
Кіріспе
Кәсіпкерлік ойлау жүйесі активтерді басқару, табыстылықты қамтамасыз ету, капиталды қорғау, ұзақмерзімді стратегия қалыптастыру және мұра мәселелеріне негізделеді. Ислам құқықтық-экономикалық жүйесі бұл категорияларды біртұтас модельде біріктіретін ерекше институтты ұсынады. Ол — уақып.
Уақып институты капиталдың сақталуын, табыстың үздіксіз бөлінуін және экономикалық әсердің меншік иесі қайтыс болғаннан кейін де жалғасуын қамтамасыз етеді.
1. Уақыптың құқықтық анықтамасы және діни негізі
Ислам фиқһында уақып — мүліктің негізін сақтай отырып, одан түсетін пайданы қоғамдық немесе діни мақсаттарға мәңгілік түрде бағыттау деп анықталады¹.
Пайғамбар Мұхаммед ﷺ былай деген: «Адам қайтыс болған кезде оның амалдары үзіледі, тек үшеуінен басқа: садақа жәрия, пайдалы ілім және ізгі ұрпақ» ².
Классикалық фиқһ ғалымдары «садақа жәрия» ұғымының ең толық әрі институционалдық көрінісі ретінде уақыпты көрсеткен³.
2. Уақыптың инвестициялық модель ретіндегі ерекшелігі
Дәстүрлі инвестициялар уақытша сипатқа ие болып, меншік иесінің өмірімен немесе нарықтық жағдайлармен шектеледі. Ал уақып мүлкі:
- сатылмайды,
- мұраға қалмайды,
- тәркіленбейді,
- бөлінбейді⁴.
Бұл қағида уақыпты капиталды сақтаудың ерекше құқықтық механизміне айналдырады. Құранда бұл заңдылық былайша баяндалады:
مَا عِنْدَكُمْ يَنْفَدُ ۖ وَمَا عِنْدَ اللَّهِ بَاقٍ
«Сендердегі нәрсе жойылады, ал Алланың қасындағысы мәңгі қалады» (Құран, 16:96)⁵.
Ғалымдар бұл аятты дүниелік активтердің уақытша, ал Алла жолындағы инвестицияның тұрақты екенін білдіретін жалпы экономикалық қағида ретінде түсіндірген⁶.
3. Уақыптың классикалық үлгісі: Омар ибн әл-Хаттаб رضي الله عنه
Омар ибн әл-Хаттаб Хайбардан алған жер телімін қалай пайдалану керектігін Пайғамбар ﷺ-дан сұрағанда, Ол ﷺ: «Қаласаң, негізін ұстап қал да, табысын тарат»⁷ деп жауап берген.
Имам ән-Науауи бұл хадиске берген түсіндірмесінде:
«Бұл хадис — уақыптың негізін құрайтын басты дәлел» деп атап көрсетеді⁸.
4. Ислам өркениетінің уақыпқа негізделуі
Ислам тарихшылары әлеуметтік инфрақұрылымның негізгі бөлігі мемлекеттен емес, уақыптардан қаржыландырылғанын атап өтеді¹⁰. Оған:
- медреселер,
- ауруханалар,
- жолдар,
- панаханалар,
- ғалымдардың жалақысы жатады.
Қорытынды
Уақып — мерзімі шектелмеген инвестиция, жойылмайтын актив және тоқтамайтын дивиденд көзі. Ол меншік иесінің өмірімен шектелмейтін, институционалдық тұрғыда тұрақты экономикалық модель болып табылады.
«АЛИМА» мешітінің имамы
Абдрахман Аңсаған
(Қостанай облысы)
Пайдаланылған дереккөздер
1. Әл-Касани, Бадаиʿ ас-Санаиʿ, т. 6, уақып тарауы.
2. Муслим, Сахих, «Уасия» бөлімі, №1631.
3. Имам ән-Науауи, Шарх Сахих Муслим, хадис 1631.
4. Ибн Қудама, әл-Муғни, т. 6, «Китаб әл-Уақф».
5. Құран Кәрім, 16:96.
6. Ибн Ашур, Тафсир әт-Тахрир уәт-Танвир, 16:96.
7. Бұхари, Сахих, «Шурут», №2737.
8. Имам ән-Науауи, Шарх Сахих Муслим, хадис Омар уақпы.
9. Адам Метц, Ислам өркениеті, уақып тарауы.






