Еліміздегі мешіттерде қарапайым болса да адал еңбек етіп жатқан қызметкерлерге құрмет көрсету ҚМДБ-ның Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тұрақты назарында. Міне, осы, үрдісті басшылыққа алған Қостанай өңіріндегі өкілдік те қасиетті Рамазан айында ұзақ жылдар бойы өз саласында аянбай жұмыс істеген кісілерге құрмет көрсетті.
Лисаковск қалалық «Әбдіхаим Саламатұлы» мешітінде ауызашар уақытында марапаттау рәсімі өтті. Онда Бас имам Бектұрсын қажы Торғайбайұлы сөз алып, барша жиналған қауымды Рамазан айымен шын жүректен құттықтады. Тіршілікте адамдар арасындағы сыйластықтың шыңы адамгершілік, оның ішінде бір-біріне ізгілік дәнін сеуіп, қуанышқа бөлеу екендігін тебіреніспен айтты. Бұл үлкен сауап болып табылатындығын тілге тиек етті.
«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші, ұзақ жылдар бойы адал еңбек еткен ардақты ана Қымбат Қалиқызы, дін жолында аянбай еңбек етіп жүрген наиб имам Ақжол Дарханұлы, мешіт жұмысына әрдайым қолдау білдіріп жүрген жанашыр ағамыз Дәулет Айтпаев осы үш бірдей асыл жанға «Tawaf Travel» қажылық компаниясы атынан Ұмра жолдамасы табыс етілді.
«Жақсылықтың қайтарымы — тек қана жақсылық». Осындай игі іске себепкер болған, қызметкерлердің жүрегін қуанышқа бөлеген жомарт жандарға және «Tawaf Travel» ұжымына Алла разы болсын!
Қасиетті сапарға аттанғалы жатқан жандардың ниеттері қабыл болсын!




Жақында Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы қасиетті Рамазан айында арнайы іс-сапармен Лисаков қаласында болды. Ол жергілікті «Әбдіхаим Саламатұлы» мешітіндегі ауызашарға қатысты. Тарауық намазы алдында Бас имам сағатын өткізді.
Аталмыш имандылық ордасында «TAWAF TRAVEL» қажылық компаниясы атынан 3 адамға Умраға жолдама табыс етілді.
Олар мешітте ұзақ жылдар бойы адал еңбек еткен ардақты ана Қымбат Қалиқызы, дін жолында жемісті қызмет атқарып жатқан наиб имам Ақжол Дарханұлы, жанашыр азамат Дәулет Айтпаев. Есімдері аталған кісілердің бәрі де қалаға танымал әрі беделді жандар.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі










Мұсылман қауымы үшін берекелі Рамазан айының аяқталып, қуанышқа ұласатын ұлы мерекелердің бірі – Ораза айты. Түсіне білген жан үшін айттың тағылымы мен тәрбиелік мәні өте терең. Айт – арабтың «ғиид» сөзiнен шыққан. Бұл - «бiр-бiрiн құттықтау, хал сұрасу, қуанышқа топталу» дегенге саяды. Демек, айт сөзiн «мереке, қуаныш, шаттық» деп түсінуімізге болады. Сондықтан айт – оразаның аяқталғанын білдіретін мерейлі мереке.
Бабаларымыз: «Отыз күн оразаның бір айты бар, әр қылған жақсылықтың бір қайтымы бар» демекші, айт мерекесі ай бойы сабырлықпен ораза ұстап, құлшылық жасаған мұсылманның рухани жеңісінің белгісі. Абдулла ибн Масғұдтан (р.ғ.) жеткен хадисте: «Мүмiн пенделер Рамазан айының оразасын толық ұстап, айт күнi намазға бет алғанда, Алла тағала перiштелерге: «...адамзат бейнет атқарса, ақысын талап етедi. Пенделерiм Мен парыз еткен оразаны атқарып, ақысын алуға мешiтке бет алады. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн. Сендер куә болыңдар, оларды мағфират еттiм», – дейді. Рамазан құлшылық пен шүкіршілік, береке мен бірлік, мейірім мен қайырымдылық айы болса, ізінше тойланатын Ораза айт мейрамы – адамдардың көңіліне қуаныш сыйлап, жанын жадырататын ұлық мереке. Имам әл-Бағауи: «Екі айт (мереке) күндерінде қуаныш пен шаттық көңіл таныту дін рәміздерінен! Әрі бұл күндер басқа күндерден жөні бөлек», - деген екен.
Ең алдымен, айт мерекесі бізді шүкірлікке үйретеді. Бір ай бойы өз нәпсісін тыйып, аштық пен шөлді сезінген адам Алланың берген әрбір нығметінің қадірін терең түсінеді. Сол себепті айт күні мұсылман: «Раббым, Рамазан оразасын аман-есен аяқтап, айтқа жеткізгеніңе шүкір» деп дұға етеді.
Екіншіден, Ораза айт – бірлік пен бауырмалдықтың мерекесі. Бұл күні, көпшілік қауым мешітке айт намазына барып, құлшылық жасап, бір-бірін жарқын жүзбен мерекемен құттықтайды. Жубайр ибн Нәфир: «...сахабалар айт күні дидарласқанда: «Алла бізден де, сізден де қабыл етсін», - деп айтатын», - деген. Ағайын-туыс, көрші-көлем бір-бірінің үйіне барып, амандық сұрасады, өкпе-реніштерін кешіреді. Науқас жандарға арнайы барып, көңілін сұрайды. Бұл – қоғамдағы татулық пен сыйластықты одан әрі арттыра түспек.
Үшіншіден, айттың маңызды тағылымдарының бірі – қайырымдылық пен мейірім, қуаныш пен ізгілік. Айт намазына дейін кембағалдарға садақа беріледі. Бұл – мұқтаж жандардың айт қуанышын бірге көруі үшін жасалатын игі амал. Осы арқылы асыл дініміз қоғамдағы жанашырлықты нығайтады. Сондай-ақ, айт күні мұсылмандар ізгі тілек айтып, бір-біріне сыйлық береді. Бұл – жүректерді жақындастыратын мейірім мен қуаныштың айқын көрінісі. Алла елшісі с.ғ.с.: «Бiр-бiрiңе сыйлық берiңдер, берген сыйлықтарың араларыңдағы өшпендiлiктi жояды», - деген. Осындай хадистерді негізге алған қазақ даласында қонақ кәде, сүйінші, байғазы сияқты амалдар баршылық. Көптеген сүннет амалдар дәстүрімізбен астарласып, салтымызға сіңген. Солардың бірі жастардың (балалардың) айттық сұрауы. Айттық сұраған жанды халқымыз бетін қайтармай, қолда бар сыйлықтарын аямаған.
Міне, бұл ғасырлар өте дәстүрге айналып, жасөспірімдер үшін айттың бір керемет көрінісі болып есте қалған. Сондықтан әсіресе, балаларға сыйлық беруді ұмытпауымыз керек, себебі бұл – олардың жүрегіне қуаныш сыйлап, мерекенің мәнін сезіндіреді. Бала көңілі қуанып, айтты асыға күтетін болады. Демек, бұл дегеніміз – мейірім мен жақсылыққа тәрбиелеудің бір жолы.
Төртіншіден, Ораза айт – рухани тәрбиенің жемісінің жалғасы.
Рамазан айында мұсылман сабырлықты, тақуалықты, көркем мінезді үйренеді. Ораза аяқталғанда сол жақсы қасиеттерді жоғалтып алмай, әрі қарай өмірінде жалғастыруы – әрбір мұсылманның міндеті. Өйткені Рамазан – тек бір айлық құлшылық емес, ол адамды ғұмыр бойы тәрбиелейтін рухани мектеп.
Айт күні мұсылман баласы ерте тұрып, ғұсыл құйынып, әдемі таза-жаңа киімдерін киіп, хош иістеніп (ер адамдар) мешітке намазға шығады. Шығар алдында сүннет бойынша үйден құрма сияқты тәтті жемістен дәм ауыз тиюі керек. Бұл пайғамбарымыздың оразаның аяқталып, айт күндері басталғаны жайында берген белгісі.
Қорыта айтқанда, айттың шынайы тағылымы – көңіл мен жүректі кірбіңнен тазарту, жақсылық жасау және бауырмалдықты арттыру. Алла Тағала баршамыздың құлшылықтарымызды қабыл етіп, елімізге амандық, жұртымызға тыныштық берсін. Айт мерекесі әр шаңыраққа қуаныш пен береке әкелсін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, халқымыз ғұмырлы болғай! Әмин!
Мұхтасиб Әлмұхаммед Оспанұлының өз жазбаларының бірінде:
«...Рамазан шәриф айында, өз үйінде жайында,
Ораза ұстап тарауих, шарғы-шәриф жолында.
Отырғанның қадірін, ойласаң, сірә, кім білген?!
Отыз күн тәмам бітіріп, нәпсінің кірін кетіріп.
Уағыз тыңдап, хұтба оқып, мешітке барып отырып.
Жамағат болып айт оқып, қайтқанның қадірін кім білген?!»
Әлмұхаммед Оспанұлы – саналы ғұмырын ілім жолына арнаған, сол жолда бақытын тауып, ел құрметіне бөленген, адалдық пен парасаттылықты ту еткені үшін кеңестік дәуірдің қанқұйлы зобалаңына ұшырап, жазықсыз жапа шегіп, көп тауқымет тартқан бірегей тұлға. Кезінде Торғай уезіне қарасты 54 мешіт пен 4 медресеге басшылық етіп, асыл дініміздің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан.
Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы
Міне, қасиетті Рамазан айының аяқталуына да саусақпен санарлықтай ғана уақыт қалды. Соның ішінде Қадір түнінің мұсылмандар қауымы үшін алар орны ерекше. Сондықтан облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің қызметкерлері оған тыңғылықты әзірленіп, ұйымшылдықпен өткізді.
Биыл да мешітке келушілер саны көптігі соншалықты, ине шаншар орын болған жоқ. Бір ай бойы тарауық намазында оқылған Құран хатымның дұғасы жасалды. Оны облыстың Бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев және Мұртаза қари Ертайұлы оқыды.
Содан кейін Бектұрсын қажы Торғайбайұлы сөз алып, Рамазан айының жоғары деңгейде өтуіне елеулі үлес қосып, жамағаттың шынайы ризашылығына бөленген қарилер Темірлан қари Даниярұлы, Мұртаза қари Балахмет және жас қари Ералы Алматұлының атына жылы лебізін білдірді. Ежелден келе жатқан қазақы дәстүріміз бойынша олардың иықтарына шапан жауып, лайықты құрмет көрсетті.
Қадір түні барысында танымдық - тағылымдық жағы мол викториналық ойындар ұйымдастырылып, тапқырлық танытқандарға ынталандыру сыйлықтары берілді.
Сондай-ақ жамағаттарға уағыз оқылып, сәресі берілді. Жиналғандар ұмытылмас әсер алып, жоғары көңіл-күймен тарқасты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі















Қасиетті Рамазан айында Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінде «Рамазан Құран түскен ай» атты Құран Кәрімнің 30 парасын жатқа айтудан байқау ұйымдастырылды.
Бұл сайысқа 11 адам қатысты. Қатысушылардың ең жасы 12, ең үлкені 51 жаста. Әділқазылар алқасының шешімі бойынша 1 орынды Салауат Өтепбергенов (100 000 теңге), ІІ орынды Тимур Баймұхамедов (50 000 теңге), ІІІ орынды Дияр Бисембаев (30 000 теңге), ІV орынды Ахмад Тлекешов ( 20 000 теңге) иеленді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі



Арқалық қалалық «Мухтасиф Әлмұхаммед» мешітінің ұйытқы болуымен шәкірттер арасында “Рамазан Құран түскен ай” атты интеллектуалды сайыс өткізілді.
Аталған Құран жарысына 15 талапкер қатысты. Онда Құранды жатқа және жүзінен оқу, тәжуит ережелері мен оның тарихына қатысты сұрақтар қойылды. Үш түрлі тапсырма берілді.
Оған мешіттің Бас имамы Балғабай Оразханұлы, ұстаз Арлан Бауыржанұлы және Түркия елінен келген қари Фатих Ерен әділқазылық етті. Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарға Алғыс хат пен ақшалай сыйлық табыс етілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі



Қасиетті Рамазан айында облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде өңірдегі «Зекет және қайырымдылық қоры» мен «Әйел-қыздар секторының» ұйымдастыруымен «Рамазан тәттілері» қайырымдылық іс-шарасы өткізілді.
Оған Қостанай қаласында тұратын 100 ге жуық балалар бас қосты. Шара барысында балдырғандар мен бүлдіршіндерге концерттік бағдарлаа көрсетілді.
Наиб имам Азамат Серікбайұлы мен ұстаз Жансая Салауатқызы ораза туралы уағыз-насихат айтты. Жиналған балаларға тәттілер мен сыйлықтар табыс етілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі







Қостанай қалалық “Жайлаубай ата” мешіті және “Халқыма көмек-Қостанай” ұйымының қызметкерлері Рудный шаһарындағы жетім балалар үйіне барды.
Онда қасиетті Рамазан айының құрметіне ауызашар дастарқаны жайылды. Наиб имам Казбек Көшеров жасөспірімдерге Оразаның қадыр қасиетін түсіндірді. Сый-сияпат жасалды.
Балалардың жүзінен қуаныштың нышаны айқын сезіліп, дән риза болды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі




Жақында Рудный қалалық «Нұр» мешітінде Рамазан айының құрметіне Құран жарысы өткізілді. Ол әйел-қыздар жамағаты арасында ұйымдастырылды. Сайысқа оннан астам қыз балалар қатысты.
Перизат ұстаздың бастамасымен имандылық ордасының шәкірттері бақ сынасты. Олар Құран оқуда білімдері мен шеберліктерін көрсетті.
Қазылар алқасының құрамында аталмыш мешіттің Бас имамы Серік Темірбекұлы және Түркия елінен келген қари Рамазан Етер болды.
Жарыс нәтижесі бойынша 1 орынды Гүлімхан Умарова, 2 орынды Ардақ Жолдыбаева, 3 орынды Аиша Данияр иеленді.
Соңында Перизат ұстаз барлық қатысушыларға алғысын білдіріп, алдағы уақытта да Құран ілімінде биік жетістіктерге жетулеріне тілектестігін білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі





Қасиетті Рамазан айында Лисаков қалалық “Әбдіхаим Саламатұлы” мешітінің ұйымдастыруымен “Рамазан тәттісі” атты қайырымдылық іс-шарасы өтті.
Игі шараның басты мақсаты – қасиетті айда балаларға қуаныш сыйлап, олардың жүрегіне мейірім мен ізгіліктің дәнін егу. Осы мақсатта ұйымдастырылған іс-шара барысында 50 балаға арнайы дайындалған “Рамазан тәттісі” үлестірілді. Бүлдіршіндерге түрлі тәттілер мен сыйлықтар тарту етіліп, мерекелік көңіл-күй сыйланды.
Аталған қайырымдылық шарасы арқылы қоғамдағы бауырмалдық пен бірлік құндылықтары насихатталып, жас ұрпаққа жақсылық жасаудың маңызы көрсетілді.
Қасиетті Рамазан айында жасалған әрбір қайырымдылық пен игі іс – үлкен сауап. Осындай ізгі бастамалардың алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім мол.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі



