақ жастарымен байланыс орнату мақсатында Мысыр, Түркия сынды мемлекеттерде арнайы ресми өкілдерімізді тағайындадық. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды тұрақты жалғастыра береміз. Осы орайда біз өзіңіз басқаратын елшілікпен бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз.Диаспора өкілдерімен кездесулер өткізу, жастарға рухани бағыт беру, ұлттық және діни құндылықтарды сақтау бағытында бірлескен шаралар ұйымдастыруды әрдайым қолдаймыз. Сіздердің қолдауларыңызбен шетелдегі қазақ жастарының ана тілін, ұлттық мәдениетін және дәстүрлі діни танымын сақтау жұмыстары одан әрі жандана түсетініне сеніміміз мол. Бұл – тек рухани емес, сонымен қатар ұлттық тұтастықты сақтауға бағытталған маңызды іс. Алдағы уақытта да ортақ мақсат жолында бірлесе жұмыс істеп, шетелдегі қазақ қауымдастығына рухани қолдау көрсету ісін бірге жалғастырамыз деп ойлаймын» деді ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Кездесу соңында тараптар елшілік пен ҚМДБ арасындағы өзара үйлесімді жұмысты одан әрі жалғастыру шетелдегі қазақ диаспорасының ұлттық және рухани болмысын сақтау ісіне оң ықпал ететініне сенім білдірді.









Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі


Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Финляндия астанасы Хельсинки қаласындағы Финляндия Ислам қауымдастығы мешітінде (Suomen Islam-seurakunta)жұма уағызын айтады.

Аталған рухани іс-шара Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ресми делегациясының Финляндия Ислам қауымдастығының шақыртуымен жасаған жұмыс сапары аясында өтуде.

Өтетін орны: Suomen Islam-seurakunta мешіті (Fredrikinkatu 33, Helsinki)

Күні: 27.03.2026

Уақыты: 12:40

Финляндиядағы барша отандастарымызды осы шараға шақырамыз!

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі


Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми делегациясы Финляндия Ислам қауымдастығының шақыртуымен Хельсинки қаласына барды.

Сапар аясында Қазақстан Республикасының Финляндиядағы Елшілігінің ұйымдастыруымен Хельсинки қаласындағы қазақ диаспорасымен рухани кездесу өтеді.

Кездесуде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы және ҚМДБ Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры, PhD доктор Төрәлі Қыдыр қазақ диаспорасымен еркін форматта сұхбат құрады.

Өтетін орны: Қазақстан Республикасының Финляндия Республикасындағы Елшілігінің ғимараты

Күні: 28.03.2026

Уақыты: 11:00

Финляндиядағы барша отандастырымызды рухани кездесуге шақырамыз!

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі

Суббота, 28 Март 2026 12:55

Әлеуметтік желі әдебі


Қазіргі технология дамыған заманда әлеуметтік желіні қолдану аса қажет. Оқу орындары, мамандық бойынша, жеке кәсіпкерлерік болсын кез-келген салада интернет желісін қолданады, тіпті жұмыстың көптеген шаруалары онсыз бітпейді. Кез-келген істің жақсы жағымен қатар жағымсыз тұстары да болады. Интернет желідегі алаяқтар, арам нәрселері жарнамалау, дүние және ақыретке пайдасы жоқ фильмдер, құмар ойындар, қалжыңдар, пранктер қарасы жетерлік.

Қоғамдағы діни-теріс бағыттағы ағымдардың негізгі құралы да осы әлеуметтік желі болып отыр. Оны көбінесе ақпараттық соғыс деп те атайды. Мысалы еліміздегі ҚМДБ-на қарасты облыстағы мешіттерде сайттар жұмыс жасауда. Олар жастардың теріс бағытқа түспеуі үшін және дәстүрлі Ислам дінін насихаттау үшін қаншама бейнероликтер, сұрақ-жауап ретінде эфирлер, мақалалар шығаруда. Діни теріс ағымдар бойынша анализ жасайтын мамандардың айтуы бойынша, әлеуметтік желідегі жүздеген сайттарды жапсақ, сондай тағы да жүздегені ашылып жатады дейді. Осыдан-ақ дінді бөлшектеу, арасына іріткі салу үшін шет елдерден қыруар қаражаттардың бөлінетініне куә боламыз. Бұл тұста әрбір мұсылман діни ақпарат іздеген жағдайда өте сақ болу керек екендігін, рұқсат етілген сайттардан ғана мәлімет іздеу аса қажет екендігін көреміз.

Қазақта сөз бар: «Заманың түлкі болса-тазы болып шал» - деген. Әлеуметтік желіден мүлде бас тарта алмайтыныз анық болса, ол жағдайда керісінше ақпараттық сауаттылықты арттыру керек екендігін аңғарамыз.

Әлеуметтік желінің тағы бір пайдасы кітап қорының көптігі. Өзіңізге қажетті діни мәзхабымызға сай келетін том-том кітаптарды шет елдерден алдырту үшін қыруар қаражат, күндер мен айлар, кеденнен өту бар, осының барлығы шектеулі өмірімізде көп уақытымызды алады. Ал ғаламтор желісі арқылы жүздеген кітаптың электрондық нұсқасын көшіріп алып қолдану үнемдірек және тиімдірек.

Соңғы кездері Жасанды интелект (ЖИ) қарқындап дамуда. Бұны қолданбайтын адам кемде-кем шығар. Түрлі форматта видеолар, суреттер, мақала, жаңалықтар қай-қайсысын алсаң да өңдеп сізге дайындап береді. Жасыратыны жоқ, кей кездері уақыт тығыз кездері жұмысымызды жеңілдету, уақытты үнемдеу үшін пайдаланатынымыз да рас. Әйтсе де адамның миы, рухани ойлау қабілеті Жаратушы Алладан берілген үлкен нығмет. Адам бойында сезім, жүрек көзі, интуиция, моральдық жауапкершілік секілді тұнып тұрған қасиеттер бар. Ал, ЖИ болса роботтың жұмысын атқарып, берілген ақпаратты тек есептейді, түсінбейді, сенің ішкі жан дүниеңді сезінбейді. Дін ғұламалары ЖИ арқылы ақида (сенім), психологияға қатысты сұрақтарды сұрамағын дұрыс екенін айтуда.

Алла тағала Құранда білім жайлы:

قُلْ هَلْ يَسْتَوِي الَّذِينَ يَعْلَمُونَ وَالَّذِينَ لَا يَعْلَمُونَ إِنَّمَا يَتَذَكَّرُ أُولُواْ الْأَلْبَابِ

«Білетіндер мен білмейтіндер тең ба? Шын мәнінде ақыл иелері ғана ғибрат ала алады!», деген. («Зумар» сүресі, 9-аят)

Атақты тәпсір ғалымы Ибн Кәсир (р.һ.) осы аятты «Шын мәнінде ақыл иелері ғана ғибрат ала алады!» деген сөзге байланысты, осы екеуінің арасындағы айырмашылықты тек ақылы бар, саналы адам ғана түсінеді деген.

Сондықтан жасанды интеллект қарыштап қанша дамыса да адамның миынан, ойлау жүйесінен асып түспейтіні анық.

Әлеуметтік желінің өзіне тән әдептері бар екенін ескеруіміз керек. Солардың бірнешесіне тоқталатын болсақ:

Шындықты сақтау – жалған ақпарат таратпау. Келген ақпаратты мұқият тексеріп, анық-қанығын білу.

Сыпайылық таныту – дөрекі сөз, балағат қолданбау.

Өсек пен ғайбаттан аулақ болу – біреудің артынан жаман пікірлер, комментарилер жазбау.

Пайдасыз нәрседен сақтану – уақытты босқа кетірмеу.

Біреудің жеке өмірін құрметтеу, авторлық құқықты – рұқсатсыз фото/видеоны жарияламау.

Құрметпен пікір жазу – келіспесең де мәдени түрде айту.

Дінге, ұлтқа тіл тигізбеу – араздық тудырмау.

Жақсылыққа шақыру – пайдалы, тәрбиелік контентті бөлісу.

Уақытты бақылау – тәуелділікке түспеу.

Ниетті дұрыстау – лайк, қаралым үшін емес, адамдарға пайдасы мен сауап үшін қолдану.

Құрметті ағайын!

Егер болашақ ұрпағымыз ұлттық дәстүрімізді, дінімізді және тілімізді бойына сіңіріп, солардан сусындап өссе, мұндай алмағайып заманда түрлі теріс ықпал мен адасудан аман болады.

Себебі ұлттың тамыры – дәстүрінде, тірегі – тілінде, ал рухани қорғаны – дінінде. Осы үш құндылықты берік ұстанған ұрпақ ешқашан бағытынан жаңылмайды.

Қостанай облыстық мешітінің наиб имамы
Абзал Сұлтанғалиұлы

Пятница, 27 Март 2026 18:22

Тобыл: Жаңа тағайындау

Аптаның қасиетті күні жұма намазы алдында ҚМДБ-ның Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен Қостанай облысы, Қостанай ауданы, Садчиков ауылы молдасы болып Сатбаев Дәулет Мирамбекұлы тағайындалғаны туралы баяндалды.

Дәулет Мирамбекұлы Алматы қаласындағы Имамдардың білімін жетілдіру курсын тамамдап келген. Тағайындау рәсімін Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешітінің найб имамы Ерлан Өмірбекұлы жамағатқа ресми түрде таныстырып, Бас мүфтидің бұйрығын оқып берді.

Сонымен қатар жиналған қауымға насихат айтып, ел бірлігін сақтаудың, тәуелсіздікті қадір тұтудың маңыздылығына тоқталды. Жастарды еңбекке, адалдыққа тәрбиелеу, қоғамға пайдалы азамат болуға үндеу жасап, рухани тұрақтылық пен ынтымақтың ел болашағы үшін аса маңызды екенін атап өтті.

Жамағат тарапынан жаңа имамға ақ тілектер айтылып, сәтті қызмет тіленді.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі






Тобыл қаласындағы «Маңдай батыр» мешітінің ұжымы демеушілердің қолдауымен қасиетті Рамазан айында еліміздің ертеңі болып табылатын Рудный қаласындағы жетім балалар үйіне, Қостанай шаһарындағы балаларды бейімдеу орталығына және аудандық мешіттің жамағатына 250 «Рамазан сыйлығы» тәттілерін табыс етті.

Тарту етілген сыйлықтарды алған балдырғандардың қуанышында шек болған жоқ. Олардың басшылары имандылық ордасының қызметкерлеріне дән ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырды.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі






Ораза айттың алғашқы күні облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітіндегі қасиетті жұма намазына халық көп жиналды. Көпшілік алдында наиб имам Әлішер Ертайұлы сөз сөйледі.

Ол жұртшылық алдында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қостанай қаласының құрметті азаматы. облыстық өкілдіктің баспасөз хатшысы Оразалы Жақсановтың жалпы руханиятымызға, оның ішінде ислам дінін насихаттауға сіңірген еңбегіне тоқталды.

Содан кейін Оразалы Отынбайұлына мешіт атынан Умраға жолдаманы салтанатты түрде табыс етті. Қаламгердің есімі республика жұртшылығына жақсы таныс. Оның жазған мақалалары еліміздегі беделді «Ана тілі», «Қазақ» және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Мұнара» газеттерінде жарияланып тұрады.

Біз журналист-жазушыны марапатымен құттықтай отырып, оған алдағы уақытта мықты денсаулық, отбасына береке-бірлік, қызметте шығармашылық табыс тілейміз.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі



Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы мешітте ихтикафқа отырған жамағатпен арнайы жүздесіп, рухани сұхбат өткізді. Кездесу барысында иман, сабыр және құлшылықтың маңызы жайлы насихат айтып, ихтикафтың артықшылықтарын кеңінен түсіндірді.

Сонымен қатар, жамағаттың діни білімін арттыру мақсатында құнды діни кітаптарды сыйға тартып, олардың алдағы уақытта да білім мен ғибадат жолында табанды болуларына тілектестік білдірді.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі









Қостанай өңірінде «Ораза Айт» мерекесі биыл өткен жылдарға қарағанда тағылымды әрі есте қаларлықтай өтті. Ол Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келді.

Алдымен Қасиетті жұма күні Ораза Айт намазынан басталды. Онда Құтпа оқылып, уағыз айтылды. Облыстың Бас имамы жиналған барша қауымды Айт мерекесімен құттықтап, елімізге амандық пен бейбітшілік, әрбір отбасына ырыс-береке, молшылық тіледі. Үстіміздегі жылғы қасиетті Рамазан айы тиісті деңгейде өткендігін тілге тиек етті. Аруақтарға құран бағышталды.

Содан кейін Жансая Халим жетекшілік ететін әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен ақ жаулықты әжелеріміз айттық шашу шашты. Аталмыш мейрамның сәні мен салтанатын арттыру мақсатында имандылық ордасының ауласына “Айт құтты болсын!” деп айшықты етіп жазылған шарлар таратылды.

Мешіттен шыққан кісілерге дастархан жайылып, “Наурыз көже”, бауырсақ және айт шайы ұсынылды. Сөйтіп, жұрт бір-бірімен емен-жарқын жүздесті.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанындағы “Мүфтият” баспасынан биыл да қаншама танымдық рухани дүниелер жарық көрді. Сондықтан мешіт ауласында жаңа кітаптар таныстырылып, жәрмеңке өткізілді.

Сондай-ақ жастар арасында «арқан тарту, қол күресі, таяқ тартысы» және басқа да ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды. Жеңімпаздарға сыйлықтар табысталды.

Осы аталғандармен қатар өнерпаздар жұртшылыққа “Дінім-діңгегім, дәстүрім-тірегім” тақырыбы аясында “Наурызнама” жырын нақышына келтіре орындады.

Ерекше айтып өтер жай, мешіт маңына қойылған баннерлер алыстан көзге көрініп, келушілердің назарын бірден аударды әрі рухын көтерді.

Бұл айттың негізгі мәні — бауырларымыздың бір-бірін шынайы құттықтауы, жығылғанға қолдау көрсету, мұңайғанды жұбату. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жалғыз басты аналарға арналған “Айтта жақсылық жасайық” атты қайырымдылық акциясы өткізіліп, көпшілікке ерекше қуаныш сыйлады.

Тағы бір айта кетеріміз, өңірдегі мешіт қызметкерлері балаларға 100 «Рамазан тәттілері» айттық қоржынын таратуға ұйытқы болды. Оған демеушілер қолдау көрсетті.

Жиналған қауым мешіт ұжымына, мерекені ұйымдастырушыларға дән риза болысып, жоғары көңіл-күймен тарқасты.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі

























«12345678910»
Page 2 of 407

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником