Адамның жасы ұлғайған сайын мынау тіршіліктегі кейбір көңілге қона бермейтін жайлар жаныңды жай таптырмайды екен. Бүгін мен көптен бері көкейімде қордаланып қалған ой салар маңызды мәселелерді ортаға салғанды жөн көрдім. Олар көкірегі ояу, санасы сергек оқырмандарды бейжай қалдырмайды деген үміттемін.
Діни рәсімдердегі ысырапшылдық
Жалпы, ысырапшылдықты Алла тағала да сүймейді. Мұны баспасөз беттерінен оқып, теледидарлардан көріп те жүрміз. Осыларды таратыңқырап айтатын болсақ, «Ысырап» сөзінің мағынасы - дүние-мүлкіңді, керек-жарағыңды орынсыз шашу, артық шығынға жол беру, мөлшерден артық ішіп-жеу дегенді білдіреді. Тіпті, «Судың да сұрауы бар» демекші оны да орынсыз артығымен пайдалану дұрыс емес екендігін бәріміз де білеміз.
Өзім күнделікті өмірде көзбен көріп, көңілге түйген көріністерді тілге тиек етпекпін. Ешкім де мәңгілік емес. Адам баласы жарық дүниеге қонақ. Қай күні дәм тұзы таусыларын да білмейді.
Бақиға аттанған кісінің жаназасы оқылып, ағайын-туыстары мен ұрпақтары жылап-сықтап, соңғы сапарға шығарып салатындығы белгілі. Содан кейін қаралы үй өзгелерлен қалмау үшін намысқа тырысып, үлкен мейрамханаларды жалдап, дастарханға бәрін қоюға тырысады.
Ең алдымен сойысқа мал іздеп шабылады. Анау-мынау емес, қоңы келісті жылқы сатып алуға ұмтылады. Өздеріңіз білесіздер, оның құны қазір бағымына қарай бір миллионға жуықтап қалатыны ешкімнен де жасырын емес. Оған қалтасы қалың, кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар болмаса, қатардағы зейнетақыға немесе жалғыз жалақыға қарап отырған отбасылардың шама-шарқы жете брмейді.
Негізінде «Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген сөз босқа айтылмаған. Өзгелерлен қалғысы келмеген адамдар амалсыздан қарызданады, банктерден пайызы жоғары несие алып, оны жылдар бойы төлеп жатады.
Жиналған қауымға жайылатын дастарханға жоғарыда аталған құдайы асқа сойылған етпен қоса тоқаштар мен бауырсақтар, кептірілген жемістер, тәттілер, минералды сусындар тізіліп қойылады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен «Ас беру мәдениеті» құжатында ысырапқа жол бермеу жайлы жан-жақты айтылған. Қасиетті Құранда: «... ішіңдер, жеңдер, алайда ысырапқа жол бермеңдер. Өйткені, Алла Тағала ысырап етушілерді сүймейді» деп ескертсе, кезінде Пайғамбарымыз: «Жеңдер, ішіңдер, садақа беріңдер және киініңдер, бірақ ысырапшылдық пен дандайсуға жол бермеңдер», - деген.
Түсінген адамға осы келтірілген ұлағатты мысалдардың астарында үлкен мән жатыр. Қазіргі таңда жоғарыда қозғалған пәтуаны ел бойынша бір ізге түсіру жайлы аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Алайда, әлі де болса кейбір жерлерде бұрыннан қалыптасқан жайлар қалмай келе жатқаны өкінішті. Бұл да өте ойланарлықтай.
Тағы бір жұдырықтай жұмылып, барша бауырларымыз қолға алатын өзекті мәселе марқұмның жаназасы өтпес бұрын берілетін қонақасы да астамшылық сияқты. Ол кейбір аймақтарда шілдехана деп аталып та жүр. Мұнда да халықтың шамасы келсін-келмесін мейрамханада кемінде 100-300 адамға ас та төк дастархан жайылады. Шындығына келсек, бұл да қайғыдан қара жамылып отырған шаңырақ иелеріне үлкен қаржылық шығын. Дәл осыдан дүниеден өткен кісіге келер ешқандай да сауап жоқ. Өйткені, Құран оқылмайды.
Қонақасыға асаба да шақырылып, жиналғандар сөз сөйлеп жатады. Сөз демекші, марқұмға арналған жаназа шығару, жетісін, қырқын, жылын беру астары жиналысқа айналып кететін кездер де баршылық. Себебі, уақытты да бағалай білген жөн. Сондықтан, мұндай жиындарда құран оқылып, қадірменді ақсақалдар бата берсе жеткілікті.
Шындығына келсек, қайтыс болған кісінің үйінде үш күнге дейін қазан көтеріліп, ас берілмеуге тиіс. Мұндайда тек алыс-жақыннан келген туыстарға көрші-көлем үйлерінде тамақ әзірлеп, шақырып жататындығын бала кезден көріп өстік.
Әдетте марқұмның денесін жерлеуден бір күн бұрын мәйітханадан үйіне әкеліп түнетеді. Үлкен кісілер оны күзетеді. Осы арада бір айтып кетер әрі қынжыларлық жай, сонда жиналғандардың кейбіреулері орынсыз әзіл-қалжың айтып, үй иелерінің шамына тиіп жатады. Мұндай дарақылықтар мен келеңсіздіктерге ешқашан да жол беруге болмайды.
Ешкімге абырой әпермейтін ысырапшылдыққа салынбас үшін егер мүмкіндік болса, садақаны жетім-жесірге, күн көрісі төмен отбасыларға қайырымдылық көмек ретінде берсе, оның сауабы да мол.
Ата-анаңа қамқорлықты тірі кезінде жаса
Осынау жанымды жай таптырмай жүрген мәселе де еліміздегі барша жұртшылыққа әбден таныс. Әрі ол жылдан-жылға қарқын алмаса, бәсеңдейтін түрі жоқ.
Бұл әрине, дүниеден өткен кісіге зират көтеру жөнінде. Нанбасаңыз, кез-келген үлкен қалалар мен облыс, аудан, ауылдық жерлердегі зираттарға жолыңыз түссе, бірден сіздің назарыңызға алыстан ақ мәрмерден немесе қызыл кірпіштен тұрғызылған бейіттер түседі.
Сөздің орайы келгенде, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен «Зират және зиярат мәдениеті» туралы ережеге сүйенетін болсақ, қайтыс болған кісіге зәулім ескерткіш пен биік күмбез, кірпіштен қоршау тұрғызу міндетті емес. Бұл да астамшылық пен асыра сілтеушіліктің бір көрінісі іспетті.
Тек қана қабірге жерлеген адамның кім екендігін айқындау және жүргіншілер тарапынан тапталып, аяқ асты болмауы үшін шағын белгі немесе құлпытас орнатылса болғаны. Әлгіндей құлпытасқа марқұмның суретін салуға да рұқсат етілмейді. Мұны да әрбір мұсылман бауырларымыз білгені мақұл.
Бұл орайда, туыстас яғни түркі тілдес бауырларымыздан алар өнегеміз жетерлік. Мен ауылы аралас, қойы қоралас жатқан өзбек ағайындардың астанасы Ташкенттегі зиратта болдым. Онда бәрі де бір ізге түсірілген. Қабірлердегі көк таста марқұмдардың аты-жөндері ғана жазылған. Көзге оғаш көрінетін ештеңе байқалмайды.
Мұндағы айтайын дегенім, мәйітті жерлегенде де оларға үлкен құрметпен қарап, соңғы сапарға ақ жуып, арулап, жөн-жосығымен шығарып салған жөн. Ең абзалы, ата-анаңа қамқорлықты, ілтипатты тірі кезінде жасаған дұрыс. Олар бақилық болған соң жасандылықпен, көзбояушылықпен айналысудың бір тиын да құны жоқ. Әке-шешеңе тиетіні тек қана құран.
Жуырда айыр қалпақты қырғыз ағайындар түсірген «Бейіш» деп аталатын көркем фильм жүрегі бар пендеге тәрбиелік, тағылымдық жағынан берері мол туынды. Онда Әділ есімді жігіт анасы Райханды арбаға отырғызып, қасиетті Меккеге жаяу алып барады. Жолда қаншама қиындық көрсе де алған бетінен қайтпайды. Бұл анаға деген нағыз перзенттік махаббаттың жарқын үлгісі.
Әрбір перзент өзінің ата-анасының алдында мәңгілік қарыздар екендігі айтпаса да түсінікті болса керек. Сол себептен кез-келген ұл мен қыз өзіне жастайынан тәлім-тәрбие беріп, өз қатарынан қалдырмай өсірген әке-шешесін ардақтап, оларға жылы сөзін арнап жатса, әбден жарасады емес пе.
Өкінішке орай әлі де болса, мынау тіршілікте қатігездік танытып, өзі үшін түн ұйқысын төрт бөліп, аялаған асыл аналарын, бір әулеттің тірегі болған әкелерін бойларынан қуат, қолдарынан күш кеткенде қалай ғана көздері қиып, қарттар үйіне тапсыратындығы саналы жанды терең ойға қалдыратындығы даусыз.
Осы арада замандастарымыз ата-анаңа не істесең, сол алдыңа келетіндігін ұмытпағандары абзал. Себебі, ұрпағың сенен үлгі-өнеге алады. Өскенде өзіңнен көргенін қайталауы да әбден мүмкін. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген де босқа айтылмаған. Бұл өмірде дәлелденген.Қажылық – саяхат емес
Қажылық – мұсылманның бес парызының бірі екендігі баршаға аян. Егер, мүмкіндігі бар әрбір мұсылман ғұмырында бір рет қажылық сапарға аттанып, өзінің парызын өтесе құба-құп.
Бұрындары біздің ата-бабамыз қажылыққа жол азабын тартып, жаяулап, жалпылап баратын болған. Тіпті кейбіреулер сол сапарда қайтыс болуды сауап көрген. Бұл жайлы оқырман бауырларымыз да хабардар екендігіне шүбә келтірмеймін.
Қазақ елі өз алдына тәуелсіз мемлекет аталғалы бері Мекке, Мәдинаға жол ашылып, қажылыққа баратын бауырларымыздың саны жылдан-жылға артып келеді. Қаншама компаниялар осы сапарларды ұйымдастырып, халықтың ыстық ықыласына бөленіп жатыр.
Сол қажылық парызын өтегендердің бірқатарымен кезінде бетпе-бет сөйлесіп, пікірлерін де тыңдаған едім. Солардың бірі - марқұм Ертай қажы Балахмет болатын. Ол өз сөзінде: «Мен Меккеде болған сапарымда өзімді анадан жаңа туған періштедей пәк сезінемін. Жан дүниемде қаншама өзгерістер мен бұрын - соңды сезінбеген күйді бастан кешемін», -дейтін.
Әрине, көпшілікке топырақ шашудан мүлдем аулақпын. Олардың арасында үлкен сапардан оралған соң жастармен кездесіп, алған әсерлерімен бөлісіп жүргендері де аз емес. Осындай парызын өтеген қажылардың киім-киісіне, жүріс-тұрысына, сөйлеген сөзіне, елі мен халқына жасап жатқан қызметіне еріксіз сүйсінесіз.
Алайда, олардың бәрі бірдей дей алмаймыз. Орынсыз тәкаппарлыққа салынып, көпшіліктің алдында менің орным төр деп өзгелерлен ерекшеленіп жататындар да бар екендігін естиміз. Міне осындайлар «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, басқаларға салқынын тигізеді.
Бұл мәселені де Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тұрақты назарда ұстайды. Осы ретте қабылданған «Қажының рухани келбеті» тұғырнамасының орны бөлек. Онда әрбір қажының мақсаты мен міндеті нақты айқындалған.
Қажы деген атаққа лайық және мәдениетті болу, сондай-ақ бес уақыт намазын тастамау, мұсылманға тән әдепті сақтау және басқа да үлгілі жайлар қамтылған. Тек қажылықты саяхатқа айналдырып, оның құны мен беделін түсіріп алмасақ екен. Әрине, жағдайы барлар жиі барады. Бірақ гәп санда емес, сапада.
Жұртшылыққа мәлім, Қостанай облысының Бас имамы болып тәжірибелі маман, бірқатар аудандар мен қалалардағы мешіттерді басқарған Бектұрсын Торғайбайұлы тағайындалғалы бері бүгінгі қозғалып отырған мәселелер яғни, ысырапшылдыққа жол бермеу, марқұмның жаназасы алдында берілетін қонақ асының ешқандай өнегелік жағы жоқтығы әрбір кездесулер мен жиындарда әңгіме арқауына айналып келеді.
Оның өзекті жайлар хақында айтқан пікірлері мұсылман бауырларымыздың тарапынан да қолдау тауып жатыр. Бұл әрине, өте құптарлық. Сондықтан алдағы кездері өзге де қандастарымыз түсіністік танытып, өздерінің ой-толғамдарымен бөліседі деген ойдамыз.
Ұзын сөздің қысқасы, ысырапшылдыққа жол бермеу, бейіт басына ескерткіш тұрғызу ережелерін сақтау, қажы деге атқа кір келтірмеу жайы бір-бірімен тығыз байланысты. Ислам діні тек қана ізгілікке, бауырмалдыққа, адамзатқа деген құрмет пен сыйластыққа бағытталғанын берік есте сақтайық.
«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, жылдар алға жылжыған сайын заманның өркениет талабы өзгеріп, ата-бабамыздан келе жатқан ізгі салт-дәстүріміз жаңғырып жаңаруда. Біз де соған дер кезінде бейімделіп, рухани жан дүниемізде сілкіністер мен құлшыныстар жасауымыз қажет.
Оразалы Жақсанов
Алла Тағаланың бізге берген ерекшеліктерінің бірі ол – сөйлеу нығметі. Осындай зор нығмет үшін әрбір пенде Жаратушысына шүкір етіп, дұрыс сөйлеп, күнәлі сөз айтудан сақтануы қажет. Алла Тағала Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар және дұрыс сөз сөйлеңдер», – деп бұйырған. Асыл дінімізде дұрыс сөйлеуді бұйырудағы мақсат – қоғамдық өмірде адамдар арасындағы қарым-қатынасты сақтау әрі нығайту. Қандай да бір қоғамда өсек, өтірік, жала жабу сияқты тіл кесапаттары көбейсе, адамдар арасында сенімділік жоғалып, берекетсіздік орын алады.
Діні мен дәстүрі сабақтасқан халқымыздың дүниетанымында әр айтылған сөзге ерекше мән беріледі. Бөлтірік шешеннің баласына айтқан өсиеттерінің бірінде: «Сөзден тәтті нәрсе жоқ. Сөзден ащы нәрсе тағы жоқ. Сөзден жеңіл нәрсе жоқ. Сөзден ауыр нәрсе де жоқ. Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылды сөзіңді ақылсызға қор етпе, ақылдыға айт. Не сөйлейтініңді біл. Кімге сөйлейтініңді біл. Қай жерде сөйлейтініңді біл. Қай кезде сөйлейтініңді біл. Қалай сөйлейтініңді біл. Оны білмесең, сара сөзің шала болады, арты жала болады, әкең қапа болады».
Біз бар ойымызды сөзбен жеткіземіз. Аузым бар деп сөйлей беру, әрине арлы адамның ісі емес. Санаға келген ой сөз болып тілімізге түспес бұрын жүрек пен ақылдың сүзгісінен өтуі керек. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген адамның өзі де есті болады. Осы орайда, Асан қайғы бабамыз өз еңбегінде: «Таза мінсіз асыл тас, Су түбінде жатады. Таза мінсіз асыл сөз, Ой түбінде жатады, – деп ой түбінен шыққан сөзді асыл сөзге жатқызған.
Хакім Абай сөздің орны мен мәнін, талабын былайша өрнектеген: «Ақылмен ойлап білген сөз, Бойына жұқпас, сырғанар. Ынталы жүрек сезген сөз, Бар тамырды қуалар» - дейді.
Қазақтың рухани қасиеті, халық айнасы болған тәрбие құралы – әдебиет арқылы беріліп отырды. Ақындар мен жыраулар поэзиясынан, Бұқар жырау, Ыбырай, Шәкәрім сынды ұлт жанашырларының шығармаларынан терең тағылым алуға болатындығы ақиқат. «Алдымен, ойыңды түзе, ойың сөзге айналады; сөзіңді түзе, сөзің іске айналады; ісіңді түзе, ол әдетке айналады; әдетіңді түзе, ол мінезге айналады; ал мінез – сенің тағдырың» (Шәкәрімқажы).
Дана халқымыздың: «Кеткенді келтіріп, кемтігіңді толтыратын да тіл» демекші, тілді осынша аса жоғары баға¬ла¬ға¬нын, сөзді құдіретті деп танығанын ха¬лық¬тың осындай қазыналы сөздерінен де аңғаруға болады. Мұндай даналықтан бейхабар адам сөз қадіріне жете алмайтыны да рас. Қа¬зіргі жаһандану заманында қоғамды технология билеп-төстеуде. Ал, өкініштісі сол – рухани дамуымыз артта қалуда. Бүгінде жасыратыны жоқ сөз қадірі кеміп барады.
Бұл неліктен? Аталы сөз айтар ақсақал азайды ма? әлде, сөзге құлақ асар ұрпақ жоқ па? ... ұлттық рухымыз құлдырайтын болса, қазақи тәрбиемізден жырақтап қалуымыз әбден мүмкін ғой. Дана халқымыз: «Сөз қадірін білмеген – өз қадірін білмейді» деп, сөз киесін босқа жоғары бағаламаған болар.
Жазушы Дүкенбай Досжанның шығармасында: «Мына ғажапқа қараңыз: сөзден – сөйлем, сөйлемнен – толғаныс, толғаныстан – тарау, тараудан – тағдыр шері туады» деген ойы терең мәнге ие. Шынымен де ойдан ой, сөзден сөйлем туады.
Сүйексіз тілімізге қатысты хадисте былай делінген: «Барлық дене мүшелері тіліне қарата айтады екен: «....Біз үшін Құдайдан қорық. Сен түзелсең, біз де түзелеміз. Сен бұзылсаң, біз де бұзыламыз» (Тирмизи, №2047 хадис)-деп. Адам баласы ұрлық жасап немесе қандай да бір қылмысқа бармаса да, тілінен шыққан бірауыз күнәлі сөзі арқылы үлкен азапқа душар болуы әбден мүмкін.
Әрбір сөзін саралап сөйлеу – нағыз мұсылманның қасиеті. Сөз адамның тұрмыс-тіршілігіне, оның тұлғалық қасиетіне әрі дініне әсер етеді. Қазақтың «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегені де осы. Алла Тағала Құранда: «Адам баласының қасында, оның аузынан нендей сөз шықса да, бірін қалдырмай жазып тұратын бақылаушы періштелер бар» (Қаф сүресі, 18-аят) деп ескертеді. Осы орайда Мәшһүр Жүсіп: «Жамандық қайдан туар, тілден туар, Әркімде ғақыл болса, тілін буар. Шығарсаң бір жаман сөз ауызыңнан, Артыңнан айдаһар боп сені қуар».
Халқымыз «Тау мен тасты жел бұзар, адамзатты сөз бұзар» дейді. Расында, адам баласы бір ауыз сөзімен өзіне азап келтіріп қана қоймай, адамдар арасындағы жақсы қарым-қатынасқа үлкен сызат түсіреді. Сондықтан қымбатты бауырлар! Тілімізге сақ болып, артынан өкініп қалмастай, әрбір сөйлер сөзімізді саралай білейік.
Алла Тағала баршамызға дұрыс сөйлеуді және дұрыс амал жасауды нәсіп етсін. Шынайы мұсылман ретінде, ойымызды түзеп, әр сөзімізді көркем етуге міндетті екенімізді ұмытпайық. Сөзі түзелген елдің өзі де өнегелі қауым болатыны анық. «Кей жаманның сөзі бар – ызғары қатты ащы удай, кей жақсының сөзі бар – лебі кәусар бал судай», - (Базар жырау) демекші, Алла Тағала тек пайдалы сөз айтуымызды нәсіп етіп еткей!
Бектұрсын Торғайбайұлы,
Қостанай облысының Бас имамы
Қостанай қалалық “Жайлаубай ата”мешіті ұжымының үйымдастыруымен Мәуліт-шарифті қортындылауға арналған жиын болып өтті. Онда кәсіпкер Анарбек Бейімбетұлы Мерген диаспораларды, намазхандар мен көп балалы отбасыларды, балалар-жасөспірімдер орталығындағы жастарды шақырып, дастархан жайды. Басқосуда Расулімізге салауат-шариф оқылды. Облыстың Бас имамы Бектұрсын Уәлиев мағыналы уағыз-насихат айтты. Имам Нұрлан Сейдағалиевтың орыс тіліндегі ұлағатты сөздерін ұйып тыңдады. Жиын соңында Жайлаубай ата мешітінің бас имамы Шоқан қажы Ғазизиұлы мешіт атынан демеушілерді марапаттады. Диаспор өкілдеріне естелік сыйлық табыс етілді. Қариялар ақ батасын берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев арнайы іс сапармен Лисаков қаласына барды.
Ол алдымен ұйымдастырылған Мәуліт мерекесіне қатысып, уағыз-насихат айтты. Облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің найб имамы Әлішер Балахмет, Қостанай аудандық мешітінің Бас имамы Дархан Манарбекұлы, «Жайлаубай ата» мешітінің ұстазы Әлібек қари Мәуліт-шариф оқыды. Осы жиынға көршілес жатқан аудандардың имамдары да шақырылды.
Сондай-ақ Бектұрсын Торғайбайұлы жергілікті «Әбдіхайым Саламатұлы» мешітінде жамағатпен жүздесіп, діни рәсімдерде ысырапшылдықтың алдын-алу, әрқашан да адалдық пен кішіпейілдік таныту жайлы ойын ортаға салды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев бастаған бір топ білікті дін өкілдері өңірдегі Лисаков қаласына арнайы іс сапармен барып, жергілікті тұрғындармен маңызды кездесулер өткізді.
Алғашқы жүздесу шаһардағы қорғаныс істері жөніндегі бөлім қызметкерлерімен өткізілді. Онда «Терроризм мен діни экстремизмнің қауіптілігі және Қазақстан Республикасындағы конфессияаралық қатынастардың дамуы» тақырыбы бойынша Тобыл қаласынан келген теолог Азамат Мурзаканов орыс тілінде, Денисов аудандық «Жұма» мешітінің Бас имамы Еркебұлан Қошан қазақ тілінде түсінік жұмыстарын жүргізді.
Содан кейін Өрт сөндіру мекемесінде Қостанай қалалық «Марал ишан» және Тобыл шаһарындағы «Маңдай батыр» мешіттерінің Бас имамдары Сабыржан Есмұрзин мен Дархан Сыздықов «Теріс ағымның Қазақстан жұртшылығына қауіптілігі» тақырыбын кеңінен әңгімеледі.
Сондай-ақ, Лисаков қалалық әкімдіктің қызметкерлерімен болған кездесуде Алтынсарин аудандық «Алдиярұлы Жанұзақ» және Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешіттерінің Бас имамдары Аңсаған Абдрахман мен Айбек Кабиев «Жат ағымның алдын алу» туралы қазақ және орыс тілдерінде толық қанды мағлұмат берді.
Аталған жиындарға қатысушылар көптеген деректер мен дәйектерге қанығып, білікті дін қызметкерлеріне шынайы алғыстарын жеткізді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Өткен сейсенбі күні Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешіті ұжымының ұйымдастыруымен қалалық «Мирас» мәдениет үйінде Мәуліт мерекесіне арналған «Адамзаттың асыл тәжі» атты рухани кеш болып өтті.
Оған әдеттегідей халық көп жиналды. Ардақты ақсақалдарымыз бен ақжаулықты аналарымыз тағылымы мол жиынның көркі болды. Осынау кешті есімдері жұртшылыққа жақсы танымал Заңғар Санай және Марғұлан Оспанов жүргізіп, Мәуліт жайлы әдемі түсіндірді.
Алдымен қонақтар мен жерлестеріміздің назарына Мұхаммед Пайғамбарымыздың мағыналы ғұмыры туралы қысқа метражды фильм ұсынылды.
Мәуліт мерекесіне Астанадағы Республикалық Бас мешіттің ұстазы Мұртаза қари Балахмет, облыстық мешіттің наиб имамы Әлішер Балахмет, Қостанай ауданының Бас имамы Дархан Сыздықов Мәуліт-шариф және құран оқыды.
Жиналған қауымды облыстық дін істері басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов шын жүректен құттықтап, көпшілікке ізгі тілектерін білдірді.
Мұндай ғибратты кештер ән-күйсіз өтпейтіні белгілі. Халықтың ыстық ықыласына ие болған Ыбырай Есжан мен Данияр Рысбек қазақтың жүрегіңді тебірентетін күйін шертіп, Серікболсын Абекенов «Құран үні» иләһи әнін аса бір шеберлікпен орындады. Өңірімізге есімі белгілі жыршы, термеші Абзал Алпысовтың да репертуарындағы «Бес парыз» термесі де тәрбиелік мәні жоғары толғаныстарымен жерлестеріміздің жадында ұзақ сақталары сөзсіз.
Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының бір топ әртістері қойған сахналық қойылым да талғампаз бауырларымыздың көңілінен шығып, оларды терең ойға қалдырды.
Сондай-ақ Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы мен Зекет және қайырымдылық қорының ерікті мүшесі Алмат Омаров сахнаға көтеріліп, «Ел үлесі - пәтерге» жобасы аясында № 787-788 пәтерлердің кілтін баспанаға мұқтаж жандарға салтанатты түрде табыс етті.
Сонымен қатар Бас имам сахнаға шығып жастарды имандылық пен ізгілікке бейім болуды, Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын ) көркем мінезінен үлгі алуды айтып насихат айтты.
Айтыс десе делебесі қозбайтын қазақ бар ма? Бұл күндері қазақ елінің мақтаныштарына айналған дарынды бауырларымыз Айбек Қалиев пен Мейірбек Сұлтанханның айтыстары өте сәтті шығып, жиналғандарды рухани ләззатқа бөледі.
Рухани кештен кейін жиналған қауымға Мәуліт мейрамының құрметіне облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің асханасында дастарқан жайылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысына қарасты Қарабалық ауданындағы Бозкөл ауылында былтыр мешіт ашу мәселесі көтерілген болатын. Әуелде бос тұрған (автовокзал) ғимаратын, жөндеп, қалпына келтіріп, мешіт қыламыз деген жоспар болды. Бастапқыда осындағы бос тұрған бір ғимаратты жөндеп, қалпына келтіру жоспарланған еді. Алайда ол жергілікті халықтың көңілінен шықпады.
Сондықтан өткен жылы күзде тұрғындардың талап-тілектері ескеріліп, жаңадан салынатын мешіттің қазығы қағылған-ды. Қысқа мерзім ішінде ол тұрғызылып, пайдалануға берілді.
Осы елді мекеннің тумасы, бұл күндері Астана қаласында тұратын Бақытжан Қасымұлы Ертаев аталмыш имандылық ордасын өз қаржысына салдырып, жерлестерін үлкен қуанышқа бөледі.
Бүгін аталған мешіттің салтанатты ашылуы болды. Оған облыстың Бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев қатысып, бозкөлдіктерді шын жүректен құттықтады. Демеушілік жасаған Бақытжан Қасымұлының иығына шапан жауып, Алғыс хатпен марапаттады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Рудный қалалық “Нұр” мешітінде ұстаз Перизат Жәрімбетқызының ұйымдастыруымен әйел-қыздар арасында Мәуліт мерекесі өткізілді.
Аталған жиында уағыз-насихат айтылып, қатысушыларға викториналық сұрақтар қойылды. Сөйтіп, ол рухани маңызы жоғары әдемі кешке айналды. Жұртшылық ұмытылмас тағылым алды.
Аталған мерекеге Қостанай қалалық “Жайлаубай ата” мешітінің ұстазы Аяулым Ермекқызы арнайы келіп, өзінің ой-пікірін ортаға салды. Оның айтқан уағыз-насихаты есте қаларлықтай болды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев кезекті іс сапарында Әулиекөл ауданында болды. Ол ауданда ұйымдастырылған Мәуліт рухани кешіне қатысып, уағыз-насихат айтты.
Онда облыстық мешіттің наиб имамы Әлішер Ертайұлы мен Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешітінің бас имамы Дархан Манарбекұлы Мәуліт-шәриф оқыды.
Тағылымы мол жиынға осы өңірдегі ардақты ақсақалдар мен ақжаулықты аналарымыз шақырылып, кештің ажарын кіргізді. Басқосуда аудан әкімі Жансұлтан Қоңыртайұлы айтулы мерекеге орай барша қауымды шын жүректен құттықтап, ең ізгі тілегін білдірді.
Мәуліт мейрамы өз деңгейінде өтті. Жиын соңында жергілікті «Әмит ишан» мешітінің бас имамы Нұрбол Исламұлы барша қонақтар мен жамағаттарға шынайы алғысын жеткізді.
Сондай-ақ аталмыш сапар барысында Бектұрсын Торғайбайұлы аудан басшысымен қалыптасқан діни ахуал жайлы келелі әңгіме қозғады. Әулиекөлдік ағайындармен жүздесуде діни рәсімдер кезінде ысырапшылдыққа және басқа да келеңсіздіктерге жол бермеу жөнінде тілге тиек етті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти, «Шариғат және пәтуа» бөлімінің меңгерушісі, Республикалық ақпараттық-насихат тобы мен ғұламалар алқасының мүшесі Сансызбай қажы Құрбанұлы арнайы іс-сапармен Қостанай облысына келді.
Сансызбай қажы Құрбанұлы аудандық мешіттің жамағатымен кездесіп, уағыз-насихат айтты. Облыс бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы жамағат атынан ұстазға алғысын білдірді
Сапар барысында онымен бірге Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын Уәлиев болды. Көрнекті дін қайраткері Сатыбалды ишан жерленген зиратқа барып, оған және осындағы тыныстап жатқан барша аруақтарға құран бағыштап, бата берді.
Сондай-ақ, халқымыздың ардақты ұлдары Сатыбалды ишан, Файзолла қари және де Омар халпенің халқына сіңірген еңбегі және өмірбаянымен танысты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі.