Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри
Super User

Super User

Пятница, 18 Март 2016 17:58

Бауырмалдық – басты байлық

Адам баласының бойына ең қажетті мейірімділік пен сүйіспеншілік, өзара сыйластық пен кеңпейілділік және тағы да басқа құндылықтарды топтастыратын маңызды қасиеттің бірі – бауырмалдық. Бұл қасиеттің әсіресе, асыл дініміздегі орны өте ерекше. Дінімізде мұсылман мұсылманның бауыры, ол оған еш уақытта тілімен де, қолымен де жаманшылық жасамайды, келеке етпейді, малына, арына сұқтанбайды. Бұл иләһи қағида, исламдағы ең ұлы ұғымдардың бірі.

Алла Тағала Құран Кәрімде: (Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер. Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені: Бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды).[1] Яғни, Алла Тағала «бір топ, бір отбасы, бір ұлт немесе бір ел» деп айтпады. Бәлкім «Түп-түгел..» деп мұсылмандардың бөлінбейтін бір үммет екендігін меңзеді. Сондай-ақ, Хужурат сүресінің 10-аятында да ашық та айқын мұсылмандар бір-бірімен ажырамас ағайын-туыс екендігі айтылып, араларында ұрыс-керіс, дау-жанжал болмайтындығы, егер бола қалған жағдайда тез арада татуластырып жіберу ең игі сауапты іс екендігі айтылған: «Шын мәнінде мүміндер туыс. Сондықтан туыстарыңның арасын жарастырыңдар да Алладан қорқыңдар. Мүмкін игілікке бөленерсіңдер».[2]

Алла елшісі де (с.ғ.с.) шынайы мұсылман қоғамын мұсылмандар арасындағы өзара бауырмашылдық сезімінсіз суреттеу мүмкін емес екенін өсиет сөздерінде баса назар аударған. Ибн Омар (р.а.) жеткізген хадисте: «Алла елшісі, (с.ғ.с.): «Мұсылман – мұсылманның бауыры. Нағыз мұсылман бауырына озбырлық жасамайды. Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Алла Тағала да оның қажетін өтейді. Кімде-кім мұсылман бауырының қайғы-мұңын сейілтсе, Алла Тағала да оны қиямет-қайымның қайғысынан құтқарады. Сондай-ақ, кімде-кім мұсылманның айыбын жасырса, Алла Тағала да қиямет күні оның айыбын жасырады»,- [3] деп айтты», - делінген.

Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бауырластықтың ең жоғары үлгісін сөзімен де, ісімен де көрсеткен. Ол меккелік және мәдиналық сахабалардың арасында екі дүниедегі теңдессіз бауырластықты орнатты. Бұл, Алла жолындағы өзара сүйіспеншілік пен өзгеге қол ұшын созып, әрдайым көмекке әзір тұру, бір-бірін жақын тартуды көрсеткен бауырластық болды. Осы уақытқа дейін де және кейін де қаншама адамзат баласына бауырластықтың ең жоғарғы ғибрат алар үлгісі болып қала бермек. Абу Жухайфадан (р.а.) жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Салман Фариси (р.а.) мен Абу Дарда (р.а.) арасын бауырластырды. Бірде Салман Абу Дарданың үйіне зиаратқа келгенде оның əйелі Умму Дарданы жүдеу халінде көріп, «Саған не болған? Жүдеп кеткен көрінесің ғой» - деп, сұрайды. Сонда ол кісі жауабында: «Сенің бауырың Абу Дарда бұл уақытша дүниеден ешнəрсені қажет етпейді» - дейді. Кейін Абу Дарда келіп бауыры Салманға тамақ ұсынып: «Алып отыр мен ораза тұтқан едім» - дейді. Сонда Саламан: «Сен жемегенше мен де бұл тамақтан ауыз тимеймін», - дейді. Осы сөзден соң Абу Дарда бауырымен қосылып тамақ жейді. Түн орнаған сəтте Абу Дарда Раббысы үшін артықша нəпіл намаз оқу үшін орнынан тұрады. Салман оған: «Ұйықта»,-дейді. Жатады. Кейін біраз уақыттан соң қайта тұрып ғибадатына кіріспекші болғанда, тағы да «Ұйықта» - дейді. Жатады. Таң намазының уақыты жақындай бастаған сəтте Салман оған: «Ал енді тұр», - дейді. Сөйтіп, екеуі де, таһажжуд намазына тұрады. Одан соң Салман оған: «Расында сенде нəпсіңнің хақысы бар, Раббыңның хақысы бар, қонағыңның хақысы бар жəне шынында əйеліңнің де хақысы бар. Əрқайсысына өзінің хақысын бер»,-деп ақылын айтады. Ол екеуі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) алдына келген уақыттарында осы жайында хабарлайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Салман дұрыс айтқан екен»[4]- дейді.

Ал, ата-бабаларымыз жеті атаға дейін бір-бірін туыс көріп жақынға да, жатқа да жанашырлық танытқан. Пақыр-міскінге, мүсәпір жолаушыға көмек қолын созып, қиын жағдайда қалған жандарға жәрдем етуді адамдық борыш, сауапты іс деп санап, бауырмалдықтың жоғарғы үлгісін көрсете білген. «Жатырқау жаттың ісі, жақындау Хақтың ісі». «Жақсы адамда жаттық жоқ, жақсы жарда қарттық жоқ». «Жақсы адам жатырқамайды» деген секілді ұлағатты сөздермен келер ұрпақты тәрбиелеп отырған.

Жалпы мұсылман мен мұсылманның арасындадағы бауырмалдықтың нығайуына және одан тежейтін әртүрлі рухани дерттерден адам өзін және нәпсісін сақтауға көмек беретін мына төмендегі ережелерге көңіл бөлген абзал.

 1. Бауырыңды Алла үшін жақсы көру.

Яғни басқа дүниелік мақсат үшін емес тек Алла разылығы үшін жақсы көру. Егер бір мұсылманды жақсы көргенде Алланың разылығы емес, адамның биік мансабы, абыройы, байлығы себеп болса ол Алла қалаған бауырмашылыққа жатпайды.

Осыған байланысты мына хадиске назар салайық. Омар ибн әл-Хаттабтан (р.а.): «Алла Елшісі (с.ғ.с.) айтты: «Ақиқатында, Алланың құлдарының арасында бір адамдар бар, олар пайғамбарлар да, Алла жолында жан тапсырғандар да емес. Қиямет күні олардың Алла алдында алатын орнын пайғамбарлар да, Алла жолында жан тапсырғандар да қызғанады». Сонда сахабалар: «Ей, Алланың елшісі, олардың кім екендігінен хабар бересіз бе?» деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Олар – бір-бірін туыстық байланыс үшін емес, алмасатын дүние үшін емес, Алла разылығы үшін жақсы көрген адамдар. Алланың атымен ант етейін, олардың жүздерінде нұр болады, олар адамдар қорыққан кезде қорықпайтын болады, басқалар қайғырған кезде қайғырмайтын болады», - деді де, мына аятты оқыды: «Біліңдер! Расында Алланың достарына қауіп-қатер жоқ әрі олар қайғырмайды»[5].

Сондай-ақ мына бір хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.) «Иман келтірмейінше Жәннәтқа кірмейсіңдер, ал бір-біріңді жақсы көрмейінше иман келтірген болмайсыңдар, сондықтан сендерге, араларыңда, егер оны ұстанатын болсаңдар, сүйіспеншілік тудыратын амал үйретейін бе? Бір-бірлеріңе сәлем беруді көбейтіңдер»,-деген[6]. Расында, дініміз Ислам бауырмашылдықты иманмен бірге бір дәрежеге қоюуы мұсылмандар арасындағы бірліктің, бауырластық қарым-қатынастың қаншалықты маңызды екенін көрсету.

 2. Бауырыңа өшпенділік, көреалмаушылық жасамау.

Шындығында, мұсылман адам – жаны таза, қоршаған ортасына арамдығы жоқ, тіпті кешкілік төсегіне жатарда: «Йя, Алла, жан баласына деген жамандық, өшпенділік және көреалмаушылық деген жаман қылықтардан бойымды тазарттым. Куә бол!» деп айтып жатқан жөн.

Абу Хурайра (р.а.) жеткізген хадисте Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Бір-біріңе көре алмаушылық пиғылда болмаңдар, бағаларды көтермеңдер, бір-біріңді жек көрмеңдер, бір-біріңе арқаларыңды қаратпаңдар, бірің біріңнің саудасының үстінен сауда жасамаңдар, бір-біріңе бауыр болыңдар»,- деген[7].

Негізі көреалмаушылық адам жүрегіндегі ең қатерлі дерттерден. Көреалмаушылық – қандай да бір адамда артықшылықтың немесе бір нығметтің болмауын жүрекпен қалауы. Сонымен бірге ол Жаратушыға әділетсіз деп жала жауып, әдепсіздік жасап, Алланың ақ жолына қарсы шығады. Егер біз, бойымызға барлық нәрсені беретін Алла, игіліктің бәрін де беруші Алла екендігін мықтап сіңдіретін болсақ, өзімізге қалағанды өзгеге қалай білсек бұл «дерттен» сауыға алады екенбіз. Ол үшін иманымызды күшейтіп, білімімізді арттырып, дұғамен қаруланған абзал. Сондай-ақ, көреалмаушылықты сыйлықпен өшіруге де болады. Хадисте: «Бір-бірлеріңмен (шынайы) қол алысыңдар, іштеріңдегі кекшілдік жойылсын. Бір-бірлеріңе сый-сияпат жасаңдар, сүйіспеншілік артсын және араларыңдағы көре алмаушылық жойылсын» [8] делінген.

Әнәс (р.а.) былай деп баяндаған: «Бір күні біз Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) бірге отырғанымызда, ол бізге: «Қазір мына жерге Жәннатқа кіретін кісі келеді» - деді. Сол мезетте бір ансарлық кісі келді. Оның сақалынан дәреттен қалған су тамшылары тамшылап тұрды, ал сол қолында аяқ киімі болғанды. Келесі күні пайғамбарымыз әлгі сөзді қайта айтып еді, кешегі кісі қайта кіріп келді. Одан кейінгі күні осы оқиға тағы да қайталанды. Пайғамбарымыз басқа жаққа кетіп қалған кезде Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) әлгі кісінің ізіне түсті де, жетіп алып: «Мен әкеммен жанжалдасып қалып едім, сөйтіп оған үш күн бойы үйге оралмаймын деп уәде берген едім. Егер қарсы болмасаңыз, осы күндері сіздің үйіңізде болайын?!»-деді. Әлгі кісі онымен келісті. Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Ас былай деп баяндады: «Мен оның үйінде үш күн болдым, бірақ ерекше еш нәрсе көрмедім. Тек көргенім таң намазына дейін түнде тұрып немесе жамбастап жатып Алланы еске алып, мадақтар айтатын. Үш күн өтті, көргеніме риза болмадым. Сонда мен оған: «Әй, Алланың құлы! Мені мен әкемнің арамызда еш нәрсе болған жоқ. Мен тек Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үш рет: «Қазір мына жерге Жұмаққа кіретін кісі келеді», - деген сөзін естідім, әрі әр айтқан сайын сіз кіріп келдіңіз. Кейіннен мен сіздің не істейтініңізді білу үшін жаныңызда болғым келді. Сөйтіп сіздің жаныңызда бірге болдым. Алайда, мен сіздің амалдарыңыздан ерекше ешнәрсе көргенім жоқ. Олай болса, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сіз туралы не үшін былай айтты екен?»-дедім. Әлгі кісі: «Мен сіз көрген нәрседен артық еш нәрсе жасамаймын. Алайда, сонымен қоса, мен мұсылманның ешқайсысын алдамаймын, Алланың оларға берген нығметін қызғанбаймын»,-деді. Сонда Абдулла: «Сіз расында да мына деңгейге осы себепті жеткен екенсіз! Шынында, мұндай деңгейге жету оңай емес»,-деді[9].

 3. Тілге сақ болу.

Тіл адам дене мүшелерінің ішіндегі көлемі жағынан кішкентай болғанына қарамастан, оның орны мен оған жүктелген міндет орасан зор. Ата-бабаларымыз «Басқа бәле тілден», - деп бекер айтпаса керек. Шындығында, біреу аузына арам ас алмаса да, қолымен ұрлық қылып, аяғымен қылмысқа бармаса да, тілінен шыққан бірауыз күнәлі сөзі себепті жан-тәнімен жаһаннамда күйіп-жануы әбден мүмкін. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: Адам баласы ұйқыдан оянғанда бүкіл дене мүшелері тіліне қарап: «Біз үшін Құдайдан қорық. Сен түзелсең, біз де түзелеміз. Сен бұзылсаң, біз де бұзыламыз», - деп жалына бастайды екен. Әрі осы көрініс әр күні таңертең қайталанып отырады[10]. Алла Құран Кәрімде: «Әй, мүміндер! Алладан қорқыңдар да дұрыс сөз сөйлеңдер. Алла істеріңді оңалтып, күнәларыңды жарылқайды»,-деген[11]. Яғни, Алладан қорқып дұрыс сөз сөйлеуіміз – ісіміздің оңалуына әрі күнәларымыздың кешірілуіне себеп болады.

Билал ибн Харис әл Музани (р.а) риуаят етеді. Пайғамбар (с.ғ.у.) айтты: «Расында бір адам Алланың ризалығынан болған бір сөзді айтады. Ол сөздің мәнінің соншалықты дәрежесінің барын білмейді. Сол сөзді сөйлегені себепті, Алла оған өзіне жолығатын күнге дейін өз ризалығын жазып қояды. Сондай – ақ, бір адам Алланың ашуынан болған бір сөзді айтады. Ол сөздің мәнінің соншалықты дәрежесі барын білмейді. Сол себепті, Алла оған өзіне жолығатын күнге дейін өз ашуын жазып қояды»-деген [12].

Яхия ибн Рашидтен жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтты: «Кімде-кім бір мүмин туралы онда жоқ нәрсені айтса, яғни жала жапса, Алла оны тозақтағы рәдғат әл-хабалға (тозақтың ең лас жері) орналастырады»-деген [13].

 4. Шамаң жеткенше бауырыңның дүниелік істерін өтеуге көмек көрсету.

Абдулла ибн Омардан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бір кісі келіп: «Ия, Алланың Елшісі! Алланың алдында адамдардың ең жақсы кім? және амалдардың ең жақсысы қандай?»-деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адамдардың Аллаға ең жақсырағы адамдарға пайдалы болғаны, ал амалдардың Аллаға ең жақсырағы мұсылманның көңіліне кіргізген қуаныш немесе қайғысы болса қайғысын сейілтуі немесе қарызы болса қарызын өтесуі немесе аш болса қарнын тойдыруы, Мұсылман бауырының бір қажетін өтеуі мына мешіті бір ай иғтикафта (мешіттен шықпай құлшылық жасау) тұрғаннан абзал, кім ашуын жүгендесе Алла оның кемшілігін жабады, кім ашуының есесін алуға шамасы жетіп тұрып ашуын басқан болса, Алла ол кісінің жүреген қиямет күні ризалыққа толтырады. Ал кімде-кім мұсылман бауырының қажетін өтеуге көмектессе,онда Алла қиямет күні оның қажетін өтейді, шындығында сірке су балды бұзғандай жаман мінез адамның жасаған амалын бұзады»,-деді [14].

 5. Бауырыңа насихат айту.

Шындығында мұсылман насихатшыл болып, бауырының кемшіліктерін толықтырып, түзетуге тырысу керек. Бірақ насихат айтудың жөні осы екен деп ақыл-кеңес берудің де өзіндік әдептерін сақтаған абзал. Имам Шафиғи (р.а.): «Кімде-кім бауырына басқа адамдардың көзінше насихат айтса, оны балағаттағанмен тең, ал кімде-кім, өз бауырына оңаша насихат айтатын болса, адалдық жасаған болады»,- деген. Сол секілді өмірлік тәжірибесі мол кісілерден насихат сұралған болса, қайырлы кеңес беріп, насихат айту міндет.

Бірде Абдулла ибн Мубарактың мәжілісіне бір кісі келіп, бір мұсылман жайлы ғайбат айта бастады. Сонда оған Абдулла ибн Мубарак: «Сен өзің римдықтармен немесе парсылармен болған соғыстарда болып пе едің?»-деді. Әлгі кісі: «Жоқ», - деп жауап қаты. Сосын Абдулла ибн Мубарак оған: римдықтар да, парсылар да сенен аман қалып, ал мынау мұсылман бауырың сенен құтыла алмаған екен»,-деп, астарлап насихат айтқан.

 6. Өзара жәрдемдесу.

Хазіреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір сахабасына: «Бауырың жауыз болса да, жәбірленуші болса да жәрдем ет», - деп айтты. Мұны естіген сахаба таң қалып: Жәбірленушіге жәрдем етермін, ал жауызға қалай көмектесемін, - деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Оның жауыздық іс-әрекетінен бас тартуына көмек беруің – оған жасаған көмегің болмақ» [15], - деп жауап берген.

 7. Бауырыңның айыптарын жауып, қателіктерін кешіре білу.

Бауырың күнәдан пәк періште де, пайғамбар да емес сондықтан кейбір қателіктеріне кешіріммен қарау өте маңызды. Ғұламалар адамдарды екі топқа бөлген. Біріншісі: адамдардың арасында жақсы істермен танылып, күнә істерден алыс болумен белгілі болған кісілер. Мұндай кісілердің жіберген кейбір кемшіліктерін көрсе де көрмегенсіп кешіріммен қарау міндет. Ал, екіншісі: күнә саналған істерді жарыса жасап, әрі жария істейтін, не Құдайдан да, адамдардан да ұялмайтын адамдар. Ибн Омардан (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Тілімен иман келтіріп, иманы жүрегіне жетпегендер, мұсылмандарды жәбірлемеңдер, балағаттамаңдар, олардың кемшіліктерін іздемеңдер! Шындығында Алла мұсылман бауырының кемшілігін аңдығанның өзінің кемшілігін әшкере етеді. Ал Алла кімнің кемшілігін әшкере етер болса, ол үйінің ортасында жасырынып отырса да масқарасын шығарады»,-деді [16].

Ақиқатында, асыл дініміз бауырмашылдық пен кеңпейілділік, бейбітшілік пен татулық, игі қарым-қатынас пен көркем мінез, жақсылық пен тақуалық және өзара жәрдемдесу секілді ізгілікті істердің бәрін өз ішіне қамтыған. Мұсылмандардың бауырмашылдығы берік болса, алынбайтын қамал, өте алмайтын асу болмайды. Өкініштісі, қазіргі таңда мұсылмандар арасында достық, бауырмалдық мінездерден гөрі, алауыздық көбірек байқалатыны жасырын емес. Кейде адамдар болмашы бір дүниелік іске бола, пендешілікке салынып, мұсылман бауырларымен қарым-қатынасын үзіп жатады. Ислам шариғатында мұсылманның мұсылман бауырына үш күннен артық ренжіуіне тиым салынады. Елімізде халықтың діни-сауаттылығын арттырып, атадан қалған асыл дініміздің тағылымды тәрбиелік құндылықтарын бойымызға сіңіріп, іске асыра білсек қана халқымыздың бірін-біріне деген бауырмашылдығы арта түсері ақиқат. Расында, дін мен дәстүрімізді ұстансақ қана ізгілік пен берке-бірлікке қол жеткізе алатынымыз хақ. Осыған байланысты мына оқиғаға зер салып көрсек. Бірде сабын сатушы мен діндар кісінің арасында мынадай сұхбат болыпты. Сабын сатушы: «Осы Ислам діні жақсылыққа үндеп, жамандықтан қайтаратын болса, неге онда оның пайдасы әлі көрініс таппайды, қоғамада көптеген дүрдараздықтар орын алып жатады?»- дейді. Діндар: «Егер сенің сабыныңның пайдасы болғанда дүниеде кір атаулы болмас еді ғой»-деп жауап қайтарады. Сабын иесі: «Адамдар сабынымды пайдаланбаса менің қандай кінам бар дейді? Діндар: «Егер адамдар дінді ұстанбаса діннің қандай кінасы бар?» - деп байыптылықпен жауап берген екен.

Бір-бірімізге мейірімді һәм кешірімді, жанашыр, көркем мінезділік танытып, қамқор және бауырмашыл бола білейік!

[1] Әли Имран сүресі 103-аят
[2] Хужурат сүресі, 10-аят
[3] Муслим хадистер жинағы
[4] Имам Бухари сахихында келген
[5] Әбу Дауд хадистер жинағы
[6] Муслим хадистер жинағы
[7] Муслим хадистер жинағы
[8] Имам Мәликтің «Муатта» хадистер жинағы
[9] «Мажма әз-Зауаид» (8/78).
[10] Тирмизи хадистер жинағы №2047 хадис.,
[11] Ахзаб сүресі, 70-71 аят
[12] Бухари, Мәлик, Тирмизи риуаяты
[13] Әбу Дәуіт, № 3597
[14] Имам Табарани «Кабир» кітабында
[15] Имам Бухари сахихында келген
[16] Термези, Ибн Хиббан риуаят еткен.

Керімбаев Төлеген Арғынбайұлы,
Қарабалық ауданы «Ғашура ана»
мешітінің бас имамы

Күллі мақтау мен мадақ әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың ардақтысы, шапағат шамшырағы болған Пайғамбарымызға сансыз салауаттар болсын.

Әуел бастан адамның жер бетіне жіберілудегі негізгі мақсұты – Аллаға құлшылық ету. Адамзаттың өмірі күллі әлемнің Жаратушысының разылығы мен махаббатына бөлену бағытында ақиқат іздеу көріністеріне толы. Жаратушы Иеміз өзінің иләһи кітабы мен уахи арқылы, әр нәрсенің ақ пен қарасын ажыратып, адамзат үшін кемел әрі ізгі амалдарды айқындап берді. Хақты тани түсіп, оны шынайы сүюге жетелейтін бірден-бір жол – ол асыл дініміздің іргетасы болған бес тірегі.

Абдулла ибн Омар (р.а.): былай деп баяндайды: «Мен Алланың Елшісінің (ﷺ): «Ислам бес тіректен тұрады: Алладан басқа құлшылыққа лайықты ешкім жоқ, және Мұхаммед Оның елшісі екендігі туралы куәлік беру, намаз оқу, зекет беру, қажылыққа бару және рамазан айында ораза ұстау», - деп айтқанын естідім»1.

Бұл бес парыз діннің негізгі тірегі. Зер салып ойланар болсақ, мәселен, көп қабатты үй тұрғызар алдында, оның іргетасын құяды, онсыз үй салу мүмкін емес. Мәңгілік өмірге барғанда амал дәптерімізде Алланың әмір еткен нәрселерінің ешбірі жазылмаса, міне нағыз масқара деген осы.

Бес тіректің алғашқысы:
 1. Алладан басқа ешбір (құлшылыққа лайықты) құдай жоқтығына және Мұхаммед Алланың елшісі екендігіне куәлік беру.

Байқап қарайтын болсақ, Құран сөзінде де, хадистерде де алдымен иман, содан кейін ғана өзге жақсы істер аталады. Ардақты Пайғамбарымыз (ﷺ) өз үмбетін алдымен жүректеріне иман ұялатуға шақырды. Ол (ﷺ) Муаз ибн Жәбалды Йеменге аттандырарда: «Муаз, Йемен жұртшылығын алдымен Алладан өзге тәңір жоқ екеніне және менің Алланың елшісі екендігіме иман келтіруге шақыр. Егер осыған сенсе, күніне бес уақыт намаз парыз екенін айт. Одан кейін байлардан алынып, кедей-кепшіктерге берілетін зекет жайлы хабар бер» деген 2. Құран Кәрімнің мына бір аяты аталмыш хадисті хадисті дәлелдей түседі:

وَلَقَدْ أُوحِيَ إِلَيْكَ وَإِلَى الَّذِينَ مِن قَبْلِكَ لَئِنْ أَشْرَكْتَ لَيَحْبَطَنَّ عَمَلُكَ وَلَتَكُونَنَّ مِنَ الْخَاسِرِينَ

«Расында саған да сенен бұрынғыларға да: «Егер Аллаға ортақ қоссаң әлбетте амалың жойылып кетеді де, анық зиянға ұшыраушылардан боласың» деп уахи етілді»3. Яғни, иман келтірмей оқыған намаз, берген зекет ауаға ұшып кеткенмен бірдей.

«Бес парызы мұсылманның ең әуелі, бұл – иман
Иман болмай, төрт парызды түсіне алмас еш адам
Одан кейін намазды біл, жақын қылар Аллаға
Пайғамбардың көз нұрына айналған…» – деген өлең жолдары да имансыз амалың құр әуре екенін келтіреді.

Исламның алғашқы баспалдағы иманнан басталады. Жүрегіңнің түкпірінде шынайы сенім болмаса, басқасына бас ұру бос нәрсе.

 2. Намаз оқу

Құран Кәрімде:

قُلْ مَا يَعْبَأُ بِكُمْ رَبِّي لَوْلَا دُعَاؤُكُمْ ۖ فَقَدْ كَذَّبْتُمْ فَسَوْفَ يَكُونُ لِزَامًا

«(Мұхаммед Ғ.С.) оларға: «Егер құлшылықтарың болмаса, Раббым, сендерді қалай бағаласын? Рас сендер жасынға айналдырдыңдар. Сондықтан азапқа душар боласыңдар» де»4, - делінген. Міне, Жаратушы Иеміз осы аяттарда айтылғандай, басқа да көптеген аяттарында адам баласының мәңгілік азаптан құтылу үшін иманнан кейін салих амал иесі болуының қажеттілігін айтқан.

Намаз болса сол ғибаттардың алғашықысы, діннің діңгегі, мүміндердің миғражы болған ерекше құлшылық.

فَإِذَا قَضَيْتُمُ الصَّلَاةَ فَاذْكُرُوا اللَّهَ قِيَامًا وَقُعُودًا وَعَلَىٰ جُنُوبِكُمْ ۚ فَإِذَا اطْمَأْنَنتُمْ فَأَقِيمُوا الصَّلَاةَ ۚ إِنَّ الصَّلَاةَ كَانَتْ عَلَى الْمُؤْمِنِينَ كِتَابًا مَّوْقُوتًا

«Қашан намаз өтеп болсаңдар, Алланы; тұрып, отырып және жатқан бойда еске алыңдар. Қашан тынышталсаңдар, онда намазды толық орындаңдар. Өйткені, намаз мүміндерге белгілі уақытта парыз қылынды»5, – деп Раббымыз балиғат жасына толған құлдарына намазды парыз ете отыра, күнде бес мәрте нәпсімен күресу арқылы кемелдікке жетеді.

Намаз Алла мен құл арасындағы берік байланыс. Сондықтан намаз Алла Тағаламен тілдесер сәт, Оған жақындата түсетін амал.

«Бес уақытта бес намаз, біреуі қаза бомасқа», - деп Бұқар жырау жырлағандай, сауабы мол осы құлшылықтың қадірін кетіріп алмайық. «Намаз – көзімнің қарашығы» деген Пайғамбарымыз (ﷺ) аяғы іскенше намаз оқығанын білеміз. Барлық нығметтермен еншіленіп қойса да, жамандық атаулыдан ада болса да, күні-түні құлшылықтан бас алмаған Алла елшісінің (ﷺ) Раббысына деген махаббаты шексіз еді.

«Иманнан соң дін тірегі-намаз», – дейді,
Намазбен пенде Алладан пана іздейді.
Құлшынып құлшылығын арттырғандар,
Құраннан ешқашан да ара үзбейді» ,-деп намаздың қадір-қасиетін жырға қосты.

Олай болса ислам тірегінің бірі – намазды орындап, Алланың мол ризық-несібесіне бөленуге асыққанымыз абзал!

 3. Зекет беру

«Зекет» – «берекет, тазалық, өсу, көбею, арту және мақтау» деген мағыналарды білдіреді. Шариғат термині бойынша белгілі деңгейдегі мал-мүліктің тиісінше бір бөлігін Алла Тағала белгілеген кейбір мұсылмандарға мүлік етіп беру дегенге саяды. Құран Кәрімде келтірілгендей: «(Мұхаммед Ғ.С.) олардың малдарынан садақа ал да, ол арқылы оларды тазартып, берекелендіресің. Оларға дұға қыл. Өйткені сенің дұғаң олар үшін бір тоқтау. Алла толық естуші, аса білуші» 6.

Бір хадисте «Малыңның зекетін бергенде кедейдің өзіңнің малыңдағы ақысын төлеген боласың» – делінген. Яғни, нисаб мөлшерінен артық мал-мүлікке ие болғандардың кедейлерге малдарының бір бөілігін беріп, қалған малдарын адал етуі «зекет» болып табылады.

Бірде сахабалар Пайғамбарымыздан:
 • Адамның ішіндегі асылы кім? – деп сұрағанда:
 • Құдайдың жолында малы мен жанын аямай туралыққа ұмтылған жан, – деген жауап қайтарады.

Қазақ не істесе де «Құдайдан қайтады» деп айтуы, осы жәйттерді терең түсінгенінен болса керек.

 4. Қажылыққа бару

Құран аяттарында:

بِالْحَجِّ يَأْتُوكَ رِجَالًا وَعَلَىٰ كُلِّ ضَامِرٍ يَأْتِينَ مِن كُلِّ فَجٍّ عَمِيقٍ

«Адамдарды хажға шақыр. Олар жаяу және көлік үстінде әрбір алыс жолдардан саған келеді»7 – дейді.

Исламның негізгі шарттарының бірі – қажылық. Қажылықты тәуап етуде адамзат үшін дүниеде де, ахиретте де хикметтері жетерлік. Мекке – тілі, ұлты деп бөліп-жармай әлемнің түкпір-түкпіріндегі мұсылмандардың басын қосатын құтты орын. Алла елшісі: «Қажылыққа бара алатын кісі асықсын!»8. деген болатын. Қазақ жүз рет естігенше, бір рет көр деген емес пе?! Исламның тарихына тұнып тұрған, Жаратылыс Нұрының туып өскен жерін бір көру, Алланың қасиетті еткен Қағбаны айналу, Расулулла (ﷺ) жұтқан ауаны жұтып, оның басқан ізін өз көзіңмен көруден асқан нығмет жоқ болар.

Пайғамбарымыз (ﷺ): «Қабыл болған қажылық үшін жәннаттан басқа сый болмайды», - дейді. Қажылық ол – Алланың шексіз мейірімі көрініс тапқан ғибадаты.

 5. Рамазан айында ораза тұту

شَهْرُ رَمَضَانَ الَّذِي أُنزِلَ فِيهِ الْقُرْآنُ هُدًى لِّلنَّاسِ وَبَيِّنَاتٍ مِّنَ الْهُدَىٰ وَالْفُرْقَانِ ۚ فَمَن شَهِدَ مِنكُمُ الشَّهْرَ فَلْيَصُمْهُ ۖ وَمَن كَانَ مَرِيضًا أَوْ عَلَىٰ سَفَرٍ فَعِدَّةٌ مِّنْ أَيَّامٍ أُخَرَ ۗ يُرِيدُ اللَّهُ بِكُمُ الْيُسْرَ وَلَا يُرِيدُ بِكُمُ الْعُسْرَ وَلِتُكْمِلُوا الْعِدَّةَ وَلِتُكَبِّرُوا اللَّهَ عَلَىٰ مَا هَدَاكُمْ وَلَعَلَّكُمْ تَشْكُرُونَ

«Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла (Т.) сендерге оңайлық қалайды, ауыршылық қаламайды. Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар»10, - деген Құран сөзі Рамазан айындағы оразаның қадыр-қасиетін айқын көрсетіп беріп отыр.

Рамазан айында ішіп-жеуден тыйылып, ораза ұстау барша мұсылманға парыз. Бұған дәлел: «Ей, мүміндер! Ораза сендерге парыз етілді», - деген аят.

Хазреті Мәуләнә: «Адамзаттың негізгі азығы – Алланың нұры. Оған денелік тамақты көп мөлшерде беру дұрыс емес. Адамның негізгі азығы – иләһи махаббат пен ақыл. Адамзат қашан да негізгі рухани азығын ұмытып, денелік азықтың артына түсіп кеткендіктен тынышсыз болады», - деп аш жүрудің керісінше пайдалы екенін айтады. Сонымен қоса, Пайғамбарымыз (ﷺ): «Ораза – сабырдың жартысы»10 деп айтқан. Яғни, бұл айда тек ауызды тамақтан қалай тыйсаң, аузыңнан шығатын сөзге де абайлау керек. Өтірік, ғайбат сөйлеп жүрсе, рақымы мол Алланың сауабынан құр қалғаны.

Осы айтып өткенімізді топшылай келетін болсақ, амал жасамас бұрын иман келтіру керектігін айтып өттік. Сонымен қатар ғибадат-құлшылықтардың қабыл болуының себепшісі – мінез-құлық. Ислам діні – мейірімділіктің, кешірімділік пен татулықтың, көркем-мінездің діні. Сондықтан да жоғарыда атап өткен ислам тіректерінің толық орындалуы үшін адамның ахлақы дұрыс болуы керек. Хакім Абай айтқандай: «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргенінен емес». Қандай амал жасамасын ниеті түзу, шынайы ниетпен істеу бұл дініміздегі маңызды мәселе. Көркем мінездің тамаша үлгісін көрсетіп кеткен Мұхаммедтің (ﷺ) үмбеті болғаннан кейін Расулулланың ғұмыры бізге өнеге. Алла елшісінің (ﷺ): «Мен жақсы мінез-құлықтарды кемеліне жеткізу үшін жіберілгенмін»11, – деген хадисі осыған мысал. Сол сияқты, «Сендердің ең жақсысы, мінезі жақсы болғандарың».

«жақсы мінезді мұсылман – иманы ең кемел мүмін болмақ». «Қияметте таразыны ең ауыр басатын амал – Алладан қорқу және көркем мінез» деген хадистер де көркем мінез-құлықтың исламда қаншалықты маңызды екенін айтады.

Бір кісі пайғамбарымызға (ﷺ) келіп: «Дін деген не?» – деп сұрағанда: «Ол – көркем мінез», – деп жауап қатқан. Әлгі адам айналшақтап кетпей, бір қойған сауалын неше рет қайталаса да, пайғамбарымыздан (ﷺ): «Көркем мінез»,– деген жауапты алған.

«Амалдардың ең жақсысы қайсы?» – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (ﷺ): «Көркем мінез», – деген. Адамзаттың асылы Алла Елшісі (ﷺ) басқа бір хадистерінде: «Алла бұл дінді Өзіне тән қылды. Сендердің діндеріңе жомарттық пен көркем мінезден басқасы жараспайды. Ояныңдар. Осы екі қасиет арқылы діндеріңізді көркемдеңіздер». «Сірке балды қалай бұзса, жаман мінез-құлық та дәл сол секілді ізгі амалдарды бұзады (жарамсыз етеді)» деген екен.

Алла ізгі амалдарымызға сай, көркем-мінез құлық берсін, толық құлшылық етуді нәсіп етсін!

[1] Бухари 8, Муслим 16.
[2] Бухари, зекет, 1.
[3]Зүбәр сүресі, 65 аят.
[4] Фұрқан сүресі, 77 аят.
[5] Ниса сүресі, 4/103.
[6]Тәубе сүресі, 103 аят.
[7] Хаж сүресі, 27 аят.
[8] Жемұл-Фәуәид, ІІ, 77.
[9] Әл-Бұхари, Муслим.
[10] Термези, Дәуауәт, 86.
[11] Байхақи.

Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінің
найб имамы Икрам Бақытжан

Четверг, 17 Март 2016 12:45

Наурыз мерекесінің шуағы

Белгілі дін қайраткері, Асылхан қажы Түсіпбек басқаратын Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешітінің қызметкерлері ұлағаты мол Наурыз мерекесі қарсаңында ардақты аға буын өкілдерінің басын қосты.

Жиналғандар негізінен осы киелі орынның құрылуына өздерінің қомақты үлестерін қосқан ақсақалды қарттарымыз бен ақ жаулықты аналарымыз. Олар келісті ұлттық киімдері және ғибратты сөздерімен арнайы жайылған дастарханның берекесін келтіріп, ажарын аша түсті.

Көпті көрген кісілер өздеріне ән-күйден шашу шашқан Мәдениет үйінің өнерпаздарына дән риза болысты. Олардың асыл ана туралы шырқаған әндері тыңдаған жанның жүрегін тебірентті.

Басқосуда Әбдікәрім, Сапа, Сайым қажылар, сонымен қатар ардақты аналар Қайныкеш, Нұржамал апалар кешті ұйымдастырушыларға шын жүректен шыққан шынайы лебіздерін білдіріп, барша жиналғандарды келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтады.

ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі

Арқалық қаласындағы Абай Құнанбаев атындағы орта мектебінде тәрбие мәселесіне арналған «Иманды ұл, инабатты қыз – ел тірегі» атты пікір алмасу мақсатындағы «Дөңгелек үстел» өткізілді.

Оған қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешіттің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы, мектептің тәрбие жөніндегі меңгерушісі, қалалық ішкі істер басқармасының маманы, зейнеткер ұстаздар, білім ордасының медбикесі және психолог мамандар қатысты.

Кездесуде мәнді де мағыналы әңгіме өрбіді, салиқалы пікірлер айтылып, 10 және11 сынып оқушылары ұйып тыңдады. Оларға имандылық, кішіпейілділік, көркем мінез, әдептілік, адамгершілік қасиеттер жайлы насихаттар айтылды.

Сондай-ақ осында оқушыларға ғибрат боларлық өмірлік тәжірибелерімен де бөлісті. Әсіресе, қыз бала тәрбиесіне байланысты «Қызға қырық үйден тыйым»-деген аталы сөзге көбірек назар аударылды.

Оқушылар да түрлі сұрақтар қойып, нақты жауаптар алды. Жалпы, бұл кездесудің өскелең ұрпағымызға берері мол болды. Осылайша, жоғарыда аталған мешіт қызметкерлері жұртшылықтың алғысына бөленді.

ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі

Бүгін Қостанай облыстық Марал ишан мешітінің наиб имамы Бақытжан Икрам Қостанай құрылыс колледжінде болып, осында білім алып жатқан жастармен жүздесті.

Білім ордасындағы жиналған студенттерге «Уаһһабизмнің кесірі» деген қазіргі таңдағы жұртты аса толғандырып жүрген тақырып бойынша жан-жақты айтылды.

Наиб имам осы басқосуында қатысушылардың пікірлерін тыңдап, өскелең жас ұрпақтың жат ағымдардан аулақ болулары жөніндегі ойларын айтты.

Кездесуде студенттер талқыланған мәселе бойынша көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, оған тиянақты жауап алды.

ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі

Понедельник, 14 Март 2016 10:53

Әскери қызметкерлермен бір сәт

Жуырда Рудный қалалық «Нұр» мешітінің Бас имамы Сейіт Темірбекұлы Рудный қалалық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің қызметкерлерімен кездесті.

Онда әңгімеге «Әскер қатарына диструктивті теріс ағымдардың кіруінен сақтану» атты діни тақырып арқау болды. Мұндағы мақсат - болашақ Отанды қорғайтын жастардың санасын улайтын теріс ағымдардан сақтандыру.

-​ Отанды қорғау – әрбір азаматтың басты парызы. Сондықтан біз шаһардағы Қорғаныс істері жөніндегі бөліммен тығыз байланысымызды алдағы уақытта да жалғастыра бермекпіз. Мұндай жүздесулердің екі жаққа да берер тағылымы мол, - дейді бас имам Сейіт Темірбекұлы.

Жиын соңында аталмыш мекеменің қызметкерлері тарапынан қойылған сұрақтарға дін қайраткері жан-жақты жауап берді.

ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі

Пятница, 11 Март 2016 16:20

Құрметке ылайық аналар

Жер бетінде анадан артық асыл жан бар ма? Мұны жете ұққан Денисов ауданы «Жұма» мешіті аудан әкімдігімен бірлесе отырып, осындағы «Әлем» мәдениет үйінде жергілікті жердегі ақ жаулықты аналарымызға ілтипат көрсетті.

Салтанатты жағдайда көп балалы 12 анаға «Алғыс хат» тапсырылды. Көрсетілген ерекше құрметке барша аналар қауымы шынайы алғыстарын білдірді.

Сонымен бірге Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінде де әжелеріміз бен ақ жаулықты аналарымызға арналып дастархан жайылды.

Жиылған қауымға мешіт имамы Сабыржан Зейнелғабиденұлы алғысын білдіріп тілегін айтты.

Мешіт қызметіне разылығын білдірген 84 жастағы Шұға әжей жиылған аналар қауымының атынан тілегін білдіріп, батасын берді.

ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі

Пятница, 11 Март 2016 10:13

Ардақты аналарға құрмет!

Есенгелді Әжімахан тегі басқаратын Ұзынкөл аудандық «Балықты» мешітінің қызметкерлері жылда Наурыз айы туғанда осы өңірдегі ардақты аналарға құрмет көрсетуді дәстүрге айналдырған.

Осы сөзіміздің нақты дәлелі ретінде жақында бас имам және аудандағы мешіт жанындағы ақсақалдар алқасының мұрындық болуымен ақ жаулықты апаларымызға сый-құрмет көрсетілді.

Мешіттің асханасында дастархан жайылып, әрбір шаңырақтың ажары болып табылатын ақ жаулықты апаларымызға жылы лебіздер айтылып, өнерпаздар концерт қойды.

Жиналған аналарымызға салтанатты түрде сыйлықтар табыс етілді. Оған Ағайша Бижан сынды жеке кәсіпкерлер демеушілік етті. Оларға деген көпшіліктің алғысы шексіз.

ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бақытбек қажы Тәжімбет Нұр-Мүбарак университетіндегі қостанайлық студенттермен кездесті. Негізгі мақсат: биылғы түлектерді жұмысқа шақыру және өзге студенттерді жазғы маусымда аймақ мешіттеріне тәжірибелік жұмыстарға баулу.

Қостанай өңірін қазағы қайнаған Оңтүстік аймақтармен салыстыра алмаймыз. Қызметке кіріскен әуелгі уақытта ислам білімінің артықшылығы жайлы елге жеке-жекелеп тұрып түсіндіргендейміз. Соның нәтижесінде білімге қызығушылығы артқан 10 бала екі айда біраз нәтижеге қол жеткізгені бізді қуанышқа бөледі. Енді оларды көріп тағы оннан аса жастар білім алуға келіп жатыр. Осы арнайы білім беріп жатқан жастар арасында бірнеше бала Нұр-Мүбарак университетіне келуге. Исламтанушы болуға ниеттері бар...

Осылайша қуанышымен бөліскен Бақытбек қажы Тәжімбет болашақта Нұр-Мүбарак университетінің дайындық курсын ашуға ниеттері барын жеткізді. Өйткені, дінді түсінген тұрғындар арасында ислам біліміне деген қызығушылық та арта түскен.

Ал бүгінде Нұр-Мүбарак университетінде Қостанай облысынан барлығы 19 студент білім алуда. Оның бесеуі қыз бала. Алдағы жазда арқалық студенттердің үшеуі бакалавр дәрежесіне ие болу алдында тұр.

«Хаққа қызмет, халыққа қызмет» деген қостанайлық делегация Алла жолында елге қызмет етудің артықшылығы жайлы жан-жақты саралап өтті.

Айша КЕҢЕСБАЙ,
Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі

old.muftyat.kz

Среда, 09 Март 2016 14:41

Сауат ашу курсы жалғасты

Қостанай облысының өкіл имамы Бахытбек Тәжімбеттің басшылығымен Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының 2020 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы негізінде бастау алған сауат ашу курсы бірінші түлектерін шығарып салып, енді міне жалғасын бастап та кетті.

Қазір облыс көлемінен келген 14 шәкірт Қостанай қалалық мешітінде оқуда. Оларға облыстағы білікті діни мамандар сабақ береді. Аталған мерзім ішінде Құранды жете үйреніп, Ақида, Тәжуид және араб тілінен дәріс алады.

Салтанатты рәсімде Қостанай облысы «Марал ишан» мешітінің наиб имамы Икрам Бахытжан білім алушы шәкірттерге сәт сапар тіледі.

ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником