Міне, қасиетті Рамазан айының аяқталуына да саусақпен санарлықтай ғана уақыт қалды. Соның ішінде Қадір түнінің мұсылмандар қауымы үшін алар орны ерекше. Сондықтан облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің қызметкерлері оған тыңғылықты әзірленіп, ұйымшылдықпен өткізді.
Биыл да мешітке келушілер саны көптігі соншалықты, ине шаншар орын болған жоқ. Бір ай бойы тарауық намазында оқылған Құран хатымның дұғасы жасалды. Оны облыстың Бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев және Мұртаза қари Ертайұлы оқыды.
Содан кейін Бектұрсын қажы Торғайбайұлы сөз алып, Рамазан айының жоғары деңгейде өтуіне елеулі үлес қосып, жамағаттың шынайы ризашылығына бөленген қарилер Темірлан қари Даниярұлы, Мұртаза қари Балахмет және жас қари Ералы Алматұлының атына жылы лебізін білдірді. Ежелден келе жатқан қазақы дәстүріміз бойынша олардың иықтарына шапан жауып, лайықты құрмет көрсетті.
Қадір түні барысында танымдық - тағылымдық жағы мол викториналық ойындар ұйымдастырылып, тапқырлық танытқандарға ынталандыру сыйлықтары берілді.
Сондай-ақ жамағаттарға уағыз оқылып, сәресі берілді. Жиналғандар ұмытылмас әсер алып, жоғары көңіл-күймен тарқасты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі





















