«Ақырет» сөзі соңғы деген ұғымды білдіреді, яғни дүние тіршілігінің соңғы уақытын, біткенін білдіретін діни термин. Аят пен хадистерде ақырет, қиямет, ақырзаманның күмәнсіз болатыны білдіріледі. Мысалы, қиямет дүние тіршілігінің бітуі, яки бітуіне жақын қалуын білдірсе, ақырзаман қияметтің жақындауы деген сөз. Қиямет қайым – Исрафилдің (ғ.с.) бірінші рет Сурға үрлеуімен басталып, екінші Сурға үріліп, Алланың құзырына барғанға дейінгі аралықты қамтитын кезең. Қиямет қайымның қалай болатындығын баян еткен аят пен хадистер өте көп. Бірақ қашан болатындығы беймәлім, оны тек Алла біледі. Ақырет күні болса, Исрафилдің (а.с.) екінші рет Сурға үрлеуімен басталған қайта тірілу, Алланың құзырында есеп беру, жәннәт пен жәһәннамдағы орындарына бару мен ондағы өмірдің басталуына дейінгі кезең екендігі ислами танымға байланысты еңбектерде келтіріледі.
Ақырет күніне иман ету – иман негіздерінің бірі. Оған сену – парыз. Құранда Аллаға иман етуге байланысты айтылған аяттарда ақырет күніне (яумил ахир) иман ету де бірге айтылады. Ақырет күніне иман етуімізді бұйырған аят пен хадистер саны көп болғандықтан, бірнешеуіне ғана тоқталып өтейік: «(Мұхаммед (с.ғ.с.) Олар саған түсірілгенге әрі сенен бұрынғы түсірілгенге сенеді және ақыретке анық нанады [1]»; «Кім Аллаға, ақырет күніне иман ететін болса және ізгі амал жасаса, оларға қорқыныш жоқ. Әрі олар қайғырмайды [2]»; «Бірақ кім Аллаға, ақырет күніне, періштелеріне, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе, міне, солар – шыншылдар әрі тақуалар [3]».
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) да бұл жайында айтқан хадистерінің жеткілікті екені белгілі. Сол хадистерден бір екеуін келтіретін болсақ: «Қиямет күні Алла Тағала аудармашысыз сіздердің әрбіреуіңізбен міндетті түрде сөйлеседі. Сол кезде адам оңына қарайды, сонда дүниеде жасаған амалының пайдасын көреді. Сол жағына қарайды, ол кезде де жасаған амалынан басқасын көре алмайды. Алдына қарағанда, дәл алдында жәһәннамнан басқасын көре алмайды. Олай болса, бір құрманың жартысын болса да, садақа ету арқылы өздеріңді тозақтан сақтаңыздар [4]».
Кімде-кім ақыретке сенбесе, иман етпеген болып саналады. Діннің жіберілу мақсаты – әрбір адамның ақыретте Жаратушы алдында бұл дүниеде жасаған амалы үшін жеке-жеке есеп беретіндігін ескерту. Сол үшін аятта: «Кімде-кім Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне және ақырет күніне қарсы шықса, сонда тым ұзақ адасты [5]», – деп келтіреді.
Ақырет күніне байланысты аяттар мен хадистердің мазмұнына мән беріп қарасақ, ондағы өмірде болатын жағдайлар бұл өмірдегі нәрселерге ұқсайтын секілді. Ол біз білетін нәрсе секілді болып көрінгенімен, олар ғайып әлемі болғандықтан нақты айта алмаймыз және ғылыми тұрғыдан дәлелдей де алмаймыз. Құран аяттары мен Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерінде қалай айтылса, солай сенумен шектелеміз де, көбіне ақылға салып жорамалдап жатпаймыз. Ақыреттегі болатын жағдайлардың аталымы бұл дүниедегі нәрселермен аттас болғанымен, заты мүлдем ұқсамайды. Мысалы, Исрафил (ғ.с.) періште сурға үрлейді, адамдар махшар алаңына барғанда, олардың бұл дүниеде жасаған амалын тіркеуге алған амал дәптері беріледі. Амалдары таразыға тартылады, сырат көпірінен өтеді деген кезде осы өмірдегі үлкен, даңғарадай сырнайды елестетсек, тіпті қателескен боламыз. Сол секілді амал дәптері дегенде де күнделікті қолданып жүрген дәптер немесе күнделік, есеп-қисап тіркейтін қалың дәптерге ұқсайды деу әбестік болады. Таразыны да біз білетін қол таразыға, электронды немесе басқа да үлкендікішілі сауда таразыларына балай алмаймыз. Бұл атаулар бізге таныс болғанымен, болмысы беймәлім.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, ақырет мәселесі дініміздегі сенімнің негізгі тірегі болып саналады. Құран сүрелерінің басым көпшілігі ақыреттік өмір заңдылықтарына ұдайы сілтеме жасап өтеді. Ақыреттегі ахуалдың қалай болатындығын анық түрде баян етіп, түрлі мысалдармен келтіреді. Мұндағы мақсат – пенденің о дүниелік өмірге бұ дүниеден дайындап, жауапкершілік сезімді санасына құю. Құран аяттарына зер салып қараған кезде, ақырет күнін түрлі атаулармен атап, оның соншалықты маңызды екендігін нақыштап келтіреді. Мысалы, Яумул ахир – ақырғы күн, Яумул бағс – қайта тірілу күні, Яумул қияма – қиямет күні, Саат – қиямет уақыты, Яумуддин – дін мен жаза күні, Яумул хисаб –есеп күні, Яумуттәлақ – қауышу күні, Яумул-хулуд – мәңгілік күн, Яумул хуруж –шығатын күн, Яумуттәнад – айғайға басатын күн тәрізді т.б. бірнеше атаулармен аталады. [6]
[1] «Бақара» сүресі, 4-аят
[2] «Бақара» сүресі, 62-аят
[3] «Бақара» сүресі,177-аят
[4] Бухари, Муслим, Тирмизи риуаяттары
[5] «Ниса» сүресі, 136-аят
[6] Сайм Клавуз, ж.к.е., 198-199 бет
Пайғамбар жіберу Алланың әмірінде болса, оған иман ету – пенденің міндеті. Алла Тағала адамзатқа жүз мыңдаған пайғамбар жіберіп, Өз заңдылықтарын үйретті. Сол жүз мыңдаған пайғамбардың соңғысы Мұхаммед (с.ғ.с.) 610-жылы бүкіл адамзат пен жын атаулыға жіберілді. Ал, Мұхаммед (с.ғ.с.) дүниеден озған соң пайғамбарлық міндет ұғымы біржола тоқтады. Ақырғы елші Мұхаммедтен (с.ғ.с.) соң қияметке дейін пайғамбар келмейді. Егер де кімде-кім: «Мен пайғамбармын, маған Жәбірейл уахи әкелді», – десе, ол жан сөзсіз кәпір болады.
Пайғамбарлардың барлығы да Алланың сүйікті құлдары бола тұра, олардың кейбірінің мәртебесі өзгелерден жоғары болатындығын жоғарыда тілге тиек еткен болатынбыз. Сол секілді соңғы ақырзаман пайғамбары Мұхаммедтің (с.ғ.с.) де өзіне тән артықшылығы бар. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзге пайғамбарлардан артықшылығын төмендегідей ретпен атап кетуге болады:
Алғашқы пайғамбарлар (Һуд Ад қауымына, Салих Самуд қауымына, Мұса пайғамбардың Исрайл ұлдарына жіберілгені секілді) тек қана белгілі бір тайпаға не қауымға жіберілген. Ал, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) болса, күллі адамзатқа және ақырзаманға дейін келіп-кететін адамзат пен жын атаулының барлығына бірдей жіберілді. Яғни, Ол – жер бетіндегі барлық халықтың, барлық ұлттың пайғамбары. Мұны Құран аяттары да тайға таңба басқандай айғақтайды: «(Мұхаммед (с.ғ.с.)! Біз сені бүкіл әлемге рахым етіп қана жібердік [1]»; «Сені жалпы адам баласына қуандырушы, қорқытушы етіп қана жібердік. Бірақ адамдардың көбі түсінбейді [2]»; «(Мұхаммед (с.ғ.с.) айт: Әй, адам баласы! Мен барлығыңа жіберілген Алланың елшісімін [3]»
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) пайғамбарлығы қияметке дейін жалғасқандықтан, әкелген Құраны да қияметке дейін өз күшінде болады. Алдыңғы пайғамбарларға парақтар және қасиетті кітаптар түсірілгенімен, бәрі дерлік Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) дейін түпнұсқа күйінде жетпеді. Жоғалатыны жоғалып, өзгеретіні өзгеріп, бұрмаланатыны түрлі бұрмалаушылыққа ұшырады. Ал бұл нені байқатады? Әрине, біз бұл жерде Алланың Құранға берген кепілдігін өзге кітаптарға бермегенінің айқын дәлеліне куә боламыз. Құранда Алла Тағала: «Құранды біз түсірдік, қияметке дейін оны біз қорғаймыз [4]», – дейді.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) келесі бір жөні бөлек ерекшелігі – Оның ең соңғы пайғамбар екендігі. Одан кейін ешқандай пайғамбар келмейтіндігі Құранда анық баян етілген: «Мұхаммед сендерден ешбір кісінің әкесі емес. Бірақ Алланың елшісі және пайғамбарлардың соңғысы. Алла әр нәрсені толық білуші [5]».
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) соңғы пайғамбар болғандықтан, оның әкелген діні Ислам – ең кәміл де иләһи дін. Исламның негізгі ерекшелігі – ол алдыңғы иләһи діндердің жаңсақ, бұрмаланған үкімдерін жойғандығында. Иә, шын мәнінде, ислам – Алланың разылығына бөленген дін. Кімде-кім Ислам дінінен басқа дін іздеп, сол сенімді өмірлік ұстаным етсе, оның Жаратушы тарапынан қабыл болу мүмкіндігі жоқтың қасы. Құранда бұл мәселе кесіп айтылған: «Алла алдындағы дін тек Ислам ғана... [6]»; «Кімде-кім Исламнан басқа бір дін іздесе, әсте одан қабыл етілмейді де, ол ақыретте зиянға ұшыраушылардан болады [7]» .
Ал, мына аят Ислам дінінің кәміл дін екендігіне бірден-бір айғақ: «Бүгін діндеріңді толықтырдым (кәміл еттім) және нығметтерімді тәмамдадым. Сондай-ақ, сендерге Ислам дінін қоштап ұнаттым [8]».
Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) ақыретте шапағат мақамы берілген. Жер беті Оның (с.ғ.с.) үмметіне мешіт етіліп, соғыстан түскен олжаны алу халал болды. Әрине, мұның өзі Екі Дүние сұлтанының негізгі ерекшеліктері болып табылады.
[1] «Әнбия» сүресі, 107-аят
[2] «Сәбә» сүресі, 28-аят
[3] «Ағраф» сүресі, 158-аят
[4] «Хижр» сүресі, 9-аят
[5] «Ахзаб» сүресі, 40-аят
[6] «Әли Имран» сүресі, 19-аят
[7] «Әли Имран» сүресі, 85-аят
[8] «Мәида» сүресі, 3-аят
Адамзат пайғамбарларға қарап, жалпы істерінде бағыт түзеп, бағдар алады. Олар – адамға әрбір істе қайталанбас үлгі, ізгілікте қол жетпес биік шың, адасқанға жол сілтейтін жарық жұлдыз. Адамзат үшін осындай асыл міндеттермен жүктелген пайғамбарлардың бойында міндетті түрде табылуы тиіс сипаттар бар. Бұлар бесеу:
1. Сидқ – шыншылдық, туралық. Әрбір пайғамбар– шыншылдық пен туралықтан айнымайтын ұлы тұлғалар. Олар өмірлерінде ешқандайжалған сөйлемейді. Яғни, пайғамбарлығынан бұрын да, пайғамбар болғаннан кейін де тек туралықты, адалдықты, шыншылдықты ту етіп ұстанған. Пайғамбарлардың өткен-кеткен оқиғаларды баяндауы болсын, келешекпен байланысты жайттарды айтқан сөзінде болсын ешбір жалғандық болмайды. Құранда Алла Тағала пайғамбарлардың бұл қасиетін былай деп келтіреді: «Кітаптағы Ибраһимді есіңе ал. Негізінде ол турашыл (сидқ) пайғамбар еді [1]», «Кітаптағы Идристі есіңе ал. Өйткені, ол шыншыл бір пайғамбар еді [2]».
Адамзаттың асыл тәжі болған Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмір тарихына бір сәт көз жүгіртіп қарар болсақ, әуелі «Мухаммадул Әмин» деген атпен Меккелік мүшріктер арасында танымал болған Пайғамбарымыздың кіршіксіз келбетін көреміз.
2. Аманат сенімді деген ұғымды білдіреді. Демек, пайғамбарлардың екінші бір сипаты, ерекшелігі – өте сенімді тұлға болуы. Пайғамбарлар өздеріне пайғамбарлық міндет келгенге дейін және пайғамбар болғаннан кейін де ешқандай қиянатшылдық жасамаған, жасағандықтары жайлы деректер де жоқ және ондай деректерді кездестіру де мүмкін емес. Себебі, Құранда пайғамбарлардың бұл ерекшеліктерін: «Бір пайғамбарүшін олжаға (аманатқа) қиянат ету мүмкін емес [3]», – деп келтіреді.
Пайғамбарлар Алладан келген уахиге қиянат етуі былай тұрсын, елдің титімдей затына да қиянат етуден аулақ болатын. Мәселе солай бола тұра, кейбір шығыстанушылар не яһудилер Мұхаммедті (с.ғ.с.) Құранды өз ойынан шығарған, яки кейбір жерлерін өзі қосқан деседі. Бірақ, мұндай көпе-көрнеу жаланың да ешбір негізі жоқ. Себебі, аятта: «Егер елші Бізгеқарсы Құранға кейбір сөздер қосқан болса, біз оны оң жағынан күштеп ұстайтын едік те, сосын оның күре тамырын кесер едік [4]», – дейді.
Екі дүниенің нұры болған Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар Мекке халқы үшін аманаттың нышаны, айнымас бірегей тұлғасы еді. Меккелік мүшріктер Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) дұшпан бола тұра, аманат мәселесіне келгенде заттарын Пайғамбарымыздың үйіне тапсыратын. Ойлап қарасаңыз, мұның өзі адамды таң қалдыратын жайт емес пе?!Тіпті,Алланың көшу әмірі келгенде,Мұхаммед (с.ғ.с.) өзіне аманатқа тапсырылған бүкіл затты Әлиге (р.а.) тапсырып, заттарды егелеріне тапсыруды бұйырды. Өзіне қарсы шыққан дұшпанның затына титтей арамдық ойламай, көзінің қарашығындай сақтау – тек пайғамбарға ғана тән іс.
3. Исмәт күнә істемеу әрі күнә атаулыдан пәк деген ұғымды білдіреді. Пайғамбарлар Алланың бақылауында болғандықтан, олар үлкенді-кішілі күнәлардан және жалпы күнә жасау ұғымынан пәк. Ол жандардың пайғамбарлығынан бұрын кейбір шалыс басқан істері болуы мүмкін. Мұндай іс-әрекеттерді дінімізде «зәллә» деп атайды.
Егер де қайсы бір пайғамбар елшілігі барысында мысқалдай болсын қателікке бой алдырса, Алла Тағаладан дереу ескерту берілген. Мысалы, Мұхаммедпайғамбарымыздың (с.ғ.с.) да бірнеше мәселе жөнінде ескерту алғандығы мәлім. Пайғамбарымыз көкесіне: «Лә иләһә илллаллаһ де, ақыретте шапағат етейін», – деп өтінеді. Бірақ Әбу Тәліб тілін кәлимәға келтірмеген күйі өмірден озады. Сонда Алла Тағаладан мынадай ескерту түріндегі аят түседі: «(Мұхаммед) Расында, сен жақсы көргеніңді тура жолға сала алмайсың. Алла кімді қаласа, оны тура жолға салады... [5]».
Пайғамбарымыз әлі де болса бір мүмкіндік болар деген ниетпен Әбу Тәліб үшін және кешірім тілегенде: «Пайғамбарға және мүминдерге тозақтық екендігі өздеріне білінгеннен кейін егер жақындары болса да, мүшріктер үшін жарылқау тілеулеріне болмайды», – деген «Тәубе» сүресінің 113-аяты түседі.
4. Фәтәнат (зерек, алғыр, ақылды)– пайғамбарларға тән ерекше ақылдық һәм зеректік қабілет. Ал, бұл ұғымға қарама-қарсы мағынадағы (ілімсіз, парасатсыз, ұмытшақ т.б.) бүкіл қасиеттер – пайғамбарлар үшін мүлдем жат нәрсе. Пайғамбарлардың мұндай ерекше парасат-пайымға ие болулары – олардың Жаратушыданжеткізген діни заңдылықтарды үмметтеріне таратып, түсіндірудегі аса қажет қабілет екендігімен тікелей байланысты.
5. Тәблиғ (жеткізу). Әрбір пайғамбардың Алладан алған діни үкім мен тыйымдарын өз қауымына кемшіліксіз жеткізу ісін «тәблиғ» деп атаймыз. Тәблиғ пайғамбарлардың дінді жаю жолындағы ең басты әрекеті болып есептеледі. Егер олар Жаратушыдан жеткен бүкіл әмір мен тыйымдарды адамдарға айна-қатесіз жеткізбесе, өз ісіне қиянат жасаған болып табылады: «Әй,Пайғамбар! Раббың тарапынан түсірілгенді жеткіз (тәблиғ ет). Егер оны істемесең, елшілік міндетін жалғастырмаған боласың... [6]».
Пайғамбарлық ұлық мақсат тәблиғ арқылы жасалады. Олар барынша шыншыл, аманатшыл болғандықтан, Алладан қандай мағынада болсын уахи түссе, оны сол күйінде жұртшылыққа жеткізу – пайғамбарлардың ең басты асыл парыздарының бірі һәм бірегейі. Мәселен,Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) асырап алған ұлы Зәйд ибн Харисаны туысы Зейнеп бинти Жахш есімді қызға қосады. Зәйд пен Зейнептің жұбайлық өмірлері ұзаққа бармай, соңы ажырасумен аяқталды. Сол сәтте, Алла Тағала Пайғамбарымызға туысы әрі келіні болып саналатын Зейнепті алуды бұйырады. Әрине, сол кезеңдегі араб әдеті бойынша келінімен үйлену өліммен тең арсыздық еді. Бірақ, аяттың мазмұны анық: «(Мұхаммед (с.а.у.)) Солуақытта өзіне Алла да бақ берген, сен де бақ берген Зәйдке: Жұбайыңды ажыратпа, Аллаһтан қорық! – деуде едің. Алланың жариялайтын нәрсесін көңіліңде жасыруда едің. Адамдардан қорқасың. Негізінде қорқуға Алла ең лайық. Сонда одан Зәйдтің жұмысы біткен кезде оны саған некелендірдік. Мүминдерге асырандыларынан босаған әйелдерді алуда бір күнә болмауы үшін Алланың әмірі орындалады [7]».
Міне, осы аят түскен кезде Хазіреті Пайғамбарымыз сахабаларына, қандастарына мәселені бірден айтуға тілі бармай, біршама мазасызданады. Бірақ, көп ұзамай, Алладан келген аталмыш әмірді жұртшылыққа жеткізеді. Сөйтіп, Пайғамбарымыз Зейнеп бинти Жахшпен отау құрады. Ал, осы мәселенің Пайғамбарымызға қаншалықты ауыр болғанын Айша анамыздың (р.а.) мына сөздеріненаңғаруға болар: «Егер Пайғамбарымыз Құраннан қандай да бір сөзді жеткізбестен жасырып қалатын болса, осы аятты жасырып қалар еді [8]».
Демек, тәблиғ мәселесінде пайғамбарлар аяттарды мүлтіксіз жеткізген және оған біздің мысқалдай да күмәніміз жоқ. Құранда бұл тақырып жөнінде және бір аят бар, онда: «Ешбір пайғамбар Алланыңрұқсатынсыз бір аят келтіре алмайды. Әр нәрсенің мезгілі жазулы [9]», – деп тайға таңба басқандай кесіп айтылған.
[1]«Мариям» сүресі, 41-аят
[2]«Мариям» сүресі, 56-аят
[3]«Әли Имран» сүресі, 161-аят
[4]«Хаққа» сүресі,44-46-аяттар
[5]«Қасас» сүресі, 56-аят
[6]«Мәида» сүресі, 67-аят
[7]«Ахзаб» сүресі, 37-аят
[8]Абдулфеттах Шахин, ж.к.е., 2-том, 88-бет; Сайд Рамазан ел-Бути, ж.к.е., 217-218-бет.
[9]«Рағыд» сүресі, 38-аят
Пайғамбарларға иман – Ислам дініндегі иман негіздерінің бірі. Пайғамбар сөзі парсы тілінде «хабаршы» деген ұғымды білдіреді. Құран тілімен айтқанда, пайғамбарларды «Расул» (елші), «нәби» (хабаршы) деп атайды. Пайғамбарларға иман ету – олардың Ұлы Жаратушы тарапынан арнайы таңдалып, елші етіп жіберілгендіктеріне және олардың жеткізген барлық хабарларына күдіксіз сену деген сөз. Алла Тағала мұсылмандарға жер бетіне келіп-кеткен барлық пайғамбарларға иман етуді бұйырады. Яғни, Құранда аты айтылған пайғамбарлардың кейбіреуіне иман етіп, кейбіреуіне сенбеуге қатаң тыйым салынады. Біз, мұсылмандар, өзіміздің соңғы пайғамбар Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Алла Тағала тарапынан жіберілген арнайы елші екеніне қалай иман келтірсек, басқа пайғамбарларға да дәл солай иман келтіреміз. Құранда: «Кімде-кім Аллаға және Оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына және ақырет күніне иман келтірмесе, қатты адасады... [1]», делінеді.
Пайғамбарлық – Алланың сүйікті құлына берген мәртебесі. Адам қанша әрекеттеніп, талпынғанымен, Жаратушының әмірінсіз ешқашан пайғамбар бола алмайды. Сол себепті, Алла пайғамбарлық миссияға лайық болатын кісіні өзі таңдап, елшілік қызметті жүктейді. Бұл жайында аятта былай дейді: «Бұл пайғамбарлық – Алланың кеңшілігі. Оны қалаған құлына береді. Алла – кеңшілік иесі [2]».
Сондай-ақ, Алла Тағала пайғамбар болатын пендесін о бастан қорғап, оның нәсілін пәк етіп сақтайды. Яғни, пайғамбар болатын кісінің ата-бабалары текті, жаман әдеттерден аулақ, адал некемен отбасы құрған әулеттен шыққан және пайғамбарлыққа дейін Алла Тағаланың бақылауында болады. Өйткені, күндердің күнінде пайғамбарлық міндет жүктелгенде өз отандастары, қандастары оның бойынан ешбір айып таба алмауы тиіс.Оның жастайынан адами қасиеттерге жат қылықтарды істемегендігіне куә болғандықтан жаратылысына негізсіз кінәрат таға алмайды. Міне, Алла өз елшісін осылай тәрбиелейді. Мысалы, аятта Мұса пайғамбар (ғ.с.) жайында: «Әй, Мұса! Өзімнің назарымда тәрбиеленуің үшін саған мен өз сүйіспеншілігімді арнадым [3]», – дейді. Сол секілді Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар болғанға дейін Меккеліктер оның бірдебір оғаш қылығын көре алмағандықтан, «Сенімді Мұхаммед» деп атаған.
Адамзатқа жіберілген күллі пайғамбардың міндеті – адамдарды Алланың барлығына, бірлігінеиман келтіріп, Оған серік қоспастан құлшылық етуге, ақырет күніне, қайта тірілу мен есеп күніне, Жаратушының пайғамбарларына, жәннат пен жәһәннамның хақ екендігіне сенуге шақыру. Аятта бұл жайында былай дейді: «(Мұхаммед (с.ғ.с.) Сенен бұрын бір пайғамбаржіберсек, оған: «Күдіксіз Менен басқа ешбір тәңір жоқ. Онда Маған ғана құлшылық етіңдер», – деп қана уахи етіп жібердік [4]».
Ықылым заманнан бері жер бетіне Алланың бұйырған тура жолын уағыздаушы жүз мыңдаған пайғамбар келді. Пайғамбар жіберілмеген ешбір қауым жоқ екендігін аят былай деп баян етеді: «Аллаға серт! (Мұхаммед (с.ғ.с.) Расында, сенен бұрын да үмметтерге елшілер жіберген едік. Сонда да шайтан оларға өз қылықтарын әдемі көрсетті. Сондықтан бүгін де ол – олардың досы.Оларға күйзелтуші азап бар [5]»; «Негізінде ескертуші болмаған үммет жоқ [6]»; «Әр үмметтің бір пайғамбары бар [7]».
Жер бетін нұрландырып, адамзатқа тура жолды нұсқап, ақиқат пердесін ашып, екі дүние бақытын көрсету үшін Ұлы Жаратушы тарапынан жіберілген жалпы пайғамбарлардың толық әрі нақты саны бір Аллаға мәлім. Құранда тек жиырма бесінің аты аталған. Құранда есімі көрсетілген Узайр, Луқман, Зулқарнайн атты үш кісінің пайғамбар яки үлкен әулие екендігі жайлы ғұламалардың арасында әр түрлі пікір бар. Өзге пайғамбарлар жайында Құранда Пайғамбарымызға (с.ғ.с.): «Расында, сенен бұрын да елшілер жібердік. Олардың кейбірін саған баян еттік те, кейбірін баян етпедік [8]», – делінген.
Енді Құранда аты аталған 25 пайғамбарға қысқаша тоқтала кетейік:
1. Хазіреті Адам (ғ.с.) –адамзаттың алғашқы атасы әрі алғашқы пайғамбар. Алла Тағала оны жоқтан бар етіп, топырақтан жаратқан. Кейінірек оған серік әрі жұбай ретінде сол қабырғасынан Хауа ананы жаратты. Алланың әмірімен періштелер оған сәжде етті, тек Ібіліс қана сәжде етуден бас тартты. Адам ата мен Хауа ана алғашқыда жәннатта өмір сүрді. Бірақ олар шайтанның арбауына түсіп, тыйым салынған ағаштыңжемісін жеген соң жәннаттан шығарылып, жер бетіне түсірілді. Кітап ретінде хазіреті Адамға (ғ.с.) 10 парақ түскен. Риуаят бойынша, ол араб түбегінде 930 жыл өмір сүрген екен.
2.Идрис пайғамбар (ғ.с.) – Адам Атадан (ғ.с.) кейін Құранда аты аталатын пайғамбар. Идриске (а.с.) байланысты Құранда төрт аят бар. Оған 30 парақтан тұратын кітап түскен. Адамзат тарихында ол алғашқы садақ атуды, тігін тігіп, жазу жазуды бастаған адам ретінде мәлім. 360 жыл өмір сүргендігі жайында риуаяттар бар.
3. Нұх (ғ.с.) пайғамбар. Адамдар уақыт өте келе хақ діннен шығып, жасанды пұттарға табынуға көшті. Оларды таухид сеніміне, хақ дінге шақыру үшін Алла Нұхты (ғ.с.) елші етіп жібереді. Нұхтың (ғ.с.)айтқанына құлақ аспаған қауымына Аллаһ Тағала жаза ретінде топан суды жіберіп, жаңа нәсіл шығарады. Нұхтың (ғ.с.) өмір сүру мерзімі 950 жылға созылған.
4. Һуд пайғамбар (ғ.с.) Иеменнің Хадрамут аймағындағы Ахкафдеп аталатын жерде өмір сүрген Ад қауымына пайғамбар етіп жіберілген. Ад қауымы топан судан кейін жолдан тайғандардың бірі болатын. Хазіреті Һуд (ғ.с.) қауымын хақ дінге шақыру барысында көптеген мұғжиза көрсеткенімен, одан ешқандай нәтиже шықпайды. Қауымы иман етуден бас тартқандықтан Аллаһтың азабына ұшырап, қатарынан жеті-сегіз күндей алапат дауыл соғып, бақилық болады. Һуд (ғ.с.) 150 жыл өмір сүрген.
5. Салих пайғамбар (ғ.с.) Шам мен Хижаз өлкесі арасында ғұмыр кешкен Самуд қауымына жіберілді. Самудтықтардың кейбірі иман еткенімен, басым көпшілігі дінге мойын бұрмады. Тіпті сенбегенімен қоймай, Салих пайғамбардың (с.ғ.с.) жартас арасынан мұғжиза ретінде шығарған түйесін өлтіріп, Алла Тағаланыңқаһарына ұшырады. Осындай азғындықтарының ақыры оларды жер қойнауына кетіп, жойылуларына себеп болды.
6. Хазіреті Ибраһим (ғ.с.) – ең ұлық пайғамбарлардың бірі. Кішкентай сәбилік шағында-ақ Алланың бар екенін сезіп, Оны айға, күнге, жұлдыздарға қарап іздеген. Ибраһим (с.ғ.с.) Вавилон патшасы Намрутты иманға шақырады. Ал Намруд болса, оған зәредей де құлақ аспай, оны тау болып лаулап жанған отқа лақтыртады. Сонда Алла Тағала құдіретімен жалындаған от Ибраһимге (ғ.с.) еш әсер етпейді. Ол ұлы Исмайыл (ғ.с.) екеуі Қағбаны салады.
7.Лұт пайғамбар (ғ.с) Ибраһимнің (ғ.с.) жиені,жас кезінде көкесі Ибраһимге иман еткен. Лұт пайғамбар (ғ.с.) жаңа бір шариғат әкелген жоқ. Ол негізінен Хазіреті Ибраһимнің (ғ.с.) шариғатымен амал етті. Лұт пайғамбардың қауымы аса жиіркенішті жыныстық құмарлықтармен атағы шығып, осы азғындықтарының кесірінен Алла Тағаланың қаһарына ұшырап, өмірлерімен қош айтысқан.
8. Исмайыл пайғамбар (ғ.с.) – Ибраһимнің (ғ.с.) Хажар есімді әйелінен дүниеге келген тұңғыш перзенті. Ибраһим (ғ.с.) бәйбішесі Сараның қызғанышынан, Алладан келген әмір бойынша, ұлы Исмайыл мен анасы Хажарды Меккеге әкеледі. Бала Исмайылдың өкшесімен тепкілеген жерден Зәмзәм суы шыққаны баршаға мәлім. Исмайыл (ғ.с.) өсе келе әкесінің Аллаға берген уәдесіне байланысты құрбандыққа шалынбақ болады. Осылайша, Ибраһим (ғ.с.) Алланың сынағынан елшіге тән қасиетпен сәтті өтеді. Ибраһимге Алланың әмірімен ұлының орнына жәннаттан көк қошқар түсіріліп, құрбандыққа шалынады.
9. Исхақ пайғамбар (ғ.с.) – Ибраһимнің (ғ.с.) қартайғанда бәйбішесі Сара анамыздан көрген ұлы. Исхақ әкесі Ибраһимнің көзі тірісінде Ұлы жаратушымыздың қалауымен Шам халқына пайғамбар етіп жіберіледі.
10. Яқуб пайғамбар (ғ.с.) – Исхақ пайғамбардыңұлы, Юсуф пайғамбардың әкесі. Сүйікті ұлы Юсуфты жоғалтып алған соң жылаудан екі жанарынан бірдей айрылып, зағиптік халге жетеді. Юсуфтың бауырлары Мысыр елінде Юсуфты кездестіріп, оның көйлегін әкелеріне әкеліп бергенде, ұлының көйлегімен көзін сүрткенде жанарына нұр бітіп, жарық дүниені қайта көреді. Ол Палестинаның солтүстік аймағына пайғамбар болып жіберілген болатын. Яқуб пайғамбардың (ғ.с.) екінші есімі Исрайл еді. Сол себепті Ибранилерді Исрайл ұлдары деп те атайды.
11. Юсуф пайғамбар (ғ.с.) –Яқуб пайғамбардың (а.с.) аса сүйікті ұлы. Бауырлары оны әкелерінен қызғанып, өлтірмек болып құдыққа тастайды. Алайда, құдықтан су алмақ болған керуеншілер оны шығарып алып, Мысыр еліне апарады да сатып жібереді. Кейінірек Мысырдың қазына басы, одан соң патшасы болып, бауырларын Мысырға әкелдірген.
12. Шұғайб пайғамбар (ғ.с.) пұтқа табынушы Мәдянқауымына пайғамбар етіп жіберілген. Мәдян халқы оның айтқан үгіт-насихатына құлақ аспай өз білгендерін жасаудан тайынбағандықтан, Алла оларды зілзала апатымен жойып жіберді. Ал Шұғайб және оған иман келтірушілер бұл апаттан аман қалды. Мұса пайғамбар (ғ.с.)Шұғайбқа (ғ.с.) 10 жылдай қызмет ету шартымен оныңқызына үйленеді.
13. Мұса пайғамбар (ғ.с.).Перғауын түс көріп, Исрайл ұлдарының келешекте басына бәле болып жабысатындығынан шошынып, дүниеге келген ер баланың бәрін көзін жоюға әмір береді. Мұса осындай сәтте дүниеге келген. Анасы оның перғауын жендеттерінің қолына түсуінен қорқып, Алланың аянымен сандыққа жөргектеп салып, Ніл өзеніне ағызып жібереді. Өзендегі ағып бара жатқан сандықты перғауынның әйелі алдырып, ішіндегі сәби Мұсаны өзіне бала етіп асырап алады. Алланың құдіретімен Мұса (ғ.с.)Перғауынның сарайында ер жетіп, Мысыр еліне пайғамбар ретінде жіберіледі. Ақырында ол Исрайл ұрпақтарын б.з.д. 1250-жылдары шамасында Мысыр елінен алып шығады.
14. Харун пайғамбар (ғ.с.) – Мұсаның (ғ.с.) туған ағасы. Ол өте шешен болған әрі сол қасиеті әжетке жарап Мұсаның (ғ.с.) елшілік қызметіне жәрдем еткен.
15. Дәуіт пайғамбар (ғ.с.) б.з.д. Х ғасырда өмір сүрген. Дәуіт пайғамбар балалық шағын шопандықпен өткізген. Оған қасиетті кітаптардың бірі Забур кітабы түскен. Ол Забурді ерекше сұлу мақамға салып, қайталанбас әуен үйлесімділігімен оқитын болады. Дәуіт (ғ.с.) б.э.д. 1013-973 жылдар аралығында 40 жыл бойы пайғамбарәрі патша болып дүниеден өткен.
16. Сүлеймен пайғамбар (ғ.с.) – Дәуіт пайғамбардың (ғ.с.) ұлы.Әкесі секілді патшалық құрып, кейінірек пайғамбар болған. Сүлеймен пайғамбар (ғ.с.) жастайынан өте алғыр болып өседі. Бүкіл жан-жануарлардың тілін білді. Тіпті, Алланың әмірімен жындар да оның әміріне бағынды.
17. Әйюб пайғамбар (ғ.с.) Шам маңында өмір сүрген адамдарға елші болған. Алла Әйюбтың (ғ.с.) әуелі мал-мүлкін, сосын бала-шағасын алып, сынақтан өткізеді. Ол – осыншалықты қиыншылыққа сабыр етіп, бір Аллаға ғана сиынып өткендіктен, дінімізде асқан сабырлылығымен танымал болған пайғамбар. Алла Тағала сүйікті құлы Әйюбтің денесін құрттатып дертке ұшыратады. Мұндай жағдайдан да ол сабырлықтың шыңын бағындыру арқылы дертінен айығады.
18. Зулкифл пайғамбар (ғ.с.) – Хазіреті Әлиасаның (ғ.с.) немере ағасының ұлы және сол кісіден кейін Исрайл ұлдарына жіберілген пайғамбар. Мұсаның (ғ.с.) шариғатымен амал еткен, адамдарға Тауратты уағыздап, Шам өлкесінде дүниеден өткен.
19.Юнус пайғамбар (ғ.с.) – Асирия патшалығының орталығы болған Нинова халқын хақ дінге шақырушы. Нинова халқы 33 жыл бойы оның үгіт-насихатына құлақ аспаған соң, Алланың әмірінсіз Нинова қаласын тәрк етіп, соңынан осы қателігі үшін Аллаға шынайы түрде тәубе етеді. Алла Тағала тәубесін қабыл еткен. Нинова халқы Юнусты (ғ.с.) тыңдамай, ақырында Алланың азабы таянғанда жаппай тәубе етуді бастайды. Алла олардың да тәубесін қабыл етеді. Юнус елін тастап кеткен соң, жолда теңізге тасталып, оны алып кит жұтып қояды.Ақырында Алланың құдіретімен дін-аман жерге қайта шығады.
20. Илияс пайғамбар (ғ.с.) – Исрайыл ұрпақтарына жіберілген елші. Яһудилер әдеттегідей оған да иман етпей, айтқан үгіт-насихаттарын тыңдамай, керісінше оны елден қуып шығады. Осы әрекеттері үшін Алла яһудилерді ашаршылыққа ұшыратады.
21. Әлиаса пайғамбар (ғ.с.). Яһудилер бейне бір пайғамбарлардың үгіт-насихатын тыңдау өздеріне харам етілгендей, ешбір елшіге құлақ аспады. Тіпті, Мұсаның шариғатын да тәрк етті. Ескерусіз қалған пайғамбарлардың бірі Хазіреті Әлиаса еді. Ол ғұмырыныңсоңына дейін яһудилерді хақ дінге шақырумен өтті.
22. Зәкәрия пайғамбар (ғ.с.) – Яхья пайғамбардың (ғ.с.)әкесі, Мәриям ананың жездесі. Зәкәрия да яһудилерге жіберілген елші еді. Мәриям ана Алланың әмірімен Исаға жүкті болып, дүниеге әкесіз бала әкеледі. Бірақ яһудилер Алланың бұл мұғжизасына сенбей Зәкәрияға Мәрияммен көңілдес болды деген айып тағып, ақырында 100 жастағы Зәкәрияны (ғ.с.) арамен кескілеп, шәһит етеді.
23.Яхья пайғамбар (ғ.с.) – Зәкәрия пайғамбардың қартайған шағында көрген перзенті. «Өліден тірі шықты» деген мағынаға келетін оның есімін Алла Тағала қояды. Себебі, қартайғанда перзентті болу екіталай жағдай болатын. Алайда, Алланың әмірімен Яхья келеді. Жастайынан пайғамбар болып, алғашында Мұсаның (ғ.с.) шариғатымен амал етті. Сол кезеңде Иса пайғамбар (ғ.с.) жаңа шариғатпен келген соң, кейіннен соның жолымен жүрді. Яһудилер Яхяны да әкесі секілді жастай шәһит етті.
24. Иса пайғамбар (ғ.с.) Алланың бір мұғжизасы ретінде әкесіз дүниеге келеді. 30 жасында пайғамбар болып, яһудилерді жалғыз Жаратушыға ғибадат етуге шақырады. Інжіл кітабымен жаңа шариғат әкелді. Пайғамбарлығының мұғжизасы ретінде өлі жанды тірілткен, балшықтан құс жасап оған жан берген, зағип жандардың көзіне нұр сыйлап, көктен дастархан түсірген.
25. Мұхаммед (с.ғ.с.) – Адамзатқа жіберілген соңғы пайғамбар. Хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) қасиетті Құран Кәрім түсірілген және ол ең соңғы иләһи заңдылықтардың жиынтығы болып табылады. Мұхаммедке (с.ғ.с.) 610-жылы 40 жасында пайғамбарлық ұлық міндет жүктеліп, 632 жылы 63 жасында Алла Тағала әмірімен бұл дүниеден озады.
[1]«Ниса» сүресі, 136-аят
[2]«Жұма» сүресі, 4-аят
[3]«Таһа» сүресі, 39-аят
[4]«Әнбия» сүресі, 25-аят
[5]«Нахыл» сүресі, 63-аят
[6]«Фатыр» сүресі, 24-аят
[7]«Юнус» сүресі, 47-аят
[8]«Ғафыр» сүресі, 78-аят