Қостанай өңірінде «Ораза Айт» мерекесі биыл өткен жылдарға қарағанда тағылымды әрі есте қаларлықтай өтті. Ол Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келді.
Алдымен Қасиетті жұма күні Ораза Айт намазынан басталды. Онда Құтпа оқылып, уағыз айтылды. Облыстың Бас имамы жиналған барша қауымды Айт мерекесімен құттықтап, елімізге амандық пен бейбітшілік, әрбір отбасына ырыс-береке, молшылық тіледі. Үстіміздегі жылғы қасиетті Рамазан айы тиісті деңгейде өткендігін тілге тиек етті. Аруақтарға құран бағышталды.
Содан кейін Жансая Халим жетекшілік ететін әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен ақ жаулықты әжелеріміз айттық шашу шашты. Аталмыш мейрамның сәні мен салтанатын арттыру мақсатында имандылық ордасының ауласына “Айт құтты болсын!” деп айшықты етіп жазылған шарлар таратылды.
Мешіттен шыққан кісілерге дастархан жайылып, “Наурыз көже”, бауырсақ және айт шайы ұсынылды. Сөйтіп, жұрт бір-бірімен емен-жарқын жүздесті.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанындағы “Мүфтият” баспасынан биыл да қаншама танымдық рухани дүниелер жарық көрді. Сондықтан мешіт ауласында жаңа кітаптар таныстырылып, жәрмеңке өткізілді.
Сондай-ақ жастар арасында «арқан тарту, қол күресі, таяқ тартысы» және басқа да ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды. Жеңімпаздарға сыйлықтар табысталды.
Осы аталғандармен қатар өнерпаздар жұртшылыққа “Дінім-діңгегім, дәстүрім-тірегім” тақырыбы аясында “Наурызнама” жырын нақышына келтіре орындады.
Ерекше айтып өтер жай, мешіт маңына қойылған баннерлер алыстан көзге көрініп, келушілердің назарын бірден аударды әрі рухын көтерді.
Бұл айттың негізгі мәні — бауырларымыздың бір-бірін шынайы құттықтауы, жығылғанға қолдау көрсету, мұңайғанды жұбату. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жалғыз басты аналарға арналған “Айтта жақсылық жасайық” атты қайырымдылық акциясы өткізіліп, көпшілікке ерекше қуаныш сыйлады.
Тағы бір айта кетеріміз, өңірдегі мешіт қызметкерлері балаларға 100 «Рамазан тәттілері» айттық қоржынын таратуға ұйытқы болды. Оған демеушілер қолдау көрсетті.
Жиналған қауым мешіт ұжымына, мерекені ұйымдастырушыларға дән риза болысып, жоғары көңіл-күймен тарқасты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі






























