ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен жуырда облыстың Бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы ас жүргізетін бір топ асабамен арнайы кездесу өткізді. Жиын қазіргі қоғамда өзекті мәселелердің бірі – ас беру рәсімдеріндегі орынсыз шығындарды азайту және өткен жылы қабылданған «Ысырапшылдықтың алдын алу» құжатының талаптарын түсіндіруге арналды.
Бас имам өз сөзінде:
— құжаттың қабылданғанына бір жыл болғанымен, кей өңірлерде талаптардың толық орындалмай жатқаны,
— ас беру мәдениетінде әлі де бәсекеге, даңғазаға ұмтылу, жөн-жосықсыз ысырап ету жағдайлары кездесетінін атап өтті.
Осы орайда, асабалардың қоғамға тікелей ықпал ететін топ екенін, сондықтан әрбірі халыққа дұрыс бағыт-бағдар беріп, артық шығыннан сақтандыруға атсалысуы қажет екенін айтты.
Кездесуде қозғалған негізгі ұсыныстар мен талаптар:
Қонақ асын мейрамхана, кафе сияқты орындарда беруді тоқтату, қарапайым үй жағдайында тек сырттан келген қонақтарға ғана ас берілуі керек.
Дастархан мәзірін жеңілдетіп, артық шығынға апаратын тағам түрлерін азайту: тек бауырсақ, кәмпит, печенье, шай және бір мезгілдік қарапайым ыстық тамақпен шектелу;
Ас барысында үш адамнан артық сөз сөйлетпеу, шараны ұзаққа созбай, шариғатқа сай ықшам түрде өткізу;
Ас берудің мәні – марқұмның рухына дұға оқып, тағылым айту екенін халыққа жиі түсіндіріп отыру.
Бас имам кездесуге жиналғандарға қоғам алдындағы жауапкершіліктерін еске сала отырып, әрқайсысын қарапайымдылық пен мәдениеттілікті насихаттауға, ысырапқа жол бермеуге шақырды. Сонымен бірге, құжаттың талаптарын орындау – тек мешіт қызметкерлерінің міндеті емес, бүкіл қоғамның ортақ мәселесі екенін атап өтті.
Кездесу соңында тараптар уағдаласып, алдағы уақытта түсіндіру жұмыстарын бірлесе жүргізуге келісім білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі










