Елордада өтіп жатқан ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған халықаралық конференцияда көршілес елдердің Бас мүфтилері «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Нуриддин Холикназаров, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Замир Ракиев, Моңғолия мұсылман ұйымдары одағының төрағасы Батырбек Хадыс, Ресей Федерациясы Алтай Республикасы мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі, Ресей Азия бөлігі мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Жанболат Охтаубаев, Ресей Федерациясы Омбы және Омбы облысы мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Бота Бакулиннің кеуделеріне «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына 30 жыл» мерекелік төсбелгісін тағып, құрмет көрсетті.
Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай өтіп жатқан «Тәуелсіз Қазақстан және Ислам құндылықтары» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Ресей мұсылмандары діни басқармасы және мүфтилер кеңесінің төрағасы Равиль Ғайнутдин онлайн қатысып, баяндама жасап:
«Бүгінде мұсылмандардың рухани өмірі, мешіттер мен ағарту ошақтарының, діни оқу орындарының үйлесімді жұмысы қазақ қоғамының рухани дамуына әсер етті.
Ар-ождан бостандығы мен діни сенім еркіндігі Қазақстан Республикасының Заңымен қамтамасыз етілген және қорғалған, ең бастысы, діни және рухани өмірді, діни ілім мен ағартушылықты дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда көптеген жаңа Ислам оқу орындары мен медреселер ашылды, мыңдаған мешіттер салынды, жас ғалымдардың тұтас буыны даярланды. Осы орайда егемендіктің арқасында Қазақ елінің рухани өмірі одан әрі өркендей береріне сенім білдіретінімді жеткізгім келеді. Ел тәуелсіздігі тұғырлы болсын!» деген жүрекжарды лебізін жеткізді.
Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай өтіп жатқан «Тәуелсіз Қазақстан және Ислам құндылықтары» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Түркия Дін істері басқармасының басшысы, профессор Али Ербаш онлайн қатысып, баяндама жасады.
Қазақ елін тәуелсіздіктің отыз жылдығымен құттықтаған Али Ербаш конференцияға қатысушыларға сәттілік тілеп:
«Біз – бір діннің, бір тілдің, бір тарихтың және бір географиялық аумақтың халқымыз. Біз – адамзат тарихының дамуына үлес қосқан ғұламалардың ұрпағымыз. Әділет пен мейірімділікті ту еткен бабалардың ізін жалғастырушылармыз. Қазақстан деген киелі мекенде әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи секілді түркі халқына ортақ ұлы тұлғалар өмір сүрген. Бұл ұлы есімдер тек қазақ халқын емес, күллі мұсылман әлемін қуаттап келеді. Қазақстан жері – тек түркі жұртының атамекені ғана емес, сонымен қатар достық пен тұрақтылықтың мекені.
Халықтың бірлігі мен болашағының нық болуы оның рухани құндылықтарына тікелей байланысты. Ол құндылықтарға сенім, тіл, мәдениет және тарих жатады. Тарихқа үңілетін болсақ, дінін жоғалтқан ұлт – барын жоғалтады, тілін жоғалтқан ұлт – болмысын жоғалтады, мәдениеті мен тарихын ұмытқан ұлт – жерін жоғалтады. Ел мерейі үстем болып, егемендіктеріңіз жасай берсін!» деді.
Ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан халықаралық конференцияда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен жарық көрген «Толық адам» ғылыми-теологиялық талдау кітабының және «Ихсан – основа духовного воспитания» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Нуриддин Холикназаров, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Замир Ракиев және зиялы қауым өкілдері кітаптың тұсаукесер рәсіміне қатысты.
Наурызбай қажы Тағанұлы «Толық адам» кітабында сонау аңыз-әфсанадан бастап, асыл дініміз Исламдағы, сондай-ақ ұлы даладан шыққан ойшылдарымыздың еңбектеріндегі ой-тұжырымдарға қысқаша түсініктемелер беріліп, талдаулар жасалғанын атап өтті.
«Қолыңыздағы кітапта адам туралы сонау аңыз-әфсанадан бастап, асыл дініміз Исламдағы, сондай-ақ ұлы даламыздан шыққан ойшылдардың еңбектерінде келген ой-тұжырымдарға қысқаша түсініктемелер беріліп, ғылыми теологиялық талдау жасау арқылы, жоғары адамгершілік қасиеттерге ие «идеал адам» мәселесі талқыға түседі. Көпшілікке үлгі-өнеге боларлық мұндай адамға ортағасырлық ғалымдарымыз «әл-инсан әл-кәмил» деген атау берген. «Әл-кәмил» сөзі араб тілінен аударғанда тұтас, толық, бүтін, аяқталған деген мағынаға саяды. Демек «әл-инсан әл-кәмил» дегенді қазақ тілінде «толық адам», «кемел адам» немесе «жетілген адам» деп айтуға болады.
Әл-Кинди, әл-Фараби, Ибн Сина, Ибн Рушд, Руми, Ибн Араби, Ғазали, Баласағұни, Ясауи және т.б. ортағасырлық мұсылман ғалымдар «әл-инсан әл-кәмилді» өз шығармаларында әр қырынан талдап қарастырса, хакім Абай шығармаларында бұл термин қазақиланып «Толық адам» атауымен арнайы ілім ретінде ұсынылды. Бұл заңды құбылыс. Себебі Абай жастайынан ортағасырлық кемеңгерлердің туындыларынан сусындады, әсіресе, Ж.Баласағұни мен А.Йассауидің шығармаларының тигізген әсері мол екенін ескерсек, Абай атамыз ұсынған «Толық адам» ілімінің қайдан бастау алғандығын аңғаруға болады» деді Бас мүфти.
«Муфтият баспасы» шығарған аталмыш кітап «Адам жаратылысы мен болмысы: Жан мен тән», «Ұлы даланың кемеңгер тұлғалары еңбектеріндегі «Толық адам» мәселесі» және «ХХІ ғасырдағы «Толық адам» және жастар» атты үш бөлімнен тұрады. Еңбекті дайындап, баспаға әзірлеген – PhD докторы Ықтияр Палтөре мен философия ғылымдарының кандидаты, доцент Жалғас Сандыбаев. Жинақ исламтанушыларға, теологтарға, діни білім алып жатқан студенттер мен магистрлерге, сондай-ақ көпшілік оқырманға арналған.
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай басталған халықаралық конференцияда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Тәуелсіз Қазақстан және Діни басқарма» тақырыбында негізгі баяндама жасады.
ҚМДБ Төрағасы тәуелсіздік жолында ата-бабаларымыз бастан кешкен нәубетті шақтарды еске сала келе, қиын-қыстау заманда қазақ халқын бауырына басып, қамқорлығын көрсеткен, Қазақстанның тәуелсіздігін бірінші болып мойындаған бауырлас Түркия еліне ризашылық ниетін жеткізді. Сондай-ақ халықаралық конференциямызға қатысып, қолдау білдіріп отырған мәртебелі дін қайраткерлеріне, шет елдердің еліміздегі елшілеріне алғыс білдірді.
«Бүгінгі халықаралық конференцияның негізгі өзегі – жастарды «мен елімнің өсіп-өркендеуіне қандай үлес қоса алам?» деген ойларға жетелеу, сонымен қатар тәуелсіздік қадірін барынша сезіндіру. Адамның бостандығы мен құқығын қадірлейтін, оның ары мен намысын қастерлейтін қасиетті дініміз тәуелсіздігімізді де бағалай білуге шақырады.
Расында, адамның құқығы мен бостандығынан асқан құндылық жоқ. Адамзат баласын бірлік пен игілікте өмір сүруге үндеген Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Мұсылманның қаны, дүние-мүлкі және ар-намысы өзге мұсылмандарға харам» деген. Осы ретте Сіздердің тараптарыңыздан айтылар тағылымды ойлар мен мазмұнды баяндамалар елге тұтқа болар жас ұрпақтың санасына сәуле шашып, тәуелсіздіктің қадірін ұғына түсуге үндейді деп сенемін» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы еліміздегі сауда орталықтарының иелері мен барша кәсіпкер азаматтарды көпшілік орындарында жазылған «қара жұма» сөзін «жомарт жұма» деп өзгертуге шақырды.
«Кейінгі жылдары жұртты жаппай саудаға тартудың әдісі ретінде қолданылып жүрген «қара жұма» сөзі қоғамда талқыға түсуде. Дініміз бен дәстүрімізде бар «жұма» сөзі қасиетті, қастерлі ұғымды білдіреді. Мен осы ретте еліміздегі сауда орталықтарының иелері мен барша кәсіпкер азаматтарды «қара жұма» сөзін «жомарт жұма» деп өзгертуге шақырамын.
«Жомарт жұма» – жүрекке жылы тиетін, халқымыздың ұғымына да сай келетін сөз. Мұсылман қауымы үшін жұма қасиетті күн болғандықтан, «қара жұманы» «жомарт жұма» деп өзгертсек, бұл – Ислам дінін ұстанатын халқымызға көрсетілген құрмет болмақ. Осылайша, кәсіпкер азаматтарымыз ізгі ниетінің нәтижесінде «жомарт жұма» акциясы аясында қаншама жанның алғысына бөленер еді» делінген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының үндеуінде.