Жақында Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев өңіріміздің Қарасу ауданы мен Арқалық қаласында арнайы іс-сапармен болды. Онда жергілікті жамағатпен кездесіп, халықтың хал-жағдайымен, мешіттің тыныс-тіршілігімен танысты. Алда тұрған міндеттер жайлы тілге тиек етті.
Бектұрсын Торғайбайұлы осы сапар барысында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының 2026 жылға арналған бағдарлық баяндамасы, биылғы «Ислам және адал қоғам» деп аталатын жыл атауы, жалпы адалдықтың қоғамға тигізер пайдасы жайлы насихат айтты. Жұртшылыққа адалдықтың мәні мен маңызын жете түсіндірді.
Кейін ҚМДБ-ның Төрағасы, Бас мүфтидің бұйрығымен бекітілген жаңа имамдармен таныстырды. Осы арада қызметке кіріскен білікті мамандардың өмір жолдарын қысқаша баяндады.
Бас имам Қарасу аудандық «Көшкінбай Байғабылұлы» мешітінде болғанда осында 1995 жылдан бері имамдық қызметті абыроймен атқарған Халық Абсатаровтың іскерлік қырларына тоқталып, оған шынайы алғысын білдірді.
Сондай-ақ аталмыш жиында жаңадан имамдық қызметке тағайындалған Ринат Естайұлы Керімжанды жергілікті жамағатқа таныстырды. Ол Павлодар өңірінің тумасы. Алматыдағы «Нұр Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің түлегі. Осы кезге дейін Солтүстік Қазақстан облысындағы, «Қызылжар» орталық мешітінде ұстаздық етті.
Содан кейін Бас имам ат басын Арқалық қаласындағы «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітіне бұрды. Мұнда жұма намазын өткізіп, уағыз айтты.
Ол осында ұзақ жылдар бойы адал қызмет атқарып, үлкен беделге ие болған Бақтыбай Нұрхан Асанұлының өз өтініші бойынша қызметінен босатылғанын жеткізді.
Оның орнына бұған дейін Рудный қаласындағы «Нұр» мешітінде наиб имам лауазымын атқарған Балғабай Оразханұлы Шәйкемелов бекітілді. Оның есімі Арқалықтық ағайынға бұрыннан таныс.
Белгілі дін қайраткері Бектұрсын Торғайбайұлы ежелден келе жатқан дәстүріміз бойынша Халық және Нұрхан қажыларға құрмет көрсетіп, жамағат атынан иығына шапан жапты. Жаңа тағайындалған имамдарға жауапты жұмыстарында сәттілік тіледі.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі














