Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешіті жамағат арасында түрлі маңызды басқосулар өткізіп келеді. Мұндағы басым бағыт әсіресе жастармен жұмыс істеуге, олардың бос уақытын тиімді пайдалануға арналған.
Биылғы оқу жылы басталғаннан бері аптаның әр жексенбі күні студенттерге арнап дәріс оқылады. Мешітте қайырымдылық дастарханы жайылып, ас берілуде.
Басқосуда мешіт имамы Бектұрсын Уәлиев діни құндылықтар жайлы уағыз айтып, мұсылман баласы әркез әдепті, қарапайым да мейірімді болу керектігін айтса, мешіт ұстаздары – жат ағымдардың зияндылығы, өмірдегі қандай да бір келеңсіз жағдайларға ұстамдылық таныту, отансүйгіштік пен имандылық, сондай-ақ білім алудың маңыздылығы жайында әңгімелер өткізуде.
Мешіт имамы әрдайым өз сөзінде жастарға ұлағат болар ойларын ортаға салып, оларды ізгілікке, өзгелерге шарапатын тигізуге, туған еліміздің нағыз патриоттары болуға шақырады.
Студенттерге мешіт қызметкерлерінің мұндай қамқорлығы, үміттерін үкілеп, талаптарына қанат бітіргендей.
Сондықтан да болар, олардың оқу-білімге деген құштарлығы бұрынғыдан да артып, діни құндылықтарға деген ынталары күшейе түсуде.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық мешітінің уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Абдулқаһһар Садықұлы және «Жастар ісі секторының» өкілі Әлішер Ертайұлы Қостанай облысының Сарыкөл ауданында бірқатар маңызды кездесулер өткізді.
Мәселен, Абдулқаһһар Ерматов осы аудандағы «Нәзира Даулетова» атындағы орталық кітапханада зиялы қауыммен жүздесіп, «Ислам және отбасы» тақырыбында тренинг өткізді.
Ал Әлішер Ертайұлы «Сарыкөл агробизнес және құқық колледжі» студенттерімен кездесіп, «Ата-ананың ислам дініңдегі орны» «Жастардың білімге деген ынтасы» деген тақырыптарда сөз қозғап, насихат айтты.
Сондай-ақ Абдулқаһһар Ерматов осы аудандағы «Аққозы қажы» мешітіндегі жұма намазында «Аманатқа берік болу – Адамшылық белгісі» тақырыбы жайлы мешіт жамағатына баяндады.
Сарыкөл ауданының бас имамы Дәулетбай Әбдіхалық облыс мешіттен келген дін қайраткерлеріне шын жүректен шыққан шынайы алғыстарын білдірді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысндағы өкілдігінің баспасөз қызметі
Ислам дінінің негізі, қайнар көзі - қасиетті Құран Кәрім екені белгілі. ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша мешіт шәкірттері арасынан жыл сайын түрлі сайыстар тұрақты ұйымдастырылып келеді.
Қостанай облысы Қарабалық ауданында «Құран сенің шапағатың» атты «Ғашура ана» мешітінің 10 – жылдығына арналған облыстық деңгейде Құран жарысы болып өтті. Шараның Әділбек Рыскелдіұлы демушілік етті.
Аталмыш облыстық сайысқа алыс – жақын аймақтардан жалпы саны 50-ге жуық шәкірт келіп қатысты. Жарысқа
Жарыс нәтижесі бойынша бірінші орынды ең жас шәкірт Бекболат Қайратұлы иеленді. Екінші орынды Абылай Хайрулла және үшінші Арқалықтан келген Абай Құланбаев жеңіп алды.
Екінші кезең бойынша Құранның жарты парасын жатқа оқудан бірінші орынды Архат Құлтай, екінші орын Жәнібек Қаржауов, ал үшінші орын Нұржан Айтбайға бұйырды.
Аталмыш жарыс жеңімпаздарына лайықты құрмет көрсетіліп, марапатталды.
Ал қалған қатысушыларына да Бас мүфтиіміз Серікбай қажы Сатыбалдыұлының «Тәпсір тұнығы» атты кітабы мен ақшалай ынталандыру сыйлықтары таратылды. Болашақта Алла осындай ізгі жандардың санын арттырып, елімізге, дінімізге адал қызмет етуін баршамызға нәсіп етсін.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Жақында «Ислам және отбасы» жылы аясында «1-қазан қарттар күні» Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінде мешіт ұжымы қарттарды мерекелерімен құттықтады.
Мерекеге орай ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелерімізге арнап дастархан жайылды. Басқосу барысында мешітіміздің найб имамы Руслан Маратұлы барша қауымға уағыз насихат айтып, қарттарды құттықтап, оларға зор денсаулық тіледі.
Сондай-ақ мешіттің көркеюіне бір адамдай атсалысып жүрген ақсақалдарға бас имамның атынан арнайы Алғыс хаттар табыс етілді. Сонымен қатар оларға сый-сиапат жасалды.
Мешіт қызметкерлерінің игі істеріне дән риза болған аға буын өкілдері өздерінің алғыстарын білдіріп, ақ баталарын берді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Жуырда өңірімізде Қарттар күні кеңінен аталып өтілгені белгілі. Ол күні Қостанай облысының өкілі Бахытбек Нұрғабылұлы бастап, қалалық «Жайлаубай ата», Қостанай аудандық «Маңдай батыр» және Рудный қаласының «Нұр» мешіттерінің бас имамдары Шоқан, Асылхан, Азамат қажылар игі іс атқарды.
Жылдағы үрдіс бойынша Рудный шаһарындағы қарттар үйінде болып, олардың тұрмыс-жағдайларымен танысты.
Өмірдің талай асуларынан өткен ардагерлерге лайықты құрмет көрсетіп, сый-сиапат жасады.
Сонымен қатар Фурманов ауылдық мәдениет бөлімінің қызметкерлері мерекелік концерт ұйымдастырып, әсем әнмен қариялардың көңіл күйін көтерсе, ауыл иамы Бақтыбай Нұрханқажы мерекелік дастархан жайып, қарияларды мерекемен құттықтады.
Сондай-ақ Қарабалық ауданының «Ғашура ана» және Ұзынкөл ауданының «Балықты» мешіттері де ақ жаулықты аналарымыз бен ақ сақалды қарттарымызға ерекше көңіл бөлді. Мысалы, Қарабалықта 90 жастан асқан Баттал Ақбаев пен Айғанша Сүндетбаева және 87 жасар Рахилә Тілеуқабыловаға жылы лебіздер айтылып, сыйлық тапсырылды.
Ал Ұзынкөл ауданында аудан әкімінің орынбасары Б. Мұхамедияров «Балықты» мешітінде бас қосқан ардагерлерге жылы лебізін жеткізді. Сондай-ақ осы аудандағы Ұлы Отан соғыс ардагері 95 жастағы Әнуар ата бата берді.
Троебрат ауылының тұрғындары Амангелді Батталұлы мен Палина Льентиевнаға да құрмет көрсетіліп, сый-сиапат жасалды.
Жалпы, өңірдегі барлық аудандар мен қалалардағы мешіттерде қарттар күні тиісті деңгейде аталып өтілді
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
1 қазан саналы ғұмырларын Отан деп, тынымсыз еңбектерімен мемлекетіміздің негізін салуға жол ашқан алдыңғы буын аға-апаларымыздың, қарияларымыздың төл мерекесі.
Халықаралық қарттар күні меркесіне орай Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешіт қызметкерлері қаладағы қарттарды мерекемен құттықтап, мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық жасады.
Атап айтар болсақ Михаил Поповтың отбасын мерекемен құттықтап, үй шарушылығына көмектессе, төсек тартып қалған Мұхамбетжанов Мейрам ақсақалдың көңілін сұрап, үй ішінде қозғалып жүріп-тұруы үшін, балдақ алып берді. Ал, мүмкіндігі шектеулі Қаншайым Елеусізқызына «мүгедектер арбасы» тарту етілді. Сондай-ақ күнделікті тұтынатын азық-түліктер берілді.
Сонымен қатар Фурманов ауылдық мәдениет бөлімінің қызметкерлері мерекелік концерт ұйымдастырып, әсем әнмен қариялардың көңіл күйін көтерсе, ауыл иамы Бақтыбай Нұрханқажы мерекелік дастархан жайып, қарияларды мерекемен құттықтады.
Саналы ғұмырларын ел өркендеуіне арнап, тынымсыз еңбектенген қарияларымыздың өмір жолдары бүгінгі ұрпақ біздерге таусылмас қазына, үлгі-өнеге. Бас мүфти Серікбайқажы Сатыбалдыұлы хазрет имамдарға әрқашан қайырымдылық шараларды жиі өткізуді тапсырған болатын.
Ардақты да аяулы қарттарымыздың мерекесін жыл сайын лайықты түрде атап өту перзенттік те азаматтық бір борышымыз деп санаймын. Егемен еліміздің өсіп-өркендеуіне, бейбіт те тыныш өмір кешуіне өз үлестерін қосқан осы ардақты да аяулы қарттарымыздың арқасы деп есептеймін, – дейді қарттарға қамқорлық көрсеткен мешіт имамы Бектұрсын Торғайбайұлы.
Жаны жабырқаған жандардың жанына жылу сыйлап, көңілдеріне демеу болған мешіт қызметкерлеріне қариялар шынайы алғыстарын білдіріп, жүрекжарды тілектерін айтты.
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешіті
Қостанай облысының Амангелді және Жангелді аудандарының 90 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде аталып өтілді. Бұл маңызды шараға Астана мен Алматыдан және өңірден көптеген қонақтар қатысты.
Облыстағы Амангелді ауданының «Сатыбалды ишан» мешітіне сонау Меккеден қасиетті қара тасты жауып тұратын «кисуа» сыйға тартылды.
Оны «Нұр Қазақстан» қажылық компаниясының президенті Амангелді қажы Еренғайыпұлы салтанатты түрде табыс етті. Осындағы жұма намазына арнайы қатысқан облыстың бас имамы Бахытбек Нұрғабылұлы барша қауымға ең ізгі тілегін білдіріп, әсерлі уағыз айтты.
Сонымен қатар Жангелдин ауданының «Оспан қожа әулие» мешітіне Қайрат Дильханов, Ғабит Мұқанов, Асылболат Мырзағалиев т.б. жомарт жанды демеушілердің қолдауымен жаңа жеңіл автокөлікті табыс етті.
Осылайша торғайлық ағайындар қос мереке кезінде ерекше қуанышқа бөленді. Демеуші болған бауырларымызға тек Алланың нұры жауа берсін.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі