Хижаб – орамал, мұсылман әйелінің ар-намысын қорғайтын жаулығы. Ислам діні мұсылман ер мен әйелдерге әуретін жауып, шариғат әдебі бойынша киінуді бұйырған. Үйден тыс, қоғамдық орындарда ұзын етек-жеңді киім кию – мұсылман әйелдің ары мен абыройын сақтайды. Құран және Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) хадисі мен мұсылман ғұламаларының бірегей пікірі бойынша, мұсылман әйеліне орамал тағу – парыз.
Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Уа, Пайғамбар! Жұбайларыңа, қыздарыңа және иман келтіргендердің әйелдеріне айт: үстеріне жамылғыларын түсірсін...» («Ахзап» сүресі, 59-аят) деп бұйырған.
Аятта киімнің түсі немесе үлгісі анық айтылмаған. Сондықтан әр ұлт, әр мәдениет өкілдері Алланың әмірін өз ұстанымдары, тарихи таным-түсініктері бойынша орындайды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі мұсылман қыз-келіншектер мен әйелдерді киім кию үлгісінде қазақ халқының салт-дәстүрлерін сақтай отырып, жинақы киінуге кеңес береді. Көзге ерсі көрінетін, дене бітімін айқындайтын, қара түсті киім-кешектерді пайдаланбаған дұрыс. Ал паранжа (ниқаб) кию – дәстүрлі дінімізге, салтымызға қайшы, бұл діні мен дәстүріне берік болған ата-бабларымыздың жолы емес. Екіншіден, мұсылман жамағаты мен ата-аналарды хижаб мәселесінде қоғамдық келіспеушіліктерге, оқу орындарында әркез кездесетін түсінбеушіліктерге сабырлық сақтауға шақырамыз. Бұл мәселені ушықтыру дұрыс емес.
Үшіншіден, мектеп табалдырығын енді ғана аттаған қыз балаға, яғни балиғат жасына толмаған қызға жаулық жабу немесе орамал тағу – міндетті емес. Мұндай әрекетке бармас бұрын ата-аналардың байсалды, ұстамды болуларын, ыждаһаттылық танытуларын сұраймыз. Мүмкіндігінше мектеп басшыларымен ортақ мәмілеге келулеріне, қыз баланың толыққанды зайырлы білім алуына назар аударуға кеңес береміз. Білімсіздік – бүлікке бастайтынын ұмытпайық. Алла Тағала қалаған құлына кез-келген тығырықтан шығу жолын үйретеді.
Қазақстан мұсылмандары өзі өмір сүріп отырған қоғамнан бөлініп, бөлек тіршілік етпейді. Ата Заңымыз қоғамдық қатынастарды реттейді және азаматтардың бостандығы мен діни сенімдеріне еркіндік береді. Мұсылмандар да Алланың әмірі бойынша заңды сақтайды және оған құрметпен қарауы тиіс.
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі
www.fatua.kz
Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұсылман қауымының ұлық мерекесі – Құрбан айт мейрамын жоғары деңгейде, ұлттық нақышта атап өтеді.
Бас мүфи Ержан қажы Малғажыұлы облыс, қала, аудан, ауыл имамдарына жолдаған ресми хатта мешіт аулаларына киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойын түрлерінен арнайы жарыстар өткізу, құрбандық еттерін мұқтаж жандарға үлестіру, қайырымдылық акциялар ұйымдастыру, т.б. шараларды жүзеге асыру қажеттігі айтылды.
Сонымен биыл еліміздің мұсылман қауымы Құрбан айтты 24 қыркүйекте тойлайды. Айта кетсек, бұл күні халқымыз Құрбан айттың құрметіне бір күн демалады.
ҚМДБ Баспасөз қызметі
Бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойымен құттықтады.
«Қазақ халқының 550 жылдығына жиналған барша қауымды бүгінгі торқалы тоймен шын жүрегіммен құттықтаймын. Қазіргі бүкіл әлемді дағдарыс жайлап, дамыған елдердің өзі үлкен экономикалық күйзеліске ұшыраған мынау алмағайып заманда алыс-жақын ағайынның басын қосып, Қазақ хандығының 550 жылдық ұлан-асыр тойын өткізудің өзінің ерекше себептері бар», - деді Елбасы.
Мемлекет басшысы өз сөзінде бүгінгі той ең алдымен батыр бабаларымыздың биік рухына тағзым ету, олардың тағдырының сан алуан қиындықтардан сүрінбей өткен ата тарихтан тағылым алу үшін өткізіліп отырғандығын еске салып өтті.
«Өздеріңіз білесіздер, Кеңес одағы заманында Қазақстан мектептерінде оқушылар КСРО тарихы атты ортақ оқулықтан білім алды. Пышақтың жуандығындай ғана кішкентай кітапшадан тағылым алдық. Сондықтан жас ұрпағымыз ата тарихынан мүлдем алшақтап қалғанын білесіздер. Оның үстіне қазақ хандығының шаңырағын көтеріп, айбынын асырған ұлы хандарымыз бен даңқты батырларымыздың есімдері біртіндеп ел жадынан өшіріле бастады. Тіпті, айта кетейтін, өз ішімізден шыққан оларды жамандағыштар құрметке бөленді», - деді ҚР Президенті.
www.inform.kz
ҚМДБ-ның игі бастамасымен қолға алынған «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында қырқүйек айының 1-і күні Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінің ұйымдастыруымен қайырымдылық іс-шара өтті.
Ұлы жаратушы иеміз Алла Тағала адамзат баласына: «Жақсылық жасауда өзара жарысыңдар» деп бұйырды, ал Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз өмірінде қандай қайырымды істер жасап кедей кепшік, жетім жесірге қандай жәртем еткені бәрімізге мәлім. Сондықтан Алла жолында мұқтаж жандарға көмектесу мұсылман баласы үшін дәрежесі биік, нығметі зор абзал амал екені анық. Осындай игі қасиеттер мен сипаттарды негізге ала отырып мешіт ұжымы ауданымызда орналасқан «Естай Есжанов» атындағы № 9 қазақ орта мектебі мен № 2 қазақ орта мектебінде оқитын көп балалы отбасы мүшелеріне және әлеуметтік жағдайы төмен отбасы оқушыларына мектепке қажетті оқу-құралдарымен және басқа да білім алуға қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті. Биылғы жылы мешітіміздің тарапынан 120-ға жуық окушыға көмек көрсетілді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
Өкілдігінің баспасөз қызметі
Қайырымдылық жасау – имандылық нышаны, Алла-тағаланың разылығына бөлейтін амал. Жәрдемге мұқтаж жандарға керек кезінде қол ұшын созу – сауапты іс.
Жуырда Рудный қалалық «Нұр» мешіті жүрегі жомарт жандарды тарта отырып, қайырымдылық шарасын өткізді. Шара барысында мешіт ұжымы көп балалы көмекке мұқтаж отбасылардың әр шаңырағына бір-бір қойдың етін бөліп берді. Қамқорлыққа бөленген отбасылары мешіт қызметкерлеріне шынайы алғыстарын білдірді.
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тікелей тапсырмасы бойынша еліміздегі барлық мешіттерде төрт бағытта жұмыс істеу қажет еді. Соның ішіндегі қайырымдылық шараларының шапағаты мол, орны ерекше – дейді Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Сейіт Темірбекұлы.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызмет
«Мектепке жол» қайырымдылық акциясына Қостанай ауданы орталығындағы құтхана жыл сайын үлес қосып келеді. Ондағылар былтыр он оқушыға киім-кешек алып берген-ді. Биыл оқу құралдарымен қамтамасыз етуді жөн көріпті. Мешіт көмек көрсеткен он оқушының бесеуі Н.Наушабаев атындағы білім ордасынан, қалған бесеуі мемлекеттік тілде оқытатын Заречный орта мектебінен.
Аудандық Маңдай батыр мешітінің бас имамы Азамат қажы Серікбайұлы бұл көмек мешіт қызметкерлері мен жамағаттың атынан жасалғанын айта келіп, балаларға сыйлықты салтанатты түрде тапсырды.
Өз кезегінде ата-аналар мен балалар имамға алғыстарын жаудырды. Мешіт намазханы Таңатқан ақсақал бата беріп, жаңа оқу жылында оқушыларға сәттілік тіледі.
– Бұл қайырымдылық акциясына атсалысқысы келетін ағайындар аз емес. Оған кәсіпкерлер ғана емес, иманды азаматтар да көмек қолын созуға тырысады. Көп балалы отбасындағы оқушылар ескерусіз қалмайды. Мешіт ұжымына алғысымыз шексіз, – дейді мемлекеттік тілде оқытатын Заречный орта мектебінің әлеуметтік педагогы Сандуғаш Карманова.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызмет
Рудный қаласында Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Оған жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының басшылары, үкіметтік емес ұйымдар мен кәсіби одақтардың жетекшілері, БАҚ өкілдері, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты.
Мерейлі мерекемен жұртшылықты қала әкімі Бақытжан Ғаязов құттықтап, түрлі мемлекеттік және қоғамдық мекеме-ұйым өкілдерін, еңбек ардагерлерін «Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапаттады. Еңбегі еленіп, әкім қолынан төсбелгі алғандардың қатарында қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Сейіт Темірбекұлы да бар. Қоғамдағы тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтауда шешуші рөль атқарып келе жатқан мешіт ұжымы үшін бұл марапаттың маңызы зор. Жастарды имандылық жолында тәрбиелеп, қаладағы мұсылман қауымның басын бір арнаға тоғыстырып отырған Алланың жердегі үйі бұдан әрі де игілікті істерін жалғастыра бермек.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Жаңа оқу жылы басталар шақта оқушыларымыз мектепке асықса, ата-ана оқуға қажетті жабдықтарды дайындаумен әлек. Білімге құштар балаларды түгелдей оқу жабдықтармен қамтамасыз ету кей ата-анаға оңай тимейтіні рас. Сондай жанұйларға көмек қолын созу, жағдайы келген әр азаматтың бір борышы.
Тамыз айында жалпы еліміз бойынша өткізілетін «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы да, дәл осы мұқтаждықты өтейтін ауқымды бір шара.
Арқалық қаласының қосымша білім беру мекеме ұжымының қызметкерлері № 12 жатақханада «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, жанашыр азаматтарды тартқан болатын. Осындай сауапты іске Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы ұжым атынан үлкен қолдау білдірді.
«Мектепке жол» қайырымдылық акциясы нәтижесінде 33 оқушыға 300 (үш жүз мың) теңгеге киім-кешек және оқу жабдықтарымен толығымен қамтамасыз етілді.
Мешіт тарапынан жасалған мұндай қамқорлықты сезінген бүлдіршіндердің жүздеріне қуаныш ұялап, көмекке зәру ата-аналар шексіз ризашылығын білдірді. Аталмыш іс-шара Алла нәсіп етсе, алдағы уақыттарда да өз жалғасын таба бермек деді мешіт қызметкерлері.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Тәубе сөзінің тілдік мағынасы «Оралу қайту» дегенді білдіреді. Күнәларынан арылу Аллаға бойұсынғандықтың белгісі. Тәубе сөзінің шариғаттағы мағынасы Алладан қорқып, рахымына қол жеткізу. Аллаға бойұсынбағандығына және жасаған үлкен-кіші күнәлары үшін өкініп, бұдан былай, мұндай әрекетерге бармауға нақтылы шешім қабылдау.
Алла Тағала ерекше мейірімді, кешірімді, тәубені толық қабылдаушы.
Әрбір кісінің Жаратқан Иесінің рақымдылығына үміт ете отырып жасаған тәубесі, Алла Тағаланың пендесіне деген сүйіспеншілігін оятады.
Қасиетті Құранда тәубе етуші адам, Алланың сүйікті пендесі болып, күнәларының жуылып-шайылатындығы ескерілген. Негізінде тәубе ету – Раббымыздың адам баласына берген ұлы нығметі. Күнәһар пенделер тәубе жасамаса Аллаға титтей де кесірін тигізе алмайды. Раббысына бойұсынған, тәубе, шүкір жасаушы пенделерін Алла Тағала өзінің тура жолымен жүргізіп, оларға разы болады. Тіпті, Алла өзі жаратқан пендесінің тәубесін қабыл еткен уақытта, періштелер де қуанады екен.
Алла Тағала былай айтты: «Әй Мүминдер. Аллаға шынайы тәубе қылыңдар. Раббыларың жамандықтарыңды жойып, астарынан өзендер ағатын жұмақтарға кіргізуі үміт етіледі» (Тахрим сүресі, 8-аят).
Шын мәнінде, жамандықты білмей істеген пендесінің де тәубесін Алла қабыл етеді. Абдулла ибн Омар риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтты: «Алла Тағала пендесінің тәубесін, жаны алқымға келмейінше қабылдайды».
Дін ғұламалары тәубенің қабыл болуы үшін төрт шарт қойған.
1-Күнәдан тиылу;
2-Бұрынғы жасаған күнәларына қатты өкіну;
3-Күнәні қайталамауға бел байлау;
4-Кісі ақысын иесіне қайтару.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтты: «Сендердің ең жақсыларың, күнәдан кейін дереу тәубе еткендерің». Кімде-кім күпірлік жасап, дініен шығып кететін болса, дереу тәубе жасап, дініне қайта оралуы қажет.
Алла Тағала айтты: «Мені ұмытсаңдар ризықтарыңды азайтамын» (Таха сүресі, 124-аят).
Алла Тағала адамды топырақтан жаратқанда оның топырағына жақсылық пен жамандықты қосқан деген. Соның жамандығынан тек тәубе арқылы құтылады екен. Ақырет азабынан құтылуды ойлаған әр бір мүмин мұсылман, әрдайым күнәлары үшін тәубе жасауы тиіс.
Алла Тағала айтты: «Шексіз Алла Тағала тәубе етушілерді жақсы көреді, тәубе етушілер Алланың сүйікті құлдары» (Бақара сүресі, 222-аят).
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтқан екен: «Алла Адамның (ғ.с.) тәубесін қабыл еткенде, періштелер қатты қуанған екен. Сонда Жәбрәйл мен Микәйл періште Адамға (ғ.с.) келіп: «Алла тәубеңді қабыл етті»,-деп сүйінші сұраған. Сонда Адам (ғ.с.): «Иа Раббым! Менің ұрпағым не істесін?»-деді. Сонда Алла Тағала: «Қиямет күні тәубе етушілерді қабірлерінен сүйіншілеп, дұғаларын қабыл етіп тұрғызамын деді» (Термизи).
Бірде Хәзіреті Омар (р.а.) Пайғамбарымызбен (с.ғ.с) бірге бір ансарлық сахабаның үйіне барды. Әлгі сахаба болса, өлім аузында жатыр екен. Алла Елшісі (с.ғ.с.) оған: «Аллаға тәубе ет»,-деді. Әлгі кісінің тілі икемге келмей екі көзін аспанға қаратып қайтыс болды. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.) күлімсіреген сынай танытып еді, Омар (р.а.): «Иа Алланың Елшісі (с.ғ.с.) күлімсіреуіңіздің мәнісі неде?»-деп сұрады. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Мына кісі тілмен емес, шын жүрек ықласымен тәубеге келгендіктен қуандым»,-деді (Хадис Әбу Дәуіт).
Пайғамбар(с.ғ.с) бес нәрсеге асығыңдар деді.
1-Тәубе жасауға;
2-Мәйітті жерлеуге;
3-Бойжеткен қызды тұрмысқа беруге;
4-Қарызды ерте беруге;
5-Келген қонаққа тағам беруге.
Мысалы: Алла Перғауын лағнеттің тәубесін қабыл алмады, себебі оның тәубесі тым кеш болды. Сол секілді араб мүшріктерінен болған Әбу Лаһаб пен Әбу Жәһілдің және осы екеуі сияқтылардың тәубелері қабыл етілмеді. Адам баласы нәпсіге беріліп, иман күшінен айрылып жатады. Негізінде адам баласы дүниеге тап таза, күнәдан пәк болып дүние есігін ашады. Алла Тағала да ешбір жан иесін күнәлі іске мәжбүрлемейді. Пенде жүрегінің қараюы бір күнә жасаудан басталып, тәубе жасасаумен жүрегі қара дақтан тазарады. Адам баласы өмірде жасаған күнәлары арқылы, ең ауыр дертке ұшырайды. Ал оның шипасы түн ортасында тұрып, намазын оқып, истиғфар дұғаларын жасап, Алланың жарылқауын тілеу екен.
Алла Тағала өзінің Құран Кәрімінде пенденің тәубе жасауы арқылы күнәларының кешірілетіндігін айтқан. Алла Тағала былай деді: «Ал олар қашан арсыздық істесе не өздеріне зұлымдық қылса, Алланы естеріне алып, күнәларының жарылқауын тілейді» (Әл-Имран сүресі, 135-аят).
Алла Тағала басқа бір аятта былай деді: «Олар түнде аз ғана ұйықтаушы еді. Олар таң сәріде жарылқану тілеуші еді» (Зарият сүресі, 17-18 аят).
Сондай-ақ Алла Тағала былай деді: «Бірақ кімде-кім тәубе жасаса сондай-ақ кім иман келтіріп, ізгі іс істесе, міне Алла олардың жамандықтарын жақсылықтарға ауыстырады. Алла өте жарылқаушы, ерекше мейірімді» (Фурқан сүресі, 70-аят).
Кімге Алла Тағала үш нәрсені нәсіп етсе, ол пенде Алланың сүйіспеншілігіне бөленгендігінің белгісі:
1-Аллаға жалбарынып, дұға жасаушы болса;
2-Күнәсі үшін әрдайым тәубе етуші болса;
3-Алланың берген нығметіне шүкір етуші болса.
Тәубенің есігі жан алқымға келгенде жабылады. Тәубеге келуге үлгермей, дүниеден өтіп жатқан пенделер қаншама.
Алла Тағала айтты: «Әй мүминдер, түгел Аллаға тәубе етіңдер, мүмкін құтыларсыңдар» (Нұр сүресі 31-аят).
Алла Тағала тағы бір басқа аятында айтты: «Әй мүминдер Аллаға шынайы тәубе етіңдер» (Тахрим сүресі, 8-аят).
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадис шәрифінде былай деген: «Бір адам түйесімен ұзақ шөл далада сапарда келе жатып бір жерге тоқтап, түйесінен түсіп демалмақ болады. Бір уақытта ұйқысынан оянып кетіп, жан-жағына қараса, түйесі үстіндегі ас-суымен кетіп қалыпты. Әлгі кісі айналасына қарап, ары-бері жүгіріп, әбден шаршап-шалдығып, шөлден өлер хәлге жеткен соң, алғашқы түйеден түскен тұрағына қайта оралып келеді де ұйқтап кетеді. Біраздан соң оянып кетсе, түйесі үстіндегі бар азығыменен келіп тұр екен. Сол кезде әлгі адамның қуанышында шек болмай, қатты қуанған екен. Ал Алла Тағала болса, мүмин пендесінің жасаған тәубесіне бұл қуаныштан да артық қуанады» (Бухари).
Дін ғұламалары былай деген: «Мұсылман адамның өмірде жасаған күнәлары қаншалықты көп болса да, жақсылықты үміт етіп, дұға жасап, Алладан кешірім сұраса, Жаратушы Жаббардың кешіретіндігін ұмытпаған жөн. Себебі Алла Тағала өзіне серік қоспаған қалаған пендесінің барлық күнәсін кешіретіндігін Құранда ескерткен. Мұндай ұлық нығмет, тек пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) үмметіне берілген ерекшелік».
Ажмахан Есенкелді Сақтағанұлы
Ұзынкөл аудандық «Балықты» мешітінің
бас имамы