Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының облысқа сапары одан әрі Қарасу ауданында жалғасты.
Осындағы мешіт сонау 1995 жылы салынып, пайдалануға берілген болатын. Уақыт өте имандылық ордасына «Көшкінбай ата» есімі берілді. Биыл жергілікті кәсіпкерлердің демеушілік етуімен күрделі жөндеуден өтті. Сөйтіп аймақтағы алыстан көз тартатын киелі орынға айналды.
Аталған мешіттің салтанатты ашылуы облыстық мешіттің ұстазы, қари Мұртаза Ертайұлының құран оқуымен басталды. Батасын Мүфти хазірет беріп, барша жиналған жұртшылықты аудан өміріндегі үлкен оқиғамен шын жүректен құттықтады.
Сондай-ақ ол елімізегі «Ел үлесі-пәтерге» жобасы аясында екі дін қызметкеріне қос пәтердің кілтін және мешіттің қайта жаңғыртылуына қомақты үлестерін қосқан азаматтарға Алғыс хаттарды табыс етті.
Салтанатты жиында Қарасу мешітіне күрделі жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру комитетінің төрағасы Серік Қажиевке сөз сөйледі.
Аудан өміріндегі қуанышты күн қасиетті жұмаға тұспа-тұс келгендіктен Бас мүфти жұма намазының алдында уағыз-насихат айтып, жұма намазын өткізді.
Содан кейін арнайы тігілген киіз үйдің ұлттық ойындардан сайыстар өткізіліп, өнерпаздар әуелете ән шырқап, күмбірлете күй шертті. Мешіттің ашылу құрметіне дастархан жайылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі