Астанада 19 ақпанда тұңғыш рет «Ислам – бейбітшілік пен келісім діні» тақырыбында І республикалық имамдар форумы өтеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өткізетін республикалық имамдар форумына еліміз бойынша 500-ге жуық өкіл имамдар мен аудан, ауыл молдалары қатысады.
Аталмыш шара барысында еліміздің қоғам және мемлекет қайраткерлері, атап айтқанда, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, республикалық ардагерлер ұйымының төрағасы Өмірзақ Озғанбаев сынды танымал тұлғалар қатысып, баяндама жасайды.
Форумда дін саласындағы өзекті мәселелер қозғалып, оларды еңсеру жолдары талқыланады. Форум жұмысының басты мақсаты – «Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы», «Шынай мұсылманның тұлғалық келбеті», «Имамның тұлғалық бейнесі» және «Дін қызметкерінің қызметтік этикасы» сияқты маңызды құжаттар қабылданады деп күтілуде.
muftyat.kz
Қостанай облыстық Марал ишан мешітінде өңірдегі барлық деңгейдегі имамдардың біліктілігін көтеруге ерекше көңіл бөлініп келеді. Мұндағы қызметкерлер ҚМДБ-ның дін қайраткерлерінің алдына қойып отырған келесі міндеттерін күнделікті жұмыстарында басшылыққа алып отырады.
Облыстың бас имамы Асылхан қажы Түсіпбек бұл өзекті мәселені үнемі қадағалап, жұмыс барысында біліктілік, іскерлік жайларына да жеткілікті назар аударады.
Мәселен, жуырда ғана облыстық мешітте төрт күндік семинар өткізілді. Оған өңірдегі барлық аудандар мен қалалардың имамдары қатысып, көп жайды көңілге түйді. Онда Ақида, фиқһ тақырыптары бойынша дәріс оқылды. Дәрісті облыстық Марал ишан мешітінің наиб имамдары Дархан Сыздықов пен Асқар Мейрамбекұлы жүргізді.
- Біздің мешітте мұндай семинарлар өткізу дәстүрге айналды. Өйткені оның барша имамдарға берері мол. Сонымен қатар осындай басқосу барысында олар бір-бірімен тәжірибе де алмасады. Болашақта да осындай семинарларды ұйымдастыра бермекпіз, - дейді наиб имам Дархан Сыздықов.
ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Осындай Мәуліт мерекесіне арналған ерекше басқосу облыс орталығынан едәуір жерде жатқан Науырзым ауданының орталығында да ұйымдастырылды. Кеш осындағы Жамбыл атындағы орта мектептің акт залында өтті.
Әрине, оның танымдық-тағылымдық жағына айрықша назар аударылды. Қостанайдан арнайы шақырылған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Асылхан қажы Түсіпбек аудандағы барша мұсылманды Мәуліт мерекесімен шын жүректен құттықтады.
«Әкім бол, халқыңа жақын бол» демекші, аталмыш мейрамның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына аудан әкімі және басқа да мекеме қызметкерлері демеушілік етті. Жиналғандар оларға өздерінің ыстық ықыластарын білдірді.
ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Қазақ халқы қашан да жетімдерін жылатпай, оларға қамқорлық жасаған. Облыстық Марал ишан мешітінің ұжымы да облыс орталығындағы осындай бүлдіршіндер тәрбиеленіп жатқан мекемедегі балдырғандарға үнемі жете көңіл бөліп келеді.
Жуырда аталмыш мешіттің наиб имамы Асқар Мейрамбекұлы және Түркиядан келген Нұх Темірджи облыстық балалар үйінде болды. Онда мұндағы ұл мен қыздарға қайырымдылық көмек көрсетілді.
Сондай-ақ Асқар Мейрамбекұлы өздерімен жүздескен тәрбиеленушілермен еркін сұхбаттасты. Имандылық және басқа да тәрбиелік мәні зор тақырыптар жайында уағыз айтты.
Балалар үйіндегі ұл мен қыздар өздеріне арнайы ат басын бұрған мешіт қызметкерлеріне дән ризашылықтарын білдірді. Өйткені мұндай кездесулердің олар үшін қашан да берері мол екендігі даусыз.
ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Тобыл кенті Таран ауданында орналасқан. Оны тоғыз жолдың торабы десек те болады. Онда да қаншама қандастарымыз бен мұсылмандар қауымы ғұмыр кешіп жатыр.
Жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Асылхан қажы Түсіпбек осы елді мекенде болды. Облыстың бас имамы осынау мерекенің танымдық-тәрбиелік мәніне ерекше тоқталды. Барлық жиналған жұртшылыққа ең ізгі тілегін білдірді.
Жергілікті ағайындар да оның ғибратты сөзін ұйып тыңдады. Сонымен қатар осы басқосуда Тобыл кентінің құрметті азаматы Мұңайтпас Батырбекұлы және облыстық теміржол мекемесі басшысының орынбасары Серік Доданов та көпшілікті Мәуліт мейрамымен құттықтап, олардың отбасыларына табыс тіледі.
Сондай-ақ осы мерекеде концерт қойылды. Тәрбиелік мәні ерекше терме орындалып, айтыс ұйымдастырылды.
ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі