Жуырда Тобыл қаласындағы «Маңдай батыр» мешітінде «Ислам және адал қоғам» жылы аясында «Намаз шарттары» тақырыбында зияткерлік сайысы болып өтті. Шара «Уақып қоры» ұйымымен бірлесіп ұйымдастырылды. Оған Қостанай облысының түкпір-түкпірінен жамағаттар жиналды.
Онда қатысушылар намаз фиқһынан біліктіліктерін көрсетті. Олар бірқатар кезеңдерден шыңдалып, өзара бақ сынасты. Жарыстың өн бойынан рухани үндестік, бауырластық сезім мен білімге деген құштарлық айқын байқалды.
Оған облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің наиб имамы Әлішер Ертайұлы, Қостанай қалалық «Марал ишан» мешітінің ұстазы Наурызбек Сабыров, Озерный мешітінің Бас имамы, «Уақып» қорының Қостанай облысы бойынша өкілі Аңсаған Нұрбекұлы әділқазылық етті.
Қорытындысында
1 орынды Қарасу ауданынан Нұрдаулет Серікұлы (150 000 теңге),
2 орынды Тобыл қаласынан Серік Қауазұлы (100 000 теңге),
3 орынды қостанайлық Владимир Герд (50 000 теңге) иеленді.
Сонымен қатар барлық қатысушыларға да бағалы сыйлықтар мен құнды кітаптар табыс етілді.
Сайыстан кейін арнайы дастархан жайылып, Қостанай ауданының бас имамы Дархан Манарбекұлы алғысын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі














