Елордамыз Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қорытынды Төралқа мәжілісі болып өтті. Онда «Мүфтият үздігі – 2023» номинациясы бойынша таңдаулы 31 дін қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.
Салтанатты шараға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, номинация иегерлерін көпшілік алдында марапаттады. Ол өз сөзінде жеңімпаздардың жыл бойы үздік нәтижелерге қол жеткізгендігіне, халықтар арасында ынтымақ-бірлікті нығайтуға, дініміздің беделін көтеруге қосқан зор үлестеріне және басқа да ерекше қырларына тоқталды.
Мұндай айрықша ықыласқа бөленген жерлесіміз, белгілі дін қайраткері, Қостанай шаһарындағы «Жайлаубай ата» мешітінің Бас имамы Шоқан қажы Әмірханов «Үздік қала имамы» атанды.
Біз Шоқан Ғазизұлын осынау мәртебелі марапатымен шын жүректен құттықтай отырып, оған алдағы уақытта да мықты денсаулық, жауапты қызметінде толағай табыс тілейміз.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі