Жақында Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев өңірдегі Қостанай ауданына қарасты Алтын дала ауылына ат басын бұрып, жергілікті намазхананың тыныс-тіршілігімен танысты.
Сондай-ақ ол демеушілердің қолдауымен салынып жатқан дәретхана мен мәйітхананың құрылысын көзбен көріп, біраз жайларға қанықты. Аталмыш нысандар алдағы уақытта пайдалануға берілсе, елді-мекендегі ағайындар қуанышқа кенелетіндігі сөзсіз.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық “Жайлаубай ата” мешіті ұжымының ұйымдастыруымен қоғам қайраткері, еліміздің өркендеуіне қомақты үлес қосқан көрнекті тұлға Оралхан Әбдірақымұлы Таңжарықтың рухына арналған облыстық Құран жарысы болып өтті.
Оған өңірдегі аудан және қала мешіттерінен 34 шәкірт қатысып бақтарын сынады. Екі номинациядан тұратын сайысқа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты республикалық Қари орталығының директоры Садуақас Олжабайұлы бастаған әділқазылар алқасы төрелік етті.
Жарыс алдында Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев өз сөзінде қасиетті Құранның мәніне тоқталып, барлық талапкерлерге сәттілік тіледі.
Алғашқы номинацияда 30 пара бойынша жүлделі І орынды облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінен Иманғали Сембіұлы, ІІ орынды «Марал ишан» мешітінен Ердәулет Нұрланұлы, ІІІ орынды «Жайлаубай ата» мешітінен Ернар Нұрланұлы иеленді.
Ал, екінші номинацияда 29-30 пара бойынша І орынды «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінен Манаш Русланұлы, ІІ орынды «Жайлаубай ата» мешітінен Дінмұхаммед Шоқанұлы, ІІІ орынды «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінен Ералы Алматұлы жеңіп алды.
Жеңімпаздарға арнайы сертификат пен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Облысқа танымал азамат Сұлтанғали Оспанов Арқалықтан келген Манаш Русланұлына отбасының атынан бағалы сыйлықты тарту етті.
Жарысқа Оралхан Таңжарықтың ұрпақтары демеушілік жасады. Оның кенже ұлы Серік сөз сөйлеп, Шоқан қажы Ғазизұлы басқаратын мешіт қызметкерлеріне, Садуақас қари төрағалық еткен әділқазылар алқасына, ақсақалдар мен барлық қатысушыларға шынайы алғысын білдірді. Таңжарық әулеті «Ханзада» мейрамханасында дастархан жайып, ас берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Darhan Dala» жобасы аясында Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы бастаған өңірдегі аудан және қала имамдары Қостанай ауданының аумағында орналасқан ұлы ағартушы Ы.Алтынсарин кесенесіне ат басын бұрып, оның рухына құран бағышталды.
Кесенеге зиярат ету барысында руханиятымызда ерекше орын алатын қайталанбас тұлғаның еліне сіңірген еңбегіне қысқаша шолу жасалып, оның өмірі мен қызметі кейінгі өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа өнеге екендігі айтылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің наиб имамы Бақытжан қажы Икрам өңірдегі аудан және қала имамдары қатысқан семинарда «Имамның тұлғалық келбеті» жайлы құжаттың мән-маңызына кеңінен тоқталды.
Онда имамдардың күнделікті қызмет барысында ұстанатын рухани, іскерлік, білімділік, адалдық, шешендік және басқа да тәлімдік – тағылымдық қырлары жөнінде баяндалды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиевтің ұйытқы болуымен «Қажының рухани келбеті» тұғырнамалық құжатын насихаттауға арналған аймақтық семинар өткізілді.
Онда аудан және қала имамдарына өңірдегі қажылық бөліміне жауапты Саидаббас Мираманов қажылыққа байланысты халық арасында түсіндіру жұмстарын барынша жандандыру керектігіне тоқталды.
Өңірдегі имамдар басқосқан жиын барысында алдағы үлкен қажылыққа дайындық, қасиетті мекенге алып баратын еліміздегі 15 туристік қажылық фирмалардың қойылатын талап-тілектері айтылды. Бұл орайда ҚМДБ-мен тікелей тығыз байланыста жұмыс істейтін «Tawaf trаvel» компаниясы жайлы да жан-жақты мағлұмат берілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша өңірдегі аудан және қала имамдары облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде бас қосты.
Жиында Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев өңірдегі атқарылған игі істер мен әлі де болса ширата түсерлік тұстарға тоқталды. Сондай-ақ ҚМДБ тарапынан қазіргі таңда барша имамдарға қойылып отырған нақты міндеттерді тілге тиек етті.
Семинарда асылдың тұяғы, жас та болса есімі елімізге кеңінен танымал Мұртаза қари Ертайұлы жиналғандарға қасиетті Құранды оқудың ережесі мен тәртібі жайлы дәріс өткізді.
Ерекше атап өтер жай, Шымкентте өткен ақсақалдар арасындағы республикалық байқауда бірінші орынды жеңіп алған Жардыхан Сезімхан құрметіне дастархан жайылды.
Сонымен қатар семинардың соңында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында спорттың іс-шаралар ұйымдастырылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жылда көктем және күз айларында өңірдегі дін қызметкерлері «Таза әлем» республикалық тазалық акциясы аясында «Өткенге құрмет – тіріге міндет» деген қағиданы берік ұстанған Қостанай облысының дін қызметкерлері ҚМДБ-ның «QAMQOR-SHARAPAТ» салттық қызмет көрсету орталығының жоспары аясында елді-мекендердегі зираттарда тазалық сенбілік жұмыстарын жүргізді.
Аталмыш игі іске облыс бойынша барлық қала, аудан мешіттері атсалысты.
Сенбілікке арнайы техника жұмылдырылып, күні бұрын дайындалған қажетті құрал-жабдықтар пайдаланылды.
Арнайы қаптарға салынған қоқыстар техникаларға тиеліп, тиісті орындарға жеткізілді. Осылайша жергілікті мешіт ұжымының ұйымдастыруымен зираттар тазаланып тәртіпке келді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Шымкент қаласында ақсақалдар арасында ІІ республикалық бата беру байқауы болып өтті. Онда өңірлердегі іріктеу кезеңінен озып шыққан 20 ақсақал бақтарын сынады.
Оған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысып, ақсақалдарға осынау ата-бабамыздан мирас болып қалған игі дәстүрді жаңғыртуға қосып жатқан үлестері үшін шынайы алғысын білдірді.
Жарыс қорытындысы бойынша әділқазылардың шешімімен Қостанай облысының намысын қорғаған Жардыхан Сезімхан жүлделі бірінші орынды жеңіп алды.
Жеңімпаз ақсақалға қаржылай сыйлықтың сертификаты табыс етілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қалыптасқан дәстүр бойынша Қостанай қалалық “Жайлаубай ата” мешітінің ұжымы жұма намазынан соң жамағатқа «Жұма тәттісін» таратты.
Қасиетті күні намазхандар бір-бірімен қауышып, емін-еркін әңгіме-дүкен құрды. Сөйтіп, олар көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен қолға алынған «Darhan Dala» жобасы бойынша Қостанай өкілдігіне қарасты, Амангелді ауданы "Сатыбалды Ишан " мешітінің имамы Нұрсұлтан Мұхамеднұрұлы бастаған бір топ жамағат САТЫБАЛДЫ ИШАН ҒАБДОЛЛАҰЛЫ және Файзолла Сатыбалдыұлы кесенесін зиярат етіп, олардың рухына құран бағыштады.
Сонымен қатар жамағатқа ЗИРАТ ЖӘНЕ ЗИЯРАТ МӘДЕНИЕТІ МЕН ӘДЕБІ насихатталып, зияратқа дәретпен бару керектігі және басқа да қойылар талаптар жайлы жан-жақты айтылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі